12-дәріс. АШЫНҒАН АБАЙ

1892 жыл Абай иығына сан алуан ауыртпалық артты. Осы жылғы ақынды ашындырған оқиғалар аз емес.  «Абай кісі мінін айтып, өлең шығарғыш болғанда, – дейді Мұхаң, – осы құралды еш уақытта нағыз жауына қарсы жұмсамаған. Өлеңмен мысқыл қылатыны ылғи өз жақыны, өз достары болады». Абайдың  жалғыз ағасы Тәңірбердіні, тұңғыш баласы Ақылбайды сынға алған өлеңдері  соның айғағы.

 

 Тәкежанмен араздығы

Тәкежан (шын аты – Тәңірберді) – Абайдың жалғыз ағасы. Мәселе сонда, туыстар   арасындағы араздық пен жарықшақтың іздері Абай шығармашылығында «мені біл, анықта!» деп сайрап-ақ жатыр.

Мысалы, 1886 жылғы «Көжекбайға» өлеңінде ақын:

Әркімде-ақ бар ғой туысқан,

Қайсысы жауды қуысқан?

Күн жауғанда қойныңда,

Күн ашықта мойныңда,

Арылмас міндет болған соң,

Әркімнің көңілі суысқан, –

десе, бұл өз басынан кешкен жәйт.  Үлкенді-кішілі алуан оқиғалардан бүгінге жеткені – 1887 жылы Базаралы бастатқан жігітек жігіттері Тәкежан байдың бір қос жылқысын (800 бас) шауып алады. Соған байланысты келер жылы Семей қаласында ояз билері кеңесінің соты өтеді. Абай оған қатысудан бас тартады. Елдің әрекесін тілемей, берекесін тілегендіктен және Олжай арасын онан әрі ушықтырмау жайын ойлағандықтан (Тәкежанның даугері ретінде жүгініске жасы 30 енді ғана толған, ол күнде Тәкеңнің тәрбие-ықпалында жүрген, Шәкерім түсіп, бір сәтте «шешен», «жүйрік» деген атақ-даңққа бөленгенін айта кетудің орайы бар. «Мұтылғанның өмірі» деген өзі туралы дастанында Шәкерімнің:

Ұлық пен елге жағындым,

Әртүрлі атақ тағындым.

Ар кетіп, айла жамылдым,

Бейне алдамшы сопымын.

Қарасам мақтау айнадан,

Әлемнен озған мен бір жан:

Ел құтқарған топаннан

Тобықтының мұқымын, –

деп, өкінішпен сан соғуы астарында осы аты-шулы оқиға да жатыр).

Сол 1888 жылы Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» деген өлеңі дүниеге келген. Онда Тәкежан мен бәйбішесінің тастай сараңдығы мен мейірімсіз ит мінезін көріп ақын:

…Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр, азғыр! –

деп, қатты ызамен жазғырады.  «Бұл өлеңді, – дейді Тұрағұл, – өзінің Тәңірберген деген ағасының ауылында, ағасы мен жеңгесінің Дінісләм деген немересін «тамағыңды үйде отырып іш» деп аңдып отырғанын, оның құрбыларымен бірігіп ішкісі келіп отырғанын көріп айтқаны» (бір тәуірі, үшінші буын Абай рухының шапағатын сезініп өсті, жаңағы Дінісләм Әзімбайұлы 1917 жылы Семей уездік Земствосына мүше 30 қазақтың бірі).

Үш жыл кейінгі кейісті уақиғаны да Тұрағұл аузынан естиік:

«1891 жылы Оразбай Оспанмен араздасып жауласқанда Тәңірберді деген ағасы Оразбай жаққа шыққан. Былайша болмақтың себебі – Тәңірберді сүйегі бос адам еді, ертерек қартайып, билікті Әзімбай деген баласы алған. Әзімбайдың жауласқан себебі: талабы бар оқымаған жас жігіт абұйырлы болмақты ел билеумен табамын деп ойлап, өзін қолдаушы ел таппаққа ең қолайлы жол – ағаларының жауын ел қылғаны болып көрінді. Оразбаймен құда болған. Оразбайлар ойлаған, бұларды бөлмесек болмайды, өстіп құда болып бөлелік деп».

Көрдіңіз бе, Тәкежан мен Әзімбай жаңа құдасы Оразбай жағына шығып, өзінікін өзектен теуіп, тобықтан қаққан. Бұл шикілік, кезіндегі Ерболдың опасыздығы сияқты, Абайды қатты қынжылтқан.  Кекете, мұқата, дөп тигізе айтқан «Тәңірбердіге» деген 7 шумақ арнау өлеңі сол кейістің жаңғырығы есепті.

Байсып, паңсып,

Көрінгенге бәлсіп,

Өзі ғана келгендей,

Дүниеге жансып.

Маң-маң басып,

Мен-мендігі асып,

Мал бітті деп, көңілі

Көтеріліп тасып.

Өлең осылай басталған. Келесі шумақтарда ағасының сараңдығы, жақынға жаны ашымастығы мен «өтірік, өсек, дау десе, бәйге атындай шабатын» мінезі сыналған. Өлеңнің соңын түйіндегені:

Қолыңнан келер түк те жоқ,

Осының маған болды кек.

«Қолыңнан келер түк те жоқ» дейтіні Тәңірберді от басы, ошақ қасы ұсақ шаруадан бойы аспаған адам (кім өнерсіз, ел жұмысына епсіз, бірақ тәкаббар болса, сол кісі бойына жаман мінездер әмісе үйірсек келеді).

Абайдың қатты ашынған жайы оқырманға ұғынықты болу үшін сол 1892 жылы уайым, қайғылар қат-қабат келгенін еске сала отыралық. Бірінші, оқыстан қайтқан інісі Оспанды жөнелту, оның орнын күзету. «Бұл інісі елдің міндетінің барлығын Абайдан шығарып, өз мойнына көтеріп алған еді. Өзге туысқан ішінде Абайдың ең жақсы көрген інісі еді» дейді Мұхаң. Екінші,     сүйікті ұлы Әбіш сырқатының асқынуы. Осы жылы Әбіш Петербордан Кавказға барып ем-дом алады. Әйтсе де өкпе ауруы – құрт дертінің беті қайтпаған. «Әбдірахман өліміне» өлеңінде:

Петерборда-ақ кідірмей,

Біліпті дерттің барлығын.

Тәуекел қып білдірмей,

Күтіпті Тәңірі жарлығын, –

деуінде осы астар бар. Осыған Абай мен Әйгерім арасында пайда болып, тым ұзаққа созылған қамырықты, кірбің мен түсінбеушілікті қосыңыз.

Ал Оразбай, Күнтудің  болыстықтан үміткер Әзімбайды Абайға қарсы айдап салған әрекесі онсыз да жайсыз ахуалды қоюлата түседі. Абайға Әзімбайдың «Оспан мұрасынан кем қалдым деп өкпелеп жүргені» (Әрхам)  аян-ды.

Сонымен, жоғарыда баяндалған жәйттерден Абайдың «Тәңірбердіге» деген өлеңі, сірә да, 1892 жылғы деген тұжырым туады. Әлі күнге «жазылған жылы белгісіз» делінетін өлеңді өз орнына қоятын уақыт жетті.

Тәңірберді неліктен даңқты да қасиетті інісі қайғырса бірге қайғырып, қуанса бірге қуана алмаған, қазақы ұғымша, қанына тартпаған? Енді осыған келейік. Ол атасы Өскенбайдың қолында өсті. Бірақ басты себеп – ішкі түсінбеушілік, жолы бөлектік. Бұл ретте қазақтың бас кітабы – «Абай жолы» эпопеясы «Қастықта» тарауынан бір үзіндіге жүгінелік. Естеріңізде ме, Әзімхан төре (Әлихан Бөкейханов деп оқыңыз) Шыңғыстауға ат басын тіреп, құрметті қонақ ретінде күтілмей ме. Соны суреттеген тұста Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «Шұбар (Шәкәрім деп оқыңыз) Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады. Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, «Абайдың сөзі» деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан «қалыспай жүріп қарасамын» дейтін адам».

Көріп отырсыздар, ғұлама Мұхаң төрт туыстың арақатынасы қалай қалыптасқанын астарлап, майдан қыл суырғандай етіп жеткізген. Соңғы екеу – құлқынның құлы болып, алдыңғы екеу – дүниеге бой алдырмай өмір сүрді. Жолы бірді қазақ «жолдас» дейді. Ал жолы бөлек болса ше? Құдай сақтасын, онда бірге туған ағайының да жат болады да шығады.

Сөйтіп, Абай мен Тәкежан бөлінісі тұрмыстық араздықта емес, гәп дауасы жоқ рухани алшақтықта жатыр. «Абай жолында» баяндалғандай, өз туысының опасыздығы Абайдың жанын жаралап, көңілін құлазытқан, ақыр соңында қан қысымы дертіне (гипертония) әкеліп соққан жағдаяттың бірі болған.

Енді 1892 жылғы Абай өлеңдеріне жүгінелік.

«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» өлеңінде:

Жұрттың бәрі сөз сатқан,

Сатып алып не керек?

Екі сөзді Тәңірі атқан –

Шыр айналған дөңгелек.

Осы жолдар ойландырады, ақынның елестеткені Әзімбай бейнесі, жүдә. Екі сөзді де, шыр айналған пысық та сол еді ғой. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» өлеңінде:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді!

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

«Шикі» сөзі ағасы Тәкежанға ма? Жұрттың оны «солқылдақ, шикі» санағаны мәлім. «Бойы бұлғаң, Сөзі жылмаң» өлеңінде:

Түзу бол деген кісіге,

Түзу келмес ырықтап.

Сырдаң тартып қашады,

Ұстайсың қайтіп құрықтап?

Тағы да Әзімбай, білем. Қалай болғанда да қатты ұқсайды (осы жылы тұңғышы Ақылбай бір ісімен Абайды қапа қылған-ды. Аңқаусоқ Ақылбайды «Сен де Еркежанның әмеңгерісің, қапы қалма!» деп арандатқан осы Әзімбай-тұғын). «Жақсылық ұзақ тұрмайды» өлеңінде:

Кез келсе қайғы қат-қабат,

Қаңғыртпай қоймас адамды.

Қасиетсіз туған – ол да жат,

Күңкілдеп берер сазаңды.

Қазақта «қасиетсіз» сөзі – кісіліктен жаңылу деген мағынаны білдіреді. Абай «қасиетсіз туған» деп бұл жолы да Тәкежанды меңзеген деп болжам айтамыз. Онсыз да «мыңмен жалғыз алысқан» ақынға бір туған ағасының «күңкілдеп» айтқандары ауыр тимегенде қайтеді. Ғақлия сөзінде ойшылдың:   «Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «әй, Тәңірі-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?» (34-сөз) деуі осы болжамды құптай түседі.

Бақсақ, 1892 жылғы төрт-бес өлеңнің шығу төркіні бір. Түбінде, Абайдың кейбір ғақлиясы мен «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» (1896), «Жүрегім менің – қырық жамау» (1899) сияқты кейінгі өлеңдері де  «қасиетсіз» туыстарға деген өкпе-сыздан ада емес. Зарлы өлең шамданған, қорланған, ашынған көңіл-күйден туады әсте.

Екі туыста  мінез, оған қоса, өмірлік ұстаным-мақсат екі басқа болғаны аздай, құданың құдіреті, Тәкежанның дене бітімі мен бет-әлпеті де өзгерек болған (бір естелікте ол «ұзын арық ақ шал» делінген және жеңгелері оған «Құсмұрын» деп ат қойғаны аян). Не керек, аралары ашылып, асқынған жараға айналған, ол бітеу жараны тескен біз – 1892 жылғы оқиға екеніне, тағы бір айтайын, «Тәңірбердіге» өлеңі куә болады.

Бірақ Тәңірбердіні «арамза, қаскөй болған» деуге ауыз бармайды. Ол Абайдың бір ауыз сөзін жаттап көрмеген қырдың надан байларының бірі. Типтік бейне. Өзгеректігі – Абайға туыстығы ғана. Әзелде көзі көргендер Тәкең жайлы сипай қамшылап қана айтады (Тұрағұлдың «сүйегі бос адам еді» дегені сияқты). Төсек тартқан соңғы күндері «Анадан төртеу ек, енді сен де кетіп, мен жалғыз қалмақпын ба?!» деп кемсеңдей кірген Тәкежанға Абай: «Ер бір өледі, ез мың өледі» депті-міс.

Мынаған қараңыз: 1893 жылғы сайлауда Абай болыс, ал оның кандидатына «оқымаған» (Тұраштың сөзі) Әзімбай сайланыпты. Бұл не, татулыққа қадам ба, құшақ жайған туыстық нышаны ма?

Бірақ… соңғы туындысының бірі – 1901 жылғы «Ұялма дегені көңіл үшін» өлеңінде ойшылдың:

Туысқаның, достарың – бәрі екі үшті,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті.

Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,

Бұл не деген заманға ісім түсті?! –

деп қапа болуы көңілді тағы да күпті қылары анық.

 

Әкенің сыны   

Ұлы ақын болмысын, тұрпатын толығырақ танып-білуге кейбір елеусіздеу фактілер де өз септігін тигізеді. Сондай кішкене дәйектердің бірі – Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» деген туындысы. Өлең қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған жаңа ырғақпен жазылған. Оны ақын Ділдәдан туған тұңғышы Ақылбайға арнаған. Өлең 1890 жылдікі делінеді, шындығында бірер жыл кейін, шамасы 1893 жылы дүниеге келуі де ықтимал. Бұлай жорудың мәнісі төменіректе мәлім болады.

Ақылбайды Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным сәби кезінен (1861) бауырына салған. Ол кәртейген Құнекеңнің қолында шаруаға қырсыз еркетотай, аңқаусоқ болып ер жетеді. Өзге балалар сияқты қала тұрмысын көрмей, жаңаша оқудан да ғапыл қалады. «Тәлім-тәрбиені» көбіне Қарашоқыда көршілес тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрдасы, ағасы Тәкежанның баласы Әзімбайдан алады.  Сөйтіп, аталған өлең Ақылбайдың бос белбеулігіне, орайсыз жүріс-тұрысына әке көңілі әбден қалғаннан кейін жазылған.

Бірер мысал алайық. Ақылбай үйленген кезде Құнекеңмен бір шаңырақта тұрады. Оның сырын, аңқау мінезін білген соң, келіншегі Ізхан, ол атақты Қисық мырзаның немересі, енесі Нұрғанымға көнбей кеуде көтере бастайды. Былайша айтқанда, билікті өз қолына алады. «Құнанбайдың жылы өткен соң, Нұрғаным екеуі сыйыса алмай жанжал бола бастаған соң Абай Ақылбайға енші беріп, бөлек отау ғып шығарып, Нұрғанымды өз қарамағына алады», – деп жазады Әрхам ақсақал. Екінші оқиға. 1887 жылы Тәкежанның 800 бас қалың жылқысын Базаралы бастатқан Жігітектің жігіттері шауып алғанда, Ақылбай Әзімбаймен бірге жылқы басында жүрген ғой. Алашапқынды өз көздерімен көреді. Әзімбай жаумен жағаласып жүргенде, Ақылбай пақыр барымтаға қолды бір сілтеп, жәйбірақат қоста қала беріпті. Әзімбай «жылқыны жау шапқанда Ақылбай қуырдақ дәмді екен деп қоста қалып қойды» деп елге айтып келеді, әрине.

Оғаш оқиғаның «көкесі» Оспанның жесірлеріне әмеңгерлер таласы қызған 1892-1893 жылдары болған. Бұл жолы Әзімбай Ақылбайды «Еркежан сенің заңды жесірің, қапы қалма!» деп азғырады. Аңқау жігіт әмеңгерлікке таласам деп ұятқа қалады.

Сөйтіп, тұңғыш баласы жайлы Абайға «ел танымайтын үйкүшік»,  «жігерсіз, ақылдан кенде», «шаруаға қырсыз, артық өнері де жоқ» дегендей өңкей жайсыз, көңіл жанбайтын сөздер жетіп жүреді. Міне, жоғарыда аталған өлең осы күйініштен туған. Онда ақын екі бейне: бірі – сүйінетін ұл, екіншісі – сүйкімсіз ұл сипатын терең ашып береді.

Ата-анаға көз қуаныш –

Алдына алған еркесі.

Көкірегіне көп жұбаныш,

Гүлденіп ой өлкесі, –

дей келе, ұрпағының мынадай міндерін бетіне басады:

Ата көңілі жанбаса бір,

Артық өнер шықпаса.

Ел танымай, үй танып құр,

Шаруасын да ұқпаса (1890).

Өзі көп оқыған, көп білген және ел қамы деп түн ұйқысын төрт бөліп жүрген әкенің «ұлдарым да еліне елеулі азамат болса, шіркін» деп арман қылары анық. Абайдың «ел танымай, үй танып құр» деп ашынатыны сол.

Обалы нешік, Ақылбай әке сынын дұрыс қабылдайды: өзіне арналған әке ғибратынан соң, мінезі, жүріс-тұрысы елеулі өзгеріске түседі.  Абай «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген афоризмін Ақылбай сияқты жастардың түзелгеніне көзі жетіп айтқан болар-ау, бәлкім. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, – дейді Абай. – Сонан қашпақ керек. Әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің» (38-сөз). Ұстаз әкенің адам басындағы осы үш кемшілікті оқу-білім арқылы түзеуге болады деп өзінің сенгені және оған шәкірттерін де сендіргені сөзсіз.

Ақыры, Ақылбай әке ұстанған адамгершілік ережелерді  қабыл алды. Осыдан соң, оның ақындық, сазгерлік өнері де жарқырай ашылып, әкесінің талантты шәкірті, Абай мектебінің көрнекті өкілі ретінде есімі тарихта қалды.

Ұлы Абайдың сынына ұшыраған адамның бірі – Әсет Найманбайұлы (1867-1923). Ұлы ақын 1889 жылы әйгілі әншіні бірқанша айлар ауылында сақтағаны мәлім. Демек, «Әсетке» деген өлеңі осы жылғы туынды. Абай өзінен көп кіші, 22 жасар Әсет мінезіндегі ізденбеушілікті, үлгісіздік пен өрескелдікті айта келіп:

Кісімсіп белгілі білгіш,

Біреуге сондай-ақ күлгіш.

Бұлықсып, бұлданып босқа,

Өзімшіл, оңбаған шерміш, –

деп ащы тілмен сойып салады. Бір ғанибеті, жаңағы Ақылбай сияқты келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай сынынан өзіне өмірлік сабақ алады. Ол Абайды өле-өлгенше аузынан тастамаған деседі. Ақтық қоштасу өлеңінде:

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген, –

деп арман қылуы соның бір куәсі.

Сөйтіп, Абай надандық, өркеуделік, адамгершілік қалпын дұрыс сақтамай, өзгені қор, өзін зор санайтын паңдық мінездерді мейлінше жек көріп жиренген.

Бір ғажабы, Абай өлеңдері нақтылы адамды емес, жалпақ жұртты сынағандай әсер қалдырады. Егерде біз жоғарыда қарастырған өлеңдерге көзі көргендер куәлік етпеген болса,  оларда Тәкежан мен Әзімбай, Ақылбай, Көкбай немесе Әсет сөге сыналған дегенге сену қиынға соғар еді. Шәкерімді сынаған өлеңдері жайлы да осыны айтамыз. «Абай біреудің оғаш мінезін көргенде, – дейді М. Әуезов, – ылғи қалжың, әжуа, мысқыл өлең айтқыш болған. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында жүрген жақындарын, ағайын-туысқандарын мысқыл етіп, солардың мін-мінезін күлкі ғып, әйгілеп айтады».

Абай әлемі көпқырлы әлем. Оның әлі күнге жұрт назарынан тыс қалған, зерттеушілер бара бермеген өрістер аз емес. «Біз Абайға жаңғыру заманының жаңаша биігінен қарап, тағзым етуге міндеттіміз, – деген еді ұлт мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында. – Өйткені, Абай мұрасының ағартушылық сипатын тым баса айта бергендіктен оның шын мәніндегі ұлылығын танытатын қырлары қағажу қалуда». Ескерту орынды. Олай болса, ұлының ұлылығын танытатын, бірақ «қағажу қалған» қырларына бет түзелік.

Асан Омаров, абайтанушы ғалым.

 

 

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір