Удай баға. Шайтанға айналған үмiт

Құрбан айттың екiншi күнi Алматыда жауын жауды. Күн аяқасты суытып кеттi. Жұмыстан соң үйге таксимен қайтуды жөн көрдiм. Құлжа жолы бойындағы ауылдарға әдетте “Саяхаттан” көлiк жүргiзу­шiлер 200 теңгеден жолаушы ала кетедi. Тоқтаған таксиге отырғаным сол едi, iштегi бiр әйел: “Жүргiзушi бiздiң ауылға дейiн 300 теңге сұрап жатыр”, – дедi. Бұл “жаңалық” әрине, маған жаққан жоқ. “Саяхаттан” ұзамай тұрып түсiрiп кетiңiз, бүгiн жауын жауды деп 300 теңге алсаңыз, ертең қар жауғанда 500 теңге бола ма?” деп бұрқ-сарқ қай­най бастап ем, үшiншi жолаушы: “ол қалжыңдады” деп қысқа қайырды.

Жүргiзушi менi түсiрген жоқ. Соған қарағанда, “баға бұрынғыша қалған шығар” деп топшылай бастап ем, бағанадан үнсiз келе жатқан ол: “бензин қымбаттады, 300 теңге бермесеңiздер де 250 теңгеге келiсесiздер ғой” деп қалды. Бiз, артта отырған жолаушылар, дабырласып барып мақұл дестiк. Әрине, 50-100 теңгеде тұрған ештеңе жоқ. Бiрақ күнде қалаға жұмысқа қатынайтын жолаушылардың қалтасына бұл кәдiмгiдей салмақ түсiретiнi анық. Содан таксидегi жолаушылар ауысып жатқан үкiметтi, жалпы, билiктi сыбай бастады. “Үкiметтегiлердiң айтуына қарағанда, ең арзан бензин бiзде екен. Еуропамен салыстырғанда, бес есе арзан жанармай тұтынатын көрiнемiз. Осы үкiмет бiздi ақымақ санайды. Бiздiң жалақымыз, зейнетақымыз еуропадағыдай емес қой. Тiптi бұл жағынан бiз Ресейге де жетпеймiз. Жаздыгүнi Мәскеуде болдым. Украина мен Белоруссия азаматтары кедендiк тексерусiз өтiп жатты. Қазақстан да Кеден одағының қатарында әрi ЕАЭО-ға мүшемiз, менi де бақылаусыз өткiзетiн шығар десем, маған кезекке тұрыңыз дедi. Ал бiзде қалай, билiк пен БАҚ сол Ресейдi жағы талғанша күнi-түнi дәрiптейдi. Доспыз дейдi, толып жатқан одаққа мүшемiз дейдi, айналып келгенде сайтанның сапалағы да жоқ. Мұның бәрiн өз көзiммен көрiп қайттым. Ал халық оған сенедi. Бұл үкiмет бiздi қашанға дейiн алдайды”, – деп ортада отырған орыс келiншек күйiп-пiстi.
“Күнi кешеге дейiн АИ-95 бен­зинiнiң бағасы 149 теңге болса, қазiр 152 теңгеге сатылып жатыр. АИ-92-нiң құны 126 теңге едi, оған 2-3 теңге қосылыпты. Бензин қымбаттаса болды, ол басқасын да өзiмен бiрге жетелей кетедi. Айтпақшы, газ да, жарық та қымбаттады. Биыл қыста шығынның астында қалатын шығармыз”, – деп осы кезде жүргiзушi де әңгiмеге аралас­ты.
Қазiр Алматының iргесiндегi Тал­ғар, Қарасай, Iле аудандарына газ құбырлары тартылып жатыр. “Баға сұмдық ендi. Ондай бағаны қайдан алды? Кiм бекiттi? Келiсiмшартта 25 метр құбыр төлеген сомаңыздың iшiне кiредi деп көрсетiлген. Сол құбыр қайда десем, маған газ тартушылар сыпайы күлдi де қойды. 180 мың теңгеге пеш сатып алдым, ал үйге газ құбырын тартып, кiргiзiп бергенiне 400 мың теңге төледiм. Сонда бiр үйге газ кiргiзу құны 600 мың теңгеге түстi”, – дейдi көлiктегi тағы бiр жолаушы. Мұн­дай ақша екiнiң бiрiнде жоқ қой. Мысалы, менiң бiр көршiм: “Биыл газ кiргiзе алмаймыз. Күйеуiм ғана жұмыс iстейдi. Өзiм онкологиялық дертке душар болып қалдым. Дәрi-дәрмек удай. Дәрiгерлерге ақша бермесең қарамайды. Көмiр сатып алуға ғана шамамыз жетедi”, – дедi мұңайып. Ал оң жақтағы екiншi бiр қоңсым: “Пештi кем дегенде 150-200 мың теңгеге сатып аласың. Газды кiргiзуге 300-400 мың теңге бересiң. Қазiр құбырды жеке­меншiк компаниялар тартып жатыр. Олар қымбат сұрайды. Келер жылы мемлекет кiргiзетiн болса, арзанырақ түсетiн шығар. Бағаның арзандағанын күтемiн”, – дейдi.
О заман да, бұ заман бiзде баға өспесе, арзандайды дегенге күмәнданамыз. Мемлекет бар мәселенi халықтың есебiнен шешкiсi келедi. Әйтпесе, сол елдi мекендердi газдандыру саясатын дұрыс ұйымдастырса, мұндай аласапыран болмас едi. Бұл шаруаны бiр емес, бiрнеше компанияға артса, онда бәсеке­лестiк те орнығар едi. Қайда барсаң, тамыр-таныстық пен монополия. Монополистер бағаны қымбаттатпаса, төмен түсiрмейтiнi бесенеден белгiлi. Қолдан ұйымдастырылған тендердi де солар жеңiп алатыны тағы анық жағдай. Нәтижесiнде, удай баға қарапайым тұтынушының мойнына ауыр салмақ түсiредi. “Көгiлдiр отынның” қызығын көруден ешкiм қашып отырған жоқ. Үйге келiп тұрған газдың “құлағын” бұрай қойған қандай немесе үстi-басың күйелеш-күйелеш болып көмiр жаққан қандай! Айырма жер мен көктей. Қолында қаржысы болмаған соң, қымбат газды кiргiзуге екiнiң бiрiнiң мұршасы жоқ.
Сөйтiп, қымбатшылық қос өкпеден қысқанда, удай баға ел-жұртты естен тандырып тұрғанда билiк­тегiлер: “жағдайымыз 2020 жылы жақсарады” деген әңгiме айтып, жүйкемiзге тидi. “Қашаған мұнайы қарқ қылады” дегенге сенейiк десек, 2005 жылдан берi әнi-мiне деп келген “қара алтынның” қарасы күнi бүгiнге дейiн көрiнбедi. Энергетика министрi Қ.Бозымбаев: “бұйырса, қазанда алғашқы өнiмдi аламыз” деп мәлiмдеп те үлгердi. Бiрақ мамандар “коммерциялық өнiм алғанша одан табыс түспейдi” дейдi. Қалай болғанда да, билiк халыққа әлдеңе айтып алдандырады. Ғажайып күн алда дейдi. Бiз соған иланып қаламыз да иықтағы ауыртпашылықты арқалап жүре беремiз. Өзiмiзге де обал жоқ. Титықтап бiткен күнi не iстер екенбiз?
“Жас Алаш” газеті

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір