«Мен бір жұмбақ адаммын…»

69

Жұмбақ адам. Бауыржан жұмбағы. Бұл оңайлықпен ашыла қояр жұмбақ емес. Оны  ашу кезеңі енді басталды.

«Жерұйық» ақпараттық-танымдық порталы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толуы қарсаңында «Мен бір жұмбақ адаммын…» деген атаумен жаңа жобаның тұсауын кесіп отыр.

Бауыржантанушы, қаламгер, доғарыстағы полковник, Б.Момышұлы атындағы арнайы төсбелгінің иегері Әли-Хан Омарбеков пен журналист Сайлау Төлеуовтың  (Sailau Omirtai) қазақ халқының біртуар, даңқты ұлының өмір жолының жұмбағын ашуға деген талпыныстан тұратын сұхбат-диалогының алғашқы бөлімдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

С.Т:

– Әзілхан Нұршайықовтың атақты «Ақиқат пен Аңыз» роман-дилогиясы  «Жазушы» бапасынан  1976 жылы  41.000 данамен шықты ғой, Әлеке. Сол шақта он төрт жастағы бозбала кезіміз екен. Осы кітапты үлкендермен таласа-тармаса оқып едік. Өткен 2019 жылдың наурыз айында  кітапты тағы бір шолып шығуға зауқым соғып,  Семейдің орталық кітапханасына келіп, сұрасам, кітапханашы  іздеп-іздеп, жаңа басылымын да, басқасын да таба алмай, дәл сол 76-шы жылы басылған жинақты бір жерден алып шықты. Мұқабасы мұқалып, ақ беттері жұқарып-ақ қалыпты. Қырық үш жылдан кейін қайта бас қойдым.

Сол бозбала шақта сабақтан кейін тамақ ішіп отырып бас алмай оқығанда, шешем ұрысушы еді: «Кітаптан әкең өліп пе еді?! Тамағыңды ішіп барып оқысаң да болмай ма?!,-деп. Баукеңнің сұхбат алып отырған Әз-ағаңа: «-Әй, шыбындаған атша басыңды неге изейсің? Тілің бар емес пе, айтпайсың бар дұрыстап?!»,-деп зекитін жері бар емес пе, соны оқып отырып, батыр адамның мүйізі қарағайдай жазушыға балаға жекігендей жекігеніне күлкім келіп,  жеп отырған тамағыма қақалып қала жаздағаным есіме түсті…

Бауыржан Момышұлы қазақ деген халықтың тарихында қаншалықты ғажайып құбылыс болса, бұл роман да қазақ әдебиетіндегі соншалықты ғажап құбылыс болғанын, ақиқатқа бір өтірігі қосылмай, шынайы жазылған кітаптың құпиясын сонда түсіндім.

Жалпы, Әлеке, Бауыржанның жұмбағы толық ашылып болды ма, қалай ойлайсыз?

Ә.О:

-Ұлы Абайды біз көрген жоқпыз. Оны көргендердерді көргендер де жоқ. Шыңғыстаудан алысқа ұзап шықпады. Алған білімі де шамалы болды.  Соған қарамастан оның мұрасына тереңдеген сайын оның жұмбақ адам екеніне амалсыз көзіңіз жетеді. «Жұмбақ адам» деген түсініксіз адам деген емес қой. Сансыз сұраққа жауап іздетеді. Қоғамдағы, адам өміріндегі құбылыстарды түсінуге итермелейді. Тау халықтарында «Ақыл – үй иесі, білім – қонақ» деген мақал бар. Сонда Абай шын ақылды болғаны ғой. Оның жұмбақтығы осында. Ақылдымын дейтіндер де түсінбейді. Қаншама жылдар ішінде, тау-тау зерттеулер, том-том кітаптар шықты. Соның біреуінде ешбір адам мен Абайдың жұмбақтығын шештім деп жаһанға жария еткен жоқ.

Баукең де сондай жұмбақ адам. Баукеңнің Абайдан айырмашылығы (салыстырайын деп отырғаным жоқ) – ол жан-жақты білім алды, қолбасшы болды, Абай Семейден бірқанша сексен шақырым шықпады десек, Баукең білім мен ғылымы тоғысқан Мәскеуде әскери академияда білім алып, сол академияда сабақ берді. Кітап жазды, жазғаны сөреде жатпады. Кітапқа кейіпкер болды. Әлем тамсанды. Табаны сәмөлетпен жарты күн ұшатын сонау  Куба топырағына да тиді. Ол елдің басшысы да, қосшысы да төбесіне көтеріп, төрден ойып  орын берді. Ол аз десеңіз, бостандық аралы әскерилеріне дәріс оқып тұрып, «Сіздер шегінбей соғысуға мәжбүрсіздер, себебі шегінетін жер жоқ» деген екен.

«Я приговорен к славе»,-депті Баукең бір сөзінде. Абайдың «мен бір жұмбақ адаммын» — дегенінің  бір ерекше түрі емес пе? Баукең жұмбақ адам ба? Әрине. Баукеңді бір жұмбақ күш пен құпия құдірет жетелеген. Әйтпесе, Сәке, өзіңіз зер салыңызшы, әскерге бармауға толық құқы бола тұра, өз еркімен әскер қатарына барды. Көзге түсті. Көтерілді. Офицер атағын алды. Іздеп жүріп, әскерге қайта шақырылды. Аязы құлағыңды қырқып, бет-жүзіңді қарып түсетін Қиыр Шығыстан бірақ шықты. Орысың үсіп жатқанда, Баукең қырандай қалықтады. Көзге түсті. Көтерілді. Украинадағы Житомирдегі армян Баграмянның алдынан бірақ шықты. Мына қызықты қараңызшы. Ұлы Отан соғысының басталуына санаулы айлар қалғанда Баукеңді Алматыға республикалық әсери комиссариатқа ауыстырады. Не үшін дейсіз ғой? Мәскеуді қорғау үшін! Оның осал адам емес екенін көпті көрген комдив Панфилов ә дегеннен ұқты. Отқа да салды, суға да батырды. Жанбады, батпады. Жұмбақ па? Жұмбақ. Өмірінде түсіне де кірмеген, ата-бабасының да табаны тимеген Мәскеу түбіндегі орманда, өз ауылында, жүргендей, ойран салып, басқыншылардың басына әңгір таяқ ойнатты. Бүкіл дивизия кейін шегінгенде, олардың дер кезінде шегінуін қатамасыз ету үшін, ажал аузында қалып, шайқасып жүріп, шайнасып жүріп, жаудың қақпанын бес рет бұзып, қоршаудан аман шығып, 700 сарбазының сабын бұзбай негізгі күштің қатарына қосты. Осыны біреу мақтап, тәлім алайық деді дейсіз бе? Жоқ. Керісінше Баукеңді «Особый отдел» тергеген ғой. «Елдің бәрі қоршауға түсіп шыға алмай жатқанда, сен қалайша бір емес бес рет, бір жеріңе оқ тимей аман шықтың?!»- дейді ғой.

Мәскеу түбіндегі шайқастың шындығын бүкіл әлемге паш еткен де Баукең. «Волоколамское шоссе»-ні айтамын. Александар Бек редакцияның тапсырмасымен  Мәскеу шайқасы туралы материал жинауға майданға аттанғанда, оған ешкім «тура Бауыржан Момышұлына тарт»,-деп айтқан жоқ қой. Жоғарыда айтқан жұмбақ күш пен құпия құдірет алып келді оны Баукеңе. Баукең басынан өткенін ешбір қоспасыз айтып бергенде, айтқандары да бұрмаланбай (бұрмалатпаған Баукеңнің өзі емес пе) «Волоколамское шоссе» деген кітап болып шыққанда, соғыс туралы шындықтың тасқа таңбадай басылғанын сол кездегі редакторлар мен цензорлар кеш түсінді-ау деймін. Міне, сол романның жарық көрегеніне де 80 жыл болыпты. Қару ұстап батырлық жасап, қалам ұстап ерлік жасау жұмбақ жандардың несібесіне жазады-ау, бәлкім. Қуанышқа орай арамызда Баукеңді көрген, үзеңгілес болғандардың біразының көзі тірі. Олардың арасында да Баукең туралы кітап жазғандары бар. Солардың бәрі дерлік Баукеңнің ерекше жұмбақ жан екенін мойындайды.

С.Т:

-Дұрыс айтасыз. Бір ғұлама Бауыржан Момышұлына қайтпас қаһармандықтың сарыны үнемі көне дүние көмейінен – ата-бабалар рухынан келіп, құйылып тұрғанын айтады.

Панфилов (1893-1941) демекші, Баукең өзі генералмен алғаш кездесуі жайында былай жазады: «Мен генералды көргеннен кейін әскери тәртіппен бойымды нық ұстап, аяғымды сілтей тастап сәлемдесіп өттім. Шамалы уақыттан кейін қызмет орнымда отырғанымда әлгі генерал менің бөлмеме кіріп келді.

-Жолдас Момышұлы, жұмысыңызды шұғыл тапсырып, менің Талғардағы штабыма келіңіз, маған сіз секілді кадр офицері өте қажет, бұдан былайғы жерде екеуіміз жаумен бірге соғысатын болдық.

Мен айтқан уақытында генералдың қабылдауында болдым.

-Сізді батарея командирі етпекшімін. Қалай қарайсыз?-деді. Мен генералдан батальонға командир болуды сұрадым. Ол кісі сәл ойланып отырды да, келісімін берді…».

Баукең  Әз-ағаңа сұхбатында: «Өзің ойлашы, Гитлер Москваны алуға топырлатып елу бір дивизия айдаған екен. Соның тура бес дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылды…»,-дейді.

Жас кезінен батырлар жырын жар құлағы жастыққа тимей оқыған бала Бауыржан ұлы Жамбыл ақынның Амангелді батырға арнаған:

Батыр бол, балаларым, бәрің-дағы,

Тап берген дұшпан иттің сынсын сағы.

Семсерін Амангелді тот баспасын,

Ел қорға, ұлы күннің тусын шағы…,-дейтін ұзақ өлеңін кішкенесінен жатқа айтатын көрінеді. Ақыры өзі де ақбоз атын ойқастатып, ақ семсерін сілтеп, атойлап, дұшпанның сағын сындырып  соғыстың алғы шебінде жүрді емес пе…

Ә.О: -Баукең дүниеден өткенде Тахауи Ахтанов қабір басында: «Бауыржан Момышұлы – мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам»,-деген екен. Міне, Баукеңнің феномені! Баукеңнің теңеуі жоқ табиғатын түсінген екі адам болса — соның біреуі генерал Иван Васильевич Панфилов. Екеуінің таныстығы 1941-ші жылдың 13-ші шілдесінде басталып, 1941-ші жылдың 18-ші қарашасына дейін жалғасты. Бар жоғы 4 ай, дәлірек айтсақ 125 күн. Панфилов Баукеңнің стандарттан тысқары тұлға екенін бір көргеннен ұққан. Оған мысал баршылық. Менің айтпағым, соғыс кезінде де Баукең өз табиғатынан бір елі де таймаған. Сол асаулық, сол өр кеуде. Командирлердің және саяси басшылардың барлығы дерлік осыны білді. Тістерінің батпайтынын сезді. Оларға Баукең әскери өнерді  бала күнінде игергендей болып көрінетін. Баукең ойлап тапқан тактикалық әдіс-айла олардың миына да кіріп шықпаған.

Бір-екі мысал келтіре кетейін. Баукеңнің батальоны жеті шақырымға созылған қорғаныс шебінде тұрды. Соғыс кезінде осындай қашықтықты алып жатқан қорғаныс шебін әскери Устав бойынша тек полк қана қамтамасыз ететін. Қорғаныста тұрған батальон неміс-фашистері қашан келер екен деп күтіп жатпады. Оқ-дәрі иіскемеген жауынгерлерден іріктеп алып, арнайы топты жау билеген бір ауылға жіберіп, қаперсіз жатқан фрицтерге лап беріп, жайратып салады. Өмірінде алғаш рет соғысқа қатысып, олжалы оралған солдаттардың көңіл күйі бүкіл батальонға тарайды. Тағы бір мысал. Матренино станциясын жауға бермей ұстап тұруды  қатаң тапсырады басшылар. Себебі ол маңызды тірек болып саналған. Күші басым жау әскерімен шайқас қызған кезде Баукең Матрениноны қорғап тұрған рота командиріне станцияны тастап  тым-тырақай «қаш!» деп бұйрық береді. Станцияның шетінде қашып шыққан рота жауынгерлерін Баукең өзі күтіп алады да, шайқас кезінде ойлап тапқан жоспарымен таныстырады. Жау болса «қызылдар қашып кетті» деп станцияны басып алып, сақырлаған аяздан әбден әбігер болған басқыншылар жылы үйлерге кіріп, бойларын жылытып, ішкен-жегені бойына тарап, күзет те қоймай, жатуға жайғаса бастағанда, түн ауа, Баукеңнің сарбаздары тұтқиылдан станцияға үш жақтан лап беріп, жаудың күлін көкке ұшырады. Жаудың оққа ұшпағандары тұтқындалып, әскери техникасы олжаланып, жоғарғы жақты таңқалдырады. Баукең бұл бұйрығын бастықтармен келіспей іске асырады. Неткен өр мінез, десеңші!

1942-шы жылдың ақпаны. Баукеңнің полкіне Трошково селосын басып алуды тапсырады. Трошковоға жақындап келгенде, Баукең жалғыз Трошкованы алғанда жаудың ойлап тапқан қақпанына түсетінін бірден түсіне қойған. Себебі, Трошкованың жанында тағы да бес ауыл бар болып шыққан. Олар картаға түспей қалған. Егер Трошкованы басып алған күннің өзінде, қалған бес ауылдағы немістер жедел түрде көмекке келіп, полк әскерлерін қоршап алып, жойып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан Баукең алты ауылды бір мезетте басып алуға шешім қабылдайды. «Ойбай, командир, біздің күшіміз жетпейді ғой»,- деп шыр-пыр болған командирлерге жоспарын түсіндіреді. Жоспар бойынша полк алты топқа бөлінеді. Бір мезетте, түнгі сағат төртте, жау шырт ұйқыда жатқанда, полк шабуылға шығып, алты ауылды басып алып, басқыншылардың быт-шытын шығарады. Баукең бұл шешімін де өзі ойлап тауып, өзі іске асырды. Жоғарыға айтпай-ақ, келісімін күтпей-ақ, тапсырманы асыра орындайды. Егер Баукең әрбір қадамын жоғарғы командирлердің талқысына салса, олардың қолдамасын біледі ғой, Себебі, өзіне-өзі сенімді.

С.Т:

-1941-42 жылдары Москва үшін шайқаста армия генералы К.Рокосовский (1896-1968) басқаратын 16-Армияның құрамына кірген дивизия кейін генерал Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия болып аталды. Дивизиядан Кеңес Одағының 55 батыры шықты. Тек соғыста Кеңес Одағының батыры атағына әлденеше рет ұсынылса да, Бауыржан Момышұлына ғана  осы атақ берілмеді…

1944 жылы маршал атағын алған сол  Рокосовскийдің Баукеңе: -Басқа Армияны білмеймін, мен басқарған Армияда сенен басқа полк басқарған аға лейтенант жоқ. Мен саған бүкіл полктың тағдырын сеніп тапсырдым! Қарағым, жолың болсын!-дейтіні бар. Жан тебірентерлік жай емес пе….

Тағы да. Генерал-полковник Чистяков майдан командашысы Баграмянға қарап: «Сізге полковник Бауыржан Момышұлын таныстыруға рұқсат етіңіз»,-дейді. Ол Баукеңе аларып бір қарап, сәл басын изеп отыра береді. Осы кезде маршал  Васильевский (1895-1977) сынағысы келсе керек, оны ілулі үлкен картаның алдына шақырып алып: «Соғыс жағдайын баяндаңыз»,-дейді. Баукең сәл ойланып тұрады да, маршалға бұрылып: «Меніңше, мына бір корпустан ештеңе шықпайды»,-дейді. Баграмян  (1897-1982) сұп-сұр болып: «Сіздіңше мен ештеңе ойламайды екенмін ғой»,-деп ашуланады. Біздің батыр атамыз: «Мен өз пікірімді Совет Одағының Маршалына хабарлап тұрмын»,-дейді аспай-саспай. Васильевский тағы бір нәрсе айтқалы келе жатқан Баграмянды ала көзімен атып, бері бұрылады да: «Полковник, сөзіңізді жалғастырыңыз»,-дейді.

Енді бірде аты аңызға айналған Жуковпен кездеседі. Маршал бөлме ішінде арлы-берлі тынымсыз жүр. Екі қолын артына ұстап, аласа бойлы шағын денесін ықшам қозғайды. Баукеңнің сөзін үнсіз ғана тыңдайды. Бір сөзі жақпай қалса керек, кілт тоқтайды да, екі сөзбен шағып алады. Баукеңнің түрінің өзгеріп, сұрланып кеткенін сезіп, қасына іле-шала келеді де:-Сен маған ренжіп қалдың ба?-дейді.

-Полковниктің маршалға ренжуі ағаттық болады,-дейді Баукең. Маршал Жуков ішек-сілесі қатқанша күліп, «-Енеңді ұрайын, қатырдың мені»,-деп, иығынан алақанымен түйіп кеп жібереді екен.

Сонда Сталиннің ең таңдаулы маршалдары Баукеңді тыңдап, Баукеңді мойындап отыр ғой. Қасақана қолдан жасалған тежеулер болмаса, Баукең сол кезде-ақ ең кемі екі мәрте Совет Одағының Батыры атағын алып, ең кемі қос жұлдызды генерал дәрежесіне емін-еркін жететіндей-ақ екен ғой ә, Әлеке?

Ә.О: -Панфиловтың Баукеңе деген адалдығы туралы бір мысал. Көзінің тірісінде генерал Панфилов батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы туралы  сол кездегі армия қолбасшысы Рокоссовскийге айтып, ол туралы өте жағымды пікір қалыптастырғаны белгілі. Баукең өзін,- «Я офицер ближнего боя», -дейді. «Қоян-қолтық ұрыстың офицерімін» дегені ғой. Шыныда да Баукең қол астындағыларды өлімге айдап салып, өзі штабта немесе блиндажда шіреніп жатқан емес. Шабуыл кезінде ол міндетті түрде бір топты өзі басқарды немесе шайқас алаңының ең осал жерінде басшылық жасаған командир.

Баукеңнің күнделігінде мынадай жазбалар бар: «Қолбасшының (командирдің) ұрыс кезіндегі негізгі міндеті — өлу емес, алға қойылған жауынгерлік тапсырманы орындап шығу. Сондықтан қолбасшы тек бір жақты жекпе-жек ұрыс сарбазы болмай, ақылгөй, ой сарбазы болуы керек». Панфилов Баукеңе мінездеме бергенде, оның осы қасиеттерін баса айтуы өте ықтимал. Себебі қолбасшы Рокоссовский Баукеңді полк командирі етіп тағайындағанда: «Сіз туралы маған марқұм Иван Васильевич  талай айтқан»,-деген. Мен де, Сәке, Баукең туралы «Неге өйтпеді екен, қалай ғана бүйтпеді екен?…» – деп талай өзіме сұрақтар қойғанмын. Жүз ойланып, мың толғанып барып, дұрыс жасаған деп өзімді өзім жұбатамын. Герой болып жұлдыз тақпаса да, жұмыр жердің түкпір-түкпіріне аты мәжһүр, генерал болмаса да, полковник шенімен академияда генералдарға дәріс оқыды, емтихан алды.Үлкен лауазымды қолбасшы болмаса да, атақты маршал Жуковтың өзі қорғаныс министрі болып тұрғанда телефон шалып, амандығын біліп отырды. Бара қалған жағдайда министрің де, хатшың да орнына қарғып тұрып, иіліп сәлем берді. Кәсіби жазушы болмаса да, жазғаны жерде қалмады. Осы бүгінге дейін баспадан шыққан кітабы лезде тарап кетеді.

Қай ұлттың баласы соғыс кезінде романға кейіпкер болып, жазушыға айтқанын істетіп, айдауына жүргізді. «В этой книге я всего лишь добросовестный и прилежный писец»,- деп А.Бектің өзі мойындаған ғой. Ол генерал болса, ол герой болса, ол депутат болса, ол министр болса, ол елші болса, ол хатшы болса, – ол Бауыржан Момышұлы болмас еді! Ол көптің бірі болып қалар еді. Батыр Бауыржан деген халықтық атақ тауып берілген атақ. Бауыржанның өзі атақ, өзі даңқ, өзі мақтаныш, өзі өшпес өнеге. Ресми атақ оның абыройын асқақтатпайды.

С.Т: – Абай: «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда» дейді. Баукеңнің өзі айтқандай, «атақ пен шатақ» жайындағы ой-сауалыма толыққанды тұжырым-жауап жасадыңыз. Жоғарыда батырдың «Я приговорен к славе» деген сөзін келтірдіңіз ғой. Расында, «даңқты болуға үкім шығарылған» адамға ондай жұлдыздардың қажеті қанша?!

Өзі абайтанушы, өзі сонымен бірге бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов: «Бауыржан Момышұлының 30 томдығын бастырдым. Енді қалған 15 томын даярлап отырмыз. Аталған 30 томдыққа Баукеңнің күн­деліктері, жазбалары, әңгімелері енді. Бірақ, бұл – мұраның тек бір бөлігі ғана. Әлі оның әскери іс туралы, Кубаға сапары жайындағы жазбалары мен басқа да көптеген еңбектері бар. Жалпы, Баукеңнің өміріне арналған басылымдардың бас-аяғы 100 томды құрайды. Осы томдықтарға енуі тиіс ең құнды материалдар Ресейдің мұрағаттарында жатыр. Түбінде оны алатын боламыз. Тек сонда ғана қазіргі заман оқырманы Момышұлын барлық қырларынан танып-білетін болады»,-дейді. Неткен  бай мұра! Әлеке, сіз екеуіміз де қуатты Совет Армиясының қатарында екі жыл әскери борышымызды өтеген адамдармыз. Яғни, өткен ғасырдың 70-ші, 80-ші жылдары «сырттай өту мүмкін емес» («Армия – это школа, которую нельзя пройти заочно» деген қанатты сөз болды), тәртібі темірдей әскерді көрдік.  Мұны айтып отырғаным, өзіміздің бүгінгі тәуелсіз әскеріміздің жайын сырттай бақылап отырып, біздің әскерімізде күшті армияға тән айбын жоқ-ау деп ойлап қаламын. Осыдан бірер жыл бұрын орыс тілді әлеуметтік желілерде (ал ол орта он миллиондаған оқырманы бар аудитория), атын ұмытып отырмын, Израильдің орыс тілді әскери профессор-генералының Ресей Президенті Путин қатысқан бір үлкен дөңгелек үстел басында сөйлеген сөзі тарады. Сонда сол ғұлама Бауыржан Момышұлының «уникальный» әскери тәжірбиесін Куба мемлекеті өз армиясында қалайша пайдаға жаратқаны жайлы кемі жиырма минут айтты. Жиналғандар сол сөзді селт етпей тыңдады. Айтайын дегенім: біздің ұлан-ғайыр жерді алып жатқан шағын мемлекетіміздің әскеріне Момышұлы рухын енгізу, әскер ісін Момышұлының соғыс өнері тактикасына бейімдеу қажет секілді. Ол үшін жаңағы Мекемтас аға айтқан батырдың бай мұрасын  біздің әскерде жаппай оқыту әдістемесін енгізу керек пе дегенім ғой. Баукең бір жазбасында Мағжанның: «Қазақта жазылмайтын бір ауру бар, Істеуге өз қызметін ерінеді»,-дейтін өлең жолдарын келтіретіні бар. Құдайдың өзі берген осы бай мұраны қажетімізге жаратуға «ерінгеніміз» ғой?…

Ә.О: -Сіз еске салып отырған  өткен ғасырдың 70-80 жылдары Семей облысында бүтіндей әскери корпус тұрды. Тұрған жоқ қой, Қытай жақтан келетін қауіпке қалқан есебінде қорғаныста болды. Оның штабы қазіргі «Сарыарқа» мейрамханасының жанында үш қабатты ғимаратта (сүріліп кетті) орналасқан еді. 1985-шы жылы корпусқа генерал Борисов қолбасшылық етті. Мен ол кезде Облыстық ІІБ қызметте болатынмын. Біздің генерал Исабаев Әбдықайым Нұрқаевич (бұрынғы атақты Қазақ ССР-нің ішкі істер министрі Ш. Қабылбаевтың туған күйеу баласы) сол Борисовпен дос болатын.

Сол жылы генерал Борисов Кубаға әскери кеңесші болып ауысып, оны біздің басқарманың клубында шығарып салу рәсімі өтті. Сәт-сапар тілеп, елге аман-есен оралуына тілектеспіз деп шығарып салдық. Аттай екі жылдан соң елге есен-сау оралды. Әбдыкайым Нұрқаевичтың ұйытқы болуымен оны кездесуге шақырдық. Клуб лық толған аппарат офицерлері. Мінберге шыға сала, – «Офицер жолдастар! Мен бұрында полковник Бауыржан Момышұлын бір адамдай білермін деуші едім. Қателесіппін. Білмегенім мол екен. Кубаға барып көзім ашылып келді. Сіздерге өтірік, маған шын, Б. Момышұлын Кубада қатардағы солдаттан генералдарына дейін біледі, біліп қана қоймай оның әскери мұрасына қанық екен. Б. Момышұлының мемуарлары әскери академияларда арнайы пән ретінде оқытылады. Мен ондай құрметтің түпкі себебін Кубаға барып қана білдім. Б. Момышұлы Куба жетекшісі Фидель Кастроның шақыруымен сол елге арнайы барып он күндей әскери  құрылымдарда тәжірибе сабақтарын өткізіпті. Өз қандастарыңыздың осындай адам болғанын біліп жүріңіздер», – деп еді.

Тек қана Куба емес, басқа шет елдерде де Баукеңнің әскери еңбектерін жақсы біледі. Ал, Сәке, сіз осындай сөздерді қазақтың қай генералының аузынан есіттіңіз? Академия бітірген қазақтың қай офицері «Мен академияда оқып жүргенде Бауыржан Момышұлының мемуарларын оқып, әскери маман ретінде рухани байып қалдым»,- деп еді (отставкадағы полковник Ким Серикбаев оқшау тұр)?!  Қазіргі Қорғаныс министрлігіндегілер Баукеңді біле ме екен өзі? Үлкені бар, кішісі бар, жемқорлыққа желкесіне дейін батып, масқара болып жүр. Қазіргі әскер жағдайына келсек, ұйқың қашады. Басқа елдің «қонтрактнигіне» қарасаң «контрактник» те, ал біздің «контрактниктердің» жүрісі анау, ел қорғаудың орнына, ант-су ішіп тапсырылған қаруларын ондап-отыздап ұрлап, қашып жүр. Баукең болса оларды қару ұрладың деп  емес, қаруын дер кезінде тазаламағаны үшін сол жерде атып тастар еді. Біз әскерде болғанда күндіз-түні казармада өмір сүрдік. «Дабыл» соғылса бес қаруымызды асынып 12 минуттан соң плацта сапта тұрдық. Ал қазіргі «контрактниктер» кешке үйіне кетіп, кафелерді кезіп жүреді. Шын «дабыл» болса, оларды қай қатынның қойнынан табасың?! Тапқан күнде олар сау болса жақсы ғой, араққа сылқия тойып алып, іздеп барған «посыльныйды» сұлатып салуы әбден мүмкін.

Біздің заманымызда «патруль» деген болатын. Қаңғып жүрген жауынгерге қырғидай тиетін. «Комендатураға» барасың деген сөз «Магаданға» барасың дегенмен тең еді.  Көшеде кездесе қалса, тік тұрып «честь» беретінбіз. Сіз қазір көшеде «патруль» көресіз бе? Көшеде офицерге «честь» беріп тұрған сержантты көрдіңіз бе?  Қазір субардинация деген үлкен «НОЛЬ» болып қалды. Қалада түрлі шаруамен жүргенде жан-жағыңызға зер салыңызшы. 11 әскери адам көрсеңіз, оның 7-уі әйел. Солардың отан үшін ауыр ойға шомып жүргенін көрмейсіз. Әйел-сарбаздар бутиктерде, еркек-сардарлар ұялы телефондардың саудасын қыздырып жүргені… Марқұм Герольд Бельгер бір рет қана оқып шығып, тәнті болған Баукеңнің «Психология войны» (хаттары, лекциялары, мақалалары) деген жинағы бар. Соғыс кезінде Алматыға қысқа мерзімді демалысқа келіп, Ғылым академиясында оқыған дәрісі ғой. Сөз орайы келгенде айта кетейін, сол лекцияға халық әртісі Серке Қожамқұлов та қатысыпты. Сол Сер ағамнан біреу: -«Бізге айтып берсеңізші, есіңізде не қалды?» -деп сұраса, Сер ағамыз: «Есімде көп нәрсе қалмапты. Бірақ Баукеңнің «Встать! Молчать!» — дегендері көп болды деген екен.

Оқығанға осы кітаптың өзі ой салар еді. Оқымайды ғой, Сәке, оқымайды. Әрбір әскери бөлімге А. Бектің кітабын, Баукеңніін кітаптарын бірнеше данадан, кітапханалардың сөрелеріне тізіп қойса, қорғаныс министрлігінің күші келмей, қаражаты жетпейді дейсіз бе? Бәрі бар, ынта жоқ. Сол ынтаны тудыратын, сана таяз.

Әскердің бүгінгі жағдайы туралы бір мысал. Бір күні бір шаруамен әскери комиссариатқа (қазір қорғаныс бөлімі дей ме) бардым. Дәліздегі есіктердің сыртындағы жазуларға қарап, жағамды ұстадым: «Начальник такого то отдела, сержант такой -то» — деген жазулар. Бөлім бастықтарының бәрі дерлік сержант шеніндегі әскерилер. Ал біздің кезімізде,  «Начальник 1-го отдела капитан такой-то, майор такой-то»,- деп кете беретін еді ғой, Сәке. Мені әскерге жіберген комиссариаттың бөлім бастығының аты мен лауазымы осы күнге дейін есімде, капитан Жүнісбеков болатын. Нағыз офицер еді. Ал қазір  әскер қатарына өрімдей жастарды сержанттар іріктейді. Арыстың жағдайын жақсы білесіз. Менің балалық шағым осы қалада өтті. Сол кезде сол қару-жарақ қоймаларының маңайында ауыл былай тұрсын, үй болмайтын. Ен дала еді. Басында миы бар қорғаныс министрлері сол жүгенсіздікке жол берер ме еді? Осы біздің армиямыздың жағдайы…

С.Т: -Әскер демекші, Баукеңнің өзі былай деп жазар еді (орысшасынан аударып беріп отырмын): «Мен бақытты қазақпын. Мен Совет Армиясы қатарында жақсы өмір мектебінен өттім. Менің мұғалімім мен тәлімгерлерім орыс адамдары болды, және солардың көбісі нағыз адамдар еді.  Олар менің көп нәрсеге көзімді ашты, мен содан да байи түстім. Мен оларға, орыс халқына разымын, бүгінде өз кітаптарымды орыс тілінде жазғаным үшін алғысымды айтамын»,-дейді. Осылай дейтін  Баукең өз халқын жанындай жақсы көрді. Сонымен бірге ол «…скорбил, негодовал, боролся против всего косного, отживающего, но живучего, иногда пытающегося выдавать под маркой самобытного, национального. Невежество и лицемерие, чванливость и высокомерие не могли обмануть Бауыржана» (Дм. Снегин).   Оның шығармаларын өз тілінде де, орыс тілінде де еркін жазған ең тұңғыш қазақ-совет жазушысы екенін де айта кетуіміз керек сияқты.

«История одной ночи» повесінде емес пе, генерал Чистяковтың Баукеңмен отырғанда айтатыны бар: біздер, командирлер арифметиканың төрт ережесін ұмытпауымыз керек. Бірақ тактика – арифметика емес, онда ылғи екі жерде екің төрт бола бермейді. Тактиканың өз заңы бар. Ол – өнер заңы,-деп. Баукең соғыс өнері  тактикасын шынайы өнер деңгейіне көтергесін де, соны кубалықтардың сезіп-біліп, соншама құрмет көрсеткендері. Баукеңді Куба сапарына жіберер кезде Мәскеудегі Орталық Комитет кубалық одақтастарға «За нами Москва» киносын көрсету керек екенін тапсырыпты. Содан бір кинофестивальде тоғыз мүмкін деген марапаттың бесеуін бірдей жеңіп алған бұл фильм Гавананың орталық алаңында көрсетіледі. Кубаның әскерилері киноға тәнті болғаны соншалық, экранның алдында тұрып тарсылдатып мылтық атып, салют береді.

Самолеттен түсіп, құжаттарын кеден қызметкеріне өткізгенінде кубалық екі жас полковник орындарынан атып-атып тұрып, сымдай тартылып: «Корнел полковник Бауыржан Момышұлы, сізді Куба жерінде көргенімізге қуаныштымыз!»,- қолдарын құлақтарына жапсыратыны жеке бір әңгіме.

Ал енді, Әлеке, Куба темасын әрі қарай жалғастыра түсеміз бе? Ішім сезеді, бұл төңіректе әлі көп ашылмаған жайлар бар сияқты…

Ә.О: Баукең жұмбақ адам болған ба? Болғанда қандай! Фидель Кастродан 1963-шы жылы:- «Екінші Дүниежүзілік соғыстың нағыз батыры деп кімді атар едіңіз?»-деп сұрағанда, ол ойланбастан: – «Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабының бас кейіпкері — қазақ Момышұлын айтар едім» дегені ақиқат қой. Өмірден өткенше төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған Фидель Кастро  маршал Жуковты, ұшқыштар Гастелло мен Маресьевты, солдат Матросовты, генерал Черняховскийді, Рейхстахка ту тіккен Кантарияны, партизан Ковпакты атаған жоқ қой! Совет Одағының Батыры деген атағы жоқ, нағыз Батыр, қазақ Бауыржан Момышұлының атын аузына алды емес пе? Жұмбақ па? Жұмбақ.

Айтпақшы, Фидель Кастро Баукеңнен 16 жас кіші. Ол кітапты құныға, қызыға оқыған. Қайта айналып, қайта оқыған. Себебі, суырдың терісіндей ғана Куба өзінен өлшеусіз үлкен алпауыт АҚШ-пен өмір үшін алысып-арпалысып жатты. Ал Баукең өз батальонымен фашистердің тізесіне дейін қаруланған дивизиясына қарсы тұрды. Серіппе тактикасын ұтымды қолданып, дивизияның жұлма-жұлмасын шығарды. Кітаптың қызығына түсіп кетіп, Фидель қиялға беріліп, өзін Баукеңнің орнына қоюы мүмкін бе? Өте мүмкін. 1963-шы жылы Куба революциясының жеңгеніне бар-жоғы төрт-ақ жыл болған, Ал Фидель бар-жоғы 37 жаста! Бауыржан Момышұлы нағыз Батырдың жасы — 53-те ғана. Отставкаға шыққанына  8 жыл болған. Фидель Кастроға өз халқының, әсіресе, әскерінің рухын көтеретін аты аңызға айналған адам қажет болды. Ол оны іздеді. Тапты! Таңдау – қазақ Бауыржан Момышұлына түсті. Ендеше Баукең неге аянып қалуы керек?! Бойында қолбасшылықтың және оқытушылықтың ыстығы басылмаған шақта, жиналған мол тәжірибе сонау алыстағы бостандық аралына ауадай қажет болса, ЛЕГЕНДАРНЫЙ БОЕВОЙ ПОЛКОВНИК  тұғырға қайта қонды. Қанаты қатайған қыранға ауа кеңістігі қандай қажет болса, бұрынғы дивизия командиріне, академия оқытушысына сарбаздар мен тыңдарман сондай қажет. Оқытушы болғанда қандай оқытушы десеңізші — академияның жалпы тактика мен оперативтік өнер кафедрасының аға оқытушысы. Баукеңнің сол сапарына да 57 жыл болыпты. Кубалық әскерилер Баукеңнің айтқанын алпыс жыл бойы ұмытпай дәріптеп, академияларында дәріс ретінде оқып жатса, бұл Бауыржан Момышұлының үшінші өшпес ерлігі. Бірінші соғыс даласында болса, екіншісі қаламгерлігі десек, ал үшіншісі — Кубаға жасаған қарусыз, рухани жорығы. Кез келген қазақ мұны мақтан тұтуы керек. Себебі, қазақтың қаһармандығын паш етіп, ту етіп тігіп қайтты.

С.Т: – Па шіркін, керемет айттыңыз! Бұндай терең тұжырым жасау үшін Баукеңнің бүкіл өмір жолын бүге-шігесіне дейін білетін білім керек қой!

Иә, Батырдың Куба сапарына айналсоқтап бекерден-бекер соға бермеген сияқтымын. Бұл сапардың сыр-қыры жаңа қырынан ашылып келеді. Сіз айтпақшы, осы жерде мен де қиялдана бастадым: Г.Маркестің атақты «Полковнику никто не пишет» атты романы  сияқты, Баукеңнің өмірі де әлемдік деңгейдегі бір мықты жазушының қаламына ілінсе, не болар еді?! Иә десек, мұхиттың арғы жағында жатқан ел басшысының таңдауы қайдағы бір ел білмейтін қазақ елінде  тұрып жатқан Момышұлына бекер түсті дейсіз бе?! КПСС-тің Орталық Комитеті Кубаға «За нами Москваны» апарып көрсет деп нұсқау берсе, батырдың бұл сапарын қалтқысыз бақылауда ұстап отырғаны ғой! 1942 жылы Трошково деревнясын жанындағы алты ауылымен ың-шыңсыз алғаннан кейін алғаш рет Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанда, бекітпеген екен. Одан кейінгі сан жетпейтін сансыз ерліктері ше?! Сол әділетсіздік өле-өлгенше өкшелеп жүрген. Күні бүгінге дейін «Кубаға барған…» дейміз де қоямыз. Ал оның арғы сырына үңіліп көрдік пе?

Жан досы Дм. Снегин де «Два подвига Бауыржана» деп өзіңіз айтқан екі ерлікті тәптіштеп-талдап  тұрып жазды. Үшіншісін сіз қостыңыз.

Батыр Калинин қаласындағы әскери академияда сабақ берген капитан Голушко кейін генерал-полковник шеніне жетеді. «Солдаты тыла» деген кітабында өзгеше ұстазы Момышұлына өте жоғары баға береді. Әз-ағаң жазады: «Шәкірті генерал-полковник болғанда, ұстазы маршал бола алмайтын ба еді? Бола алатын еді. Баграмян сияқты. Бірақ Баукеңнің генерал немесе маршал болуына ең күшті екі деталь жетпей қалды: жағыну мен табыну деген». «Болдырмаған кім? Не? Шовинистік бюрократизм»,-дейді тағы да.

Ал ол өзін өкшелеген әділетсіздіктердің бірде-біреуіне мыңқ етпей, қайта өзі сондай әділетсіздіктерді оңдап жүреді. Әділгерей деген қазақ жігітін кездейсоқ кездестіріп қалып, бір өзінің бойында соғыс басталғалы он алты жарақаты барына қарамастан қыңқ демей жүре берген батырлығын білгенде, командир ретінде өз құқын пайдаланып, қатардағы жауынгерге бірден старшина атағын бергізеді, бірден екі медаль, екі өте мәртебелі орден алып беретіні бар емес пе!…

 Ә.О: -Баукеңнің табандылығының арқасында Әділгерей арнайы бұйрықпен «қатардағы жауынгер», «кіші сержант», «сержант», «аға сержант» сатыларын бірақ аттап «старшина атанған ғой. Баукеңнің осы бұйрығы туралы жоғарғы жаққа бір  «жанашыр» «сыбырлап» та қойған. Тіпті армия қолбасшысының құлағына жетеді. Қолбасшының өзі хабарласып: «Төрт марапаттың орнына үлкен орденге ұсыну керек еді»,-дейді. Сонда: «Сіз оған үлкен орден берсеңіз, ол да көптік етпес»,-деп жауап қатады. «Тапсырыңыз. Біз әскери кеңесте қарап көрелік»,-дейді қолбасшы. «Бермейтін болсаңыздар тапсырмаймын»,-деп илікпейді Баукең. «Қызыл Ту орденіне ұсыныңыз»,-дейді амалы таусылған қолбасшы. «Құп.  Дұрыс… Сол жігітті аулына жіберіп алсақ қайтер еді, жолдас қолбасшы. Өзі кеткенде әйелінің құрсағында…»,- деген Баукеңнің сөзін қолбасшы бөліп:  «Как исключение разрешаю»,- дейді қолбасшы. Басқалар көлеңкесінен қорқып, қарсы пікір айтуға бата алмайтын, қатал қолбасшымен құрдасындай сөйлесе алатын Баукеңнің батылдығының басы намыста жатыр. Қазақтың намысында! Қазақ баласы  басқалардан ешбір кем болмауы керек! Баукең полк командирі болып тағайындалғанда орнына Мұхаметқұл Исламқұловты қалдырады. Ол туралы бір сәті келгенде кеңірек тоқталармыз. Әзірше, мына жағдайға  мойын бұрыңызшы. Баукең 1942-шы жылы 17 -ші қарашада  Мухтар Әуезовке жазған хатын: «Мухтар-ага! Почему-то по казахски не пишется, извините…»,-деп бастапты. Мұны айтып отырғанымның сыры мынада. А. Бектің естелігін орыс тілінде келтірейін деп едім. Оны қазақшаға аударсам, жұмсартып аламын ба деп қорықтым. «Однажды я попросил Баурджана рассказать,- дейді А Бек, – о детстве, юности, дать штрихи личной жизни. Он лаконично ответил: «Лишнее». «Почему? Мне это необходимо». – «Я рассказываю не вам». – «Не мне?». -«Не вам, а поколению. Рассказываю о том, что пережито под Москвой, о подвигах батальона панфиловцев. Было бы глупо и неблагородно подсовывать сюда собственную биографию». Переубедить не удалось; мне достался трудный, неуступчивый герой»,- дейді А.Бек. Неткен көрегендік десеңізші. Сөзім мен өнегем ұрпаққа өсиет болып қалады дегені ғой. Солай болды да!  Міне, қазақтың қыран ұлы осындай болған. Дмитрий Снегинді жан досы деп тауып айтыпсыз, Сәке. Екі жылдан кейін жасы 100-ге келетін, туғанына 100 жыл толатын Әзілхан Нұршайықов «Батыр Бауыржанды ақтық сапарға шығарып салған күн» атты естелік жазып қалдырған. Сол естелікте мынадай жолдар бар. «Әбекең (Тәжібаев) екеуміз қоса жұбатып, әрең дегенде жасын тыйдырдық… Бауыржан өліміне орыс, қазақта көзіне жас алып, егіле жылаған еркек Снегин ғана болды. Мұндай жылаған өзге ешкімді көргенім жоқ»,- дейді Әз ағаң.

(Жалғасы бар)

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз