Маманы жоқ сала қайтіп дамиды?..

66

Соңғы уақытта ауылшаруашылық саласына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, бірқатар істер қолға алынады деп жатыр. Жағысды жаңалыққа кім қуанбас, атакәсібіміздің айбыны тасып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Басты бағыты – мал өсіру, бағып-күту, азықтандыру, асылдандыру, өнім өндіру  саланың алдағы уақытта айы оңынан туа ма әлде баяғы жартас сол күйінде қалама деген екі ұдай ой да жоқ емес…

Өкінішке қарай бүгінгі Қазақстанда ауылшаруашылық мамандарын  даярлайтын жүйе мүлде құлдырап бітті десе болғандай. Білікті зоотехник, ветврачтарсыз мал басын қалай көбейтуге және қайтып өнім сапасын арттыруға болады. Бұрын бұл салаға мамандар дайындайтын елімізде арнаулы екі институт болып еді. Алматының және Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институты. Бұл ЖОО тікелей Мәскеуге қарайтын, соған есеп беретін. Сондықтан, ректорын да Мәскеу тағайындайтын. Бұл бір жағынан, ауылшаруашылығының стратегиялық сала болғанын көрсетеді.
Ал, бүгінгі жағдайымыз қалай? Семейдегі институттың аты да заты да жоқ. Аграрлық факультет деген жұрнағы қаншама рет реформаға ұшыраған Шәкәрім университетіне қарайды. Алматыдағы институт болса, көп бейінді Ауыл шаруашылығы институтының қарамағына берілді. Енді білім алатын студенттердің құрамына келейік: бұрын зоотехния мамандығы бойынша оқитындардың 90-95 проценты ұлдар болса, ал бүгінде олардың үлес салмағы 15-20 процентке түскен. Бұл көрсеткіштен бұрынғы ЖенПИ ге таядық. Ал, диплом алып шыққан қыздардың көпшілігі 1-2 жыл да тұрмысқа шығып немесе басқа кәсіпті жағалап кетеді. Осыдан-ақ мал шаруашылығын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету қандай деңгейде екенін бажайлай беріңіз. Қателеспесем қазір Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде, ауыл шаруашылығы үлесі 4-5 процент, сонда мал шаруашылығы үлесі одан да төмен. Бұл біздің мал өнімдерін экспорттаушы емес, импорттаушы елге айналғанымызды көрсетеді.
Бітірушілерге бүгінде ауыл шаруашылығы бакалавры деген мамандық беріледі. Нақты қай сала екенін ұғып көріңіз?!  Ал, Ресей секілді алпауыт мемлекет бұрынғы зоотехник атауын сақтап қалған. Мәселен, Мәскеудің Тимирязев ат. Аграрлық университетінде «зоотехния және биология» факультеті толыққанды жұмыс істеп тұр.
Сонымен еліміз азық түлік қауіпсіздігін қаперге алам десе, алдымен ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын басымды түрде дамытуы керек. Ол үшін ең алдымен ауылшаруашылық мамандарын даярлауды жүйелі түрде жолға қойып алмай ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз.

Қазақстанды аграрлық мемлекетке айналдыратын қағаз бетіндегі қаулылар мен шешімдер емес, осы саланың кәсіби мамандары. Маманы соң саланың маңдайынан сор арылмайтынын естен шығармайық.

Өмірзақ Сұлтанов,

С.Сейфуллин ат. Қаз АТУ «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу» кафедрасының доценті.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз