Төкең Терещенкомен тел оқып еді…

113

Анада «Жерұйық» сайтында бұрынғы премьер Сергей Терещенкомен шағын сұхбат («Триллиондаған теңге қайда?!») жарияланып еді. Жарнамасын жасап жатыр деп ойлап қалмаңыз, сол Терещенкоңыз тағы да жарады. Кеше ғана Талдықорғанда күніне майлы дақылдардың, соның ішінде күнбағыстың 500 тонна, рапстың 400 тонна майын өндіретін зауытты іске қосты. Зауыт құны – 4,4 млрд теңге. Әзірге 50 жұмыс орны ашылған. Жақын болашақта 500 адамға дейін жұмыс істемек.

Бұл – даңғазамен ашылып, ертеңінде жабылып қалатын зауыттардың қатарынан болмаса керек. Өйткені, ол – Терещенконың жеке инвестициясы. Сергей мырзаңыздың жеті өлшеп, бір кесіп, ….. сабынан қарауыл қарап отырғаны анық. Зауыт шикізатпен толық қамтамасыз етілген. Неміс технологиясы орнатылған. Жергілікті нарық толық қамтылған соң, келешекте Қытайға өнім шығарады.

Дегенмен, негізгі айтпағымыз – Терещенко дегенде, есімізге ылғи Төкеңнің түсе беретіндігі еді.

Төлеш Сағитов марқұм ағамыз дүниеден озғалы бірер жылдың ғана жүзі. Семейден Ертістің сол жағалауын бойлай сексен шақырым жерде жатқан Бөденелі атты ауылдың тумасы Төкеңнің орталық парктің кіре берісінде өзінің тұрақты такси-тұрағы болды. Ол жерге басқа таксистер тұмсығын да тыға алмайтын. Тек кешке ғана рұқсат. Онда да Төкең кеткеннен кейін. Төкең кетпес еді, ымырт түсе «тауық соқырлығы» бар. Алакөлеңкеде дұрыс көрмейді. Сол Төкең өмірінің соңғы жиырма жылында таксист болып табыс тапты. Жоғары білімді инженер болса да.

СХИ-дің инженерлік-механика факультетін 1973-ші жылы Терещенкомен бір курста, бір топта тең, тел оқып бітірген. Сережамен бір бөлмеде жаттым дейтін. Кеңқолтық Сергейдің кейбір қызықтарын айтып отыратын.

Таксист-тұрағына таңертең келетін Төкеңнің қолынан кешке дейін кітап, газет-журнал түспейді. Жиырма жыл бойы солай. Сондықтан Төкеңнің білмейтіні жердің астында. Кез келген сұрақты шемішкедей шағады. Орысша-қазақша сөзжұмбақты көзді ашып-жұмғанша шешіп-шешіп тастайды. Төркөздер жиырма минутта толып тұрады.

Төкеңнің такси-тұрағының тура жанында «Страдивари» деген дүкен бар. Бір күні көлігінде газет қарап отырса, сол дүкенге қайшыласып кіріп-шығып жатқан халықты көріп, мұнда не қызық болып жатыр екен деп, Төкең де бас сұғады. Сөйтсе, дүкен иелері жұртты тарту үшін бе екен, бәйгеге үш бірдей жүлде тігіп, сұрақ-жауап байқауын өткізіп жатыпты. Тақырып- дүкеннің атына сай – Страдивари.

Міне, бәйге басталды. Жүргізуші орыс қызы сыңғырлаған дауысымен бірінші сауалды көпшілікке жолдады:

-Страдиваридың толық аты-жөні, ол кім болған және қай ғасырда өмір сүрген?

Басқалар бір-біріне жалтақтап, жауап іздегенше, Төкең қолын көтерді. Бойы аласалау, жылтыр қараға жақын, сығыр көз жігітке орыстың бойшаң сұлу қызы бір түрлі сенбестікпен қарайды. Төкең аспай-саспай:

-Антонио Страдивари, итальянның виртуоз-музыканты, керілген қылмен ойнайтын аспаптар жасайтын шебері. 1644 жылы туып, 1737-ші жылы өмірден өткен,-дейді.

Қағазына үңілген қыз Төкеңді ыммен ғана төрге шақырды.

Төкең алшаңдай басып төрге озып, бірінші жүлдені алып, орнына оралды.

Екінші сауал:

– Страдивари алғашқы скрипкасын қай жылы жасайды? Жалпы, басқа қандай аспаптар жасаған? Қаншасын?-болды.

Бұл енді оңай сұрақ емес-ті. Жиналған жұрт бір-біріне қарасып, аңтарылып қалды. Біреулер тіпті, Төкең жаққа жалтақтап қарап қалғандай болды. Төкең біраз ойланып отырды да, тағы да қолын көтерді.

Жүргізуші қыз, айтыңыз дегендей белгі берді.

– Страдивари алғашқы скрипкасын 1666 жылы шығарған. Ол скрипкадан өзге гитара, виоленчель, тіпті, арфа жасаған. Өз қолымен барлығы 1150 аспап даярлаған,-деді Төкең дәп бір кітаптан оқып тұрғандай нақпа-нақ.

Сонымен, екінші жүлде де Төкеңе бұйырды.

Үшінші сауал қойылғанда, жиылған ел бір кісідей Төкең жаққа мойын бұрды. Ол сұрақты да Төкең оп-оңай шешті. Үш жүлдені бірдей қанжығасына байлап, «Страдивари» дүкенінен асықпай, аяңдай баса шыққан Терещенконың курстасы үйреншікті такси-тұрағына беттеп еді…

Жай әншейін, PS ретінде:

Терещенконың бәйбішесі Лидиядан сұрапты дейді:

-Сіздің ұлтыңыз украинка ма, әлде орыс па?-деп. Ол кісі:

-Жоғы да?…-депті екіұшты. – Төлқұжатым бойынша неміспін, бірақ негізі… қазақпын.

-Қалайша?…

Сөйтсе, Лидияның әкесі мен атасы қазақ екен. Анасы украинка да, апасы неміс қызы көрінеді.

-Ауылда тұрдық,-депті одан әрі Лидия. -Апам да, анам да өктемдеу кісілер еді. Мен туғанда шешем маған өз тегін беріпті де, апам неміс етіп жазғызыпты. Ауылдық кеңеске барып, солай деп метірке алыпты.

-Әкеңіз бен атаңыз сонда қарсы болмағаны ма?

-Екеуі де әйелдерінің бетінен қаққылары келмеген ғой. Бірақ аға-бауырларымның бәрі қазақ болып жазылған.

S.Omirtai, «Жерұйық.kz» порталы.

 

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз