ДІННІҢ ІШІ МЕН СЫРТЫ немесе мазмұны һәм формасы

858691_1438720609_680_0_0-1024x573

Атеистік көзқарас бүгінгі таңда белең алған лаңкестікті, экстремизмді тек қана дінмен байланыстырады. Шындығында, экстремист – діндар адам емес. Экстремизмге барса, ол діннен ауытқығаны. Ал, лаңкестіктің, басқа да түрлі шиеленістердің терең әлеуметтік, саяси, психологиялық тамыры бар. Сондықтан лаңкестікті жасайтын діншілдер емес, өмірден өз орнын таба алмаған, бірақ ымыраға келгісі келмейтін адамдар. ҚР Бас прокуратурасы мынадай деректер келтіреді. Террористердің 60 пайызы жасы 30 дейінгі жастар, 95 пайызы – жұмыссыздар. Негізінен олар білімі жоқ, жұмыссыз, болашақтан үмітсіз жастар. Демек, экстремизмнің негізі – әлеуметтік мәселелер.

Бұл діни педагогика, діни тәрбие керексіз деген сөз емес.

Елдің береке-бірлігі, рухани тұтастығы, сол сияқты бір мүдделі болуы халықтың ақыл-сана бірлігіне негізделеді. Сондықтан руханиятқа, оның бір саласы – діннің түйткілдерін дер кезінде анықтау, күрмеуін тарқатып отыру  маңызды нәрсе. Сол түйткілдің бірі де бірегейі – діннің мазмұны мен формасы (немесе түрі) сәйкестігі деген ойдамыз.

Діннің мазмұнын ішкі сенім құрайды. Сенім, сенімділік тек бір Тәңірінің затына, хикметіне ғана байлаулы нәрсе. «Дін деген – сенім» дейтініміз, Құдайға құлшылық осы сенімге бола жасалады. Өз кезегінде сол құлшылық-ғибадаттың қай түрі болмасын сыртқы форма ғана (құлшылық рәсімдерінен адамгершілік делінетін рухани мәнді іздестіру бекершілік). Абайша «Ол ғибадат – (иманның) күзетшісі еді».

Сөйтіп, дінге ішкі (батини) және сыртқы (заһири) сырлар тән. Баршаға түсінікті болуы үшін діннің мазмұны – Құдай ісі, сыртқы ғибадат – дін ісі десек те болады. Әрине, сыртқы ішкіге тәуелді және кілтипан осы арада. Әттеген-айы, дінтанушылық – дін ісі, Құдай ісі деп ара жікті ажыратпайды, теология құндылықтарды даралап, ерекше рухани құбылыс ретінде қарастырмайды. Осы олқыны азды-көпті толтыруға міндеткерміз.

Мақала тақырыбы тым ауыр, оны тереңге бойламай ашу мүмкін емес. Сол себепті алдымен дін теориясын қарастыруға мәжбүрміз. Діннің көрінбейтін сырын зерделейтін ғылымды «теология» (қазақша – Тәңіріні тану) деп атайды.  Шын сенім осы теологияға тәуелді.  Ғылымсыз таным жоқ, пенденің екі көзін жұмып алып «мен нандым, сендім» дегені шын иманға жатпайды. Тәңірінің заты және хикметі бар. Тәңірінің заты өлшеусіз, ол өлшеулі адам ақылына танылмақ емес (әлемдік діндердің көп құдай, үшжүзді құдай, үлкен құдай, кіші құдай, бір құдай деп сан-саққа жүгіртуі содан). Демек, шын иманның тірегі, барша діндерге ортақ негіздер – тек Тәңірінің хикметі туралы ілім, танымдар ғана. Тәңірінің іс-хикметтерін біз сезінеміз, түйсіне аламыз. Ғұламалардың мұсылман баласына Алладан мал, дүние емес, тек «білім бер» деп сұрау ғана уәжіп дейтіні сол болса керек.

Барлық діни сенімдер бойынша Құдай деген – он сегіз мың ғаламды Ғылым сипатымен мінсіз жаратқан Құдірет.  Жаратылған ғаламды Құдай тағала қайтіп реттеп, меңгереді?  Ойшыл ғұламалар күллі ғалам махаббат пен әділетке бағынышты дегенді бір ауыздан бекітеді. Демек, Құдай тағаланың хикметін (Құдай ісін) білудің танымдық құралдары – адамның махаббат, әділет сезімдері болып табылады.

 

Теология алыбы Абай  адамның Алла тағаланы тану мүмкіндігі жайлы 45-сөзінде: «…Неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат Құдайға лайық дегендігі» деуімен осыны растайды. Бақсақ, «ғаделет, махаббат Құдайға лайық» деген тұжырым – бұл екеуі Тәңірінің үкімі, басты заңы, әмірі деген мағынаны білдіреді. «Бұлардың (махаббат, әділет) керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол –Тәңірінің ісі» деп түсіндіреді Абай (міне, біле білсек, діннің алтын өзегі де, таным атаулының шыңы да осы арада).

«Түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» демекші, жинақтап айтқанда, діннің толық мазмұнын – Құдайдың ғылым сипаты және махаббат, әділет заңдары құрайды. Бұл үшеуді «бірдей ұстау» маңызды. Мысалы, махаббат (мейірім) пен әділет қолтықтаса жүретін феномендер. Сол себепті Абай 38-сөзінде «ғадәлет-шапағат» терминін айналысқа енгізеді.

         Діннің мазмұнын танып-білу неліктен маңызды?

Біріншіден, мемлекет пен діннің дамуы ортақ идеологиялық бағытын табады. Өйткені, адамгершілік мұраты айқын  қоғам (ғылымды болу, мейірім, әділетті ту ету) қарапайым халықтың мәңгі аңсары, идеалы. Екіншіден, бұл әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында діттеген қайырымды, сол себепті үлгілі қоғам идеалына,  Абайдың «үш сүю», Шәкәрімнің ар ілімдеріне есікті айқара ашатын жәйт.

Керісінше, тек дін формасына тәуелді болу жақсылыққа апармайды. Әлемдік діндер тарам-тарам тармақтарға бөлінді, ХУІІ-ғасырда Еуропа елдерінде мемлекет діннен ірге ажыратты, бағзыда «харижи», қазіргі таңда «исламист», я болмаса «фундаменталист» делінетін ислам жамағаты шықты.

Жоғарыда мысал-дәйектер діннің іші-сыртын (Құдай ісін дін ісінен десек те болады) айыру аса маңызды деуге жеткілікті сияқты.

Қазақ орысқа қараған ескі заманда әрненің өлшем бірлігі болған жыл толған тоқтыны «сек» («ісек») деп атапты.  Қоянды жәрмеңкесінде білем, жылқыны саудалаған орыс мұжығы оның құнын «сорок сек» десе, қыр қазағы «қырық сек» деп қасқайып, тұрып алыпты. Екеуі қанша саудаласса да келісе алмаса керек.  Бүгінгі күнгі дін өрісіміздегі ахуал соған ұқсас. Неге десеңіз, бір бірімізді ұғудан қалып барамыз. «Діни реформа», «діни таным», «діни білім», «діни сана (сол сияқты этика)», «зайырлы сана (этика)», «дәстүрлі ислам», «қазақ исламы», «дәстүрлі емес дін» дейсіз бе, әйтеуір, толып жатқан терминдерді әркім өзінше ұғады. Бірегейлік жоқтығы газеттерден, интернет желісінен байқалып қалады.

Дәлелге бір мысал алайық. Белгілі теолог ғалым Досай Кенжетай ой-пікірін былайша жеткізеді: «Мәдениет дінсіз, дін мәдениетсіз өмір сүре алмайды. Ал енді кешегі мәдениетіміз дін болмағандықтан жансызданса, бүгінгі мәдениет өзін қалыптастырған діни танымды таба алмағандықтан әлсіреп отыр. …Мәселе діни танымның баяндылығында жатыр. Егер сол таным толық зерттеліп, ғылыми негізі нақтыланып, білім беру жүйесіне енгізілер болса ғана ұлттық болмыстың сақталуы мен дамуы туралы айта аламыз. Болмаса, ұлттық құндылықтарды сақтаймыз деу – жалаң ғылыми негізі жоқ ұран ғана, ұлтты сақтайтын, сол ұлттың болмысын қалыптастырған діни танымның тіршілігінде болып отыр».

Пікірлер жақсы-ақ, бірақ… түсініксіздеу. Неге? Өйткені, «діни таным» тіркесі біз жоғарыда сөз еткен дін мазмұнын ашпаған. Кәне, «Бүгінгі мәдениет өзін қалыптастырған діни танымды таба алмағандықтан әлсіреп отыр» деген пікірден не түсіндік? Діни таным дегенде әншейінгі дін ісі, діннің сыртқы қауаршағы және оны білмекке қатысты дін ілімдері мен дін пәндері ойға оралады. Гәп, Құдай ісін, хикметін тану деген теологиялық танымның жабулы қазан астында қалғандығында болып отыр.

Осымен, таным төңірегіндегі ой-пікірлерімізді жинақтайық. Құдай ісін дін ісінен айыру, яғни діннің іші мен сырты екі түрлі нәрсе деген методиканы қалыптастыру керек. Оны пайдаға асыру айырықша маңызды. Өйткені, дін ісі табиғи түрде дамып отырады. Ал, шын иман, яғни Құдай ісін тану өз бетінше бола қалмайтын, қоғамнан ғылымды, ой еңбегін, рухани күш-жігерді талап ететін жанды дүние.

Енді «дәстүрлі ислам», «қазақы ислам» терминдеріне ауысалық.

Неге екені белгісіз, кейбір дінтанушы әріптестер «ислам жалғыз, ол ұлтқа бөлінбейді» деп шоршып түседі. Есіл дінді, білімділерді, жалпы ой еркіндігін ноқталы қылатын осы үрей болмасын, тегі. Бізше бұл да мазмұны мен түрі деп діннің аражігін айыра алмаудан желі тартатын түсінбеушілік.

Жоғарыда Абай «неше мың түрлі діннің бәрі де» деуімен жер бетіндегі діннің түрі, діндарлықтың формасы қисапсыз көптігін айтқан. Ешкім де христиандық дара, я болмаса буддизм жалғыз демейді. Жалпы «жалғыз дін», «таза дін» ұғымы дүниеде жоқ. Сәләфия идеологтары «таза дін», «таза ислам» десе, онда «араби ислам» деген астар бар. «Ислам жалғыз, ол баршаға бір» десе, бұл араб емес халықтарға сол идеяны тықпалау амалы. Ой көзімен қарасақ, әр халықтың рух әлемі өзінше – тілі, әдебиеті, музыкасы, әні, биі, қысқасы, мәдениеті бөлек. Ол мәдениет өзбектікі, парсынікі, арабтікі болып бөлінгенде, діннің түрі неге бөлінбесін. Бізше бұл ай мен күндей анық нәрсе. Ендеше «қазақы ислам» (қазақы дәстүрлер жат емес деген мағынада) ұғымы неге таласқа түседі? Ол «дәстүрлі ислам» тіркесіне балама деген ойдамыз.

shakarim

«Ислам тарихында, – дейді жоғарыда аты аталған Досай Кенжетай, – ең басты қасірет белгілі бір шариғатты идеологияға айналдырып, оны исламмен теңестіріп, соңғы ақиқат ретінде дәріптеу мәселесі. Қазақстандағы уахаби жақтастарының идеологиялық әрекеті осының мысалы». Айтса айтқандай, дін ислам – қатып қалған жансыз догма емес, ол өзін тұтынатын қоғаммен бірге өркен жайып, сол қоғам сұранысына  бейімделуге, керек болса, алдыға шам болып жағылуға тиісті құдірет. Бұл жерде атап айталық, исламдық мазмұн әр халықтың ұлттық құндылықтары жөніменен пайдаға асады.

Шәкәрімнің дін туралы өлеңінде:

      Інжіл, Құран – бәрі айтып тұрса-дағы,

                         Адасып, ардан күсіп қара басар.

                         Сөйтіп бұзып бүлдіріп, есіл дінді,

                         Дін десе білімділер тұра қашар, –

дейтіні, Жаратушы бір болған соң әлемдік діндердің негізі бір болуы заңды. Жоғарыда ол негіз – ғылым, махаббат, әділеттілік дегенбіз. Міне, қазақтікі, арабтікі деп айыру қажеттігі – осы негіздерді қайткен күнде қоғамдық санаға шөктіру қамынан туады. Шын иманға жетпей тұрып, ғұрпы дінді абсолютке балау, соңғы ақиқат санау – орта ғасырларға қайта оралумен парапар.

Зайырлы сана һәм этика үшін де «иман» орны әрқашанда төрде, ол сенімнің алтын діңгегі және күллі адамгершіліктің айнасы есепті. Абайдың «Осы үш сүю болады иманигүл» деген ілімі зайырлылық сананың айқын үлгісі. Оны әр қазақ баласы миына құйып, көңіліне тоқып өссе, жақсы сол.

Құранда «Иман келтіргендер және ізгі істер (амалдар) істегендер» деп басталатын талай аят бар. Діншіл кісі ізгі істер, я амалдар дегенді құлшылық қылуға, сәжде етуге қатысты Құдайдың жарлығы деп түсінеді. Зайырлы, білімді кісі «ізгі істерді» (мұсылманша – «ғамалус-салих») кең мағынада қарастырып, қоғамға пайда келтіру, ғылымның дамуына үлес қосу деп ұғады. Сөйтіп, діни және зайырлы түсініктер өзара сәйкеспейтін мысалдар көп.

Дінтанушы ғалым Мұқан Исахан: «Жастарымыз қазір саналы тұрғыда емес, еліктеу тұрғысынан ғана дінге бет бұрды» дейді. Әзірге мешітті төңіректеген жастарымыздың көбісі тақлиди иман (еліктеп, еріп иман келтіру) қылумен жүргені рас. Жас буынды енді терең ойға бұрудың уақыты жетті. Енді бір сөзіміз айтылмай қалып барады, «діни реформа» дегенде өздерін дінтанушы санайтын кейбір азаматтар қайын атасының атын естіген жас келіндей шошып қалады. Шын мәнінде, діни реформа термині діннің жансыздануын болдырмау әрекетіне қатысты.  Шәкәрім: «Дін шатағын сынға сал!» – дейді. Өйткені, қашанда өсу, өркендеу үрдісіне байлаулы қоғамға тар шарбақ керексіз, оған ақыл, ғылымнан, қисын, дәлелден туған иман (мұсылманша – якини иман) қымбат. Әрбір зайырлы мемлекет хәл-қадірінше парасатты қоғам құруға күш салады. Әр азамат, оның ішінде сенуші білімді, саналы болып, ғылымды азық еткенін қалайды. Құранда ғылым (илм) сөзі 750, ал зікір (Алланы еске алу, сәжде қылу деген мағынада) сөзі тек 78 жерде қайталанған. Бұл ойлы адамға көп жайды аңғартса керек.

Сөз соңы, мақалада дін мазмұнына (ғылым, махаббат, әділет) екпін бердік. Діннің формасын жоққа шығарудан аулақпыз, ол тек мазмұнға қызмет етсін. Сол үшін дін дамуының  оң бағыты теология көкжиегінде деген ойды ортаға салдық. «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі». Осы өсиетке адалдық танытсақ, мұсылмандығымыз ортайып қала қоймас. Қайта біздің қазақ керемет ұлтқа айналар еді-ау. Сол «өмір қайнар, көңіл жайнар» (Шәкерім) кезеңге қазақ елі тезірек жетуіне мейірімді Алла тағала нәсіп етсін дегіміз келеді.

Асан Омаров,

Дінтанушы ғалым.

Семей қаласы.

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір