Соғысқа самолет қосқан қазақ

158

1999 жылы Басбай Шолақұлының дүниеге келгендігіне 110 жыл толды. Ал қазасына 46 жыл, ягни жарты ғасырдай уақыт өтті. Дөңгелеп тұрған тегерлік, зымырап бара жатқан заман, алға жылжыған сайын  оның соңында қалған сұлбасы сағымдай бұлдырап барып, ғайып боп кететін тәрізді. Басқаны қойып, Басбай сияқты  үлкен тұлғаның кезінде күллі Жұнгоны дүр сілкіндіріп, дүниені жалт қаратқан «Басбай айропыланы» да осындай күйге түскені бізді қатты ойға салды. Бірнеше жылдың алдында отаншыл қайраткер аталып жүрген бір бай қайтыс болғанда бұл айропылан сол адамның аталған көмегі ретінде тіркеліп барып, әупірімнен әрең қалды. Онда да Басекеңнің айропылан атағанын көзімен көрген көнекөздердің куәлікке өтуі арқылы әрең тоқтаған жері бар. Егерде олар да көз жұмған болсашы? Оған бірдеме деу қиын, өйткені «өзі жоқтың, көзі жоқ». Тағы бір бөлім азаматтар Басекеңнің суретін календарьға шығаратын боп, бекім сұрап барғанда да осындай жағдайға тап болған. Олар Басбай туралы, оның айропыланы туралы ешбір архив дерегінің жоқ екендігін көлденең  тартып, бекім бермеген, сонымен әлгі азамат Басбай романын көрсетіп жүріп, Басбайдың өзін емес , қойын календарьға шығару туралы бекім алған. Бұған да шүкірлік. Өйткені Басбайдың өзі жоқ, қойы ғана бар емеспе?! Көріп тұрған нәрсені жоққа шығару қиын болған тәрізді.

Халқымыздың арасында аңызға айналып, айтып түгеткісіз әңгіме-жыр боп кеткен Басбайдың үлкен отаншылдық символы- «Басбай айропыланы» сол беті ұшты-күйлі жоқ бола ма? Олай емес, тарихтың танымал ізін ешкім де өшіре алмайды. Бірақ қазіргі заман информация заманы, жазба мәдениет заманы. «Жазбаға сенген жаңылшақ» деп қарайтын қазақтың баяғы сарынының күні өткен. Сайып келгенде, осы көзқарастың кесірінен, деректі жазба дүниеге немқұрайды қарағандығымыздан істеген ісіміздің ізінен айрылып, мақтанышымыздың маздаған отын өшіріп алатындай болып отырмыз. Сол кездегі Басекеңнің өткізген дүниесінің тізімдігі, атаған айропыланының куәлігі қазір қайда? Информация заманы басқаға емес, сондай дәлел, сипаттарға жүгінеді. Сол дүниені сойлетеді, ондай дәлелсіз, ауыз жүзіндегі нәрсе ұзаса 3 ұрпақтан кейін ізі өшіп, үні жоғалады. Ал факт- мәңгілік өшпейтін алау.

Міне, мен жоқ іздеп жүрмін. Болғанда қандай, аспанның ақ сұңқары атанған Басекеңнің сғыс айропыланын іздеп жүрмін. Екі жылдың алдында Күйтін қаласында бір үйде отырғанымда Қарамайлы қалалық саяси кеңесте істейтін Қабдолла деген азамат 1968 жылы Бейжиңге байланыс жасай барғанда орталық әскери мұражайдан Басекең атында жазылған шағын соғыс айропыланын экскурциялап жүріп көргенін, айропыланның қасында қазақтың бір дана сырмағы және қазақы тымақ тұрғанын айтқанда қунышым қойныма сыймай кетті… Осы із бойынша сұрау салып едім, одан басқа «көрдім» дегенді ұшырата алмадым. Сол әскери мұражайдың қазіргі бастығы бір әйел екен, оған да сұрау салып, екі-үш рет хат жаздым, бірақ жауап бермеді. Бейжиңдегі қазақт бауырлар арқылы сұрау салғанда мұндай істің болмағандығын айтыпты.

Жоқ, үмітсіздік сайтан ісі ғой, мен сол кезде қызмет істеген көне көздерден, Басекеңді көргендерден сұрау салып көріп едім, бұлардың бәрі сарнап тұр. Қолмен қойғандай айтады. Бірақ жазба дүние, фактіге келгенде қайқалақтап қалады. Сонымен мен сол кездегі ханзуша Шинжаң газетінің архив нұсқасын ақтаруға кірістім.

1951 жылдан 1953 жылға дейінгі Шинжаң газетінің 3 жылдық түптемесі  менің алдымда жатыр. Ұшан-теңіз дүние, оның үстіне, сарғайып, әбден өшкіндеген кәрі йероглифтер мына шұбыртқан кәрі көзді құмырсқаның илеуіне  үңіліп отырғандай сезімге келтіріп, бірден басыңды зеңгітіп жібереді. Сонда да адам алған беттен қайтпай, көздеген нысанаға жетуге ұмтылу керек қой. Құмырсқаның еңбеккерлік рухы ерінбеген жанға еселеп күш қосатыны қақ. Сол рух бойынша әр беттен естелік алып, қажетті жерлерін түртіп қойып отырмын.Әр беттен «Тарбағатай», «Басбай» деген сөздер шыға келе ме деп үміттене, дәмелене қараймын. Ол кездің газеттерінде мемлекеттік,халықаралық хабарлар көбірек, жергілікті хабарлар азырақ екен. Жергілікті партия, үкімет басшыларының әрекеті де газетте аз хабарланады екен. Сол себепті , Басбай есімі көрілмеді, осылайша газетті арлы-берлі аударыстырып, 52,53- жылдардан гөрі 1951 жылдарда біз іздеген дүниеге қатысты хабарлар молырақ болғандықтан, осы жылға арнайы шұқшиюға тура келді. Міне, сол 1951 жылдың алғашқы 8 айлық түптемесін егжей-тегжейлі ақтарып болып, енді 9- айына ден қойдым. Ол кезде Америка жиһангерлігіне қарсы тұрып, Чаучиянға көмектесудің мемлекеттік, өлкелік, аймақтық кеңселері құрылыпты, бүкіл ел көлемінде «Айропылан, зеңбірек атау» науқаны. «Отаншылдық тоқтам жасау» науқаны және « Зорекерлерге қарсы тұрып, жер майын кебейту» науқаны деген  3 үлкен науқан өрістетілген. Газет хабарының көбі осы төңірекке шоғырланған…

«Үһ», мінеки, газеттен Тарбағатайдың, Басбайдың есімін таптым, таптым да шұғыл оқуға кірістім. Бұл 1951 жылғы 18 қыркүйектегі «Шинжаң газетінің» ханзуша нұсқасы.Сол газеттің үшінші бетіне үлкен тақырыппен: «Тарбағатайдан 6 аудан, бір түйінді районында Америкаға қарсы тұрып, Чаучиянға көмек беру науқаны кеңінен өрістетілуде» деген көлемді хабар берілген.Хабарда мынадай делінеді: «Бұл науқан өткен жылы (1950 жылды меңзейді) қазанда басталған. Биыл (1951 жылы) 1 мамыр қарсаңында аймақтың 6 аудан, бір түйінді район бойынша 388 адамдық 70-тен артық үгіт дүйлері төменге түсіріліп, салтанатты науқан өрістетілді. Аймақ бойынша 160 мың адамы бар еді. Соның 121 мың 942-сі  «отаншылдық тоқтамын» жасасты. Алғашында аймақ бойынша 3 айропылан атау белгіленген, сол меже  бойынша тек  12 мың адамы бар Дөрбілжін ауданының өзі 13 мың қой, 300 бас сиыр-жылқы, 49 түйе, 7788 пұт астық, 149 мың юан ақша атады. Чаучиян алдыңғы шебіне барып келген уәкілдер үйірмесінің баяндамасын тыңдаган соң , аймақтағы  әр ұлт халқының  отаншылдық көмек атау  науқаны тың белеске көтерілді. «Аймақ уәлиі Басбай  баяндаманы тыңдаған соң , бір өзі 10 мың қой көмек атап , сол майданның өзінде  жауды жою үшін Чаучиян  алдыңғы шебіне бір соғыс айропыланын беретіндігі жөнінде кепілдік етті…»

Міне ,бұл-мемлекет тілінде , миллиардтар тілінде сойлеп тұрған нақты жазба құжат. Кейін мен газеттің дәл осы беті, осы жерін фуиыңжимен көбейттіріп, қатысты адамдарға  көрсеткенде барып олар өздерінің бұл фактіге мойынсал екендігін білдірді. Мына информация заманында  бізге қажеттісі осындай дәлел-факт. Бірақ бұл да жеткілікті емес, біз бір адым ілгерілеп, сол кездегі архивтің өзін, фактінің көзін табуымыз керек. Сонымен бірге ел арасына сұрау салып, осыған қатысты нақты дәлел- сипаттарды жинастыруымыз қажет. Көптің көзі көп қой, біреу білмегенді біреу біледі. Біздің жоқ іздеудің егжей-тегжейін жұртқа жариялап отыруымыздағы  мақсат та сондай бір зәрушіліктен, сансыратқан сабақтан туындап отыр. Басбай дүниеге келгендігінің 110 жылдығы қарсаңында газеттен осындай бір арнайы бет ашып, көз көргендердің көңілге бүккендерін, естеліктерін жариялауға әбден болады ғой. Уақытты мықты ұстамасақ «азайып бара жатқан қариялардан» айырылып, дәт деп қаларымыз хақ қой.

 

Редакциядан: Материал жазушы Зейнолла Сәніктің көптомдық шығармалар жинағының 3 томынан («Ан-Арыс» баспасы,2017ж) ықшамдалып алынды.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз