Жеке адам салдырған алғашқы құрылыс

113

Баспай көпірінің тарихы. Шәуешекте Өзбек Ілхам бай деген бай болған. 1894 жылы Құрбанғали Халидпен бірге қажыға барып келген соң ол Ілхам қажы атанған. Осы Ілхам қажы балалары Мырхад, Мырзайыптар болып Шағантоғайдың Қаракемер, Жалпақтар деген жерлерінен жер майлап алып, шөлге егін салған екен, жылдар бойы туысып кеткен құнарлы топырақтан егін дегеніңіз жылдан жылға бітік өсіп, Байекең  астықтың астында қалыпты. Ол кезде Шағантоғай мен Шәуешек  аралындағы Еміл өзені жыл бойы арнасынан асып, өткел бермейтін болған соң Ташкеннен бергі аралықты алақанында ойнатып тұрған бай саудагер Еміл өзеніне бұрам салып, өзінің Шағантоғайдағы бақтырған малы мен салдырған егінін сол бұрам арқылы Шәуешекке тасытып тұрыпты. Тиынның көзін қуғандардың құлқыны мұндайда құзғындай береді ғой. Ол енді ары-бері өткендерді тасып, олардың қалтасын қағып  қалудың да қазанын асып болған. Тіпті қалтасында ақшасы болмаса, үстіндегі өңі бүтін жейдесі болса да сыпырып алып, өзін жалаңаштап қоя берген. Осындай аянышты жағдайдың бірінің үстінен түскен Басбай Шолақұлы жарлы жандардың жанын кенеше сорып тұрған Ілхамның озбырлығын өз көзімен көрген соң, әлгі кедейді сол майданда пәледен құтқарып: «Келер жылы осы уақытқа дейін осы жерден көпір салдырып, сенің қу бұрамыңның көзін жоғалтпасам,Басбай атым өшсін»- деп ант ішіп, ашуын қамшы қып аттанады.

Бұл уақиға 1941 жылдың көктемінде болған еді. Басекең сол бетінде үйіне келіп, елінің игі жақсыларын, ақыл берерлік ақсақалдарын жинап, кеңес сұрайды.

-Жә, көпшілік ,-дейді ол,- сіздерге істі бастау үшін ақыл-кеңес сұрауға шақырып отырмын. Өздеріңе мәлім, мына Еміл өзені жыл бойы арнасынан асып жатады, әрі өткен, бері өткеннің талайының басын жеді. Өзімізде ол қалаға бармай тұра алмаймыз. Екі жылдан бері мынау Ілхам деген бай Емілге бұрам салып, кедейді кенеше сорып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Осы Емілге бір көпір салдырсам деген ойым бар. Осынша мал жиғанда, иә, қажыға бара алмадым, иә, ораза ұстап, намаз оқи алмадым, халыққа пайдалы іс істесем, сауабы тие ме деп ойлаймын.

– Оның дұрыс,- дейді көпшілік ойлана келіп,- шариғат жолында сусыз жерден құдық қазып, елді сусындатса, өткелсіз жерге көпір салдырып, халыққа қажетінен шықса, мектеп-медресе жоқ жерде мешіт салдырып, медресе ашса, осы үш нәрсе сауаптылыққа жазылады. Қажыға барғанмен бірдей есептеледі. Сондықтан Емілге көпір салдырсаң, бүкіл аймақ халқының, қала берді Шағантоғай мен Шәуешек халқының алғысын аласың. Қажыға барғанмен бірдей сауаптылыққа жататын нәрсе, міне, осы…

Елінің ықыласын алған Басекең көп өтпей өз ойын сол кездегі Шағантоғайдың Жау фамилиялы әкіміне, онан Ан фамилиялы аймақ уәлиіне айтады. Мұндай игілікті істі ол екеуі қолдап , сол кездегі өлкелік үкіметке мәлімдейді.Бұл дақпырт аралықта елге жайылып: «Мұндай көпір салдыру мына өнерлі халық орыстар болмаса, қазақтың қолынан қайтіп келеді, Барнаков- Дияковтар салдырса болғандай…» деген қауесет шығады. Мұны естіген Басекең онан ары ширығып, «О, әкеңнің… орыс істегенді қазақ істей алмай ма екен. Осыларға ерегескенде мұндай істің қазақтың қолынан да келетіндігін осыларға бір көрсетіп қояйын» деп, алған бетінен қайтпауға бекиді. Көп өтпей өлкелік үкіметтен Емілге көпір салу жөніндегі жобаны мақұл көрген бекім келеді. Сонымен 1941 жылы 3 маусымдағы түстен бұрынғы сағат 10-да Ан фамилиялы уәли, Басбай, Го фамилиялы аудан әкімі, Хы фамилиялы мекеме бастығы, қожалыққа жауапты қызметкер Уақас Рахиков бастаған ресми адамдар Еміл бойына келіп, нақ майданды көзден кешіріп, көпір салынатын жерді межелейді. Басекең солардың алдында өзінің берік бекімін, қаншалық қаражат кетсе де аянбайтынын тағы бір рет қайталайды. Ан фамилиялы уәли дереу қайтып барып, көпір салу комиссиясын құрып, дайындық жұмысына кірісетіндігін айтады. Уәлидің тапсыруымен көпір салу комиссиясы шілденің бас шенінде құрылып, оның бастығына Шәуешек ауданының әкімі Ли Уй, орынбасары, Шағантоғай жарым ауданының әкімі Му Шаңий және Басбай Шолақұлы болып белгіленіп, олар ресми жұмысқа  кіріседі. 17 тамызда құрылыс жұмысы басталады. Совет одағынан алдырған инженер-техниктер Еміл өзенінің аңғарына тексеру-зерттеу жүргізе келіп, бұрынғы Дәкі өткелі немесе Жайылма деп аталып келген жерді, ягни қазіргі Басбай көпірі аталған жерді көпір салуға лайық деп табады. Өйткені ол жердің асты шымыр,қатты керіш болып шығады. Оның өзі көпірге қазылатын қазықтың- астыңғы тіреулердің шөгіп кетпеуіне, шыдамдылығына пайдалы еді. Сонымен көпірге қажетті құрылыс материалдарын тасып әкелу жұмысы шұғыл басталады, бұған үкімет орындары да қолдау көрсетіп, қолайлылық тудырып отырады. Солайда тек ағаш материалдарын тасып әкетудің өзіне 37 мың доллар ақша жұмсалады.Құрылыс жұмысы қыс бойы тоқтамай жүргізіледі. Сонымен 1941 жылы қыркүйекте басталған құрылыс жұмысы 1942 жылы маусымда аяқталып,  не бәрі 10 ай уақыт ішінде ұзындығы 87 метр, кендігі 6 метр, көтерімдігі 25 тонна, шыдамдылығы 20 жылға жететін, қарағаймен өріліп жасалған, екі жақтауы решеткалы, екі басына  бірдей әсем қақпа орнатылған, күзет үйіне дейін дайындалған, қызыл күрең сырмен сырланып, маңдайшалары өрнектелген « Басбай көпірі» дүниеге келеді.

Сөйтіп, бұл көпір 1942 жылы шілдеде салынып бітіп, пайдалануға берілген. Сонан 1976 жылы үкімет жағынан жаңаланып, қайтадан цемент көпір салынғанға дейін ол табаны күректей 34 жыл елінің игілігіне жарап келген. Мұның өзі көпірдің шыдамдылығы 20жыл деп межелеген уақыттан 14 жыл асып, 34 жылға дейін жеткендігін, оның сол кездегі техниканың озық өресі бойынша сапалы, әрі сәнді етіп  салынғандығын байқатады. Бұл бір.

Екіншіден, көпір салудың сол кездегі естелігіне қарағанда, бұл жұмысқа сол кездегі өлкелік үкіметтен  бастап, аймақтық, аудандық үкімет орындары, сол кездегі әр ұлт халқының игіжақсылары түгелдей айрықша мән берген. Аймақтың, ауданның бас әкімдері бұл жұмысқа тіке араласқан. Көпірді орыс инженерлері жобалап салған. Сонымен бірге ханзу және жергілікті инженер-техниктер де қатынасқан. Көпірдің сапалы болуына бұл да себеп шығар. Естігенімізге қарағанда, бұл көпір сол кездегі Шинжиң тарихында жекенің салдырған ең алғашқы көпірі болғандықтан, әрі оны өлкелік үкімет ойдағыдай қолдағандықтан, аймақ уәлиі бұл көпірдің атын сол кездегі өлкенің бас ұлығының атына қоюды ұсынған екен. Бұл өлкенің бас ұлығына ұнамай, бұдан кейін халыққа үлгі болу үшін көпірді кім салдырса, соның атында болуын бұйырған екен.

Көпірдің бітіп, іске қосылуы аймақ халқына, әсіресе Шәуешек пен Шағантоғай халқына ерепайсыз үлкен қуаныш әкелген. Басекең «Көпір бітті» деп шүйіншілеп келгендерге 30 тұяқ қой беріпті деген сөз бар. Көпір бітіп, пайдалануға берілерде Басекең көпір басында салтанатты той өткізеді. Бұған аймақ, аудан басшылары, Тарбағатай елінің игі жақсылары, әр ауданнан келген сыйлы қонақтар қатынасып, ыстық ықыласпен құттықтайды. Әнші-күйші, ақын- жыраулар өз өнерін көрсетіп, Еміл бойын ерепайсыз үлкен шаттыққа бөлейді. (Бұл жағдай романда да айтылған еді). Солайда сол бір ұлан- асыр тойдың ұрпаққа қалған мұрасы- Көкек молданың батасы мен Ауған ақынның толғауы.

Көкек молданың батасы:

Уа,Жарылқа жаратқан,

Муһмин елді таратқан.

Есіркей гөр жұртымды,

Қалдырмай ешбір санаттан.

Бұдан балай халқымның

Түсірме күнін бұрамға.

Бұрамды жойған Басбайды

Жарылқа өзің, бір Алла .

Қамын ойлау халықтың

Айтылған еді құранда.

Игілікті іс ондай

Айнала берсін ұранға.

Ел тілегін ескеріп,

Бәсеке , дәйім жүр алда.

Көпір салып ел Басбай,

Жақындатты араны.

Игілігін ел көріп,

Берік болсын табаны.

Дәулетіңді Алла шалқытып,

Сау қылсын бала шағаны…

Аллаһуакбар…

Ауған ақынның толғауы:

Бисимилла, сөз бастайын оң мен солдан,

Ел едік ежелден біз аруақ қонған.

Бабамыз ер Қабанбай аты мәлім,

Үш жүзге жорық басы, ұран болған.

Сүлеймен, ер Әділбек, Бапы атамыз,

Қанағат, Әлімғазы қыран болған.

Бұлардың ерліктері елге өнеге

Өшпейтін ұрпағына жыр-ән болған.

Солардың үлгісімен жомарт Басбай

Мінеки, елге ұйытқы боп шықты соңынан.

Дәулеті құдай берген шалқып бүгін,

Өріске Шағантоғай малы толған.

Фашисті жоғалтуға үлес қосып,

Ер- тұрман 500 атты берді қолдан.

Шырадай Шәуешекті жарқыратты,

Берген соң электрге көмек молдан.

Кедей мен жоқ жітікті сүйемелдеп,

Құтқарды талайларды мұң мен сордан.

Тұрғанда халқың қолдап, аруақ демеп,

Айырылма, ер Басеке-ау, осы жолдан…

 

Редакциядан: Материал жазушы Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағының 3 томынан («Ан-Арыс» баспасы,2017ж) ықшамдалып алынды.

 

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз