«Кожмех» ептеп «тіріліп» келеді…

230

Семейдегі «Былғары-мех комбинатының» неше жылдан бері басы даудан арыла алмай келеді. Бұл тақырыпты «Жерұйық» порталы бірнеше мәрте көтерген болатын.

2008 жылы комбинат пен «Қазақстан даму Банкі» арасында былғары-мех өндірісін қайта жаңғырту мақсатында 12 жыл мерзімге 3,3 миллиард теңге қаржыны қарызға алу шартына қол қойылған еді. Осы ірі қаржының 2,9 миллиард теңгесі игерілгенімен, 2010 жылы даулы қаржылық мәселелер туындап, сол себепті жандана бастаған өндіріс тоқтап қалды. 1 700 адам – жұмыссыз, елдегі бүкіл аяқ киім фабрикалары – арзан шикізатсыз қалды.

Көп жылғы даудан кейін Банк борышты талап ету құқысын «Қазақстанның инвестициялық қорына» беріп, борыш сомасы 2,3 миллиард теңге болып анықталды. Көп жыл бос тұрып қалған комбинаттың салыққа берешегі, жұмысшыларға жалақы берешегі көбейіп, кәсіпорынның есеп-шоты жабылды. Соттың шешімімен комбинат банкрот деп танылып, оның есігі бір жылдан аса тарс жабық тұрды.

Биылғы жазда «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен “Semey Tannery” ЖШС арасында кейін сатып алу құқысымен мүлікті жалға алу келісім-шарты жасалған еді.

Жаңа инвесторлар қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, бүгінде кәсіпорында 80-ге жуық жұмысшы еңбек етуде.

Комбинаттың былғары өндірісі бөлімінің басшысы Гүлнәр Дінмұхаметова:

-Қазір біздер Шығыс Қазақстан аумағынан сатып алынатын ірі қара малының терісімен жұмыс істеп жатырмыз. Сапасы мәз емес. Бұның бірнеше себебі бар. Мал дәрігерлік ем дұрыс жүргізілмейді, мал дұрыс сойылмайды, кескіленген жері көп, жаңа сойылған малдың терісі дұрыс сақталмайды, т.т.. Бұл жайды елдің ескергені дұрыс. Әйтпесе қып-қызыл ақша далаға кетіп жатыр…,-дейді.

«Жерұйық»-ақпарат».

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз