Мемлекеттік БАҚ-ын оптимизациялаудан не күтеміз?

107

Жақында Қазақпаратта жарияланған Мемлекеттік БАҚ – ын оптимизациялау туралы Үкіметтің қаулысын көзіміз шалды. Біздің түсінгенімізше, «Қазақстан» РТРК, «Хабар» агенттігі, Қазтелерадио, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерін бір холдингке біріктіріп, құрылымдық қысқартулар арқылы ірі басқарушы Медиахолдинг пайда болатын сияқты. Егер, сауатты, салиқалы концептуалды шешімі болса, құптарлық іс екен деген ойға келдік. Қазір әлемдік ақпарат құралдары осы бағытта дамуда. Елімізде Қытайдың ССТV, Кореяның КВS, Жапонның NНК сынды ірі медиа холдингтеріндей алып холдинг құрылса, қазіргі жекелеген телерадиокомпаниялар мен оқылмайтын газеттердегі қаптаған басқарма, департамент, бөлімдер ықшамдалып, басқару аппаратындағы үлкен, кіші бастықтарды қысқарту есебінен қаражат үнемделеді. Қазір керексізге айналып бара жатқан мерзімді баспасөзді айтпағанда, телеарналар «универсиалды» деген эфир саясатын ұстанып, бірін бірі қайталауда.
Соңғы уақыттағы спутниктік және кабельдік жүйенің жедел дамуы көрерменнің таңдау мүмкіндігін мейілінше кеңейтті. Қазір Қазақстанның көптеген елді мекендерінде кем дегенде отыз шақты телеарна көруге болады. Тез тарап жатқан интернет пен арзан смартфондар – ақпарат алудың жаңа «тұма-бастауларын»: әлеуметтік желілер, әр қилы сайттар, youtube,on-lineфильмдер қарау, т.с.с. ашып берді.
Ендігі жердегі бәсеке айналдырған екі-үш, тіпті бес-алты арна арасындағы «жаяу жарыс» емес, өте қиын және уақыт озған сайын шарты қатая беретін аламан бәйгеге айналды. Яғни, белгілі ағылшын журналист – зерттеушісі Марк Тангейттің сөзімен айтқанда:«Қазіргі БАҚ нарығы мыңдаған саудагер өз бұйымын өткізуге жанталасып, өңеш жыртқан құжынаған алып, шулы базарға ұқсайды.»
Технологиядағы шұғыл бетбұрыс әлемдік телевизия кеңістігіне тақырыптық, жанрлық телеарналар мен интерактивті телеарналарды енгізді. Бұл құбылыс қазақ көрерменінің басым бөлігі үшін тілі түсінікті, ұғымдық стереотиптері етене Ресейде де басталып кетті. Қазір Ресейде шетелдің MTV, Euronews, Eurosport, Discovery, Fox, Animal Planet, Nation Geografik, Nicelodeon, т.б. арналары орыс тілінде хабар таратады, сонымен қатар балаларға, бөбектерге, бизнеске, спортқа, жағрапияға, тіпті аңшылық пен балықшылыққа арналған төл арналары бар. Бізде бұл үрдіс бастала беріп, тоқтап қалды.
Қазір кез-келген отандық телеарна әрі ақпараттық, әрі ойын-сауықтық, әрі ғылыми-танымдық функцияларды қатар алып жүруге тырысып отыр. Дәл осы «универсализм принципі» арналардың баршасына тән бірқатар белгілерді туындатты.

Олар:

Ақпараттық бірізділік. Яғни, тұтастай алғанда жаңалық топтамаларының тақырыптық, стильдік ұқсастығы.

Ақпараттық жұтаңдық. Отандық бір де бір арна шын мәніндегі ақпараттық желіге айналған жоқ. Ақпарат ағынын, негізінен, ресми жиындар туралы хабарлар құрап отыр.

Аналитикалық дәрменсіздік. Яғни, қоғамда болып жатқан оқиғалардың себеп-салдарын, төркінін талдап беретін бағдарламалардың үстірттігі, кәсіби аналитика деңгейіне жетпеуі.

Ақпараттық, оқиғалық жобалардың дамымай қалуы. Отандық арналарда журналистік зерттеу, оқиғалық («ақпараттық») сериал жанрлары жетіспейді.

Ток-шоу формасындағы бағдарламалардың сапасыздығы. Қоғамдық пікір қалыптастырып, әлеуметтік-саяси өткір көзқарастарды реттей алмауы.

Ойын-сауық бағдарламаларына орынсыз басымдылық берілуі. Және солардың көпшілігінің шетел эфиріндегі бағдарламалардың жүдеу көшірме-имитаторы сипатында болуы.

Шұқшия зерттеген адам отандық телевизия кеңістігінен басқа да толып жатқан кінарат табары сөзсіз. Бірақ, біздің мақсатымыз – мін тағу, кемістік іздеу емес, өзіміз ертеректе аз-кем жұмыс жасаған отандық телеарнаны жаңа өріске бастайтын бағдар қарастырылса деген ой. Ілгеріде бұл тақырыпта көлемді зерттеу-мақала да жазған едім. Бұл сөз – ұсыныс, яғни, ортаға салынған ой-пікір. Кім біледі, бәлкім, Үкіметтің мемлекеттік БАҚ – тарды оптимизациялау арқылы ірі медиахолдинг құруы – әзірге өз теледидарын қадір тұтатын, ресми БАҚ-тан әлі де біржола теріс айналып кете қоймаған қазақ көрермені мен оқырманын сақтап қалу жолындағы талпынысы шығар деп ойлаймын.

Базарбек Атығай

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз