(қаламгердің «Кездейсоқ жазбалар» кітабынан үздік үзінділер)
***
“Денк ихь ан Дойчланд ин дер Нахт…” – “Ұйқысыз түнде Германиямды ойласам…”. Генрих Гейненің тамаша өлеңдерінің бірі осылай басталады.
Өз елінің шынайы азаматымын деп есептейтін қай-қайсымыз да осы тектес өлең жолдарын өз ішімізде үнемі болмаса да, жиі айтатын болармыз – тек “Германия” сөзінің орнында Қазақстан тұрар.
Иә, Қазақстан туралы – оның өткені, қазіргісі, болашағы туралы – осы күн, тіпті қатты ойланам.
Қазақстанда мен 60 жылдан бері – бүкіл өмір бойы десеңіз де болады – тұрып келемін. Бұл елді “Менің Қазақстаным” деуге әбден хақым бар деп ойлаймын.
“Елу жылда ел жаңа” дейтін қазақ мәтелінің терең шындығын растай аламын. Мен соған куәгермін.
Уақыт желі біздің бейбіт үйіміздің іргесін ырғап, шаңырағын шайқап тұр. Ол үйдің ішінде не болып, не қойып жатқаны ешқайсымызды да бейтарап қалдырмаса керек. Ал оның ішінде жақсы да, жаман да болып жатыр. Оның ішінде қуаныш та, қасірет те бар. Үміттендіретін де, күдік ойлататын да жай-жағдаяттың бәрі – соның ішінде.
Суреткер парызы – осы туралы ашық та адал сөйлеу.
***
Ақындар (жазушылар) әр қилы белгілеріне қарай әр түрлі категорияға бөлінеді. Соның ішінде қарғыбаулы, қарғыбаусыз ақындар деп жіктеледі. Қарғыбаулы ақындар қазақ әдебиетінде көп (олар басқа әдебиетте де аз емес). Қарғыбаусыз ақындар – аздың ішіндегі сирегі.
***
Мәжіліс депутаттары республика Гимнін жаңарту керек деп ұсыныс жасады. Сон- дағысы – бұрынғы Гимннің сөзін де, әуенін де есте сақтау киын-мыс. Оңайырақ, жеңілірек бірдеңе керек екен. Сөйтсе, Парижде француз әріптестерінің өтінішімен Қазақстан Гимнін айту керек болғанда, бірде-бір депутат сөзін білмейтін болып шығыпты-мыс. Сол арада тапқыр Олжас Абайдың “Көзімнің қарасын” бастап жіберіп, жоқ жерден жол тауып кетіпті де, қалғандары соған қосыла жөнеліпті.
Гимн мәтіні біздің депутаттарға ауырлау деген сөз дәлел болып жарытпайды. Мемлекеттік тілді білмейтін олардың көпшілігі үшін баланың санамағы сияқты тақпақтардың өзі қиын соғары анық. Біздің мәжілісшілерге, сірә, 30-шы жылдары колхозды ауылдарда айтылатын, 1941 жылы күзде Волгадан жер аударылып келген жас бала – менің өзім әп-сәтте қағып алған мына әннен лайығы жоқ:
Ахау, социализім,
Коммунизім,
Жасасын Карыл Маркыс
Іленинизім!
БӨС, БӨС, БӨСПЕБАЙ!
Мен білер қазақ әрдайым өсіріп айтуға, көпіріп сөйлеуге бейім, оңтайлы тұрады. Баяғыда, бала кезімде, ауылдың шалдары жиналып, сөз жарыстыратын.
Е-е, біздер не көрмедік, қайда бармадық?! “Көктерек”, “Мектеп”, “Жаңа жол”, “Жаңа талап” түгілі со-о-нау-у жер түбіндегі Марьевканың өзінде үш-төрт дүркін болғанбыз.
Иә, иә, – деп, қалғандары бастарын шұлғитын.
Ал, солардың әңгімесін тыңдап отырған мен, Еділ бойынан жер ауып келген жүгірмек, таңқалатынмын: апырай, мына шалдардың айтып отырған ауылдары таяқ тастам жердегі аңғал-саңгал мекендер. Марьевка дегені, көп болса, жиырма бес шақырым маңайындағы аудан орталығы. Соны дабырлатпай-ақ, сол қашықтықты неге дәл айтпасқа деп, неміс басыммен аң-таң болатынмын.
Енді бірде сол шалдар тақырға шыққан арам шөптей сирек сақалдарын салалап, жас шамаларын айғақтайтын.
-Ой, Алла-ай, алпысты да алқымдап қалдық-ау!
-Алпысың не? Мына біздер, мәселен, алпыстың алтауына да жетіп отырмыз ғой.
-Ой, тәйірі! Өз басым жетпістің жетеуіне қалай келгенімді аңғармай да қалдым.
Ал, ауылдық дәрігер (“першыл”, “лөктір”, “белгір”) менің әкемнің тізімінде сол шалдарың бар болғаны елудің ар жақ, бер жағында болатын. Демек, қазіргі менен әжептәуір жас.
Есейе келе, жалпы асыра сөйлеу қазақтың бір ерекшелігі екеніне көз жеткіздім. Бұл – ұлттық менталитет. Бұған қазақтың ауыз әдебиеті, мақал- мәтелдері дәлел бола алады.
Поликлиникада үш атақты жазушы дәрігерге кезегін күтіп даурығып сөйлеп отыр.
-Менің инфаргім ғаламат ауыр инфаркт болды. “Глубокий!”
-«Глубокийің» не?! Менікі тіпті орасан “Широкий!
-Ту-у! Айтады екенсің! – деді үшіншісі тыжырынып. – “Широкий”, “Глубокий” дегендерің инфаркт болып па?! Инфаркт деп менікін айт!
-Е, сіздікі кайсысы еді?!-деп, алғашқы екеуі жиырыла қалды.
-Ойбой, менікі деген, сіздерге айтайын, “глубокий” мен “широкийдің” көкесі ғой.
-Ондай да бар ма еді?!
-Болғанда қандай! “Обширныйдың обширныйы”! Ал, оны аз десеңдер, инсульт деген бәлесі тағы бар.
-Қүдай сақтасын! – деп, анау екеуі жым болды.
Өзіміздің Жазушылар одағының бүгінде 600(!) мүшесі болса, соның кемі үштен бірі – кілең ұлылар, ақиықтар, біртуарлар, кемеңгерлер, данышпандар, бірегей саңлақтар, тұлпар, тарлан, қырандар, сұңқарлар, шаппай бер, озықтар, асқарлар.
“Адамзаттың Айтматовы!”
“Шығыстың, Шерханы!”
“Әлемнің Әбдіжәмілі!”
Пай-пай! Уах! Жаса-жаса!
Тіпті: “Дүние дүлдүлі Дүкенбай” – деп, енді біреуі шыға келсе де, таңқалатын түріміз жоқ.
Мен білетін бір Бальзак бар еді, сөйтсек, тек Қазақстанның өзінен үш Бальзак шықты. Жасырақ кезімде Сөбеңді (Сәбит Мүқановты) Бальзак деуші едік. Кейінірек менің құрдасым, мамандығы француз тілі, марқүм Рамазан (Тоқтаров) Бальзак болды. Соңғы бірер жылдан бері газет бетінде Бальзак болып менің досым Дүкеш орнығып алды.
Ал, не дейсің?! Не дерің бар ма? Бөс, бөс, бөсербай! Сілте! Дүңкілдет! Күпілдет! Дүрілдет! Аңқылдат! Саңқылдат! Бүрқылдат! Жарқылдат!
Содан май шықса…
Ақыл мен білім
Бұрынғы би-болыстарда білім аздау болған, бірақ ақыл мол. Қазіргі елдің игі жақсыларында азын-аулақ білім бар сыңайлы, есесіне ақыл жағы, ай, кемдеу-ау… Ақыл болмаған соң, профессор, академик дипломдарын өне-бойына қат- қабат жапсыра береді, жапсыра береді, ал ісі бір оңбайды.
Сонда қайтпек керек? Ақыл жоқ жерде білім қауқарсыз. Ақылсыз – бейшара. Елді аздырып тоздыратын да солар.
***
Қазақ прозасында мықты деп марапатталып жүрген шығармалардың біразы – өлі бұйым.
Қазақтың ұлттық идеологиясының қаһармандары бір кездері Тазша бала мен Алдар көсе болатын. Енді оларға Порфирий Иванов қосылды. Абайдың “Енді қайттік? Енді не болдық?”дегені осындайдан туған ғой.
***
Ой, Алла-ай, мен білетін кейбір жазушылар кітаптарын оқырман үшін емес, сыйлық алу үшін жазатын болып жүр.
Әдебиеттің өлген тұсы да – осы.
***
Байқауымша, ендігі жерде әдебиет (әлбетте, тек Қазақстанда ғана емес) саудагерлері қаптайды. Шығармалар негізінен мерейтойға арналып жазылатын болды. Я бастықтарды дәріптеуге бағышталады.
Жаңа әдебиеттің сиқы – осы.
***
Қоғамда баяғыны көксеу басым болса, ол, түбі жақсылыққа әкелмейді.
***
Саясаттың көлеңкесінде өлместің күнін көріп жүрген әдебиет – теледидардан күн сайын уағыздалып жатқан “прокладкаға” парапар.
***
Билікке бас ұрмаған жазушыдан суреткер шығуы тосын жай емес. Биліктің әнін әндеп жәркеленшіген жазушы – бар-жоғы итаршы ғана.
***
Жазушы статусының төмендеуі – қоғам дағдарысының айқын көрінісі.
***
Президентімізге мен кере-қарыс қалың романдар мен ащы ішектей шұбатылған поэмаларға салық салу туралы заң күші бар Жарлық шығарыңыз деп ұсыныс жасар едім. Қазіргі бітіп болмайтын ұшы-қиырсыз отырыс, рәміздерге екі минуттан артық тост айтқандардан да айып пұл алыну керек. Тіпті, 1995 жылдың 2 мамы- рында Рахат Паласта болған президенттік қабылдаудың өзінде бір сөзуар академиктің микрофонға қолы жетісімен, мылжыңдап көп сөйлегені сонша, бұл уақыттың ішінде мен алдымдағы тамағымды жеп бітіріп, екі рет ішіп, Симашконың анекдотын тыңдап үлгердім. Академик болса, сөйлеп жатты, сөйлеп жатты…
***
Қысқа айту, нұсқа сөйлеу – Абайдан қалған бір тағлым еді. Қазақ жазушылары осы үлгіні тым нашар игерді. Ақындарымыз да, прозашыларымыз да кенеусіз көп сөзді. Олардың кейбір семіз туындыларын не жайлауда – алты ай жазғы жаппай бекершілікте, не ас-суыңды оңдап берсе, бір адамдық каталажка-қамақта ғана оқып бітіруге болады. Осы тақылетті кейбір “эпопеяларды” оқып тауысқаны үшін мен халық оқырманы деген сыйлық, не атақ берер едім. “Халық жазушысы” деген атақ бар екен – онда неге сол халық жазушыларының неше мың шақырымдық “туындыларын” қажымай-талмай еңсерген жанкештілерге берілетін “Халық оқырманы” деген атақ болмайды?
***
Елу жылдан соң, әлбетте, өзгерістер болары хақ. Қазіргі мықты деп марапатталып жүрген әдебиетшілердің, өзін-өзі классик деп көтермелеп, күпсініп жүргендердің тоқсан тоғыз пайызы, сөз жоқ, ұмыт болады. “Апырай, мүндай да жазушы, осындай да әдебиет болған екен-ау” деп бірен-саран сыншы-академиктер жағасын ұстап, таң қалуы әбден ықтймал. Ал, Абай, даусыз, қалады. Өйткені ол – жалпыхалықтық деңгейге көтеріліп, өзінің ойларын, адамзат баласына тән, түсінікті- ұғынықты толғауы аз сөзбен шымыр кестелей білген дана. Иә, оның шығармаларын келер ұрпақ жүз жылдан кейін де оқитын болады деп кәміл сенемін. Ал, қазіргі халық жазушыларының көбісінің шығармалары өздерінен көп бұрын өліп жатқан жоқ па?
***
Әдебиеттанушы Есенгелді Жақыпов маған мынандай бір әңгіме айтып еді. Шоқан ескерткішінің маңында қыдырыстап жүргендердің жанына бірде Сырбай Мәуленов келіпті. ХУІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының көп өлеңдерін жатқа соғып, жұртты таң қалдырып тұрып, кенет күрсінеді.
-Неге күрсіндіңіз? – дейді Тахаң (Ахтанов).
-Менің бес томдық шығармаларым шықты,-депті Сыр ағаң. – Солардан ертең бес өлең есінде бес өлең сақтайтын адам қала ма? Әй, қайдам…
-Ал, Таха, сізден не қалады? – деп сұрайды Есенгелді Тахауидан.
Тахаң жауап бермей, біраз үнсіз қалыпты. Сосын мұңайып:
-Менің де алты томдығым шықты. Солардан мүмкін “Махаббат мұңы” қалар… Әйтпесе ол да жоқ… – депті.
Осы әңгіме жазушылар одағында өткен бір жиынды есіме түсірді. Біреудің романын талқыға салып тұрған шешен бұл шығарманы енді бір елу жылдан кейін еске алатын адам табыла қояр ма екен деген ойын айтты.
Мен Ілияс Есенберлинмен қатар отырғам.
-Елу жыл! – деді ол кекесінмен. – Құдай біздің кітаптарға жиырма жыл ғұмыр берсе де, аз емес.
Демек, бұл кісілер кішіпейіл, әр нөрсеге сергек көзбен қарай білген болды ғой.
Жақында айтулы прозаигіміз Әбіш бар жазған- сызғанын жиып-теріп, 12 томдық шығармалар жинағын шығарды. Бұған бір жағынан қуандым, екінші жа- ғынан, ойландым: жаман үлгі. Енді “сен өйтсең, мен бүйтемін” дейтін эпигондар оның соңынан лап қояды.
Ертең әлдебір поэтесса аударма-өлеңсымақтарын, мақала-очерксымақтарын түк қоймай теріп, он томдық шығармалар жинағын шығаруға асығары анық.
Сосын, Мұхтар мен Дүкенбай өздерінің жиырма томдықтары туралы ойлай бастайды. Олардан қазақстандық Шолохов сыйлығының лауреаты қайтіп қалыса қойсын?
Одан соң Тұманбай мен Қадыр қозғалады. Содан кетті дей беріңіз!
АНАУ-МЫНАУ
Баяғы қазақ “мал-жан аман ба?” деп амандасушы еді, “жаңа қазақ”: ” Ұрлық қалай?”деп сәлемдесетін бөлды.
***
Қазақстандағы азаттық пен тәуелсіздік дегенді арсыз, алаңсыз ұрлау, тонау мүмкіндігімен байланыстыра ойлайтын болдық… Тонаушылық түйсігі мен тойымсыз құлқын елдік сезімнен күшті шықты. Соның бәрін көріп тұрып, жаның ауырады, түңілесің.
***
Белгілі:
Орыс арбаға атын ұзақ жегеді, есесіне жүрісі тез.
Қазақ құйғытып-қүйындатып тұрып шабады, бірақ шапқан орнында қалады.
Неміс жыбырлап ұлу- құртша жылжиды – межелі
жерге жетпей тынбайды.
***
Біздің елде ұрлыққа ешкім кінәлі емес. Кемелер құрдымға кетіп жоғалады; “МИГ”-тер шетке сатылады; жер астындағы қазына жұтылады. Бірақ ешкім кінәлі емес. Ғажап! Бәрі – “стабильді”.
Соған қарағанда біздің елде ұрлық дегенің жай сөз ғой деймін. Коррупция жоқ жерде ұрлық қайдан болсын…
***
Қазақ байқұс көз ашқалы кілең өткінші кезеңге тап болады да жүреді. “Рефор- малардың” қыспағына қайта-қайта түсе берген қазақ қайтіп оңар?
***
Мен білер қазақ тозақта да: “Е-е, Алла, бергеніңе шүкір” деп отыра береді.
***
Қазақты қазақ қана түсінеді деу – бекер. Адамды сүйген – қазақты да сүйеді деген жөн.
***
Сайлау – қазақтың соры.
***
Қазақта: “Өз күнін ит те көреді” деген сөз бар. Қазіргі алпауыт қазақтар, алаяқ байшыкештер мен пысықайлар дәл солай күн көреді.
ТІЛ ТУРАЛЫ
Қазақ тілі – таңқаларлықтай бай, берекелі де бейнелі тіл. Тілінің уы бар Қалтай Мұхаметжановтың айтуынша, Карл Маркстың “Капиталындағы” негізгі идеялар- ды қазекең атамзаманда-ақ біліп, мақал-мәтелдермен түйіп тастап отырған. Мәселен, бірінші томның айтарын қазақ: “Аш бала тоқ баламен ойнамайды”деп бір-ақ ауыз сөзбен қайыра салған. Екінші томның тоқетер мазмұнын: “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деп шиырып түсірген. Ал үшінші томның бар жоқ ұзын-ырғасы – “Бай – байға, сай – сайға қүяды”…
***
Ағылшын тілінде шамамен 240 мың сөз бар деп есептеледі.
Шекспирдің сөздік қорында 15 мың сөз бар.
Байронда -15 мың.
Маяковскийде де – соншама.
Пушкин – 21197 сөз қолданыпты.
Науаи – 26 мың.
Ленин – 31 мың.
Мүхтар Әуезов “Абай жолында” 16983 сөз қолданған.
***
Орыстарда: отец-сын-внук – правнук, праправну ( т.с.с. болып кете береді). Немістерде: Ватер – Соһн- Енкел – Уренкел – Уруренкел. Қазақтарда әр буын ұрпақ өзінің туыстық айырым-белгілерімен аталады. Ата (әке) – бала – немере шөбере – немене – туажат- жекжат – жұрағат (тоғызыншы ұрпақ). Білмейм, ұрпақ атауы осынша егжей- тегжейлі, жік-жігімен толық; жүйеленген дүниеде басқа бір тіл бар ма екен, жоқ па екен…
***
Ұлттық ерекшелік
Немістен: “Wie geht s?” (жағдай қалай) деп сұрасаң, ол жай ғана жымиып: “Soso LaLa” деп жауап береді. Онысы: «ілгерінді-кейінді», «баяғыша», «бір қалыпты» дегенге саяды.
Қазақ өліп жатса да, әрдайым: «шүкір», «құдай деп» дейді. Ал, орыстан: «Как дела?» десең, көбінесе көп «Хреново!» деп дүңк еткізеді.
***
«Қазақта болашақ бар ма?» деп сұрама, одан да: «Адам баласында болашақ бар ма?» соған жауап бер. Адамзат аман болса, иншалла, қазақ та өлмейді.
***
Қазаққа американдық, ағылшын немесе неміс болуға ұмтылудың түкке де қажеті жоқ. Ең бастысы – өзіңнің қазақтығыңды сақтау. Өзін жоғалтқан өзге болып та жарытпайды.
ШҰБАР ТІЛ
Ауруханадағы медбикелердің өзара әңгімесіне куә болғаным бар.
– Мынау нағыз ұйықтайтын погода екен.
-Иә, то қар, то дождь.
-Ау, телефондарың не работает қой.
-Бүгін целый день снег жауад деген.
-Снег па, дождь ба?
-Снег деп айтты.
-Холод болады деп айтты ма?
-Холод бола қоймас. Временами деді ғой.
-Сәулеша, анау третий палатадағы старушкаға укол салдың ба?
-Жоқ, ол пока система алып жатыр.
-Сахарға анализ сдавайт етті ме?
-Кеше сдавайт еткен.
-Онда хорошо.
Күні бойғы әңгіменің сиқы осы. Кілең әдемі сүп- сүйкімді қазақтың қыздары. Шұбарлап сөйлеуді әбден әдетке айналдырған. Соны өздері де сезбейтін сияқты.
-Ата, рибоксин саламыз.
-Давай, айналайын сала ғой.
-Обязательно!
-Мейлің, положено болса.
-Конечно, положено, ата.
-Онда вперед. Светті жақ. Ой, больно ғой!
-Айттым ғой “болючий” деп.
-Болючиің колючий болды.
***
Қазақтың ауызекі тілі ұсқынсыз бұзылып барады. “Азаттықтың” тілшісі әңгімеге тартқан базардағы ақмолалық қазақтардың сөзінің сықпыты:
“Төлкө үш-төрт сөм қостық. И все”.
“Ия, шумиха болды”.
“Бағаны көтерген жоқпыз, потому что ешкім алмайды”.
Мемлекеттік жоғары дәрежелі шенеуніктердің қазақшасы мына тұрғыда: “Мен ойлаймын что положение жаман болмайды, өйткені бағытымыз реальный”. “Производство көтеріліп келе жатыр, и менің убеждением айтады, что Аллаға шүкір, с колен тұрамыз деп”.
***
ЗАҢ – ШАЛА ПІСКЕН ТАБА НАН
Алыста қалған ауыл өмірінен бір көрініс. Аш өзегімізге түсіп, көзіміз қарауытқанша ойнап, сілеміз қатқан бір топ жүгірмек кейде Ибжанның шошаласына барып кірер едік.
– Ойбай, апа, қарнымыз ашты, өліп барамыз…
Ибжанның самдағай шешесі апыл-ғұпыл нан илеп жіберіп, домбайлап шелпек жасай қояр еді де, ошақтағы шоққа тастап, қари бастайтын.
-Тез, тез, апа, тезірек! Тез арада шелпектер қолымызға тиеді. Шет-шеті күйіп, бетіне көмір, күл жабысып, бүрісіп-тырысып піскен қаралаш-күйелеш шелпекті аш бөлтіріктерше бас салып, тағат таппай асап, көмейлей бастаймыз. Шелпегіміздің іші сөл күйімен шикі екеніне қарап жатпаймыз.
Біздің қалғып-шұлғыған Парламент асығыс домбайлаған кейбір заңдар да осыған ұқсайды. Қалай болса солай асығыс қабылданады, сосын әр жері күйік татыған, іші со күйімен шикі “шелпекті” халқына ұсынады:
– Ал, же, халқым! Ас болсын!
***
Өтпелі кезең, өтпелі кезең… Осы бір мазаны әбден алып болған жауыр тіркес күні кешеге дейін ашуымды келтіретін. Зықымды шығаратын. Ызаландыратын. Бұл өзі не қылған бітпес, таусылмас өтпелі кезең? Оның өтіп болатын кезі бола ма? Мен шыр етіп дүниеге келген кезде мұртты бір көсеміміз бір өтпелі кезеңді жария етіп еді. Содан бері неше өтпелі кезеңдер өмірімді улап-ақ жатыр. Қажытты-ау, қажытты! Сүйтсе… өмір дегеннің өзі өтпелі кезең екен ғой. Өтпелі кезеңнің бітуі – адам өліп, көзін жұмып, мәңгілік сапарға аттанғанда екен-ау! Соны осы кезге дейін неғып түсінбей келгенмін? Осы бір қарапайым ғана ақиқатқа көзім жеткенде, көңілім орнығып, жай тапты. Шынында да несіне қамығамын? Ақтық демім таусылғанда, өтпелі кезең де үзілер, өтер…
***
ШЫҢҒЫСТЫҢ ӘҢГІМЕСІ
Орта Азия мен Қазақстан әдебиетшілерінің Ташкенттегі Форумы өткен күні (21.11.1995) кешкісін, концерт аяқталып, “Наурыз” ресторанында болған тамаша қабылдаудан кейін, біз, делегаттардың бір тобы, Театр институтының қарсысындағы “Түркістан” қонақ үйіне қайтып оралып, өткен-кеткен, болған-қойған әңгімелерді айтысып, бір жарым сағат шамасында серуен қүрдық.
Әңгімені, негізінен, Шыңғыс Айтматов, Қалтай Мүхаметжанов, Жабайхан Әбділдиндер айтады, ара-арасында Әбекең (Нүрпейісов) екеуіміз сыналап сөз қыстырып қоямыз. Бағана, күндіз Айтматовқа жақындап, тіл қатысуды орынсыз көргем, ресторанда да мен басқа үстелде отырдым, оның маңынан да адам арыла қоймаған. Ал мына арада мен: “Әй, түркістандықтар, араларыңдағы жалғыз түркістандық немісті тастап кеткендерің қалай?” деп амандасып, жанаса кеттім. Бір-бірімізге жылы-жылы сөздер айтысып, тәтті лебіздер білдірісіп жатырмыз.
– Мына арада, – деді Қалекең (Қалтай) Театр инситутын қолымен нұсқап, – мені комсомолдан шығарған.
Әңгіме тақырыбын Шыңғыс Төреқұлұлы іліп әкетті. Ол өздерінің пионер қатарына қалай қабылданбай қалғанын еске алды. “Сен дұшпанның баласысың” депті. Содан жападан-жалғыз біреудің терезесінің алдында жабырқап жылап тұрмай ма… Сол кезде терезе сарт ашылып, үй иесі әйел сыртқа бір шылапшын жуындыны лақ еткізіпті. Қаперсізден тұрған Шыңғыстың үстітбасы малмандай болады. “Бұл мені тіпті жүнжітіп жіберді” дейді Шықаң.
Сосын ол Жамбылдағы ауыл шаруашылығы техникумында оқыған жылдары туралы әңгімелеп кетті. Әжесі оның оқып, адам болғанын қатты тілепті. “Атасындай болсын” деп отырады екен. Өздері кедей тұрса да, Шыңғыстың оқуынан ештеңе аямаған. Ленинградтан жер аударылып келген бір профессор “Ословодство” (“Есек шаруашылығы”) дейтін пәннен дәріс оқыпты. Бұл жануардың адамзат өркениетіндегі рөлі туралы ол кісі тамаша әңгімелер айтады екен. Өз студенті Айтматовты базарға алып барып, есектерді бақылатып қоятын көрінеді.
Базарда Айтматовты бір ауылдасы кезіктіріп қалып. “Ей, сен не ғып жүрсің мұнда?” дейді. “Оқып жүрмін” дейді Айтматов. “Не оқып жүрсің?” “Есектерді зерттеп жүрмін”. “Мәссаған! Есек өз ауылымызда да жетерлік емес пе еді?”
Әлгі ауылдасы бұл әңгімені Шыңғыстың әжесіне айтып барады. Ештеңеден қаперсіз, демалысқа ауылға келген немересіне әжей дүрсе қоя беріпті: “Әй, оңбаған! Мен сені қалаға оқу оқып, адам бола ма деп жіберсем, сен есектің оқуын оқып жүр екенсің ғой. Сені атаңдай бола ма десем, мұның не?..Іздегенің есектің оқуы болса, ол оқуды осы ауылда жүріп-ақ тауыспайсың ба?!”
Шыңғыс одан әрі ауыл шаруашылығы институтын үздік бітіргенін, аспирантураға түспек болғанын, бірақ “халық жауының” баласы болғандықтан, ақыры, қабылданбай қалғанын әңгімеледі. “Бәлкім осы күні профессор, ғалым болып кетер ме едім”деп қояды Шықаң.
Ташкенттің жанға жайлы кешінде қонақүй маңында ұзақ қыдырыстадық. Бұл бір тамаша серуен болды