Сөзін ақын Есенқұл Жақыпбеков, әнін сазгер Жаркен Омаров жазған «Біздің елдің жігіттері» атты терме сын сағатта сыр білдірмес, намысты қолдан бермес нар азаматтардың болмысын дөп сомдаған туынды. Осы термеде сипатталған кісілік бітімге сай, айналасы мақтан тұтуға лайық, сөзі мен ісі жарасқан жігіттер ел ішінде қашан да болған, бола да береді. Алайда, ісін бұлдамайтын, күшін саудаламайтын мұндай сабаз жандар өздерін үнемі қарапайым ұстап, көбінесе көзден таса болуға тырысады. Өйткені, олар әлдебір шаруаға қолғабыс жасаса да, тәуекелге бел байлап таудай іс тындырса да атағын шығару үшін емес, не нәрсеге азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарайды. Біз де көптің кәдесіне жарап келе жатқан дәл сондай азаматтың бірі жайлы сөз қозғап көрмекпіз.
«…Осы елден Бақ пен Қызыр кетпесе екен деп тілеп,
Осы жұрттың осал жерін түзеп жүрген шегесі» деп келетін терменің тәмсілді тіркестері біздің кейіпкеріміз Серікхан Исаевтай аптал азаматтың кісілік келбетін ашуға арналғандай. Расында Серікхан да «Ауылымнан ауызбірлік кетпесе екен» деген тілекпен жүрген елжанды ердің бірі. Сөзбен емес, нақты істерімен туған жерінің туын көтерісіп, ауылдастарының игілігіне қатысты мәселелерге белсене атсалысып келе жатыр.
Қанатын қатайтып, топшысын бекіткен ауылы Қарабұта Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты өңір. Кезінде 900, қазір 500 дей жанұяға мекен болып тұрған Қарабұтада соңғы 10 жыл көлемінде Серікхан Аязұлының күшімен бірталай халықтық шаруалардың басы қайрылды. Басқасын былай сырып қойғанда, Секеңнің қолға алуымен туған ауыл төрінде мұнаралы мешіт салынды, 1,5 гектарлық саябақ ашылды. Асып-тасыған байлығы болмасада, орта дәулетті қарапайым азаматқа бұл үлкен шаруа. Мәселе, байлық пен дәулетте емес, барыңды өзіңмен қатар өзгеніңде игілігіне жарата білерлік бекзадалықта. Біздің байқағанымыз оның ең үлкен байлығының бірі – ұйымдастырғыш қабілеті мен аға-бауыр, дос-жаран ортасындағы азаматтық абыройы секілді. «Ісім өнсін десең, ретін тап» деген ұлы Абай ұлағатын бойына сіңіре түскендей.
Алматыдағы арнаулы салт-дәстүрлер қызмет көрсету мекемесінің қызметкері Секең жайлы бұл мақаланы біз кейіпкерімізді мақтау үшін емес, оның өзгеге үлгі боларлық өнегелі істерін, қайырымды қадамдарын көпшілікке жеткізу үшін қолға алып отырмыз. Тірлігі алыста жалғасып жатса да туған ауылының игілігі үшін езуіндегін жырып беруге дайын ер еңбегін ел неге білмеуі керек деген ойымыз да жоқ емес. Көптің керегіне жарау, жұртқа жақсылық жасау әр азаматтың перзенттік парызы. Әркім шамасына қарай, білік-біліміне орай әрекет жасайды, кейде тәуекелге де барады.
Міне, біздің кейіпкеріміз Серікхан сол тәуекелге барған топбастардың нағыз өзі. Әрине, ауылындағы мектепке ұлттық оркестр аспаптарының толық құрамын әперіп, ел ішіндегі ат спортының, палуандық өнердің дамуына қолынан келгенше демеу болып жүргені қалыпты қамқорлық қатарындағы шаруа. Алайда, айналасы да, ауылдастарыда күтпеген шаруа – мешіт құрылысы болды. Ол Серікханды үлкен тәуекелге бел байлатты. Ойына алған мешіт мәселесі он жылдан асып барып жүзеге асқанын ескерсек, оның бұл қадамға жан-жақты әзірлік, үлкен дайындықпен келгенін аңғарамыз. Дүкен немесе дәмхананың құрылысы емес, халықтың құдайға құлшылық ететін орыны – тағылым ғимаратын талапқа сай тұрғызу жауапкершілігі анағұрлым зор екені есте берік сақталды. Соның бәрін ескере отырып, тәуекел жасауға, белді бекем бууға тура келіпті. Неге екенін де айта кетейік.
Серікханның арғы атасы Иса қажы Сонабайұлы 1926 жылы мешіт-медресе салып халқтың алғысына, Алланың сауабына бөленген адам. 1898 – жылдары Меккеге барып-қайтқан Иса қажының сол мешіті арғыбеттегі Шағантоғай өңірінің Жиек ауылында әлі сақтаулы. Жергілікті мұсылмандарға қызмет көрсетіп тұр. Аймағына ағартушылықтың шуғын шашқан Иса қажы елінің тізгінін тең ұстаған бірегей тұлға болғанын дәйектейтін деректер жетерлік. Халыққа қамқор бола білгендігінің бір мысалы 1931-ші жылдары Қазақстандағы ашаршылықтан ауып барған елдің тынығып алуына арнайы үй тіктіріп, қазан көтерткен. Тіпті, бір жылы елу отбасын бір қыс бойы ақы-пұлсыз асырап шыққан. Тағы бір айрықша мағлұмат, Шәкерім Құдайбердиевтің ұлы Зият арғы бетке өткенде осы Иса ауылында ұзақ аялдап, қажының Ғани есімді баласымен сыйлас дос болған. Иса қажының халықтық қамқорлығына әбден тәнті болған Зияттың:
“…Меккеге тәуап етіп барған қажы,
Мешіт пен медресе салған қажы.
Аш-арық адамдарды тойындырып,
Көз қырын мүсәпірге салған қажы.
Амалын екі әлемнің бірдей ойлап,
Сауабын дүниенің алған қажы.
Қайырым, мейірімді көмегі жоқ,
Аталып жүргендер көп жалған қажы…” деген өлеңінің үзіндісі ел аузында сақталып қалған. Иса қажы болмысын сипаттаған бұл шумақтар “Шалқар” газетінің 1994 жылы сәуір айындағы санында жарияланған. Өз заманының зиялысы болған қажының қадір-қасиеті, халқына сіңірген еңбегі жеке тақырыптың жүгі болғандықтан ол кісі жайлы осы тұстан тізгін тартайық.
Бірі 20 ғасырдың, екіншісі 21 ғасырдың басында халық игілігі, имандылық иірімі жолында мешіт тұрғызған баба мен шөбере арасында осындай ұқсастық пен үндестіктің орын алуы көптің көңілін бір марқайтып тастады. Осы ғасырдың басында мемлекетімізде орын алған реформалар кезінде рухани танымы таяз ағайындарымыз әр ағымның етегінен бір ұстап адасушылыққа ұрына бастағаны белгілі. Ұлттық болмысымызға ұрын тиіп жатқан түрлі насихатшыларға тосқауыл қою жолында жер-жерде мешіттер ашу қолға алынды. Қысқа жіп күрмеуге келмеген шақта ауылды жерлердегі бұрынғы кеңселерді, мәдени ошақтарды мешітке айналдыруға мәжбүр болғанымыз рас. Осындай көріністерді көңіліне түйген Серікхан ауылындағы еңсесі түскен ескі ғимараттың мешітке айналғанын іштей қаламапты. Мешіт боп қайта жабдықталған ескі тамдар елдің дініміз бен ділімізге деген құлшынысын бәсеңдетіп алмайма деген көңілде алаңдаушылық орын алыпты. Мұның бәрі шарасыздықтан екенін де түсіне отырып, қазіргі техника дамыған, арихтектура жетілген, құрылыс өркендеген заманда неге заманауи мешіт салмасқа деген ой түйеді. Ол ойын тиісті орындарға айтқанымен «Мықты болсаң өзің салып бер» деген жауап еститінінде білді. Ойланды, толғанды, кеңесті. Шешімге кеді.
Сөйтіп, 2007 жылы құрылысы басталған мешіт 2008 жылдың тамызында пайдалануға берілді. Іші-сырты озық үлгілермен өрнекетлген, «Мешітің қайсы? дегенде» қасқайып түрып «Міне» деп көрсетерлік көрнекті мешіттің көркіне көрген жанның көңілі марқаяды. Қарабұталықтардың мерейі өсіп, еңселері бір көтеріліп қалды. Туған ауыл болашағын ойлай білген жерлестерінің бастамасына сол кездегі ауыл әкімі Аман Сәдуақасұлы бастаған жергілікті тұрғындар шынайы атсалысып, тілеулестік танытты.
Иә, сабақты ине сәтімен деген осы. Содан бері Иса қажы атындағы мешіт ел игілігіне қызмет етіп келеді. Жақсылыққа сүйініп, жамандыққа күйініп жүретін дағдымызбен сонау бір шалғай түкпірдегі қайырлы істен ел кеңірек хабар дар болсын деп кейіпкеріміз жайлы осы мақаланы қолға алдық.
Бұл азаматтың осы мешіттің ашылуы кезінде «Ауылымызға деген көмегіміз осы шаруамен шектеліп қалмайды» деген сөзі бар болатын. 2012 жылы Секеңнің бастамасымен ауыл ішінде саябақ ашылды. Мұндағы басты мақсат – жеткіншектердің патриоттық тәрбиесінің қалыптасуына үлес қосу. Қызыл сөз, қызықты ойын-сауық түрінде емес, склуптуралық негізде.
Саябақта сәбиіне еміренген ана болмысы қазақы ұғыммен сипатталып «Ана мен бала» атты тасмүмін бой көтерді. Келесі тұстағы тұғыртаста айқарма ашылған кітап бейнеленсе, одан кейінгі ескерткіш ерлік сабақтастығына арналды. «Ерлікке тағзым» деп аталатын үш бағанатасқа қазақ даласын қорған батырлар мен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангерлерге және ел ішіндегі еңбек ардагерлеріне арналып тағлымды сөздер жазылды. Өсіп-өнеген ортасының өрендері өрелі болсын, өткенін ұмытпасын деген ниет тағы да жерлестерінің жүрегін жылытып, мерейлерін өсірді.
Елдің рухы биіктемей – еңсесі тіктелмейді деген ұғым жолында туған жерінің тун көтерісіп жүрген Секеңді достары да әрдайым қолдап, рухани демеу бола білетіндігі шындық. Дәл осы тұста «Досы көпті жау алмайды» деген нақылды «Дос көптің жүгі жолда қалмайды» деп те сәл өзгертіп айтуға да болатындай. Төңірегін тұтастыққа, айналасын ауызбірлікке, жастарды жасампаздыққа іс-қимылымен шақыра жүріп ер жасын еңсерген Секеңнің келешекте де иігілікті істердің ұйытқысы бола беруін қалаймыз.
Заңғар Зекенов,
Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.