Дәулеттің 26 жыл бұрынғы белдесуі 

133

1993 жыл. Стокгольм. Грек-рим күресінен әлем чемпионаты. Жаттығу залындағы кілем төсінде ентігін баса алмай Дәулет жатыр. Екі көзі шоқтай жанып тұр. Жер түбінен келген достары кезек-кезек бетінен сүйеді.
– Жеңіс осылай келеді, жігіттер, – деді Дәулет кеудені кернеген сезімін ірке алмай.

– Иә-ә, беларусь шашты ағарта жаздады. – Осылай деп басын шайқап қояды. Массажшы Мәлік Шамузов балуанның бұлшық еттерін уқалауға кірісті. Әлгіндегі зәремізді алған белдесудің әсерінен айыға алмай біз тұрмыз.
…Дәулеттің беларусь Валерий Цилентпен белдесетінін естігенде аса қобалжи қоймадық. Біздің балуанның атақ-даңқының өзі Валерийге оңай соқпағаны анық. Оның үстіне Дәулет әлем біріншілігіндегі алғашқы екі белдесуінде әуелі жапон балуаны, Азия жүлдегері Ватанабе Хидетаканы 2 минут 12 секундта, сосын поляк Топор Хенрикті бар-жоғы 1 минут 04 секундта сол жамбаспен сілейте соқты.
Шүу деп ұстасқан бетте Дәулеттің алымдылығы бірден көзге ұрды. Цилент біздің жігіттен сескенетін секілді. Қоян-қолтық айқасқа беттейтін емес.
Төреші Цилентті төрттағанға салды. Қазақ елінен Дәулет үшін арнайы келген отыз жанкүйер қос бірдей көк байрақты кере ұстап, тік тұрып айқайға бастық. Шведтер бізді іліп әкетті: “Дәулет! Дәулет!..”
Беларусьті белден ілген қазақ балуаны ышқына тартып, бір аунатты – 2:0! Бөркімізді аспанға атып, секіріп кеттік.
Әбден арқаланған Дәулет қарсыласына тап-тап береді. Валерий қашып жүр. Дәулетті әбден діңкелетіп барып, тұзаққа түсірсем деп жүр-ау, деген қауіп бір бүйірден бас көтерді.
Цилентті төрт минут бойы кілемді айналдыра қуған Дәулет тізгінді сәл тартуы мұң екен, төреші оның өзін мысық табандатты. Аллаға сыйынып, тықыршып отырмыз. Беларусь сұмдық қарулы екен. Шындаса – шөккен түйенің өзін төңкеріп тастайтын тәрізді.
Дәулетті аяқ-қолын тыпырлатып, кілемге гүрс еткізіп ұрғанда жан мұрынның ұшына тірелді – 2:2.
Цилент аш белден шеңгелін ажыратпай, тағы әкетіп барады – жылан арбаған торғайдай бір уыс боп, бүрісе түстік. Біздің балуан бар қуатымен бұлқынып еді, беларусь бәрібір қоймады. Тағы көтеріп соқты – ұпайы төртке ырғыды – 4:2.
Электронды сағат бізге өшіккендей секундтарын асығыс секіртеді – белдесу бітуге жарты-ақ минут қалыпты.
Дәулет етпетінен жатыр. Қарсыласы үстіне қонып алған. Беларусь тағы да ырғай тартты. Жұлып алды! Біреу қақ маңдайдан салып жібергендей, көзіміз қарауытып, сілейдік де қалдық. Бар қуатын қос білекке жиған Цилент шалқалай тартты. Қас пен көздің арасында сол қолымен қарсыласын мойыннан орап үлгерген біздің жігіт сол жамбаспен қапысыз соқты. Әлгінде ғана мерейі асып тұрған Циленттің аяғы аспаннан келді – 4:4.
Қаны басына тепкен беларусь тұра сала жолбарысша атылды. Әккі Дәулеттің сол жамбасы жай оғындай жарқ етті – 7:4!
Беларусь бапкері Анатолий Зиленко шекесін қос қолдап сығымдап, теңселіп кетті. Цилент тізерлеген күйі маңдайын кілемге ұрғылап жатыр. Буын-буыны босаған Дәулет Геннадий Сапуновтың мол құшағына құлай кетті. Боз кілемнен қарға адым жерде отыз қазақ андыздап тұрмыз. Көк байрақ желп-желп етеді. Дәулетті кілем шетінен іліп алып, жаттығу залына тік көтеріп әкетпекпіз.
…Жаттығу залынан алшаң басып шыға бергеніміз сол еді. Беларусь құрамасының бас бапкері Анатолий Зиленко қарсы ұшырасты. “Дәулеттің қолын қысып шығайын, – деді Анатолий Филимонович жайдары үнмен. – Тұрлықанов – суперкласс! Шіркін, осындай бір балуаным болса ғой. Эх, Тұрлықанов! Айтпақшы, Сіздер қонақ үйге барасыздар ма?” “Иә”, дедік. Онда мүмкіндік болса, сәл күтсеңіздер, – деп Анатолий Филимонович бізге сұраулы жүзбен қарады. “Күтеміз”.
Арада сүт пісірім уақыт өткенде “Спорт” газетінің сақа фототілшісі Дендербай Егізов, Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданының прокуроры, күрестің жілік майын шағатын жанкүйер Еркін Төкеев және Анатолий Зиленко төртеуміз “Мальмен” қонақ үйін бетке ұстаған ұшпа поезда келе жаттық.
– Дәулет соңғы партерде тырмысып жатып алғанда, сөзсіз ұтылатын еді. – Анатолий Филимонович әңгіме арнасын қайтадан әлгіндегі айқасқа бұрды. – Мен “Тұрлықанов – суперкласс!” дегенде, осыны меңзедім. Валеркаға асықпау керек еді. Неге дейсіздер ғой, екі ұпайы артық, ең бастысы – Дәулет партерде жатыр. Отыз секундтың он бесін төрттағандаған балуанның о жақ, бұ жағына шығып-ақ өткізуге болады. Валерка Дәулетті біржола есеңгіретемін деп ойлады. Тұрлықановты есеңгіретіп жыққан бір балуанды көрген емеспін. Ондай балуан туған жоқ.
– Сонда Валераның белдесу бітуге отыз секунд қалғандағы алапат қимылын ойсыз, асығыс әрекет деп бағалайсыз ба? – деп Еркін ағам қарсы сауал тастады.
– Жұрттың көбі Валера Дәулетті кілемнен оңай жұлып алды деп ойлады. Жоқ, мүлде олай емес, – деп Анатолий Филимонович сұқ саусағын безеп қойды. – Валера бар күшімен жұлқыған сәтте Дәулет қарсылықсыз атып тұрды. Менің шәкіртімнің санасында “оңай алдым, бітті!” деген ой оқтай зу еткен мезет Дәулеттің сол жамбасы дайын тұр еді. Валера жанталасып шалқалай лақтырамын дегенше, суперкласс Тұрлықанов қас қағымды пайдаланып кетті.
– Валераны Дәулеттің сол жамбасынан сақтандырған шығарсыз! – деп әңгімеге Дендербай аға араласты.
– Сақтандырғанда қандай. Дәулеттің бейнетаспаға басылған белдесулерін бастан-аяқ талдадық. Бірақ суперкластың аты – суперкласс!
Кезінде табаны күректей он алты жыл бойы Совет Одағының намысын жыртқан атақты түйе балуан, Еуропа чемпионы Анатолий Филимонович Зиленконың Дәулетке деген сүйсінісі жанымызды одан сайын жадырата түсті.
– Эх, менің Николай Палазнигім қандай балуан еді, – деп Анатолий Филимонович әңгімесін қайта сабақтады. – Сорына Дәулет жолықты. Әйтпесе, Палазниктің даңқы әлемге жайылар еді. Кешегі Совет Одағында Дәулеттен ғана жеңілетін. Қарсыластары Коляны “сүйексіз балуан” дейтін. Себебі, қалай лақтырсаң да аяғымен түсетін, тағы бір қасиеті: сен оны көтеріп ұрған сәтте ол үстіңе шығып кетеді. Осындай ғажап балуан нағыз буырқанған шағында Дәулетке тап болды емес пе. Бір сырды біле жүріңіздер: сол Палазник – менің шәкіртім басында Дәулетпен аянбай айқасушы еді, кейін кілемге шықпай жатып жеңілетінін мойындайтын әдет тауып алды. Тұрлықановтан жасы кіші бола тұра күресті ерте тастап кеткені содан. Москвалық Виктор Малов Тұрлықанов пен Палазникті екі иығына салып көтеріп кететін алып еді. Аяқ-қолы темірдей. Бірақ Дәулет әдіс-айламен оның тау төңкеретін күшін тұншықтырып тастайтын…
Осы әлемдік біріншілікте Дәулет Тұрлықанов күміс жүлдені жеңіп алды.

Қыдырбек Ырысбекұлы.

 Дереккөз:https://www.facebook.com/permalink.php?story_fbid=1123391214668041&id=100009915184273

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз