Азат жырдың абызы

197

Қазақта тұлғасын тұлғаламаған ел тұлғаға жарымайды деген аталы сөз бар. Тұлғатануда үш кезең бар: әуелі сол адам жайында ел ішінде халықтың арман тілегінен туындаған әр түрлі аңыз-әңгіме тарайды, екінші ол тұлға өткенін ескерген есті ұлдың қолына түсіп көркем шығармаларда бой көрсетеді һәм идеал бейне деңгейіне көтеріледі және үшіншіден ұлт пассионар болуға аяқ басқанда ұрпағы жиылып ғылымға бет бұрып, жүйелі зерттеулерге жол ашылады. Пассионарлық қасиет дегеніміз – ұлттық жігер, яғни ұлттың бойындағы алғырлық, ержүректілік, білімпаздық, еңбекқорлық, мақсатқа жетуге жұмсалатын жүрек оты. Пассионар демекші, көшпелілер әлемі жайлы ғылым көшін ілгерілеткен Л.Гумилевтен ұлт қашан пассионар болады деп сұраған екен. Сонда ғалым: «Өз тарихына қайта оралғанда, тарихын қайырыла іздегенде», – деп жауап қатыпты.

Сондай тұлғалардың бірі Дулат Бабатайұлы. Оқулық пен ғылыми еңбектерде Дулат ақынды «Зар заман» әдебиетінің көрнекті өкілі, ХІХ ғасырдың ірі ақындарының бірі деп таныстыру белең алған. Алайда Дулат бір ағым аясында сөз айтып қана қойған ақын ба еді? Мұхтар Әуезов зар заман терминін енгізген уақытта: «Зар заман» деген – ХІХ ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңнің атығана деп жазуы тегін емес қой. Бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына зар заман ақындары деген ат қойдық деп жазғанда біз білмейтін сыр бары анық. Дулат – бір дәуірдің ақыны емес, ф.ғ.д., профессор Анар Салқынбай «Мазмұн мен мән гармониясы» мақаласында: «Айта кету керек, тегінде әдебиет зерттеушілерінің еңбектерінде кездесетін «өз заманының шындығын жазды, «өз заманының» деген анықтамалармен келісу қиын. Кеңестік кезеңнің қадамды аңдыған қиындығында,«кеңесте ғана кеңдікке жеткен» қазақ қоғамын көрсету маңызды болып, сол уақыттағы ғалымдардың жазғандарын түсінуге толық болады. Өйткені дананың сөздерін кеңестік «пешке» салып жіберуден сақтау, оның дана сөздерін халыққа жеткізу –басты мақсат болған еді». М.Әуезов «зар заман» ақындары деп атау бермесе дәл қазір Дулат жырының бір кесегіне зар болып қалмас па едік? Бүгінде бұл біраз дулаттанушының айта алмай жүрген пікірі екені мәлім жайт. Кейін М. Әуезов Дулатты «Абай жолында» Барлас ақын бейнесінде әрбір қазаққа тым жақын, тым ыстық етіп суреттегені аян.

Қазақ әдебиеті –әлемдік ой арналарының дамуында үлскер ретінде орын алса оның өзіндік ерекшелігі мен өрнегі бар. Ол өрнек – қара өлең, толғау, жыр түрінде беріледі. Яғни танымы табиғатпен етене қазақ айтар ойын теңізден жауһар сүзгендей етіп, екі ауыз өлеңге сыйдыра білген. Абайды Дулатқа қарсы қойып уәждеушілерге айтарымыз:

Абай қазақ өлеңін Еуропалық поэзия деңгейіне жеткізді, ал Дулат күні өтіп бара жатқан көшпенділер дәстүрі мен рулық қатынастардың іргесі сөгіле бастаған уақытты бедерлеген тирада (шоғыр) және астрофикалық (шумақсыз) сипатқа ие өлеңді құп көрген. Демек, Дулат толғайды, қаймағы бұзылмаған қара өлеңді түйдек түйдегімен тастайды. Мәселен:

Ақылы бар жақсылар,

Жайын жауға білдірмес,

Бұғы менен маралдай,

Сабыр,салмақ болған соң.

Қайыры жоқ байларың,

Ауыл қонған шөлмен тең.

Уайымшыл адамның,

Кең дүниесі тармен тең.

Қай жаманға сөз айтсаң,

(Алты батпан кірмен тең)

Қайғы ойлаған жаманға,

Алды тұйық жармен тең.

Кей жаманның тілі бар,

Ауырлығы умен тең.

Жамандар сөйлей білмейді,

Жөніне тыныш жүрмейді.

Ұлығыңның алдында,

Ажалы жеткен аңмен тең.

Бағасы кеткен жігіттің,

Бетінен алар зайыбы,

Жөн білмеген жамандар,

Ел билеген шақ болды.

Көтере алмай билігін,

Асқан үлкен кер болды,

Ниетіне қазақтың,

Құрылып қойған тор болды.

Жақсыға өлім сол болар,

Уағдасында тұрмаса,

Жарлыда болса кей жақсы

Жабырқауды білмейді,

Кісі ғайыбын көрмейді,

Қара Бұлан нармен тең.

Жүрген жері жақсының,

Күнде базар-мереке.

Түніменен қой сойып,

Ат шаптырған қоймен тең.

Алғаның жақсы жолықса,

Қадіріңді біледі,

Көйлегің таза жүреді,

Ендігінің ақылы-

Отқа түскен көбелек .

Жарысқа кірген жақсылар,

Жақынына тартпайды,

Орысқа тартып сөйлейді,

Енді орысқа қаратты.

– деген түйінді жолдар тек қана отаршылыққа қарсы күрес, ерлік, болыс-билердің, атқамінерлердің ғана айналасында ғана деп айтсақ азат ойдың алғы шебінде болған абыз қарттың ақындығына селкеу түсіргендей боламыз. Бұл адам мен адамның арасындағы, әлеуметтік топтар арасындағы қайшылықтар ғана емес, жеке тұлғаның өз көкірегіндегі, ішкі жан дүниесіндегі қайшылықтар күресін ұлттық ұғымға шақтап, айшықтап, анықтап жеткізген жырлар.

Сондықтан да Абай жолбасшы еткен гуманистік ойдың бір парасы осы Дулат өсиетінде тұр.

Адамзат асыл ойының қазынасы «намаларға» толы: Бабырнама, Шахнама, Мұхаббатнама, Кабуснама ал бізде Дулаттың «Өсиетнамасы» бар. Шәкәрім өзін «Мұтылған» десе, Дулат өзін «Байғыз қартқа» теңейді. Десе де «Мұтылған» да, «Байғыз қарт» та елімен қайта қауышты. Себебі жақсы ұмытылмайды. Жақсы дүние әманда жаңғырады. Бүгінде Шәкәрім университетіндегі Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебі де сондай жаңғырудың көрінісі. Дулат әлемін танып білуге асығайық!

Айман Ақтан, ф.ғ.к., Семей қаласының Шәкәрім атындағы

университетінің қауымдастырылған профессоры.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз