9-дәріс. ФИЛОСОФ АБАЙ

(1891-1897 жж. аралығы)

 «Ол мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. … Тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда, ол данышпан хакім философ кісі еді».

Шәкерім Құдайбердіұлы,

«Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінен.

 

  «Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан)».

 Жүсіпбек Аймауытов, 

1918 жылы жарық көрген «Абай» журналының бірінші санында шыққан бас мақаласынан.

 

Абайдың дүниеге көзқарасы мен ой-танымдары кеңестік идеологияға сәйкес емес, көбіне оған қарама қарсытұғын. Сол себепті қатаң цензура жағдайында Абайды ойшыл философ ретінде зерттеу мен дәріптеу жалаң аяқ шоқ басқанмен бір болды. Абайтанудың негізін қалап, қабырғасын көтерген ғұлама ғалым Мұхтар Әуезовтің «философ Абай», «Абай философиясы» тіркестерін мүлде қолданбауы осының айғағы.

 

ЖАЛҒЫЗ ҚАЛҒАН АБАЙ

 Әдетте кәрілік 60 жасты алқымдағанда ғана мойындалмақ. Абай болса, «қартайдым» дегенді 40 жастан аз асқанда-ақ айта бастапты. Ақын оны дене кәрілігіне емес, рухани хәліне айтқан. Сол сияқты Абай «мен – жалғызбын» деп дәйім ескертіп отырады. Осынау екі құбылыс – қартаю мен жалғыздықтың сыры неде?

Ақын неліктен «қартайдық» деген?

1886 жылғы «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» және «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңдерінде жүз жасаған қариядай күрсінеді Абай. Бірақ бұл хәлді бүгінгі ұрпақ ұға алмауы мүмкін, «40 жаста қайдағы кәрілік?» деп.

Қазақ ертегісінде тау көтерген Толағай батыр тілерсектен жерге кіріп кетеді. Күллі ұлтты ағарту ісі Абайдың иығына түссе, оның тау көтергеннен несі кем? Өз жеке басының қарны тоқ, төсегі мамық. Алайда исі қазақтың ауыр хәлін ойланғанда:

Тарылды көкірек,

Қысылды жүрек,

Ағызды сығып жасымды, –

дейді Тәңірі сезімді мол берген ақын. Неге?

Ол күнде дүние түгел өзгеріп жатса да, өзгермей қойған дала тірлігі, қыр тұрмысы. Сайын даланың қай тұсынан да көзге ұратыны – мелшиген мешеулік. Осыны аңғал жұртына ұқтырам деп Абай әлек. Ғақлия сөзінде: «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады» (5-сөз) дегенді елінің қайғысына жеке басынікі қосылғанда айтқаны десек жөн.  Қайғылылық – данышпандықтың таңбасы.

Осы айтылғандарға ел жұмысын қосыңыз. Абайды ел жұмысына саларында Құнанбай былай деген екен: «Буыным қатпай жатып әкем Өскенбайдың ел басқару, билік айту жұмысына қатыстым. Көп талқысы мені ерте қартайтты» (Әрхамның естелігі).  Сол кеп Абайға да келді. Нәрін-сөлін сорып, жасына жетпей кәрі қылған себептер осылар еді.

Бұл жайлы «Абайдың туысы мен өмірі» деген ғылыми еңбегінде М. Әуезовтің айтқаны: «Абай жасына жетпей ұлғая бастады. …Өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кетпейтін ерекше хәлдерге ұшыраған. Өзінің қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық өнерін еріксіз осы жолға салған». Міне, Абайдың «қартайдық» дегенін Мұхаң әлеуметтік тұрғыдан терең қаузап, жақсы ұқтырып береді. Ғарифолла Есім пәлсапалық жағынан пікір қосады: «Қартаю» дегеннің өзі тек биологиялық сандық мөлшерден гөрі, сапалық істер жиынтығын білдіретін ұғым болса керек. …Абай «қартаю» дегенде өмірден тәжірибе жинақтап, өткен өмірден ғибрат алған адамды айтып отыр».

Мұхаңның жаңағы «ой қуатына лайық келмейтін» деген сөзіне назар аударайық. Жапон ғалымдары жақсы-жаман  сөздер арқылы суекеш суға да әсер етуге болатынын анықтап отыр. Олар «кір суды дұға оқып тазартып»  тәжірибелер жасаған. Демек, сөз – қуат. Киелі сөзде көрінбейтін энергетикалық өріс бар. Ақыл, санамыз сол қуаттан нәрленбек. Шәкәрімнің «Сөз Құдайдан шыққан бу» дегені осымен өз түсінігін табады, сірә. Айтайын дегенім, Абай қаншама қуатты өлеңдерін дүниеге әкелсе, соншама ой қуатын шығындаған деуге керек.

«Абай қартаю дегенде өмірден тәжірибе жинақтап, өткен өмірден ғибрат алған айтып отыр, – деп жазады Ғарифолла Есім. – Ал мұндай адамның қартайғанда «қайғы ойлайтыны» заңды. Тіптен «қайғы ойлап» қартаю кейбір адамдарға тым ерте де келуі ықтимал. Мысалы, мұндай сана Сұлтанмахмұтқа отыз жасқа жетпей келген. Бұл сөз Лермонтовқа да қатысты».

Әм жабықтым, әм жалықтым,

Сүйеу болар қай жігіт,

Көңілден кеткен соң тыным?

Әм сүйіндім, әм түңілдім,

Үнемі неткен үміт,

Өткен соң бар жақсы жылым (1885).

Абайдың Лермонтовтан алғаш аударғаны осы жолдар болуы тегін емес.  Терең ойдың анасы – қайғы, мұң, жабығу мен жалығу сезімдері. Олар адамды «шер толқытса» ғана шығады.

Қарасам, қайғыртар жұрт бұл заманғы,

Салқын, қуыс – өмірі я қараңғы.

Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ,

Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды (1896).

Бұл шумақ та Лермонтовтан аударма. Алдыңғы өлең мен кейінгінің арасын он жылдай уақыт бөліп жатыр. Бірақ Абайда «қайғыртар жұрт» деген көңіл-күй еш өзгермеген. Немістің атақты перзенті Гетенің «Жазушы творчествосында ойланып, қайғы шекпей жазылған бірде бір сызықша да болмайды» дегені Абай шығармашылығына тұп-тура келеді.

Қай қырынан қарасақ та, Абайдың «қартайдым» деуі мұң, қайғы, жабығу, арман сияқты ішкі сезімдермен байланысты екенін көреміз.  Нәтижесінде буырқанған ішкі бұла сезімдер көкіректен өлең бұлағы болып атқылап шығып отырды.

Үлкен қалалардың алаңдарына көрік беріп, көрген жұртқа рух беріп, көбіне қолына кітап ұстаған Абайдың еңселі ескерткіші тұрады. Егер сол кітап кімнің кітабы деген сұрақ қойылар болса, ол Лермонтовтікі екеніне мен кепіл. Көзі көргендер айтады, Абай өле-өлгенше орыстың ұлы ақыны М. Ю. Лермонтовтың кітабын жақын ұстап, өлеңдерін сүйіп оқыған. Гәп сонда, ол да  Абай құсап, тылсыммен тілдескен   жұмбақ адам болған. Ол да – шындық пен әділеттің құлы. Осыған назар аударған Мұхаң: «Абай жалтарып, сипай қамшылап айтуды емес, Лермонтовша көзге шұқып, басқа ұра айтуды сүйетін ақын» дейді. Демек, екі шарапатты тұлғада ортақтық мол.

 

Алладан бәрі бір деп тосып тұрмын,

Алғалы жақсылықты я өлгелі (1896), –

немесе:

Менің кеудем сендерге сандықпен тең,

Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.

…Ақтығымды біледі сол көкірек,

Сол законге билеткен біздің жүрек.

Алла берген құпиям осы сырым,

Көрге бірге өзіммен барса керек (1897).

Сол сияқты:

Нені сүйдім, бұл дүниеде неден күйдім?!

Қазысы оның – арым менен бір-ақ Құдай (1899), –

деген жолдарды аударма деуге қиын. Бұлар ең алдымен Құдай өткір сезімді мол берген шыншыл Абайдың төл көңіл күйін білдіреді.

Мұхаң: «Жуан бел надан, содыр ру басылардан бөліне кеткен бетінде бірден халықты, халықтың мұңын тапты. Сол халықтың жоғын берер жаңалықты іздеді» деп Абайдың мақсаты мен жаңашылдық қырын тап басып айтады.

Сонымен, Абайдың «қартайдық» дегені қазақтың жоғын жоқтаған, оның мешел қалған хәліне күйінген, қорланған рухани хәлінен деген тұжырымға келеміз.

 

Жалғыздық феномені

1889 жылы Абайдың Семейдегі орыс достары түгелге жуық көшіп кетті. Михаэлис Өскеменге (1882) қоныс аударса, Долгополов (1886), Гросс, Леонтьев,  Лобановский 1887 және Блэк 1889 жылы Ресейге оралды. Оның сыртында, ойшыл биліктен көңіл суытты, кешегі көп атқамінерлер мен дос, туыстан да ажырады. Әлде жалғыздық сыры осы арада ма?

Бірақ Абай қайда деп, алыс-жақыннан ат сабылтып келетін қонақ көп еді. «Олар тобықтының ұрыларында малымыз бар, жер дауы, жесір дауымыз бар деп арызын, арманын айтушы арғын, найман, керей, уақтың адамдары. Ағылып келіп, кетіп жатады» дейді Әрхам ақсақал. Орташа дәулет иесі болса да, қолына түскен малды қонаққа сойып, мұқтаж, кәріп-жесірге үлестіріп отыру – Абайдың машығы. Өз сөзінше «ағайын-туыс бек көп».

Әйтсе де, жалғызбын дейді ақын. Жалғыздыққа, сірә да, сыртқы жағдаяттардан гөрі ішкі себептер көбірек «кінәлі».  Мысалға қазақ ақыны Пушкин мен Лермонтовты неліктен айырықша жақын тұтты, жан-тәнімен ұғынды? Өйткені, бұлар да жалғыздық трагедиясын бастан кешкендер. Сол сияқты Еуропада Гете, Гейне, Байрон, Руссолар өз уақытынан оза туған кіл жүйріктер. Кешегі ақиық ақын Мұқағали жалпақ қазақ арасынан жанына жақын дос таба алды ма? Жоқ, таба алмаған. Әйтпесе «Бұл күнде ақындардың бәрі жалғыз» демес еді-ау.

Сөйтіп, көптің қалың ортасында, қазаны бұрқ-сарқ қайнаған өмірде жүріп, өзін жалғыз сезіну кемеңгерліктің белгісі. Өйткені, ақыл-санасы кемелдер көптен, заманнан ойқастап озады.

Этнограф ғалым С.Қасиманов өзінің естелігінде 1927 жылы киіз үйде отырыста Шәкерімнің: «Мен өмірде де, философияда да жалғызбын» дегенін келтіреді. Анығы, Абай, Шәкерім өз басының қамы емес, халқын ойлап, оның болашағына көз жібере отырып қапа болды. Өйткені, өркениет жолынан сырт жатқан қыр қазағында өнер, ғылым жоқ. Сопылық қылу жойылған. Не істеу керек? «Соны таба алмай өзім де қайранмын» дейді ойшыл.

1888-89 жылдары Абай оңашаланып, дөң басында ұзақ отыратын ғадетті тапты. Аптап ыстық күнді алмастырған жанға жайлы тып-тыныш түнде көкейден күмбірлеген әдемі әуендер төгіледі, бірде терең ойлар қаумалап алады, енді бірде Лермонтов өлеңі қайта-қайта еске түскен соң, күбірлеп қазақшаға аудара бастайды. Гетеден Лермонтов, онан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалқып» ән болып, тұңғыш рет Ақшоқыдағы ауыл көгінде қалықтаған. «Жалғыз қалдым – тап шыным!» деп аяқталатын әйгілі «Сегізаяқ» та оңашада, төбе басындағы  толғақты шақтарда туған болатын.

Бақсақ, аузынан шыққан лебізі қазақты сүттей ұйытқан, қараңғы қазақ көгінде шолпан жұлдыз болып жарқыраған Абайда «мен қазақ әдебиетінің негізін қалаған классикпін» деген масаттық, шалқу сезімі болмаған. Бүгінгі тілмен айтқанда «жұлдыз» дертіне шалдығу тұра тұрсын, жалғыздықты бастан кешеді. Неге? Себебі, жалғыздық – ұлы тұлғаларға тән феномен.

Енді сыртқы жағдаяттар жайлы бірер сөз. 1884-1889 жылдар аралығы, яғни алты жыл Абай болыстың жанындағы бірінші би (ел аузы «долынжы (должностной) би» деп атаған) қызметін атқарған. Долынжы бидің міндетіне орыс заңында көрсетілмеген барымта, әмеңгерлік, жесір дауы сияқты дау-дамайға төрелік, кесім айту кірген. Осылар, сондай-ақ, інілері кез кезімен атқарған болыстық қызметке араласу, «шар салатын» елубасын сайлау сияқты ел ұстау істері де Абайдың көп уақытын алғаны анық.

1889, әлде 1890 жылы ма, генерал-губернатор барон Таубе Семейге келіп, бірсыпыра болыс, билерге оқалы тон, шен-шекпен, қылыш сыйлайды.  Абайға «көп жылғы әлеуметтік адал қызметі үшін» деп қос ауыз мылтық – винчестерді сыйға тартады (винчестер Семейдегі Абай музейінде әлі күнге сақтаулы).

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысың,

Шенді шекпен жапқанға.

Осылай басталатын өлеңін Абай жаңағы сый алған би, болыстардың жас балаша қуанып, еліне «шүйіншілеп» шапқанына ыза болып  жазған.

Абайдың «Қайнайды қаның, Ашиды жаның, Мінездерін көргенде» деген сөзі қырдағы атқамінерлерге ғана емес, қаладағы жемқор, екіжүзді ұсақ шенеуніктерге де әділетті еді. Ақынның отарлық жүйені аулақ серпіп, көңіл суытқаны сол. Әрі 1888 жылғы сайлауда билік тізгіні інісі Оспанға тиген еді.

Осы оқиғадан кейін Абай ел жұмысынан босап, шығармашылық жұмысына алаңсыз кіріседі. Көп өлеңдері және тұңғыш прозасы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегі осы жылдардың жемісі.  Бірақ 1890 жылдың жазында Оспан мен Оразбай қатты араздасып, жауласа бастаған. Оспан кенеттен өлген соң (1891) уақыттың бәрін жауласу жұмысы алып, «тағы да отырғызбай кетті» (Тұрағұл).

 

Оспанның қазасы

1891 жылы Оспан Құнанбайұлы тосыннан қайтыс болды. Абай осы інісін алғаусыз жақсы көретін. Өйткені, ағасы Тәкежан атасы Өскенбай қолында, тете інісі Ысқақ Құдайбердімен бірге Күнкенің қарауында өсті, өстіп бір ұяның күшігіндей бауыр басысқандар тек Абай мен Оспан ғана еді. Сондықтан ақын есі шығып, есеңгіреп қалды. Алға қойған мақсаты – ғақлия сөздері де бөгелді. Неге десеңіз, мезгілсіз өлімнен кейін барлық жаудың азабы мен елдің әлегі түгелімен келіп Абайдың басына түседі. «Бұрынғы тыныштық өмір бұзылады» дейді Мұхаң. Тұрағұл: «Досы да, туысқаны да бұлданып-құбылғанын көрді» дейді. Осынау дерттенген жүрекпен, азалы да азапты көңіл-күйде жүргенде  «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің», «Жүрегім, ойбай соқпа, енді!», «Бойы бұлғаң» сияқты шерлі жырлары туды.  Оспанның қазасына қабырғасы қайыса отырып жазған «Оспанға» деген өлеңінен үзінді алайық.

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай.

Жалын жүрек суынбай,

Жат біткеннен түңілмей,

Жайдары жүзің жабылмай,

Жайдақтап қашып сабылмай,

Жан біткенге жалынбай,

Жақсы өліпсің, япырмай! –

деген жолдарды жайбірақат оқу қиын. Олардан Оспанның мәрттік қасиеттері де, ақынның оны не үшін бағалағаны да айнадағыдай көрінсе керек. «Кешегі Оспан» деп басталатын екінші өлеңі де осы сарында. Онда да ет жүрегін сыздатқан қайғыдан жаншыла бермей, інісінің сүрген өміріне сүйсіне отырып, көкірегін қасіреттен тазартқысы келеді.

Оспанның артында екі ауыл болып отырған баласыз үш жесір (Еркежан, Зейнеп, Торымбала) қалды. Солармен бірге, ен байлық -«мың жарым жылқы, сегіз жүз түйе, үш мыңдай қой қалды» (Әрхам).  Дәулеті асқан кездерде Оспан ағалары Абай мен Ысқаққа үнемі қамқоршы бопты. «Оспан осы екі ағасының ұстайтын көп расходына: жаз сойысына, қыс соғымына, сауатын бие, мінетін ат, киетін киімдеріне малын аямайды, – деп жазады Әрхам ақсақал. – Екі кедей аштан өліп қалмасын, қонақтан ұялып қалмасын деп ылғи қамқорлық қып отырады».

Оспан патша көңіліне сай, дене бітімі де зор тұлғалы адам болған. «Оспан көтерген» дейтін дәу тас болғанын Абай елі әлі ұмытқан жоқ. Екінші мысал. Атақты Қарамола съезіне үш жыл өткенде,  1888 жылы Көктұма съезі шақырылған болатын. Оған Жетісу өңірінің адамдары «Тобықтыдан бір дана арыс, көсем кісі шығыпты» десіп Абайды бір көруге ынтыға жетіпті.  Қызығы, олар таяуда ғана Шыңғыс болысының болысы сайланып, екпіні үй құлатардай алшаң басып келе жатқан Оспанға «Тусаң ту? Ой, ерім-ай!» деп қадала қарап, оны Абаймен шатастырып алыпты. Сол қызғылықты сәтті көкен уағы Мүсірәлі Қожанұлы аузынан естиік. Ол былайша баяндайды: «…Көппен бірге мен де Абайды күттім, екі пәуеске арба келіп тоқтады. Бірінің ішінен Абай түсті, ақ бешпет, шалбар, басында ақ қалпақ, аяғында әмірикан жылтыр кебіс мәсі. Бір пәуескеден Оспан түсті. …Жұрт екі жарылды. Келе жатқан жандаралды көріп, Абай соған қарай жүрді, Оспан да ере жөнелді. Абай қалпағын алып жандаралмен амандасып, бір-екі ауыз сөзге келген соң, жандаралмен бірге съезге тіккен үйге беттеді. Сонда көпшілік: «Жарықтық, Абай десе Абай екен ғой, тұлғасы да зор екен», – десіп тұрғанда бір қазақ-орыс: «Әй, ақымақ қазақтар, анау үлкен қара бос қара, барлық пәле ана кішкене қарада», – деді. Біз Абайды танитындар күліп жібердік. Сол жиынға келген неше мың адамнан Оспанның басы асып тұрушы еді. Өзге денесі де өте жуан, сондықтан танымағандар Оспанды Абай екен деп қалды».

Оспанның жылы өткен соң,  әмеңгерлік туралы сөз басталып, оны шешу дау-дамайға айнала бастаған. Тәңірберді әмеңгердің үлкені ретінде Оспанның үлкен әйелі – ауылдың, малдың қожасы Еркежанды аламын және Жидебайды қыстауға аламын дейді. Оған екі інісі Абай мен Ысқақ қарсы болмаса да, Еркежан көнбейді. Екі болыс елдің (Ырғызбай мен Мәмбетей) адамдары ырғасып келіп, аяғында Еркежанға Абайдың өзін таңдатады. Абайды да еріксіз көндіріп, Оспанның үйіне кіргізеді дейді Әрхам ақсақал.

1890 жылға шекті Абай поэзиясы өзінің шырқау биігіне жетті. Ұлы ақын қазақ көгінде шолпан жұлдыздай жарқырады. Қазақ классикалық әдебиетінің негізін қалаушы деген бақыт бұйырды. Ләкин, екінші жағынан, тап осы кездерде  Абай «жалғыз қалдым – тап шыным» деп күрсінеді (әйгілі «Сегіз аяқта»). «Құдай-ау, бұл көңілім, Күн бар ма бір тынар?» деп күңіреніп, көңілі шарқ ұрады. Қайғыру, ойлау – кемеңгерлер еншісі. Оған Оспанның қазасы у болып қосылып, шерді тереңдете түсті.

Қорыта келгенде, Абайды ерте қартайтқан һәм жалғызсыратқан  елдің тілегі, халықтың мүддесі мен қазақтың қамсыздығы. Сол себепті татар ғалымы, алғашқы абайтанушының бірі Әбдірахман Сағдидің: «Абай қазақтың жалғыз ақыны ғана емес, ақындықтың үстіне Абай – қазақтың ояну дәуірін бастаушы ойшылдардың ең біріншісі» дегені жүйелі сөз, нағыз әділетті пікір екені сөзсіз.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

 

 

 

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір