Жақсылыққа жаршы, намысқа қамшы – аға

104

(Ұлағатты ұстаз, ақын Мұрат Иманжаппар жайында мөлтек сыр)

Өзің жақын танитын, жақсы білетін адам жайында толғану күрделі әрі оңай. Оңай болатыны өзгеге беймәлім сырларын тізбелеп шығуға болады. Күрделі соғатыны сол адамның басқадан бір қарыс жоғары тұратын бойындағы артықшылығын айта алдым ба, жоқ па деп абдырайсың. Ол кісі хақында ұзақ әңгіме айтуға болады. Бойына дарыған дарыны мен қанына біткен талантын тізбелеп таңды таңға ұруға болады. Бұл кісі – шығармашылыққа бейім жастарды жанына жақын тартып, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген, әдебиет пен мәдениет жанашыры, ұлағатты ұстаз, ақын, сазгер, филолог, ғалым – Мұрат Иманжаппар. Бұл кісінің жүріп өткен ғұмыр жолы мен еткен еңбегін елге айту, жастарға жанашырлық танытып, өнерге өлшеусіз үлес қосқанын көпшілікке әйгілеу бір жағы міндет болса, екіншіден алдын көрген біздей шәкіртеріне парыз.

 Басталған сенен алғаш тіршілігім,

Өремін өзіңе арнап жыр сұлуын.

Тастай салған таяғың тал боп өсіп,

Ну боп тұр бұл күндері бір шыбығың – деп сексенінші жылдардың басында өлең өрген, әнімен талай жүректі соғысынан жаңылдырып, сазымен тербеген бұл азамат – 1960 жылы бақ қонып, қасиет дарыған, абыздар мен ақындарды бесігінде тербетіп, он жеті ақын шыққан мекен бұрынғы Семей облысының Жарма ауданындағы Үшбиік ауылында дүниеге келген.

Мұрат Тілегенұлының бала жасынан өлең-жырға, сырлы сөзге құмарлығы есейе келе әдебиетке деген әуестігін арттырып, қолына қалам алып, жүрек сырын ақ қағазға көшіретін әдетіне айналды. Құймақұлақтық қасиеті кішкентай күнінде естіген аңыз-әпсана, осы өңірден шыққан ақын-жыраулардың, батырлардың басынан кешкен ерлік оқиғалары бала Мұратты ерекше еліктіріп, қызықтыратын. Мектеп жасында да албырттығы мен алғыртығы қоса шапқан жас жеткіншек ортасының озаты, қатарының алды болып қалыптасуға әсер етті. Жастайынан өнерге деген бейімділігінің арқасында, өлең, ән шығара жүріп елге танылып, халық алдында қадірі артты.

Мектепті бітіргеннен кейін «әдебиетші болсам» деген асқақ арманның жетегінде Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға келіп түсті. Талай жылдық тарихы тасқа басылған оқу орнында білім ала жүріп, қоғамдық істерге араласып, студенттік өмірдің қызығына батып, мәдени-әдеби кештердің өткізілуіне мұрындық болып, әл-дәрмені жеткенше әсер етіп, тағы басқа көпшілік шаралардың басы-қасынан табылатын. Ұйымдастырушылық қабілеті арқылы өнерлі һәм өрелі жастарды бір араға ұйыстырып, бір арнаға тоғыстырып жалындаған жастық отының арқасында сырластарының сынына ұшырамай, қатарластарының қошаметіне бөленіп, ұлағатты ұстаздарының батасын алды.

Институт қабырғасында өнерін шыңдап, білімін байытып, танымын тереңдетіп, қазақ әдебиетінің жауһарлары мен қоса шетелдік шайырлар мен әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын оқудан жалыққан жоқ. Хакім Абайдың ілімімен сусындап, оның қарасөздері мен өлеңдерін өзінше талдап, өзінің ақыл-парасатының пайымына салды. Абайдың өмір сүрген ортасы, ақындық дәстүрі, оның ақындық қуаты барынша баурай түсті. Абай Құнанбайұлының ақын шәкірттерінің шығармаларына аңсары ауды. Кеңінен танысуға мүмкіндік алып, ғылыми жолға даярланады. Оқушы кезден өлең мен жырға, жалпы шығармашылық әлемге жақын жүрсе де, студенттік шағынан бастап бойындағы күш-қуатын, тасыған ыстық қайратын жұмсағысы келгендіктен ғылымға біржола бет бұрды.

Өзінің кіндік қаны тамған киелі өлкедегі Ақтамберді жырау, Ақтайлақ би, Сыбан руынан шыққан он жеті ақын, Абайдың ақындық өнер мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі Әріп Тәңірбергенұлының шығармашылығын зерттеуге, зерделеуге, санасында тұтуға, біраз адамға беймағлұм болған тұстарын көпшілікке таныту, жұртшылық ішінде насихаттауға күш салды. Белгілі әдебиетші, аса көрнекті ғалым, абайтану ғылымының асқан білгірі, өзінің ұстазы Қайым Мұхамедханұлының жетекшілігімен «Әріп ақынның шығармашылығы» атты дипломдық жұмысын үздік қорғап шықты. Бұл жолы да ортасына ширыққан шығармашылық шабытымен танылған жас дарынның әдебиет өлкесінде жұлдызы жарқырап, абыройы тағы да бір мәрте асқақтай түскені айтпаса да айқын сөз.

1982 жылы Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен Баянауыл аудандық оқу бөлімінде инспекторлық қызметке орналасады. Содан соң комсомол, кәсіподақ ұйымдарында, облыс мектептерінде ұстаздық, басшылық қызметтерге араласып, дүрмекке толы дүниенің барлығын дөңгелетіп-ақ әкетті дерсің… Бұл жолда да албырт ақын, алғыр азамат болып бой түзеді…

2006 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовтің жетекшілігімен «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтің әдеби мұрасы» атты кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, ғылыми атақ-дәрежеге қол жеткізді. Содан соң әдебиеттану ғылымы саласында өз шәкірттерін дайындауға кірісті. Ғалым әрі әдебиеттанушы ретінде «Өлең гүл», «Жырмұра» атты ақын шығармалары жинағының, «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов» атты ғылыми монографиясының, «Анадан шыншыл туған Сапарғали», «Халық ақындары мұрасы», «Семей өңірінің ақын-жазушылары», «Өмір өзен», «Жарма ақындары» атты ғылыми-әдістемелік, көркем жинақтардың және мектеп ұстаздары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған бірнеше оқу құралдарының авторы атанды.

Мәдениет пен өнердің жанашыры Мұрат Иманжаппар сынды азаметпен біздің таныстығымыз 2008 жылдары басталған еді. Қаламыздағы жергілікті телеарнаның қызметкері ретінде өңірімізден шыққан белігілі әнші Талғат Кеңесхановтың шығармашылық кешіне арнайы хабар түсіруге барғанда әнші ағамыздың жақын досы, таудай талантымен менмұндалаған ағамыз алдымыздан шыға келді.

Жасырмай қуанышын, бар мұңын да,

Бөліскен жандар едік барлығын да.

Келеміз дақ түсірмей ту көтеріп,

«Достық» деп аталатын арлы ұғымға… – деп Мұрат ағамыз өзі жырлағандай Семей жұртшылығына, өзінің жерлестеріне есептік концерт беріп, әннен шашу шашқан Талғат ағамыздың қасынан табылып, шашбауын көтерді. Алатаудың бөктері Алматыдан ағайын-туысын аңсап жеткен әншіге барынша қолдау көрсетуге тырысты. Өнерпаз досының дарынын дәріптеп, ел алдында елгезектік танытқан бұл ағамыз сондай мейірбан, сондай биік тұлғалы жан болып көрініп еді. Әлі де сол биігінен түспегендей көрінеді…

…Арамызда сол күндерден басталған жақын таныстық пен ізгі сыйластық аға-бауыр болып бір-бірімізді іздейтін күндерге ұласты. Жанына жақын тартып сол кездердегі Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері қатарына қосылуымызға әсер етті. Жұлдызымыздың жанып, жиырма жасымызда тұңғыш кітабымыздың шығуына септігін тигізді. Бұдан бөлек ақындық дейтін арлы ұғымды жоғары бағалайтын Мұрат Тілегенұлы ұстазымыз сол жылдары Алаш оғландары ту тіккен руханиятымыздың астанасындағы белді оқу орындарының бірі Семей мемлекеттік педагогикалық институтының жанын «Шабыт» шығармашыл жастар ұйымын құрып, бүгінгі күні елімізге кеңінен танымал жас ақындар Медет Демежан, Жұлдызай Ысқақ, Мерей Қарт, Арман Шеризат, Жасұлан Мақаев, айтыскер ақындар Ерлан Дәулетұлы, Ардабек Ақбабаұлы, Серік Қуанған сынды жас жеткіншектердің өсіп-жетілуіне қол ұшын беріп, қолдау көрсетуден аянып қалмады. Жоғарыда ныспысы аталған жас өнерпаздардың алғаш жыр жинақтары мен кітаптарының жарық көруіне көп көмектесті. Ағамыздың осы бір әрекетіне көз жіберіп ағалық деген аңғалдық, аңғалдық деген ағалық шығар деп таңырқайсың… Ұстаз болып жол-жоба нұсқау бір басқа, қарамағыңа алып қамқорлық таныту мүлде басқа әңгіме…

Ғылымдағы жолы мен өмірлік бағыт-бағдарын айқындап алғаннан кейін Мұрат Тілегенұлы ағамыз бертін келе Семей қаласында «Үшбиік» баспасын ашып, өңіріміздегі өнерлі жандардың өнімді еңбектерін ел алдында таразыға тартып, баспа ісін қолға алды. Баспа ісімен айналыса жүріп, жанына шәкірттерін жақын тартып, оларды баспа ісіне баулып, қиыншылығы қайшыласқан, ауыртпалығы бастан асатын, ең алдымен іскерлікті талап ететін қызметтің қыр-сырын меңгертуге тырысты. «Үшбиік» баспа-үйі жұмысының қызуы, ақын ағамыздың шәкірттеріне шарапатын тигізді. Неге десеңіз жоғарыда аталған ағамыздың ақын шәкіртерінің тұңғыш кітаптары осында басылып, табалдырығынан тәй-тәй басып шығып, айдай әлемге жол тартты. Адамдық қасиеті артықша біткен осы бір азаматтың баспасынан тұрмыстың қиыншылығы мен қиындығы қатар қысып жүрген  Мұрат ағамыздың замандастары да «Үшбиік» баспасын жағалайтын, біздің ұстаз қолынан келген көмегін қомсынбай, алғысын теңгеге теңгермей, асау да адуын жандардың жылы лебізіне көмілетін.

Кейінгі жылдары Мұрат Иманжаппар ағамыз Қазақстан мен Монғолия елі арасында алтын көпір орнатып, сол жаққа жиі баратын болып алды. Баратыны бекер емес. Ол жақтағы өнер мен әдебиетке жаны құмар жас жеткіншектерді, біздің қандастарымыздың атамекенінде білім алса деген құштарлықтан туған ой бұл. Тағы да сол дарындылардың арынын асырып, ел алдына шығып өнер көрсетуіне дәнекер болып жүр. Мұрат ағамыздың сонау қиырдан жетектеп, ертіп келген шәкіртернің алды бүгінгі күні елімізге белгілі өнер иелері болып үлгерді. Бұл ісіңіздің бекер емесін ел біледі.

Мұрат ағамыздың өлеңдерін парақтап отырып, ақындық деген адамдық, адамдық деген ақындық екен ғой деп таным жетегінде ой емесің. Олай болатын себебі ағамыздың жыр жолдарында оның қарапайымдылығы мен ойын ашық айтатыны аңғарылып тұрады. Ұстаздық пен ғылымды, өлең мен өнерді қатар алып жүріп ортасына танылған ақынжанды азаматтың:

Шашқанындай жарығын жанған оттың,

Табаныммен жер басып, жалған кештім.

Баяғы Бабалардай болмасам да,

Мұраларын келеді жалғап өткім – дегені өзінің өмірлік кредосын айқындап тұрғандай. Ол тудырған табиғат лирикасында да тосын мінез бен оқшау ой байқалады:

Салтымменен, санамды күзетуге,

Саған тартып туғанмын білесің бе?

Толқыны бар, асаулау ағысы бар,

Қан емес – Ертіс аққан жүрегімде!

Мұрат Тілегенұлының сезім лирикасы жастыққа тән жылылық сыйлайды. Адам жасы толысқанмен сезім мен сағыныш бәз баяғы қалпында. Жастық оты жалындап тұрған шақта тудырған, сөзі мен әнін өзі шығарып думанға толы сол бір күндердің елесіндей болған «Аяулым» өлеңі де өзінше бір бөлек сыр толғайды.

Үміт үзбей, жаным, көп іздедім өзіңді,

Жылдар бойы талмай басуменен төзімді.

Елес болып әр кез қиялымда шарықтап,

Жүруші едің, еркем, толқытумен сезімді.

Немесе:

Нұр едің жарық білгенге,

Гүл едің өскен күнгейде.

Сол биігіңде қала бер,

Кездеспей кеткен бір бейне…

Бұл ақынның басынан кешірген күйі, өзгеге ұқсамайтын өмір жолы, өлең жолы болып ғұмыр кешпек. Өлеңіндегі шынайылық, бұлқынған жүрек сезімі, сағыныш ләззаты Мұрат Иманжаппардың өзіне лайық қолтаңбасы деп ұққанымыз ләзім…

…Биылғы жылы филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ақын, жастардың жанашыр ұстазы Мұрат Иманжаппар ағамыз алпыстың асқаралы биігіне көтерілді. Алпыстан мойын созып алысқа көз жіберіп, ләйім абыройыңыз аласармасын. Сізді қашанда құрмет тұтатын еліміздің һәм әлемнің әр түкпіріндегі шәкірттеріңіздің атынан бір ауыз сөз бізге бұйырыпты. Тоғыз түрлі біткен талантыңыз түгесілмесін. Тасыған күш қайратыңыз толыса берсін. Сіз әмәнда жақсылаққа жаршы, намысқа қамшы болып, адалдық пен аңғалдық, ағалық пен даналықтың үлгісі болып ғұмыр кешесіз. Жаңа жасыңыз құтты болсын жақсы аға!!!

Қуат Қиықбай, жазушы, Халықаралық,

республикалық байқаулардың лауреаты, шәкірті.

 

«КӨПІР»

Дархан көңіл даладайын даңғайыр

Тау мінезді тауда туған таудай ұл!

Күлте жалды күлік сынды ғұмыры

Күн аймалап самал сүйген маңдайын

Жақсылыққа жаны жақын етене

Тартып келед(і) нардың жүгін көтере

Тауға қарап кісінейді кей кезде

Есіл шағы, есіне еніп кете ме?!

Алаш үшін арындаған Арғымақ!

Арғымақпын-деп айтпаған ал, бірақ.

Сіз арқылы Сарыарқаға құйылды

Қарт Алтайдан бастау алған сан бұлақ.

Шетте туып жырақта өскен «мың адам»

Отанына оралса деп дін аман

Ұрпақ үшін «көпір» ғұмыр кешіп жүр

Ұлылардың ізіндегі бір ағам!

Інілерге ізет қылған ізгі аға

Ізің жатыр қия шыңда, құзда да.

Арасына Арқа менен Алтайдың

Алтын көпір бола білген сіз ғана!

Серік ҚУАНҒАН,

Айтыскер ақын, Халықаралық,

республикалық жүлдегері, шәкірті

 

АҚ ТІЛЕК 

Мұрат аға құтты болсын

Алпысың,

Жаралғансың жас дарындар

Бағы үшін.

Тағыда алпыс жасайтындай

Бар күшің,

Ел жұртыңның ақ батасы

Дарысын.

Сауабы бар бұлақ көзін

Ашқаның ,

Дейді жұрттым тілеулесті

Бақ сана,

Бетін қақпай белін буған

Жастардың,

Жаны жайсаң қолы жомарт

Жақсы аға.

Алқымдадың алпыс деген асуды.

Аттап өтіп ел ағасы елуден.

Жақсылықтарың жасартады

Жасыңды,

Алғыс алып жүре берші еліңнен.

Өнерленің кеңейтсем деп өрісін,

Қырағы көзбен сан сиырды шолғансың,

Еңбек еттің терде төкттің ел үшін,

Соңыңда аға сайрап сара

Жол қалсын.

Орындауға ел жұртыңның

Мұратын ,

Мұрат қылып ,мұра ғылып

Өтерсің.

Ғасыр жасап өткен кеше

Дүр ақын,

Алла жазса Жамбыл жасқа

Жетерсің!

Ерлан ДӘУЛЕТ, айтыскер ақын, Халықаралық,

республикалық айтыстардың жүлдегері, шәкірті.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз