Бұл туралы пікірімді өзім де Совет Одағының «продукциясы» болғандықтан сол кездегі құдайсыздардың бірі ретіндегі өзімнен бастайын. Бізді оқытқан мұғалімдер бізді екі мәселеде қатты алдаған-ау деп ойлаймын: біріншісі – құдай жоқ деді, кәміл сендік, екіншісі – сексенінші жылдарда коммунизм орнайды, сендер коммунизм тұсында өмір сүресіңдер деді, мұғалімдер айтқан соң сенбеске тағы амалымыз жоқ еді.
Мен туған ауылда алпысыншы, жетпісінші жылдарда біздің әулетте үлкенді-кішілі бірнеше туысымыз дүниеден өтті. Жастығымызға қарамай туыстарымызды аза тұтып, өлім үстінде есік алдында жағалай таяқ ұстап тұрдық. Ол – «бір таянышымыздан айырылдық» дегенді білдірсе керек. Сол уақытта қазаға «ой-бауырымдап» ат қойып келгеннің де куәсі болдық. Сол қазалар кезінде, әсіресе, алғашқы күндері, сүйек түнеп шығатын тундері, үлкендер, ауыл ақсақалдары арнайы келіп күзетіп отыратын. Сол қаралы шаңырақта көрші-қолаңның ұйымдастыруымен қонақасы беріліп, үлкендер ұзақ түнге әңгіме құрып, тіпті сол үйде мәйітті күзетіп түнеп шығатын. Сол әңгімелерде діни жоралғылар, дәстүрлер сөз болатын. «Қисса-сүләмбияның» әңгімелерімен бірге ел ішінің де өткен-кеткені қоса айтылатын. Әкесін ұстап берген Павлик Морозов сияқты болмасақ та, кейбір тұстарында «е…» деп қойып, «бәрібір құдай жоқ» деп, іштей қарсы болып отыратынбыз.
«СССР» деп аталатын империяны билеген құдайсыз өкімет еді. СССР Конституциясында кім қандай дінге сенсе де ерікті деген ождан бостандығы нағыз екіжүзділіктің көрінісі еді. Заңында дінге бостандық беріп алып, іс жүзінде дін атаулының көкесін танытып қудалады. Алдымен қарауылға ілінген қожалар болды, олардың біліктілері айдалып, атылып кетті. Қалтай Мұхаметжанов ағамыздың: «Жақсы әке жаман ұлға қырық жыл азық деуші еді, біздің әкеміз артымызға кірген қазық болды» дейтіні осы кез. Құдайшыл, діншіл «Халық жауының баласы» деген ат өмір бойы артынан қалмай, не партияға алғызбаған, не билікке кіргізбеген. Мұндай қазақтың тағдыры мыңдап саналады. Советтік ғылым ислам дінін реакциялық, тіпті агрессиялық дін деп, сонымен қатар оның күні өтті деп жариялап жатты. Оның уақытқа, заман ағымына бейімделгіш қасиеті (адаптация) ескерілмеген еді.
Ал, енді исламыңыздың өзі 622 жылы Арабия түбегінде пайда болғаны баршамызға белгілі. Бұл діннің негізін салушы Құранда айтылғанындай соңғы пайғамбарымыз Мұхаммет ғалайссалам. Бұл Ыбырақым, Мұса, Исадан кейінгі пайғамбарымыз болса керек. Ислам діні Арабияда аяғынан тұру үшін он жыл алпарыста өткенін білеміз, тек Мұхаммет пайғамбар дүниеден өткен соң, мөлшері 632 жылдардан бастап әлемдік аренаға шығып, сандаған ғасырларға созылған дүниені жаулауы басталды. Бұл жаулау ішкі қайшылықтар, билік тартыстары, діни көсемдер – мұсылман идеологтарының саяси қақтығыстары нәтижесінде сан тоқтап, тоқырап, сан қайтара қайта дамып отырды. Осы терең қайшылықтар ислам дінінің сан тармақтарының шығуына әкеліп соққан деп білеміз. Суннизммен қатар шиизм мен хариджизм шықты. Суннизмнің өзі болса: ханафиттік, шафиттік, маликиттік, ханбалиттік болып төртке бөлініп кетті. Сондықтан арабтар жаулап алған халықтар исламның қай тармағындағы жаулаушылар жауласа, сол тармағындағы исламды қабылдады. Жаулаушының аты жаулаушы, қай елге болмасын нан-тұзын алып келген жоқ. Десе де, ислам жаулаушыларының зорлықшыл пиғылынан гөрі адамгершілік қатынастары басым болғанға ұқсайды. Шыңғыс хан жахангерлерінің орыс православия шіркеуіне жасаған қамқорлықтары сияқты.
Осы жаулаулардың нәтижесінде 7-9 ғасырларда арап халифаты құрылды. (Бүгін де халифат құрамыз деп, айналамызды қойып, өз ішімізде кеуде соғушылар аз емес). Ал 750 жылы Арап халифаты бүгінгі қазақ жерінің шекарасына ентелеп келіп тұрған болатын.
Сәл шегініс жасасақ, 705 жылдан басталған арап экспансиясы алдымен Мәуренахр мен Амудәрия, Сырдәрия алқабын алған еді. Қорасанның қаһарманы Құтайба қолбасшы бұдан соң 709 жылы Бұқараны, 712 жылы Самарқанды, 714 жылы Тәшкентті (Шаш) алған еді.
Ал, осы кезде Көктүріктердің жағдайы қалай еді? Бұл заманда бұрнағы батыс қағанат шегінде мүлде басқаша жағдай қалыптасқан еді. Шығыс қағанат қайта жаңғырған кезде Батыстағы қытай өктемдігі де жойылды. 699 жылы ежелгі қағанат қайтадан құралады. Бірақ Түрік есімімен емес, жаңғырып, өзгерген Түркеш атауымен, айтылғанда – Түргеш. Жаңа қағанат алғашқы күнінен бастап, бұл кезде қайта ту көтерген Шығыс Түрік Қағанатынан іргесін бөлек ұстауға, дербес ұлыс құруға ұмтылады.
Батыс қағанаттың тікелей мұрагері ретінде көтерілген Түргеш жұртының негізгі күш-қуаты Орта Азия шегіне ентелеген арап басқыншыларына қарсы бағытталды. Түргештер Құтайба ибн Мүсілім бастаған арап әскеріне әлденеше қайтара майдан ашып, соққылар береді. Араптың жаулау жорықтарын тежейді, кейде шегінуге мәжбүр етеді. Алайда түстік атыраптағы одақтас соғдылардың табансыздығы себепті ислам экспансиясын біржолата тоқтата алмайды.
Сонымен қатар түргештер екінші майдан – Таң империясына, ежелгі жау қытайға қарсы күресуге мәжбүр еді. Әйтсе де, ең басты пәле – бүкіл түргеш жұртының «қара» және «сары» болып жіктелетін екі тобының арасындағы билікке талас екен. Ақыры, өзара қырқыстан әбден әлсіреген Түргеш қағанатындағы қолайлы жағдайды қалт жібермеген (қайтып қалт жіберсін, өздері екі жақтың отына май құйып, біріне-бірін айдап салып отырса) Таң империясының алғы әскері Жетісудан асып, Орта Азия шегіне бойлай кіреді. 740 жылы Таразды алады, 748 жылы Батыс түріктерінің ежелгі астанасы, Шу алқабындағы Суяб шаһарын қиратады, келер 749 жылы Шаш жұртын қырғынға ұшыратады. (Ташкент) Түргеш қағандығы болса өзара қырқыстан өз басын жойып тынса керек.
Осы аласапыран кезеңде Алтайдың етегінен жамыраған тағы бір түрік тайпасы – қарлұқтар, Түргештердің ежелгі астана байтағы Жетісуды алып, одан әрі қарай Сырға жылжыған еді. Бұл – жаулау емес, кіріптарлық емес, Батыс Түрік жұртындағы бас болып отырған бір әулеттің екінші әулетпен алмасуы ғана болатын, ұлыстың жұрты – баяғы түрік жұрты. Қарлұқ билігі де әуелгі Батыс Түрік қағанатының жалғасы деп ұғылуға тиіс дүние.
Қарлұқтар ендей жылжып келе жатқан арапты хош көрмегенімен, одан да үлкен қатер – Қытай басқыншыларына қарсы күресу қажетіне ден қояды.
Ақыры, 751 жылы арап пен қытай Тараз қаласының түбіндегі Атлах қаласында бетпе-бет кездеседі ғой! Екеуі де сол заманның ең қуатты мемлекеттерінің бетке ұстар қарулы күштері! Төрт күн тұрыс беріп, өліспей-беріспей шайқасады. Тек бесінші күні қарлұқтың мұздай темір құрсанған атты әскері қытайдың қалың қолының ту сыртынан тиіп кеп береді! Бұл адамзат тарихындағы ең ұлы шайқастардың бірі еді, және кейінгі замандарға ең үлкен бетбұрыс жасаған айтулы қақтығыс болатын. Мұнан кейін мың жылдан астам уақыт «Аспан асты империясы» Түрік жеріне жақындай алған жоқ! Тек, 1756 жылы Жоңғар алабына әрең жетіпті.
Осы 751 жылы арап әскерімен түріктер де қылыш айқастырады. Бірақ тағдыр жеңісті түріктерге жазбады, Тәңірі тілегін бере-берсін бе?! Құлан қаласы үшін болған қырғында Түріктер күйрей жеңілді де, Тараз, Отырар, Исфинжап қалалары Арап Халифатының құрамына енді. Осылай сегізінші ғасырдың ортасынан бастап ислам экспансиясы бүгінгі Қазақстан территориясына дендеп ене бастаған еді. Бірақ бұл жүздеген жылдарға созылған ұзақ процесс еді, отырықшы жұрт сол сегізінші ғасырдың ортасында-ақ исламды қабылдаса, Жетісу мен Сыр аймағына оныншы ғасырдың ортасында жылжып жеткен еді, ал Қарахан мемлекетінің мемлекеттік діні болып жарияланған ислам оныншы ғасырдың аяғында Жетісуды толық игерді.
Жергілікті түрік билеушілері исламға ықыласты түрде кірген сияқты, бірақ олардың қоластындағы бұқара исламға құлап түспегені белгілі. Сондықтан ислам көп уақыттар тәңірілік дінмен, зорастризммен, буддизммен, шаманизммен, христиан-несториандық діндермен қатар бейбіт өмір суріп жатты дей аламыз. Сондықтан «веротерпимость» бүгінгі қазақ жерін мекендеген түрік тектес халықтарда әу бастан болған сияқты. Осы себепті болса керек, қазақ жеріндегі ислам Таяу Шығыстағы исламнан көп өзгеше болып қалыптасты десек артық айтпағанымыз.
Қожа Ахмет Ясауидің (1166 жылы дүниеден өткен) сопылық ілімі исламға дейінгі дәстүрді бүкіладамзаттық құндылық ретінде дәріптеуі қазақ жеріндегі исламның либералды-сабырлы мінезде қалыптасуына игі әсерін тигізгені анық. Сондықтан болар бүгінгі қазақтардың дені өздерін мұсылманбыз дейді де, мұсылмандық дәстүрдің бәрін емес, ішнара біреулерін ұстаса болды деп есептейді. Біз өзімізді, әрине, мұсылмандықтың суннит тармағына жатқызатындығымыз анық, оның ішінше – ханафит масхабы. Жоғарыда айтқанбыз, сунниттің өзі ханафит, шафит, ханбалит, маликит деп төртке бөлінеді деп. Ханафит бағытының басында тұрған ғұлама Абу Ханифаның ұстанымы мұсылмандық шариғатпен бірге сол жергілікті исламды қабылдаушы халықтың бұрын өмір сүріп келген құқықтық заңдарын – «адатты» да (әдет-ғұрып, салт-сана) мойындауы. Абу Ханифа ілімінің артықшылығы сол – жергілікті халықтың салт-дәстүрі мұсылманшылыққа сәйкессіздікті қойып, олар бірін-бірі толықтырады, жетілдіреді деп есептеген, және солай болып та шықты. Және ол басқа діндерге төзімділікті, бүгінгі тілмен айтсақ толеранттықты дәріптеумен өтті.
Біз бүгін «монғол шапқыншылығы» деп жүрген Шыңғыс қаған жорықтары, біреулер үшін шапқыншылық шығар, ал біз үшін бүкіл түрік тектілерді бір тудың астына жинаған, түріктің рухын әлемге асқақтатқан, түрік тектестер үшін азамат соғысы, исламның қазақтың ұлы даласына таралуын біршама баяулатқаны байқалады. Шыңғыс ханнан кейін ислам әлеміне түрік тектестердің келуі Орта Азиядағы мұсылманшылыққа басқаша бояу, басқаша рең бергенге ұқсайды, арабтар мен парсылар екінші планға ысырылып, жаулаушы ретінде тарихи аренадан кете бастайды да, түркі тектес мұсылмандар басты мұсылмандарға айналады. Себебі қуат та, күш те соларда еді.
Алтын Орданың қоластындағы халықтардың негізгі құрамы славяндар мен фин-угорлар болғандықтан православие үстем бола тұра, алдымен мұсылмандықты қабылдаған Берке хан болатын (1255–1266). Ал Өзібек ханның тұсында (1312–1340) ислам түрік тектес халықтардың негізгі дініне айналды. Шыңғыс ханның ұлы Шағатай мен немересі Құлағу хан билеген Орта Азия, Таяу және Орта Шығыс онсыз да мұсылман елдері болатын. Тек Шыңғыс ханның тағы бір немересі Құбылай билеген Қытай мен бүгінгі Монғолия Құбылаймен бірге барған түріктер (жалайырлар мен наймандар) жергілікті халықтармен ассимиляциаға ұшырап, тәңірілік діннен тибеттік буддизмге кірген еді.
Алтын Орданың құлауы, сол сияқты Шағатай ұрпақтары билеген Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордаларының, сонымен қатар, немесе ілгерінді-кейінді Мәуренахр мен Моғолстанның ыдырауы Дешті-Қыпшақ пен Жетісуда тарих аренасына Қазақ Ордасын шығарды. Бірақ ислам Қазақ хандығының ресми мемлекеттік діні болмады. Ислам ол кезде өз ерекшеліктерімен халықтық дінге айналып кеткен болатын. Қазақ жерінің оңтүстігіндегі қалалар мен жер емшегін емген дихандарында мұсылманшылық күштірек болды да, көшпенді бөлігінде исламның бес парызын түгел өтеп отыруға тұрмыс-тіршіліктің әсерінен көп құлықты болмаған сияқты.
Қазақ жерінде исламның дамуына кедергі болған тағы бір жағдайды айта кетсек артық болмас, ол – қазақ-жоңғар соғысы. Неше жүз жылға созылған, аяғында киіз туырлықты, ағаш керегелі түркі тектес осы екі елді әбден қансыратып, титықтатып жетесіне жеткізген бұл соғыс бірін жер бетінен жойды да, бірін орысқа бодан етті. Ойраттың салған лаңынан қазақ тығыларға жер таппай ұлы даланың төрт бұрышына тентіреп кеткен кезде «байталы тұр ғой бас қайғы» болды деп ойлаймыз. «Ораза-намаз тоқтықта» деген мақал сол кезде шыққан сияқты.
Әрине, бұл тақырыпта кешегі атеист, менің ділмарсығаным да онша келісіп тұрмаса керек. Мен дінге қарсы емеспін, бірақ фанатизмге қарсымын.
Біздің ата-бабаларымыз жорық жылдарында майданға кірер алдында баталасып, «Амин!» деп бет сипасқаны анық. Бірақ жауға шапқанда «Алла!» деп емес, «Аруақ!» деп өз руының ұранын шақырғаны тағы анық. Бірақ бұл қайсы біреулер айтқандай ислам шарттарына қайшы келмесе керек. Әйтпесе түрік тектестер ислам дінін қабылдамас та еді деп ойлаймын.
Қазақ жеріндегі исламды түбегейлі орнықтырған Ресей отаршылдығы ма деп қаласың. Әрине, алдымен олар қазақтарды шоқындыруға тырысқаны анық. Семейдегі бүгінгі сол жағалаудағы «Женский монастырь» 1917 жылға дейін «Духовная миссия» деп аталған, бұратаналарды шоқындыратын шіркеу болғаны мәлім.
Осы қозғалысқа қарсылықтың басында біздің өлкемізде Ақтайлақ би бастатқан ұлт көсемдері болғаны анық. Аягөз округы құрыла сала Сергиопольде қаңғырлап қоя берген шіркеу қоңыраулары марғау даланы ұйқысынан шошытып оятып, діл мен дінді сақтаудың жолын іздеуге мәжбүрлеген сыңайлы. Ақтайлақ бабамыз екі дүркін Түркістаннан сейіт қожалардың көшін арқаға жеткізсе керек. Сол көштің басында кешегі Ұлы Мұхтар Әуезовтың аталары мен бүгінгі Мұхтар Құл-Мұхаметтің бабалары болып, сол кездегі сопылық либералды бағыттағы халықтық дәстүрлі дінімізді кеңінен насихаттағаны мәлім. Одан кейін де осы дәстүрді ұстанып, өлкемізде алғашқы мешіттер салып, оны тағы бір белеске асырған Тана мырза, Құнанбай қажылар оны Абай заманына ұластырған деп білеміз.
Шоқындырудан нәтиже шығара алмаған Ресей отаршылары қожалар насихаттаған кең мағанасындағы хылықтық исламды ығыстыру мақсатында ортодоксалды, тар шеңберлі, Ақ патшаға құлшылық ұруды ғана насихаттайтын, қысқасы саясаттанған ислам дінін таратуға мүдделі болды. Осы мақсатта қазақ жерінде көптеген медреселер ашылды, Семейде оның тоғызы жұмыс істеді. Молдалар кәдімгідей тағайындалды, және олардың көпшілігі татарлар мен ортаазиядан шыққан сарттар болды. Ал, біздің өлкеміздегі бұрынғы қазақ ішіндегі жергілікті сейіт қожалар (Ғазырете-Ғали мен Мұхаммет пайғамбардың қызы Фатимадан тікелей тарағандар) шетқақпай көргендіктен олардың бір бөлігі Құрбанғали Халит бастап Қытай асып Шәуешекке кеткен еді.
Айтқанбыз, совет өкіметі исламды құлдыратқаннан құлдыратып, бас көтере алмайтын дәрежеге жеткізді. Коммунистердің, жасы болсын, кәрісі болсын, өлгенде жаназасын шығартпады, немесе, жасырын шығарылды. Зират басындағы құранға қол жайған коммунистерді суретке түсіріп, Кремль асырған әпербақандар да болғаны жұртшылықтың есінде. Өлгенде таяқ ұстап тұру, жоқтау діни ескі салт деп есептелді де, алдымен пысықай белсенділер бұдан бас тартып, артынан жаппай еркек атаулы үйге кіріп, қатындардың қасында отырып жоқтайтын болды. Бұл Абай, Шұбартау, Ақсуат сияқты қазақтары көпшілік басым өңірлердегі бүгінгі көріністер. Қаралы шаңыраққа барып, кімдер етжақындары екенін білмей, кімдерге көңіл айтатыныңды білмей, қысыла-қымтырылып сенделіп жүргенің. Шын мәнінде таяқ ұстап тұру, бауырымдап, ат қойып келу, жоқтау, көрісу, бұның бәрі исламдық діни дәстүр емес, көне түркілік, ұлттық дәстүріміз еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп Ұлы Абай айтпақшы, ұлттың басқа ұлттардан ерекшелігін де көрсететін осы тұс. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» Бөжейдің қаралы көші, Бөжейдің асы суреттелетін тұстардан қазақ деген халықтың, жалпы көшпенді жұрттың жерлеу дәстүрі соншама кеңдікпен понорамалық сипатта беріледі. Өліктің артын күту, мәйітке құрмет көрсету, олардың рухына бағыштап қатым түсіру, жетісін, қырқын, жылын беру, тіпті араға жылдар салып асын өткізу – Қазақ деген халықтың қалыптасқан ежелгі ұлт ретіндегі басты көрсеткіштерінің бірі десе де болады.
Қалада қазір қаралы үйге бауырым салып, айғайлап барғанды сөлекет көретіндер де жоқ емес. Соған қарамастан, мысалы ретінде айтайық, ақын Қайрат Сабырбаев (сол кезде мемлекеттік қызметте жүрді) әкесі дүниеден өткенде, осы қаланың ішінде тұрып-ақ бүкіл әулетімен таяқ ұстап тұрды. Қаралы салтанат деген осы! Өлмейтін адам жоқ, ұрпағын жеткізіп, жасарын жасап, сол ұрпағының алдында фәниден бақиға көшу кез келген пенденің тіршіліктегі түпкі мұраты емес пе?! Қаралы туды маңдайшаға қадап қою тіпті де міндет емес шығар, жас адам өлсе қызыл белгі, азамат кемел шағында өлсе қара белгі, қария адам өлсе ақ шүперектен білегіне белгі байлаған дұрыс па деп ойлаймын. Бүгінде бұл Мақаншы, Үржар, Таскескен, Аягөз өңірінде қалыптасқан дәстүрге айналуда. Осыны Жоғарыда айтқан Абай, Шұбартау, Ақсуат өңірлерінде қайта жаңғыртса нұр үстіне нұр болар еді!
Ал енді кешегі Советтер Одағы заманында Кремль көсемдерін жерлеу кезіндегі қаралы салтанаттағы қызыл повязкалар Көне Түрік қағандарының жерлеу дәстүрлерінен алынғаны бесенеден белгілі жағдай.
Осы өкімет тұсында құранмен бірге арап алфавитімен жазылған көптеген құнды кітаптар мен қолжазбалар да қоса жойылып кеткенін де жақсы білеміз. Арап әліпбиінде жазылса болды діни дүние деп есептелсе керек. Бұдан артық надандық бола ма?! Мешіттер талқандалып, кейбірі қоймаларға, мал қораларына айналды. Тек кейбіреулері ғана музей болды (Семейдегі қос мұнаралы татар мешіті). Тек 1990 жылы ғана азаматтардың дәстүрлі дініне оралуына мүмкіндік туған болатын.
Қазір Қазақстанда жиырма бес этникалық топтарды қамтитын 11 миллион мұсылман бар деп айтуымызға болады. Жыл сайын Қажыға барушылардың саны артып келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан басқа да дәстүрлі діндердің біздің республика аумағында өмір сүруіне толық құқықтары бар. Қазақстан Ислам Бірлестігі ұйымына мүше және төраға болғалы мұсылман әлемінде оның беделі арта түскенін байқаймыз.
Жаһандану ешбір дінді бейтарап қалтырмас деп ойлаймын. Мұсылман әлемі де солай, басқа мәдениеттердің исламға қайшы келмейтін адамзаттық бағалы құндылықтарын қабылдап жатқандығын байқаймыз. Бұл мәселеде Ұлы Қазақ Даласы ортағасырлық мұсылман әлеміне Абу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн, Ысмайыл Жаухари, Махмұт Қашқари, Мұхамет Қайдар Дулати сияқты ұлыларды бергенін жақсы білеміз. Қазақстан бүгінде осы алыптардың данышпандық ойларын сақтаушы қазынаға айналып отыр.
Ал, енді, мынау жаһандану заманында орта ғасырлық ортодоксалды догманың шеңберінде қалуға бола ма? Аруақты аузыңа алма, тек қана аллаға сыйын дегенде, ата-бабамыз қайда қалады, оларға «әткәз» дейміз бе? Жақсылық, жаңалық атаулыдан ат-тонын ала қашқан, қатып қалған қағидамен қалай өмір сүреміз? Ата-бабамыздың зиратына бармасақ, оған тәу етпесек кім болғанымыз? Осының барлығы саналы ақылға сия ма?
Салафиттер мен ваххабистер, олардың мұсылман екеніне күмән жоқ. Бірақ бүгінгі қазақ үшін олардың ата-анасы, ата-бабасы, атамекенінен ардақты не бар?! Тіпті алланың беделіндегі миллиярдтаған жылдармен өлшенетін ғарыш дәуірімен, миллиондаған жылдармен өлшенетін тіршілік, адамзат дәуірімен салыстырғанда, «ұлт, мемлекет» деген ұғымдар кеше ғана шыққанмен, осы жолда мың өліп, мың тірілген қазақ тәуелсіздікке бүгін ғана қайтара жетті емес пе?! Неге, не үшін халифат құрамыз? Ислам мемлекеті бізге не үшін керек? Ол дүниеде жұмаққа бару үшін бе? Қазақтың жастары, керек болса, бүгінгі ғұмырының баяндылығын ойлауы керек, бүгінгі жас мемлекетінің болашағын ойлауы керек, о дүниені емес! Қазақ жеріндегі ислам игілікпен ғана ұштасып келген, әлі де солай болатынына сенем. Иман әр қазақтың жүрегінде!
Құсмілия НҰРҚАСЫМ,
мәдениеттанушы.
Семей.