Тыныштықбек ақын музейге тарту жасады

350

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі. Дәйектей кетсек бұл мәдени шаңырақтың  қалыптасқанына биыл 137 жыл! Алғашқы іргетасы сонау 19 ғасыр аяғында орыстың саяси жер аударылған оқымыстыларының ұйытқы болуымен қаланды десек те осы өлкеде Музей ісінің жандануына ұлы Абай да өте ынталы болған. Сол себепті, осы өлкетану музейін ашу ісінің басында Абай Құнанбайұлы да тұр деп санаймыз. Ол 1886 жыл Долгополов арқылы Семейде ашылған осы музейге ел ішінен арнайы жинатып, арбамен қалаға этнографиялық бұйымдарды молынан жолдаған. Содан бергі аралықта музей ісінде «Абайдың өз қолымен тапсырған жәдігерлері» деген тіркес қалыптасқан.

«Семей – тарихи орталық, руханият бесігі, ұлылардың мекені» деген сөздерді жұрт жиі айтады. Бұл сөздердің барлық жауабы Семейдің тарихи-өлкетану музейінде сайрап тұр. Дәл осы музейге таяуда тарихқа да, тағылым мен танымға да терең мән беру әуелден әдетіне айналған, бабалар мұрасын мұқият зерделей жүріп «Сөзтаным» пәлсапасын түзген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы айырым тарту жасады.Тыныштықбек ақын музейге тарту жасады

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай музей тарапынан ұйымдастырылған «Жүректің көзі ашылса…» атты кездесуге ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы тек жырларын ғана емес, екі бірде жәдігер ала келіпті. Жәдігердің біріншісі – он бес жыл тұтынған, «Ақшам хаттары», «Қас Сақ аңқымасы», «Ырауан» кітаптарының терілімін жасаған жазу машинкасы. Екінші бағалы жәдігер – әйгілі Әзілхан Нұршайықовтың бас киімі – кепкасы. Осы заттардың тарихы мен музейге тапсыру себептері жайлы ақын былай баяндайды:

  • 1989 жылы, Төкен (Төлеужар) Ибраһимов ағамыздың зор беделінің

арқасында, Семейдің Н.К.Крупская атындағы пединституты филология факультетінің сырттайғы бөліміне оқуға түстім. Автоматты түрде деуге болады. Әлі есімде, әйгілі Қайым Мұхамедханов аға маған тарих пәні емтиханынан 4 деген баға қойып беріп сонда.

Со жылы, Медеу Сәрсеке ағамыздың қамқорлығымен, Семей облыстық мәдениет басқармасына қарасты облыстық ғылыми-методикалық орталыққа редактор болып жұмысқа орналастым. Бір жылдан соң, яғни, 1990 жылы, еңбек жолымды Төкен ағамыз басшылық ететін Абай музейінде (кейіннен со кісінің қайсарлығы мен қайраткерлігінің арқасында республикалық тарихи-мәдени, әдеби қорық-музейіне айналды) кіші ғылыми қызметкер ретінде жалғастырдым. Онда үш жыл абыройлы жұмыс атқардым. Жұбайым Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева о кезде аталмыш музейдің экспозиция бөлімінің менгерушісі-тін. Со жылы, музей директоры Төлеужар аға маған атақты неміс фирмасынан шыққан көне машинканы сыйға тартты. О жылдары Шағанай екуміздің басымызда баспана да жоқ-тын. «Қазақ әдебиетіне құбылыс әкелген» делінетін «Ақшам хаттары» атты жыр жинағымды мен Төкен ағамыздың саяжайында жүріп баспаға дайындадым. Аталмыш жазу машинкасымен терілген алғашқы қолжазба да сол жыр жинағының қолжазбасы еді.
Кейінгі «Рауан» жыр жинағы да, «Қас Сақ Аңқымасы» атты көркемфилософиялық қос кітаптың қолжазбалары да сол құтты машинкамның арқасында баспаға дайындалды.
Жалпы алғанда, ол жазу машинкасы маған жаңа ғасырдың 6-ыншы (2006) жылына дейін, табандатқан 15 жыл бойы айнымас серік болды. Ширек ғасыр бойына зерттелінген «Аңқыма» атты ғылыми еңбегімнің көлемі, шамамен, 300 баспа табақтай (әрқайсысы 300 беттен тұрарлық 10 томдай) болатын қомақты қолжазбасы да сол машинкамен терілді. 2006 жылы оның қызметі тоқтады. Компьютермен жұмыс істеуге көштім. Дегенмен, «қандыкөйлек» машинка-«досымды» біреуге сый ретінде беруге, немесе, керексіз зат секілді біржолата тастап қоюға көзім де қимады, өзім де қимадым. Жазу бөлмемнің бір бұрышында, өзінің арнайы орынында бүгінге дейін аса құрметпен сақталып келді ол.
Биыл данышпан Абайдың 175-жылдық мерейтойы тұтас ел ішінде һәм ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын ерекше жыл. Соған орай, көзімдей болған ардақты машинканы туған қаламыз Семейдегі, заманында Абайдың өзі келіп, өз қолымен талай көне жәдігер аманаттаған өлкетану музейіне (директоры ақын Қайрат Сабырбаев мырза) тапсырғым келді. Музейдің құнды экспонаты боларға әбден лайық екінші тартуым – заманымыздың әйгілі жазушысы, майдангер Әзілхан Нұршайықовтың жазғы бас киімі. Оның қысқаша тарихы төмендегідей.
2009 жылы ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың жанқиярлық еңбегі мен тапқырлығы арқасында, 29-тамыз күні, Өскеменде тұңғыш рет Абай ескерткіші ашылды. Ел тарихында айта қаларлықтай елеулі оқиғаға айналған, тұтас өлке жұртының сүйінішін тасқындатқан ол мерекеге басты қонағы
Әзілхан Нұршайықов ақсақал бас болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-дей ақын-жазушы ағайындар шақырылды. Тойлаушы халықта есеп жоқ. Өскемен қаласының басты көшелері, ешқандай артық айтқандық емес, үш күн-үш түн бойы қазақтың үлкен-кішісі думандатқан нөпір-ағынға толы болды. Үшінші күні кешкілік облыс әкімі Б.Сапарбаев ұйымдастырған мерекелік зияпат (банкет) дастарханынан дәм таттық. Әкіммен бірге, тойға құрметпен шақырылған ақын-жазушылардың бәрі де тұтас дулаған сол банкеттің соңында Әзілхан аға асқа бата қайыра тұра, мені арнайы қасына шақырып алып, «Талапты да талантты Тыныштықбек бауырымның жазмышына мендей ағасының қажыр-қайраты да, еліне, жеріне, отбасына, аяулы жарына деген махаббаты да жұғысты болсын!» деген ақ тілекпен, өз басындағы жазғы баскиімін маған сый ретінде тарту етті.

Тыныштықбек ақын тарапынан кездесу барысында Абай тақырыбы, қазақы пайым турасында айтқан пікірлері мен көзқарастары да мағыналы болды.

 

«Жерұйық-ақпарат»

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз