НҰРИДЕН  ИМАНБАЕВ: «МӘДЕНИЕТ  САРАЙЫНЫҢ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕУ ОҢАЙ БОЛҒАН ЖОҚ»

 

Семей қалалық Мәдениет Сарайы – күнделікті тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан өнер ордасы. Биыл  Мәдениет Сарайының іргетасы  қаланғанына 65 жыл  толып отыр. Бір  адамның  бүтіндей  ғұмырына татитын  жылдар  белесінде осынау  өнер ордасы қаланың өмір тарихында өзіндік орны бар  ыстық мекенге айналды. Өйткені, мұнда  Семейдің атын  шығарып  жүрген таланттарды тоғыстырған 22 өнер  ұжымы қатарлас  еңбек  етеді. Олардың қайсысы  болмасын,  бір – бірінің  өнеріне  деген құрметін  білдіріп,  сан түрлі байқаулардан мерейі үстем болып оралса, қуана қарсы алуға әзір тұрады.

Егер Семейді қазақтың дәстүрлі ән мектебі тұнған өңір деп санасақ, соның айқын көрінісін де осы Мәдениет Сарайында өтетін концерттерден, түрлі өнер кештерінен анық байқайсыз. Бұдан бөлек Болат Сыбанов, Мәдениет Ешекеев, Келденбай Өлмесеков, Тұрсынғазы Рахимов сияқты атақты әншілердің даусы қалықтаған қалада таланттар легі әлі де толастамайтынына күмән жоқ.

Мерейлі датасына орай Семей қалалық Мәдениет Сарайының директоры Нұриден Иманбаевпен тілдесудің сәті түскен еді.

%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%bd

– Нұриден Құсманұлы Семей қалалық  Мәдениет Сарайы  туралы сөз  қозғамас бұрын ғимарат  жанындағы Әміре  ескерткішіне  қарап –ақ  Семейде өнердің  бастауы қайда жатқандығын  бірден ұғуға  болады. Ең  алдымен  әңгімені  осыдан  бастасақ…

Әміре  қайталанбас ұлы  әнші болғандығын біз ғана емес, күллі  әлем  жұртшылығы өткен  ғасырда -ақ  мойындаған. Өкінішке  орай тағдыры кеңестік озбыр  заманға тап  келіп, өнердегі  жолы да, өмірдегі  жолы да ұзаққа  барған  жоқ.  Әйтсе де қазақ  өнерінде  ғана емес,  дүниежүзілік  деңгейде  қайталанбас  құбылыс  ретінде  қалды. Қазақтың  бір  туар әншісі  1925 жылдың  мамырында  Францияның  астанасы – Парижде өткен  дүниежүзілік  көрменің этнографиялық  концертінде  «Балқадиша»,  «Ағаш  аяқ», «Бесқарагер», « Дудар- ай», «Жалғыз  арша», «Үш дос», «Смет», «Қараторғай»  әндерін  шырқап  күллі  әлемді  тамсантқан  шынында да  ғажап  дүние. Әйгілі  француз  жазушысы  Ромен  Роллан Әміренің  құдіретті  дауысын  тыңдағаннан  кейін:  «Мен  Шығыста әншіні неге  бұлбұлға  теңегенін  енді  түсіндім» деп  қазақтың  бір  туар  тұлғасына тәнті болғандықтан  айтқаны гой. Кереметі  сол, Әміре  салған   әндерден      Европа  жұртшылығы  қазақ  даласының  бай  мәдениетін  ұғынды. Одан  кейін  баспасөз  бетінде  соңғы жылдары аталып  келе  жатқан тағы  бір қызықты  дерек Әміренің ЭКСПО  көрмесіне қатысқан  алғашқы  қазақ  екендігі Париждегі  декоративтік өнер  көрмесінің сахнасында КСРО мемлекеттерінен барғандар барлық  11 концерт беріпті.  Соның  бәріне де  Әміре  арнайы  қатысып,  жоғарыда  айтылған  қазақтың  халық  әндерінен  шырқаған.  Демек, қазақтың  ұлттық  өнерін, дәстүрлі  әндерін  әлемге  алғаш  рет паш  еткенде  осы Әміре  деуге  әбден болады.

Әміре  атамыздың бюсті әншінің  125 жылдығында орнатылған  болатын. Ал  Мәдениет сарайының  жанына  орналастыру  себебі  бұл қаламыздағы үлкен  өнер  ордасы, сонымен  бірге Ә.Қашаубаев  атындағы  облыстық  филармония да  осында  орын  тепкен. Одан  өзге мәдениет  Сарайының ғимаратында өнер ұжымдарынан бөлек облыстық  өлкетану мұражайының  бөлімшесі, саңырау  адамдар клубы  бар. Жас  таланттардың  жігерін  жанып  отын  маздататын «Ән  ата» класын,  яғни, әдістемелік  көмек  бөлімін  аштық. Оның жетекшісі – дәстүрлі  әнші  Мейрамбек  Ахметов.

%d0%b3%d0%b4%d0%ba-%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%b8%d1%8f-%d1%84%d0%be%d0%bd

-Мәдениет Сарайының 65 жылдығын тойлауға дайындықтарыңыз қалай?

Мәдениет Сарайының әр жетістігі – Семейдің абыройы. Сондықтан да, бүгінгі мереке – қала халқының ортақ қуанышы. 65 жылдық мерейтойымыз аясында көптеген шаруалар тындырылып жатыр. Мәдениет Сарайының тарихын ауыз-ауыздан, интернеттен, ескі фотолардан іздеп  қиқымдап жинау түсінген адамға оңай шаруа емес. Алғашқы ғимараты мен директорынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі деректерді тірнектеп жинадық. Директорлар мен қызметкерлердің аты-жөндерін мен фотосын тапқанмен, жұмыс жасаған жылдары әлі де белгісіз. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.  Барлық деректерді жинағаннан кейін арнайы мұрағатқа деп бейнеролик жасадық. Оның авторы да, жетекшісі де, көркемдеушісі де, материал жинақтаушылары да, мәтінді оқушы да өзіміз. Мұндай мұрағат материал бұрын-соңды мүлде болмаған екен. Сондықтан біраз еңбектенуге тура келді. Бұл бір шаруа. Екіншіден, тарихымыз бен қызмет жасаған адамдардың кеңінен таныстыру мақсатында арнайы журнал шығармақпыз. Шамамыз жеткенше кем дегенде 100 дана шығарып, таратсақ па деген ой бар. Үшіншіден, бұрын қызмет жасаған адамдар мен басшыларды марапаттасақ деген оймен арнайы төсбелгінің эскизін жасап, тапсырыс бердік. Бұл да ескерткіш болсын деген ниеттен туған қадам.

-Өміріңізде ерекше орны бар, жекелеген өнер  адамдарынан кімдерді атар едіңіз?

Жоғарыда  айтып  өткенімдей  біздің  құрметтейтін алты  алашқа  танымал тарландарымыз  жетерлік. Мысалы, күні  кеше  ғана  арамыздан  өткен  Тұрсынғазы  Рахимов. Ол кісінің  кім  екенін, қандай  әндері барын  ежіктеп айту  артық  болар. Оның  Мұқағали  өлеңдеріне  ән жазуды өнердегі  ізгі мақсатына  айналдыруы  ақынның да  атын  асқақтатты, әнші – композитордың да  есімін ел  жүрегінде  мәңгілікке  қалдырды. «Дариға, домбырамды  берші  маған», «Отыздан асып барамын», «Мен сені сағынғанда», «Нені  аңсаймын» , «Қазағым ай», «Аягөз ару» сияқты  әндері  жан  дүниеңді  тебірентетін кермет дүниелер. Мұқагали өлеңдерінен  бөлек оның «Батар баба Қабанбай», «Ән атасы – Әміре» Әсетке  арналған «Сағынбасқа не  шара», атақты әнші  Жәнібек  Кәрменовтен көз  жазып  қалған  шақта Несіпбек Айтұлы  екеуі «Ақбөкен» әнін  шығарса, кейіннен «Әнің  қайда, Жәнібек» деп  боздатты. Жас кезінің өзінде Әміре  салған «Ағаш  аяқ» әнін  шырқағанда , Жүсіпбек  Елебековтің  шақыруымен әдейілеп келіп  тыңдап отырған  жазушы Сапарғали Бегалиннің жылап  жіберуінің өзі бір аңыз. Сонда  Сапекең: «Айтатын адам бар екен ғой.  Өзімен бірге кетті ме деуші едім, Әміренің  әні  өлмеген екен. «Ағаш аяқты»  айтатын әнші ұрпақ  өсіп келеді екен ғой» деп  Тұрсынғазының талантына  тәнті  болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өмірден  өтерінен  аз ғана бұрын, Семейдің  Абай театрында  Тұрсынғазы  Рахимов әндеріне  арналған  республикалық фестивалдің  өткізілуі  оның  халқы  сүйген  талант екендігін  көрсетіп  берді. Сол  концертте  тебіренбеген, көңілі  босамаған  адам  болмаған   шығар. Өйткені  денсаулығын  дерт шалған ұлы өнер  иесінің бұл  өмірден татар  дәм  тұзы таусылып  келе  жатқанын іштей  сезді  жұрт. Бірақ, оны ешкім іштей қазаға  қимады. Астана мен Алматыдан келген фестиваль қонақтарының  Тұрсынғазы Рахимовтың  сәби жүректі сазгер екендігін айтып, кеш соңында  «Сәби  болғым  келедіні» бірлесе  шырқап, кеш  шымылдығын  жапқанда көппен бірге  тұла бойым  шымырлап  тұрды. Арада  апта  өткенде  қазағын қастерлеген Тұрсынғазы  мәңгілік  мекеніне  сапар  шекті. Сол  сияқты еліне адал  еңбек  етіп өнердегі  өзіндік  қол таңбасын  қалдырған  ағаларымыздың  бірі Қазақстан Республикасының  Мәдениет  қайраткері  Рахымбек Ноғайбаев. Рахаңның  ұйымдастыруымен  құрылған  «Семей тау» фольклорлық ансамблі бүгін де өнерімен көрермен  қошеметіне  бөленген  ұжымдардың  бірі. Ширек  ғасырдан астам сахнада  ән  салып  халықтың  сүйікті  әншісіне  айналған  Салтанат  Сибанбаева да қандай  құрметке болсын  лайықты өнер  иесі.

-Естіуімізше сіз  Қарағанды  жерінде  Тәттімбеттей  күйшінің ескерткіші бой  көтеруіне ұйтқы  болған екенсіз?..

Мен  туған  мекен – Абыралы  өңірі қазақтың  әні мен  күйіне тұнып  жатқан жер. Әміредей әнші осы топырақта  туды. Қазақтың бұлбұл әншісі  Бибігүл  Төлегенованың ата мекені де осы Абыралы. Қазақтың Карқаралысымен шектесіп  жатқаны да  оның  қасиетін  танытып  тұрса  керек. Жастайымнан қазақ халқының әндеріне, халық  композиторларының  шығармаларын  тыңдауға  әуес  болып  өстім. Әсіресе, Тәтімбеттің  күйлерін  тыңдауға керемет  құмарттым. Қарағанды  облысының Егіндібұлақ  ауданында  аудандық комсомол комитетінің бірінші  хатшысы болып  жүрген  кезімде Тәтімбет  Қазанқапұлының  бейтіне ескерткіш орнатуға ұйтқы болғаным рас. Ол кезде  күйшінің бейті қараусыз, күтімсіз  жатқан  болатын. Ол кезде күйшінің бейіті қараусыз, күтімсіз жатқан болатын. Осыны жергілікті басшылық деңгейінде көтеріп, Тәттімбетке ескерткіш орнатылуына себепкер болғанымды өнер жолындағы үлкен жұмыстарымның бірі деп санаймын.

–  Мекеме басшысы болу өнер адамы үшін оңай емес. Ән салудан сырттап қалған жоқсыз ба?

– Меніңше өзінің өмір жолын өнермен ұштастырған адам қандай қызметте жүрсе де өзінің шығармашылық ісінен қол үзбейді деп ойлаймын. Оған тізбелеп айтпасам да келтіретін мысалдар жетерлік. Өз басым қалалық Мәдениет Сарайының  директоры  қызметінде жүрсем де, халық  алдына  шығып, ән  шырқап  тұрмасам, өзімді олқы  санап тұрамын. Түрлі мерекелерде, мәдени  шараларда  ыңғайы  келсе, ән шырқап  жіберуге  аңсарым ауып  тұрады.

 – Сөз  соңында 65 жылдық  асуын қарсы алып  отырған  Қалалық мәдениет Сарайының ұжымына  қандай  тілек  айтар  едіңіз?

Алдымен, жыл бойы өткізіліп жатқан кейбір іс-шараларға, енді тойланғалы жатқан 65 жылдық мерейтойымызға демеушілік көрсетіп жүрген Семейдің бірқатар Атымтай Жомарт азаматтарына алғысымды айтқым келіп отыр. ШҚО мәслихатының депутаты, «Ақшың» корпорациясының президенті, белгілі меценат Марат Құрманбай, «Ибраев и К» ӨК басшысы, іскер азамат Ғаббас Ибраев, «Сабыр» емханасының бас дәрігері Сабыр Сыбанжанов, Жансап Сәдібеков сияқты ел назарындағы азаматтардың өнерді өркендету үшін аянып қалмайтынын үнемі көріп келеміз.

Ал енді, біздегі өнер ұжымдарына келсек. Семей  қалалық  мәдениет  Сарайы – жергілікті  таланттар  шыңдалатын  үлкен  мектеп  деп  ойлаймын. Сол тұрғыда ұлттық өнерді насихаттауды  жан-жақты  қарастырып  отырмыз. Соның  бір  дәлелі- Халықтық  ақындар ортылығы. Жас  ақындардың  талпынысына қанат бітіріп сөз  қасиетін  таныту жолында Дәмеш  Омарбаева  мен  Серік  Молдабеков тынымсыз  еңбек етіп  келеді. Республикалық, облыстық және қалалық іс-шараларда Жанболат  Шәріпов, Роллан Алпысбаев,  Қуаныш  Оралбаев, Гүлдана Ноғайбаева, Алуа,  Шұғыла Егінтайқыздары, Мұңлық Сарбасова, Гүлбарам  Мұстафина,  Алтын  Смасейітова, Руслан  Тұрсынов, Серікбол  Сейілханов, Асия  Нұғманова, Мейіргүл Байболова сияқты Мәдениет Сарайының  өнерпаздарына халық  дән  риза. Осындай  игі  істердің  жоғары  дәрежеде ұйымдастырылып  өткізілуіне   шығармашылық  топтың ықпалы  ерекше. Кейінгі бес  жыл  көлемінде  көркемдік  жетекші  Гүлжан  Жақсыбайқызының  ұйымдастыруымен  көптеген жаңа  жобалар іске  асуда.
Міне, осы  жас дарындардың  ерте бастан  оң -солын  танып, дұрыс бағыт  табу  үшін  өнер  ұжымдарының қай-қайсы да талаптың тұлпарын  мінген  балаларымызды  құшақ  жая  қарсы  алып,  баптауға  әзір. Ал  көптеген өнер  ұжымдарын  бір  шаңырақ аясында  тұрақты  жұмыс істеулеріне  ұйытқы  болып отырған  мәдениет Сарайының  65 жылдық  мерейтойы  қала  халқына  ортақ  қуаныш  деп  ойлаймын. Осы  мереке де өнер  жолындағы барша әріптестеріме шығармашылық  табыс  тілеймін!  Әрдайым  қаламыздың атын  шығарып, ұлттық  өнеріміздің  өрістеуі  жолында еткен  еңбектеріңіздің  бақытына кенеле беріңіздер  дегім  келеді.

Әңгімеңізге көптен – көп рахмет!

Сұхбаттасқан Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

 

 

 

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір