ПЕНДЕШІЛІКТІ ЖОЮ ЖОЛЫ немесе ПАТША – ҚҰДАЙ, СЫЙЫНДЫМ…

Құндылықтар құлдыраған заманда Құдайға ғана құл болып, пендешілікпен бұлғанбай, Алаш жұртының ұстазы хәкім Абайды терең һәм тыңғылықты зерттеуді жалғастыра түскен абзал. Тұңғиық теңіздегі лағыл тастарды құм-лайдан тазартқан сайын жарқырай беретіні сияқты – оның ойы да, өлеңі де өзгеше жұмбақ.

«Патша – Құдай, сыйындым,

Тура баста өзіңе,

Жау жағадан алғанда,

Жан көрінбес көзіме»,- деу арқылы ақын Алла тура жолға бастаушы екендігін мойындап, адамды адастырар дүние-алдамшы ойдан ада тұрып, «Өзіне тура бастауды» тілейді. Қасиетті Құрандағы «Фатиха» сүресінің 5-ші аятында айтылған: «Саған ғана құлышық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз», – деген сөздер мен өлеңдегі тіркестер үйлесім тауып тұрғандай. Ал, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) бір хадисінде: «Уа, Аллаһ тағалам! Бір Өзіңнен тура жол, шынайы тақуалық, арлы да ынсапты болуды және көңіл байлығын сұраймын», – деген. Міне, құстың қос қанатындай болған Құран аяттары мен хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері – ойшыл ақынның рухани ізгілікті қанып ішкен қайнар бұлағы болғаны күмәнсіз.

Асылында, адам баласы өмірінің кей сәттерінде дұшпандары қыспаққа алып, қиыншылыққа тап болғанда, дақпырты басым дүнияда сізге жәрдемші болар жалғыз Жаратушы ғана екені айтпаса да түсінікті. Ант су ішіп, достықтың ақ туын желбіретіп жүрген жақын досыңның да сертінен тайып, сізді сергелдеңге салып кетуі – бұл заманда таңғалмайтын дүние.

«Кесілді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе,

Келмей кетпес кезіне.

О да – Құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің,

Тәңірінің құрған тезіне?», – деп аяқтайды бұл өлеңді Абай. Ақын түбінде әділдік орнап, жақсы-жаман амалдар таразыға салынатынын астарлы оймен айшықтап тұрғанын аңғаруымыз керек. Әрі кердең басып, көкірегін көкке көтерген тәкаппар жандарды бір сынап өтеді. Қалтасы қалыңдаған сайын бұл жұмыр басты пенденің неліктен тәубесі таусыла береді екен?!

Сөз соңында, мына бір мағыналы хадиске көз жүгіртіп көрейік.

«Екі түрлі адамға ғана қызғанышпен қарауға болады: Алланың берген байлығын түгесілгенше Хақ жолында жұмсаған атымтай жомартқа және Аллаһтың бойына дарытқан даналығымен (адамдар арасында туындаған дауларды оңтайлы шешуде) билік айтып, әрі өзгелерге даналық тәлім үйреткен данышпанға»

Біржан Ахмер,

Семей қаласы.

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Facebook пікір