2-дәріс. ҒАЛЫМ АБАЙ

1878-1884 жылдар аралығы Абайға  ештеңеге алаңдамай, талмай-жалықпай білім қорын жинауға мүмкіндік берді. Кітап атаулыны оқып-тоқу тек алғашқы баспалдақ.  Онан жүйелі білімге, талғап оқуға жетісу – оқымыстылық. Әрі қарай өрлеген адам сара ғылым соқпағын табады. Ой еңбегіне құлай берілу – сол ғалымдықтың белгісі. Олай болса, Абайдың ғылымдағы қияға шыға бастаған уақытын тексеріп көрелік.

Сара ғылым соқпағында

Ғылым деген «инемен құдық қазғандай» өнімсіз еңбек. Ақынның:

Иждиһатсыз, мехнатсыз,

Табылмас ғылым сарасы (1880), –

дейтіні сол.  Ал «ғалым кім?» – дегенге былай деп жауап береді: «Дүниеде ғылым заһири (сыртқы) бар, олар айтылмыштарды «нақлия» деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер «ғалым» атанады» (38-сөзі).

Абай «ғылым заһири (сыртқы ғылым)» деп  жаратылыстану, заң, тарих, әлеуметтану, философия  сияқты пәндерді айтқан. Көрінетін, дәлелденетін жарық дүние жайлы болған соң, бұларды «дүниеауи пәндер» деп те атайды. Абай ғылымдық жолын осы дүниеауи пәндерді меңгеруден бастаған. Оларға сынмен қарап, тексеріп, анық-қанығына жетуге талпынады.

Ғылыми кітаптарды зерттеушілік мақсатпен оқып-тоқығанда  «Абайдың алдында жаңа жарық дүниенің шеті ашылғандай  болады» (Әуезов). Ал Ахмет Байтұрсынов өзінің Абайға «қазақтың бас ақыны» деп баға беруіне себепші бір жайды: «Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Европа білім иесілерінің кітаптарын оқыған», – деп көрсетеді.

Осы пайымдарды нақты ғылым салалары бойынша дәйектеп өтелік.

Философия. ХІХ-ғасырдың бірінші ширегінен Еуропа ғалымдары  адамзат тек алға қарыштамақ деген позитивистік философияны (оның төркіні – құдайсыздық) басына көтерді және күллі өркениеттің кіндігі тек Батыс әлемі деген еуроцентристік идея үстемдік құрды. Бірақ Бокль, Милль, Дрэпер сияқты оқымысты ғалымдар да қарап қалған жоқ, бұра тартушылыққа сынмен қарап, аяусыз соққы берді.  Бокльдің «Англиядағы өркениеттің тарихы» атты еңбегінде өркениеттің Шығыстан келгені зерттелсе, Дрэпердің «Еуропа ақыл-ойы дамуының тарихы» атты әйгілі кітабында осы ақиқат нақты фактілер негізінде дәлелденді. Дрэпердің аталмыш еңбегін оқып шыққасын Абай қатты толқып: «Апыр-ай, күн шығысым – күн батыс, күн батысым – күн шығыс болып кетті» депті. Осылайша  Шығыстық өркениет тым әріде екеніне, ал Еуропа құрлығы құрған өркениет мына тұрған беріде келіп шыққанына таңданысын жасыра алмайды. Ағылшын философия мектебінің айтулы өкілі Дж.Милльдің «Логика жүйелері» атты еңбегін Абай мұқият екшеп, ондағы индукция және дедукция деген логикалық ғылыми ізденіс тәсілдерін меңгереді.

Ағылшынның тағы бір ғалымы Герберт Спенсердің (1820-1903) үйретері көп-ақ еді. Оның әлеуметтік философиясы әлі күнге маңызын жойған жоқ. Құр сөз болмауы үшін оның «Воспитание умственное, нравственное и физическое» еңбегінен бір үзінді келтіре кетелік. Ол ғылымның қоғам дамуында атқаратын рөлін айта келе, былай деп түйеді: «Ғылым тұрмыс пен тәрбиенің ғана емес, барлық өнердің, керек десеңіз, скульптура, сурет, музыка мен поэзияның тірегі бола алады». Мұндай қисынның Абай көкейіне қона кеткені сөзсіз. Аталған әдебиеттер, сондай-ақ, Абай тексерген антикалық пәлсапа – Платон, Аристотель шығармалары Семей кітапханасы қорында әлі күнге сақтаулы.

Тарих. 1880 жылдардың басынан Абай қазақ тарихы мәселелеріне ден қойып, Семей кітапханасында бар Батыс, Шығыстың дереккөздеріне  үңіле жүреді. Атап айтқанда, Абай ескіліктегі Рашид-ад-Диннің «Жылнамалар жинағы», Бабырнама, Әбілғазы ханның «Түрік шежіресі», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» еңбегі және Бичуриннің,  Левшиннің қазақ тарихына арналған үш томдық еңбектерін оқиды. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінің жазылуы – тарих саласындағы ізденістерінің нәтижесі. Абайтанушы Қ.Мұхаметханов аталмыш еңбек  «1890 жылдары аяқталған» деп дәйектейді. Кейініректе Статистикалық комитеттің хатшысы Коншин Абайдан Орта жүз руларының шежіресін жазып алады. Тарих, өлкетану мен этнографияға қосқан елеулі үлесі үшін Абай 1886 жылдың мамыр айында Статистикалық комитеттің толық мүшесіне қабылданды. Бұл архивтік құжаттарда хатталған мәлімет.

Заңтану (юриспруденция). Ол Абайдың құлай сүйсініп, көп зерттеген саласы. Қазақтың дағдылы заңдарын жақсы білетін Абай оны орыс өкіметі заңдарымен салыстыра отырып зерделеген. Бұл ретте Михаэлис (1881 жылы қала прокуроры қызметін уақытша атқарды), судья әрі этнограф Маковецкий, заңгер Гросс сияқты достары қол ұшын береді. Сөйтіп, 1885 жылы мамыр айында Қарамола төтенше съезіне Абай заңгер дайындығымен келген. Оған тоқталмас бұрын «Абай» журналында (1996 жыл,  №1) жарық көрген көлемді естеліктен бір үзіндіні келтіре кетелік. «Абайды мен қалай таныдым» деген естелік иесі Семей қаласында тұрған, Ерейментау жерінде туып-өскен ғалым Т. Ерғалиев (1890-1967) Абайдың заңға жүйріктігі байқалған бір оқиғаны былайша әңгімелеп береді:

«Баянауылдағы Қызылтау болысы атанатын Күлік деген елдің белгілі бір жуаны, аты Қабылбек деген, бет-аузы быжырайған, бөшке сияқты домаланып қалған, кісі айыпкер ретінде Семейге келеді.  Тергеу бітіп, үкіміне тірелген кезең болса керек. Ертеңгі күні әбден қорқып қысылған Қабылбектің ойына Абай түседі. «Белгілі кісі деуші еді, қазақ қой, бір ақылын аямас, сол кісіге жолығып көрейін» деп Абайды іздеп пәтеріне келеді. Абай мен Қабылбектің сөзін қасындағы жолдасы былай айтады:

– Келдік. Абай төр алдында отыр екен. Қолында үлкен кітабы бар. Кейпі бір ойға батқан адам сияқты. Сызданып, салқын қанмен отыр. Біз келген соң, кітапты жанына қойды да, амандасып жөн сұрады. Қабылбек жөнін айтты. Сонан соң Қабылбектің бетіне бір қарап: «Бәрекелді даңқыңа, өлім берсін сиқыңа» дегендей, желкесінен буындырған, тана көзденген сиқың бар, қандай арам пейілді адам екенсің?» дегені емес пе. Қабылбек ештеме деген жоқ, қыбжыңдап ұялып қалды. Мұнан соң аз ойланғандай болды да:

– Таңертең шақырған мезгілі сағат 9-да сотқа барып кіріңіз. Сонда соттың адамдары тесірейе қарап қалып, пішіндері сезіктенген сияқты болса, жұмысыңның жайсыз болғаны. Қолайсыз кесім айтып жіберуі мүмкін. Егер олай болмай, әрқайсысы өз жұмысымен айналып, беттерімен жүрсе жұмысыңның оңғаны. Менің басқа айтарым жоқ, шырағым, – деді».

Абайдың пәтерінен «Осы да сөзім бе?! Не де болса, айтқанын сынап көрелік» деген күпті көңілмен шығып, бұл екі кісі ертеңінде сот кеңсесіне барады. Абайдың айтқаны айдай келгенде таң тамаша қалып, елге қайтады.

Абай сотты болған 7 жылда тергеушінің талайын көріп ысылған және психологияға құнт қойып, заң ілімдерін зерттеген. Келтірілген өмір фактісі осының айғағы.

Абайдың тамаша заңгер болғанының куәсі – Қарамола съезі күндері жазып үлгерген 73 бабтан тұратын билер ережесі. Ол  «әдет-ғұрып мәселесін орыс заңына бейімдеуі және кем-кетіктің, әсіресе, әйелдің құқын жақтауы тұрғысынан ерекше» (Ә.Қоңыратбаев) болды. Егер ол күнде Қазақ елі тәуелсіз болса, Абай жазған «Ереже» қазақ заңнама өрісінде әйгілі «Жеті Жарғыдан» кейінгі жаңа қадам саналар еді-ау. Бәлки, Ата заңға тірек, негіз болар еді.

Қысқасы, жаңа заң ережесін дүниеге әкелу – зор тәжірибе мен асқан білімділіктің белгісі. 1886 жылы Маковецкий басшылығымен «Қазақтың дағдылы әдет-ғұрып салты» деген зерттеу еңбек жарық көрді. Оның жазылуына Абай көп көмек көрсетеді.

Абай зер салып ізденген ғылым салалары көп-ақ. Біз тек үш сала бойынша ғана мысал-дәйектер алдық (Абайдың ғылыми кітапханасын толымды түрде зерделеу, әрине, өз алдына жеке тақырып).

Екі жаққа үңілгенде

Еуропаның нақлияға жүйрік ғалымдарын Абай тұшынып оқыды. Сонда нені үйренді, қандай сабақтар алды? Абай шығармашылығында ойып орын алған қандай Батыстық белгілер бар?  Төменде осыны сөз етеміз.

Еуропа ақыл-ойының бір ерекшелігі – дүние һәм қоғам құбылыстарын зерттеген ғалымдар тек ғылыми негізге сүйенді. Екіншіден, ми кептіретін пайымдауларға толы болды. Он сегіз мың ғаламды Тәңірісіз түсіндірудің салдары бұл. Рух білгірі Абайды Батыстың танымына  табындыра алмаған, бәлкім, онан шошытқан бірден бір  жәйт осы дейміз.

Енді мынаған қараңыз: Абайдың жер ауып келген орыс достары революционер-демократтар (Чернышевский, Белинский, Добролюбов т.б.) таптық күреске шақырған ұстын, идеяларды басына көтерді. Абай ше? Жоқ, жұртқа керемет болып көрінген идеяларға қаны қызған емес. Өйткені, ақын санасында басқаша танымның іргесі берік қаланып қойған болатын. Бала шағынан мұсылмандық ілімнен ауызданған Абайда фитнә (бүлікшілдік) мен құдайсыздыққа қарсы «иммунитет» күшті еді.

Жеткізбек ойымыз түсінікті болуы үшін М.Әуезовке жүгінелік. Жазушы   «Абай жолында» Абай мен Михайлов (прототип – Михаэлис) арасында болған сұхбатты келтіреді. «Абай: – Тарихта біз ислам тарихын медресе дәрісі түрінде емес, жай өздігімізден түртініп оқығанымыз бар, – деді. Михайлов бұл сөзге күлді де: – Ендеше мен сізге айтайын, исламға байланысты шығыс туралы, Абайды хайран еткен, қызық жаңалықты айтып кетті. Ислам, араб өнері, жалпы дүние жүзінің ғылым, сана табысына көп ғасырлар бойында аса зор жемістерін берген. Ескі антик өнері мен Еуропаның беріде келіп шыққан Ояну дәуірінің арасында жатқан бірнеше жүз жылдар меңіреулігі бар. …Әрідегі Сократ, Платон, Аристотель мирастарын бүгінгі өнерлі халықтар қауымына өзінше өсіріп кеп жеткізушілер шығыстан шыққан данышпандар болғанын ескертті» («Еңісте» тарауы).

Мұхаң Михайловтың аузына салған сөздерде астар бар. Бақсақ,  Абайда исламдық Шығыс айқын басым деген пікір айырықша ат ойнатып тұр. Ал «шығыстан шықан данышпандар» деп әл-Фараби, әл-Ғазали сынды ойшыл ғұламаларды меңзеген.

Әзелде Абай еуропа ғалымдары мен шығыстың данышпандарын қатар оқып-тоқыған. «Сегіз аяқ» өлеңінде:

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім, –

дегені Батыс пен Шығысты тел емдім дегені болады.

Абай нәр алған Шығыс қайнары дегенде бірінші кезекте Еділ бойының татары, реформатор тұлға Шаһабуддин Маржаниді (1818-1885) айтпаса болмайтын сияқты. Ғалымның орыс тілінде жарияланған «Бұлғар мемлекеті мен Қазан хандығының тарихы» атты кітабы кең таралған. Ал, мұсылман елдеріне ұзақ сапар шегіп, соның қорытындысы ретінде жазған «Уафит әл-асәләф» («Өткен бабалар өмірінен») деген әйгілі жеті томдық кітабын Абай оқыған ба? Ғалым Тұрсын Жұртбай «жеті томдық Абайдың жата-жастана оқитын кітабы болған» деп дерек береді. Олай болса, көп мәселенің беті ашылар еді. Өйткені, Маржаниге әл-Фараби, Ибн-Сина, Ибн Араби, Юсуф Қарабағи, имам Ғазали, Сопы Аллаяр, Ғұламаһи Дауанидің еңбектері жақсы таныс болған, мұны жәдидизм қозғалысын зерттеушілер бірауыздан бекітеді. Демек, Шығыс қайнарын іздеген Абайдың, оны Маржани еңбектері арқылы табуы әбден мүмкін.

Жасалған шағын шолуымыз Батыс пен Шығысты тел емген әрі салыстыра оқыған Абай бейнесін көруге жеткілікті сияқты.

Еуропа ақыл-ойының даму тарихын, онан бөлек, батыс оқымыстылары еңбектерін тексерген уақыты  Абай үшін зая кетпегені сөзсіз. Ойшыл ақын Батыс жағалаудан жиған, малданған тиянақтар  баршылық. Ғылым барша жақсылықтың бастауы һәм қоғам дамуының қозғаушы күші. Абай оқыған Батыс білімдарларының еңбектерін көктей өтетін тезис, парадигма осы-тұғын. Еуропаның мәдениеті мен өркениетіне үлкен ықпал еткен келесі идея – бұрыннан қалыптасқан қасаң догматтарды жоққа шығару, яғни сыншылдық идеясы болды. Мысалға неміс философы Иммануил Кант (1724-1804) өзінің «Таза ақылға сын» және «Ақылға қонымды дін» сияқты әйгілі еңбектерінде ескірген ой жүйесін сынға ала отырып, жаңа категориялар мен соны көзқарастарға жол ашқанын айтсақ та жеткілікті. Осы қатарлы озық ой-пайымдар Абайға Батыс жақтан жетті десек дұрыстық.

240616Философ Герберт Спенсер жоғарыда аты аталған  еңбегінде немістің ұлы ақыны Гете жайлы: «Гетенің бойында ақындық мен ғалымдық тең дәрежеде болғаны оның өмірімен таныс кім кімге де аян. Демек, ғылым поэзияны төмендетпейді, тек асқақтатады», – деп жазады. Бұл ғалым Абайға да әділетті пікір. Абай үнемі уақытын үнемдеп, асығып өмір сүрген адам. Семейге келгенде табалдырығын асыға аттап, уақытпен санаспай отыратын жалғыз мекен – қалалық кітапхана еді. Ойшылдың онда өткізген әр сағаты қазақ мәдениетін өлшеусіз байытты. Семей қаласындағы қазіргі Абай атындағы көне кітапхана еліміздегі күллі кітапханалардың анасы болды.

Сонымен, 1878-1884 жылдар арасында Абай ақындық дарынын ғалымдық кемелдікпен үстеді. Қазақтың анық соры – қараңғылық тозағы, сол үшін мәдени-ағартушылықты өрістету қажет. Міне, «екі жаққа үңілген» Абай осы байламға табан тіреген еді. «Халықты ағарту, білім тарату ісін Абай, – деп жазады әдебиетші ғалым Зәки Ахметов, – адамдарды әлеуметтік кеселден азат етудің қуатты құралы деп түсінеді. Ол надандыққа, теріс, кертартпа ықпалға қарсы тұра алатын, оқыған, біліммен қаруланған адамды құрметтеу керек деп санайды. Ақылды, парасатты адамның идеал бейнесін ұсына отырып, Абай оған жақсылықты жамандықтан ажырата білмейтін, ағыммен ілесіп жүре беруге бейімделген надан, қараңғы адамды қарсы қояды».

Бұл пайым дәлеліне әзірге Абайдың шамасы 1880-ші жылдардың басында жазылған «Интернатта оқып жүр» және «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдерін атасақ та жеткілікті.

Дөң басында

Көшпелі қазақ күзегін, қыстау-тамдарын шоқы, төбені таңдап жүріп, соның бөктеріне салады. Хәттә, төбе ықтасын ғана емес, күндіз төңіректегі малды қарауылдайтын, кеш түсе салқын самалды жұтып, дем алатын жайлы орын. Ақшоқы дөңі – Абайдың шығармашылық зертханасы есепті болған. Дөң басында келешек ұлы ақынды қандай ойлар қаумалады екен?

«Абайға рухани азық болған үшінші арна – орыс мәдениеті, Еуропа мәдениеті. Қазақ халқы бұл мәдениетті Абайға дейін мүлде білмейтін», – дейді М.Әуезов. Айтса айтқандай, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Крылов сөздерін қазақ алғаш рет Абайдан естіді.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ (1892 ж.).

«Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап» деп басталатын  Гетенің әйгілі екі шумағын Лермонтов орысшаға, Абай қазақшаға аударды. Абай: «Тыншығарсың сен-дағы», – дейді. Хош, өзі сол тыныштықты қалай тапты? Бұл сұраққа дөңнен, шоқы басынан десек қате айтқандық бола қоймас. Абай кешкі қарбалас аяқталып, ел аяғы тыншыған шақта шапанын желбегей жамылып кіші Ақшоқы төбесінде оңашаланған. Бұл құпия емес, жақын айналасы жақсы білген машығы.

Айнала жым-жырт. Айлы дала, ақ дала. Ай сәулесіне шомылған құйқалы Тесіпшыққан қорығы теңіздей толқулы. Оған көкте самсаған жұлдыздар тұтасқанда, күндізгі қым-қуат өмірмен байланыс біржола үзіліп, адам өзін ертегі әлеміне енгендей сезінеді дүр.   Абай ақ төбеде отырып, Шыңғыс бөктерінен талып жеткен самалға бетін тосады. Тоя алмай рахаттана, кең кеудесін толтыра сіміреді. Жаны аулақты, қаумалаған ой құшағында отыра бергенді қалайды. Осы суретті Мұхаңның қаламы «Абай жолында» былайша жеткізеді: «Ауылда жүргенде қысы-жазы дөң басында өтетін кеш, қазір тағы да бір өзгеше боп серпілтіп, өз қуатын айрықша білдіріп, Абайға қатты әсер етеді…».

240616-1

Дөңгеленген дөң басында кей-кейде өз өзінен ыңылдап әлдебір әсем, әуезді әнді шығарып отырады. Япырай, әлдебір өлең-жырлар көңілге қонақтай беретіні несі? Пәлі, мынау бәйге аттың суреті ғой. Ал мына ұйқас ше? Өзінікі ме, әлде күндізгі оқыған Пушкин сөздерінің әсері ме? Татьяна мұңлықтың Онегинге жазған хаты қандайды?… Әсіресе, Лермонтовтың сөздері неткен терең: «Өзі қысқа, өзі асау тентек өмір, Артқыға бір белгі қалса нетер? – дейді, ә» деп рахаттана жымиып, басын шайқайды. Орыстың қос ақыны Абай жанын неге баурап алды, оны өздеріне іңкәр еткен құдірет қайсы? Шығармашылық дарын қайнары – махаббат, әділет сезім, мейірбандық пен ізгілік. Құпия осы арада деген ойдамын.

Кей-кейде өң мен түстің арасы қас-қағымда ми мен жүрекке жарығын шашқан сәулелі ой келетұғын болса, сол беймәлім әлсіз «сигналды» түс көрдім демей, іштей «аян алдым, сірә» деп сенеміз. Абайдың сондай аян алған бір әсерлі кешін көзге елестетудің орайы бар. Сол кеште де Абай иығына шапанын іліп, қолына ең сүйікті кітабы – Лермонтовтың 28 өлеңнен құралған жинағын алып, дөң басында көп отырды. Айнала ертегідей әлемге айналған шақ та туды. Бір сәт жүрегі ғарыш тұңғиығынан Көк Тәңірі аяны түскенін сезгендей дүрсілдеп қоя бергені. «Өлең – сөздің патшасы. Мүлгіген қазағыңды бір оятса, соның құдіреті оятпақ. Сен ақын болуға тиістісің!». Ғайыптан түскен аян осы мағынаға саяды. Осы ой, осы шешімнен келешек ақынның жүрегі тулап қоя берді. Денесі шымырлады. Абай қалай орнынан шапшаң тұрып, әрі-бері адымдап кеткенін өзі де аңдамай қалады. Қызығы да көп, бірақ омырау жасқа боялатын азабы онан әлдеқайда басым ақындық ғұмырдың басы осы екенін іштей сезінгенімен, алда қандай тағдыр тосқаны бір Аллаға ғана аян еді.

Қалай болғанда да, көп жылдар, әсіресе, 1878-1883 жылдар аралығында Ақшоқы дөңі Абайдың шығармашылық лабораториясына айналғаны сөзсіз. «Абай» энциклопедиясында зерттеуші Бейбіт Сапаралы: «Ұлы ақынның «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Өзі ермей, ерік бермей» сынды өлеңдері және «Евгений Онегин» роман-поэмасынан үзінділері туған жер – Ақшоқы», – деп жазады. Тоқ етері, жасы 30-40 арасында Абай ой бағып, ғылым соқпағымен өтті. Соны жолды, тың көзқарасты тапты. Сол кезден-ақ өзін өзі «ойшылдың бірі» деп санағаны айдай анық.

Сондықтан біз сөз еткен Кіші Ақшоқы төбесі «Бұл орын – ұлы Абайдың ақындық ғұмырының бастауы, алғашқы шығармашылық лабораториясы» деген мазмұнда белгі-ескерткіш  қоюға лайық, келешекте туристік бағдар болуға сұранып-ақ тұр.

Сөз соңы, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тараулар атауы бүккен сыр қайсы? Бұл жайында Ғабит Мүсірепов былай деп жазды: «Романды түсіну кілті – «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімнің аттарында жатыр. Біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға шығып келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы».

Айтса айтқандай,  Абай ақындық өрге тұп-тура 40 жаста, 1885 жылы шықты.  Қазақ халқы үшін «алтын ғасырға» бергісіз  20 жылдық әдеби өмір басталды. Ол өмірдің тарау-тарауларын «Өрдегі Абай» тақырыбында айтылады.

© Асан ОМАРОВ



FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір