Қазақ даласында ертеден құйрықты қойлар, яғни етті-майлы бағыттағы қылшық жүнді қой тұқымдарыөсірілгені мәлім. Жер аумағының үлкендігі, табиғи-климаттық жағдайдың алуан түрлілігі, күтіп бағу, өсіру әдістерінің де бірдей болмағандығына байланысты әр аймақтағы қойлардың белгілі бір айырмашылықтары, өзіндік ерекшеліктері болды. Өйткені, құйрықты қойлардың биологиялық ерекшеліктері, негізінен табиғи сұрыптау әсерінен қалыптасты. Ондағы басты талаптар: дене бітімінің ірілігі, жергілікті климатка бейімділігі, жас төлінің тез шиаруы, сақа қойлардың жайылым жағдайында дадене салмағын тез арттыруы, құйрығына майды жылдам жинауы, алыс жайылымдарға бара алатындығы және қысқы қатаң азықтыңтапшылығына төзімділігі және т.б. Осы сын-қатерлерді түгелдей еңсере алатын бірден бір түлік – үш түрлі қой тұқымының қосындысы «Байыс» қойы. Бұл семейлік селекционер ғалымдардың осыдан ширек ғасыр бұрынғы табанды еңбектері еді.
Профессор М.Ә.Ермеков пен А.В.Голодновтың деректеріне қарағанда қазақ жерінде өсірілетін құйрықты қойлардың таралу тұрғысынан 22 жағрафиялық варианты(1976) болғанекен. Олардың ішінде бағаналы, қарқаралы, тама, керей, басбай, зайсан қойлары деген аттармен белгілі болған жергілікті тұқымдар бар. Алайда, олардың ет өнімділігі мен сапалық қасиеттері жоғары болғанмен, көбінесе құрғақ және өлі талшықтардан тұратын қылшық жүн беретін. Онымен қатар мұндай жүннің басым бөлігі түрлі-түсті, көбінесе қара болып келетін. Сондықтан сапасы мұндай жүн шикізат ретінде жүн өнеркәсібі үшін соншалықты құнды болып есептелмеді.
Осы жағдайды ескерген қазақ ғалымдары етті-майлы бағыттағы қой шаруашылығындағы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының басты бір міндеті ретінде қазақтың құйрықты қойларының құнды қасиеттерін сақтай отырып, тоқыма өнеркәсібіне технологиялық сапасы жоғары маталар, әсіресе, кілем тоқу өндірісіне аса қажетті ақшыл түсті әртекті ұяң жүн беретін қой тұқымын шығаруды қолға алды. Ол үшін Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі жоғарыда айтқан талаптарға сай келетін көршілес Түркіменстанда өсірілетін сараджы, Тәжікстандағы академик Әлиевтің басшылығымен шығарылған тәжік қой тұқымдарын негізге ала отырып, республикамыздың жағдайына бейімделген жергілікті жаңа қой тұқымын шығаруды міндет етіп қойды. Сөйтіп, бұл бағыттағы жұмыстар көп жылдар бойы Қазақстанның үш аймағында жүргізілді: Орталықта – Қарағанды облысы, Батыста – Ақтөбе облысы және Солтүстік-Шығыста – бұрынғы Семей облысында.
Ең алғашқы зерттеулер 1931 жылданатақты селекционер, академик В.А.Бальмонттың жетекшілігімен Қазақтың мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Қарғалы тәжірибе шаруашылығында жүргізілді. Ол үшін жергілікті құйрықты қойларды еділбай тұқымының қошқарларымен шағылыстырудан алынған будан саулықтарын сараджы тұқымы мен ұяң жүнді дегерес құйрықты жаңа тұқымдық тобының қошқарларымен будандастырылды, ал осындай күрделі будандастырудан алынған қойларды «өз ішінде» өсірді. Кейін бұл жұмыстар түпкілікті Орталық Қазақстанға ауысып жалғасын тапты.
Көп жылғы жұмыстардың нәтижесінде 1994 жылы жаңадан шығарылған «Қазақтың ұяң жүнді құйрықты қойы» сараптамадан өткенде Орталық Қазақстандағы қойлар тобы «Қарғалы» тұқымішілік типі ретінде басқадай екі тұқымішілік түрімен («Ақтөбе» және «Байыс») бірге жаңа тұқымның құрамына кірді.
Бұл қойлар етті-майлы құйрықты тұқымдас қойлар секілді ірі тірілей салмағымен ерекшеленеді. Асыл тұқымды қошқарларының тірілей салмағы – 90-100 кг, саулықтары – 57-64 кг, қырқылған жүн тиісінше – 3,80-4,4 кг және – 2,4-2,7 кг. Жүн шығымдылығы 64-72%. Қошқарларының жүнінің ұзындығы 23,3 см, түбіт талшығының биіктігі 14,3 см, ал саулықтары тиісінше 20,0 және 11,0 см. Әр текті ұяң жүн ішіндегі ең жіңішке жүн Қарғалы қойларына тиесілі.
Ақтөбе облысындағы асылдандыру жұмыстары 1949 жылы Ембі жылқы зауытында құйрықты қойлардың темір бұтағына жататын саулықтарын сараджы тұқымының қошқарларымен будандастырудан басталды.Көп жылғы жұмыстардың нәтижесінде шығарылған үш аталық ізден тұратын «Ақтөбе» тұқымішілік түрі пайда болып, 1994 жылғы тексерістің нәтижесінде келесідей өнімділік көрсетті: асыл тұқымды қошқарларының тірілей салмағы – 96-112 кг, саулықтары – 56-65 кг; қырқылған жүн тиісінше – 2,5-3,5 кг және -1,64 – 1,69 кг. Жүн шығымдылығы 73,9-77,4% аралығында. Жүнінің ұзындығы 14,7-16,9 см, ал түбіт талшығының биіктігі 7,6-8,0 см (К.З.Әлішев, 1989).
Ал бұрынғы Семей облысындажұмыстарЖарма ауданындағы «Бірінші май» кеңшарында 1967 жылы Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының «Қой шаруашылығы» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғ.Н.Қыдырниязовтың жетекшілігімен басталды.Бұған дейін бағалы биязы жүн беретін «Оңтүстік қазақ мериносы» қой тұқымын шығаруға үлкен үлес қосқан қой шаруашылығы ғылымының асқан білгірі Ғадылша Ниязұлы бұл жұмыстарды жүзеге асыруды кафедраның тәжірибелі оқытушысы, ғалым Карнаковқа жүктейді. Жоспарға сәйкес алдымен жергілікті қылшық жүнді құйрықты қойларды еділбай қошқарларымен будандастырып, олардан алынған саулықтардың ірілерін ұяң жүнді тәжік қой тұқымының қошқарларымен будандастырылды. Осындай күрделі жолмен алынған будандарды және оның талаптарға сай келетіндерін сұрыптап, ары қарай таза тұқым өсіру әдісімен «өз ішінде» өсірді.
1969 жылы шаруашылыққа Тәжік ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Дагана-Киик» тәжірибе шарушылығынан 25 бас бір жарым жасар қошқарлар кеңшар орналасқан Үшбиік жеріне әкелінді. Олардың 3,5 жастағы тірілей салмағы 100,4 кг, ал қырқылған жүн 4,15кг болды.
Жалпы, бұл шаруашылыққа ұяң жүнді тәжік қой тұқымын әкелгенде мынадай жағдайлар ескерілді: тәжік қойының жүні құнды техникалық және технологиялық қасиеттері арқасында әр түрлі маталар,тоқыма және кілем бұйымдарын дайындауда таптырмас шикізат. Жүні ұзын және аздап толқынданып келген, жіңішкелігі орталау түбіттен, көп мөлшерде ұзын аралық талшықтан және аздаған қылшықтан тұрады. Құрғақ және өлі жүн кездеспейді. Көктемде қырқылған жүннің құрамы 74,9 % түбіт, 21,3 % аралық талшық және 3,8 % қылшықтан тұрады.
Тағы бір ерекшелігі, сараджы және басқадай ұяң жүнді қой тұқымдарына қарағанда тәжік қойының жүнінде қайызғақ мүлдем жоқ және люстра тәріздес жылтырлығы да бар.Сонымен бірге тәжік қойы салмағы және етті-майлы өнімділігі жөнінен басқадай ұяң жүнді қой тұқымдарымен салыстырғанда да алдыңғы орын алады.
1970-ші жылдардан бастап Ғ.Н.Қыдырниязов бұл жұмысқа өзінің бұрынғы студенті, бірнеше жыл шаруашылықтарда істеп, тәжірибе жинақтаған зоотехник, кафедраға ғылыми қызметкерлікке алған Б.Н.Нұрғалиевті тартты. Ал,Болат Нұрғалиұлы болса басталған жұмысты білгірлікпен жалғастырып әкетті. Ең бастысы, селекциялық-асылдандыру жұмыстарының, атап айтқанда, қойды бонитировкадан өткізу, бағалау, сұрыптау және жұп таңдау секілді маңызды іс-шаралардың басы қасында ұдайы өзі жүрді. Селекциялық жоспарға сәйкес, қой отарларының өнімділігін, сапалық қасиеттерін, биологиялық ерекшеліктерін жетілдіру үшін 1974 жылы Болат Тәжікстанға барып, тәжік тұқымының 30 бас қошқарын машинаға тиеп Үшбиікке әкелді. Бұл жаңа тұқымды жақсартуға тағы бір серпін берген шара болды. Сонымен бірге бұл жұмысқа 1981 жылдан бастап, Қазақтың қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында көп жылдар істеп, Семейге кафедра меңгерушісі болып қызметке келгенбелгілі ғалым Нұрал Майтқановтың да араласып, бел шеше кірісуі жұмыстардың қарқын алуына септігін тигізді.
Әрине, ғалымдардың көп жылғы жұмыстарының нәтижелі болуы бірінші кезекте шаруашылық басшылары, мал мамандары мен шопандардың қажырлы еңбегінің арқасында болғанын баса айту орынды. Осы жерде «Байыс» қойының отаны болып саналатын «Бірінші май» кеңшарын көп жылдар басқарған Биахмет Жампозов, СағынғанКаметов, бас зоотехник Лесбек Тұрсынбетов, селекционер-зоотехник Мұхаметрахым Жанділдиновеңбектерінің үлкен болғанын айту жөн деп санаймыз.
Тағы бір атап кететін жағдай, 1980-ші жылдардың екінші жартысынан бұл іске Мәскеулік ғалымдар тартылды. Әлемге әйгілі К.А.Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясының кафедра меңгерушісі, а.ш.ғ.д., профессор А.И.Ерохин жүмыстарға ғылыми кеңесші болды. Одаққа белгілі ғалым бірнеше рет іссапармен Үшбиікке келіп, жүргізіліп жатқан зерттеулермен танысып, ақыл-кеңесін аямады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына бірнеше аспирантын жіберіп, ол адамдар кандидаттық диссертация да қорғады. Жүн, ет, тері сияқты өнімдердің бірқанша үлгілері Мәскеудегіғылыми-зерттеу институттарының зертханаларында сараптамадан өткізілді.
Дегенмен, негігі жұмыстарды басынан аяғына дейін Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғалымдары жүргізді. Олардың жұмыстарының сәтті, зерттеулерінің құнды болғанын Н.Майтқановтың докторлық, Б.Нұрғалиевпен Н.Борамбаеваныңғылым кандидаттары дәрежесін қорғағанынан және оқытушы П.Габдуллинге доцент атағы лауазымы берілгенінен де білуге болады. Ал, ең бастысы, Жарма ауданындағы «Бірінші май» (директор С.Каметов) және «Жарма»(директор А.Мұсылманқұлов)кеңшарларында30 жылға таяу жүргізілген селекциялық- асылдандыру жұмыстарының басты нәтижесі деп, 1994 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіҚарағанды, Ақтөбе және Семей облысы шаруашылықтарында өсіріліп жатқан қой отарлары «Қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы» атты бұйрығымен бекіткенде семейлік ғалымдар мен мамандар шығарған қойлар ресми «Байыс»тұқымішілік типі деген атқа ие болды немесе Байыс қойы деген атаумен тарихқа енді.
Үш түрлі қой тұқымдарының негізінде шығарылған «Байыс» қойлары жоғарыда аталған тұқымдардың құнды биологиялық-өнімділік ерекшеліктерін бойына сіңіргендігімен сипатталып, дене бітімі мықты, етті-майлы өнімділігі жоғары, жүні сапалы маталар, кілем тоқуға жарамды және т.б. қасиеттерімен ерекшеленді. Селекциялық топқа жататын қошқарлардың (25 бас) тірілей салмағы -111,8 кг, ал саулықтарынікі (2950 бас) – 64,6 кг айналса, қырқылған жүн тиісінше 4,32 кг және 2,64 кг құрады.
Айрықша еңбегі сіңген ғалымдар мен мамандар қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымы авторлары атанды. Олардың қатарында атақты ғалымдар В.А. Бальмонт, М.А. Ермеков, А.В. Голоднов, К. Қанапиндармен бірге семейлік Г.Н. Қыдырниязов, Н. Майтқанов, Б.Нұрғалиев, З.Тоқаев С.Каметовтерде жаңа қой тұқымы авторлары болып бекітілді.Бұл атақтың ерекше мән-маңызын мына мысалдан да көруге болады: Кеңестер Одағы кезінде жаңадан шығарылған мал тұқымдары авторларына КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген жоғары атақ берілетін-ді.
Соңғы жылдары қой шаруашылығында жүннің бағасы төмен болып, өткізу қиын болғандықтан да, көбінесе ет бағытындағы қазақтың құйрықты және еділбай тектес тұқымдарына көбірек көңіл бөлінуде. Қалыптасқан мұндай жағдайға қарамастан ұяң жүнді байыс типіндегі қойларды Шығыс Қазақстанның көптеген жерлерінде шаруа қожалықтары өсіріп жатыр.
Сонымен бірге еліміздің басқа аймақтарындабұл қойларғасұраныс үлкен. Мысалы, Жамбыл облысы Шу ауданы «Баскөл» шаруа қожалығында өсіріп жатқан байыс қойлары Шығыстағы Жарма ауданынан әкелінген.Баспасөзде жарияланған «Баскөлді» жерсінген байыс қойы» атты мақалада өсірушілер бұл тұқымның еділбай қойлары сияқты құмға, шөлге төзімді екендігін айтады. Қылшық жүнді қазақы қойлар құйрықты келеді, ал байыс қойларының бір ерекшелігі сол қоңын құйрығына жинамайды, жоны мен сүбесіне жинайды, – дейді. Байыс түлігінің тағы бір ерекшелігі,олар жыл бойы жайылымда бағылып, сонымен бірге қозысын өрісте туып, өзімен бірге ертіп жүре береді, – деп баға беріпті.
«Байыс» қойлары жайылымда
Биыл Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына 25 жыл. Осы кезеңде ауыл шаруашылығында қол жеткен жетістігіміздің бірі, еліміздегі қой шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлес қосқан «Қазақтың құйрықты ұяң жүнді» (оның ішінде Байыс қойы) қой тұқымының шығарылуы дер едім. Алайда, бүгінде біз, ғалымдар мен мамандардың көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесін толықтай түсініп, бағалай алдық па, өз деңгейінде насихаттап жүрміз бе деген ой келеді. Өйткені, Байыс қойының Г.Н. Қыдырниязов, Н. Майтқанов, Б.Нұрғалиев секілді марқасқа авторлары бүгінде ортамызда жоқ, бақи дүниелік болып кетті. Көп жылдар олардың жолын жалғастырған ғалым Н.Б.Борамбаеваны Павлодардың С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университеті кафедра меңгерушілігіне қалап алып кетті.
Сөйтсе де, бүгінде Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының мұрагері іспеттес аграрлық факультеті, бірге қызметтес болған әріптестері, тәлім-тәрбие көрген шәкіттері бар екені белгілі. Сондықтан биылғы еліміздің атаулы мерейлі жылы Байыс қойы мен оның авторларына байланысты іс-шаралар ұйымдастырылса, атап айтқандаолар қызмет атқарған оқу орнында осы мәселеге қатысты бір бұрыш жасақталып, арнайы буклет шығарылса, дөңгелек үстел өткізіліп, оған Байыс қойын өсіріп жатқан шаруашылық басшылары мен мамандарын, ғалымдарды шақырып, өзекті мәселер турасында сөз болса орынды болар еді деген тілегіміз бар. Егерде осындай іс-шаралар жүзеге асып жатса, игілікті істің бұдан былай да өрісін таба береріне сенім мол.
Өмірзақ Сұлтанов,
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті,ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.
Астана қаласы.
P.S. Биыл дүниеге келгеніне 100 жыл толып отырған «Байыс» қойы тұқымының жетекші авторы Ғадылша Қыдырниязов пен әйгілі селекционер Болат Нұрғалиевтың Қазақстан ауылшаруашылығы ғылымының дамуына қосқан үлесі жөніде алдағы уақытта жеке материал беру ойда бар.