Алатының аз болса, салатының қанша болмақ?…

145

Кешеден бері елде жеке табыс салығына қатысты өзгерістер жайында қызу талқылау жүріп жатыр.

Белгілі экономист Олжас Құдайбергеновтың айтуынша, табысқа салынатын салықтың жалпақ немесе прогрессивті шкаласы бар. Біріншісі есептеуге ыңғайлы болса, екіншісі бай мен кедей арасындағы айырманы азайтуға сеп болады.

Экономист біздің елде прогрессивті шкалаға көшудің екі жолы болуы мүмкін екенін айтады.

Біріншісі – қалған салықтар мен алымдарды өзгертпестен, тек жеке табыс салығының мөлшерлемесін өзгерту болса, екіншісі – жалақы бойынша салықтар мен алымдардың барлық құрылымын өзгерту.

Дегенмен, экономистің айтуынша, прогрессивті шкалада өсім 10% емес, 0%-дан басталуы мүмкін.

О. Құдайберген елде ресми орташа жалақы 200 мың теңге болғанымен, медиандық жалақы 80 мың теңгені құрайтынын жазады. Яғни, жалақысы 80 мың теңгеден төмен барлық адам салықтан құтылады. Егер қалған салық тек зейнетақы жарнасына аударылса, тұрғындар зейнетақы жарнасын, яғни тек өздері үшін төлейді.

– Әрине, егер жалақы 80 мыңнан жоғары болса, онда әрбір келесі шектен белгілі бір пайыз төленеді. Егер жалақы 200 мың теңге болса, онда 80 мыңға 0% төленеді, келесі 60 мыңнан – 2%, келесі  60 мыңнан – 4%. Жалпы жүктеме 200 мыңға жуық болады, шамамен 3600 теңге (шамамен 1,8%), – дейді ол.

Экономист бұл мәселеге қатысты әлі талай талқылау мен тартыстар болатынын да жазады.

– Егер прогрессивті масштабты енгізу басқа салықтар мен алымдардың ауыртпалығын төмендетумен қатар жүрсе, онда бұл мәселе 2022 жылға қалады, – дейді экономист.

Алатын жалақың аз болса, ортақ қоржынға салатын салығың қанша болмақ? Оны білмекке тағы екі жыл күте тұрамыз ба?!

«Жерұйық.kz» сайты.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз