Таңертең хабарлағанымыздай, Қазақстанның қылқалам шеберлері Абай, Мұхтар, Шәкәрім іздеріне, Алаш арыстарының рухына тағзым жасап, Семей қаласына келген болатын. Суретшілер алдымен Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында болып, одан кейін «Алаш арыстары және М.Әуезов» мұражайына беттеді. Онда рухани астанамыздың ескі келбетіне, Алаш арыстарының көне суреттеріне назар аударды. Жолай Ф.М.Достоевскийдің Семейдегі әдеби-мемориалдық мұражайына да кіре кетті. Ондағы көне бұйымдарды, ескі альбомдарды тамашалаған суретшілер «өнер деген ұғымның ұлт пен мемлекетке бөлінбейтін, адамзаттың ортақ азығы екенін де» айтып қалды.
Келесі кезекте суретшілер Ю.В.Невзоровтар атындағы мұражайында болып, онда әлем деңгейіндегі өнер туындыларын асықпай аралап көрді. Әрбірі әртүрлі пікір білдіріп, әр суретші әр жанр мен түске қызығатынын жасырмады. Келген суретшілердің дені живопись жанрымен айналысады. Барлығы әлемнің көптеген көрмелеріне қатысып, көптеген мұражайларында болған, өз көрмелерін де өткізген білікті суретшілер.
-Талай жерді, елді аралап, мұражайларына барып жүрміз. Десе де, дәл Семей сияқты ешбір жердің мұражайлары өте бай емес. Семейдің кез-келген мұражайы тұнып тұрған шығармашылық, рухани қазынаға толы екен, таңқалып жатырмыз,-деді шымкенттік суретші Араншы Шаржанов.
Түрлі суреттен түрлі ой түйіп, алуан пікірін айта келіп,- Семейдің мұражайларында түпнұсқа туындылар көп жинақталыпты. Бұл өте жақсы. Бұл – Семей халқының өнерге деген құрметінің жоғары екенін айқындайды. Бұл – басшылықтың өнерді түсініп, оны жинай білуінің арқасы емес пе. Қатты разы болып жүрмін,-деді мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Ерлан Айтуаров.
Бұлардың ішінде бір қызығы жас суретші де жүр. Жас болса да жалынды суретші екені көрініп тұр. Орыстың танымал суретшісі А.М.Шиловтың салған бір портретіне көптен бері қызығып жүргенін, бүгін орайы келіп, түпнұсқасын көріп қатты толқып кеткенін жасыра алмады. Суретке түсіріп алуға мұражай басшылығы қарсылық жасаған болатын. Ұрланып түсіруге азаматтық ары жібермей, Ю.В.Невзоровтар мұражайынан қимастықпен шықты. Тым құрығанда деп мұражай ғимаратының алдына суретке түсті.
Қуаныш қазіргі уақытта Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның 3-курс студенті, талантты жас суретші. Оның айтуынша: – Біз осындай сапарлардан өзімізге үлкен қор жинаймыз, сурет тақырыбына тірек болар қайшылықтарды көруге тырысамыз. Бір суретшінің туындысы бір суретшіге шабыт сыйлайтыны белгілі дүние. Тіпті, балаллардың суретінен де үлгі-өнеге алуға әбден болады. Ең бастысы жан-дүниеңмен салсаң болғаны. Еліктеу – барлық суретші, өнер адамдарының басынан өтетін үрдіс. Десе де, сурет әлемінде көшіру деген – тек шеберлік дегенмен пара-пар. Ал, шебер мен суретшінің арасы аспан мен жердей. Сол сияқты сурет әлемінде өзіңнің дара таңбаңды қалтыру үшін еліктеуден қарағанда еңбектену басым болу керек. Әйтпесе, көзмайыңды құртып күндеп, айлап, жылдап салған картиналарыңның еш құны болмай қалары сөзсіз.
Қылқалам шеберлері бүгінше Семей шаһарында қонақта. Жол болса, ертең таңертең Абай еліне, Жидебайға ат басын бұрмақ. Айтпақшы, осы сапарды ұйымдастырып, суретші қауымның басын біріктіріп жүрген Семейден шыққан танымал суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Төлеуғазы Байғазинов:
– Мен осы сапарды бастап әкелдім. Ең алдымен Абай мұражайының басшылығымен келістім, басшылық жол тасымалы мен жатын орынға жәрдем жасайтын болды. Басқа жақтың суретшілеріне туған қаламыздың байлығын да көрсетіп, Абай, Мұхтар, Шәкәрімдердің ізі қалған өлке көріністерін неге қайта бір жаңғыртып қоймасқа. Бұл ізгі бастама ғой,-деді әріптестеріне жол көрсете, асыға жүріп.
Оның айтуынша, 1 тамыз күні осы суретшілер сапарының нәтижесін көре аламыз. Суретшілер Жидебайдан оралған соң көрме болатынын мәлімдеді.
Санаулы күннен соң тағы да сайттан оқыңыздар!
Жұмабек Айқынұлы,
Жерұйық сайты