Үкіметте тағы өзгеріс… Тағайындалғанына ай тола қоймаған уақытта жаңа Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметінің құрамына тағы бір жаңа министрлік енді. Атауы да өзгеше: ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Мұндай министрлік құру заман талабы екеніне тоқталған Б.Сағынтаев оның басшылығына ОҚО әкімі болып бір жыл, екі ай ғана қызмет атқарған Бейбіт Атамқұловтың тағайындалғанын (Елбасы Жарлығымен) мәлімдеді. Хош, сонымен жаңа министрлік немен айналысады? Ол қандай қажеттіліктен туындады? Қаржы дағдарысы дендеп енген уақытта бюджет ақшасын үнемдеу қажеттігін жиі айтатын Мемлекет басшысы бір ай ішінде екі минстрлікті жаңадан құруына не түрткі болды? Дәл осы сауал кімнің болсын көкейінде тұратындықтан, ең алдымен оның (минстрліктің) міндетіне енетін нендей салалар барына тоқталып көрелік.
«Бұдан өзге, жаңадан құрылған министрлікке Қорғаныс министрлігінен – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы, Инвестициялар және даму министрлігінен – ғарыш қызметі саласындағы, Ұлттық экономика министрлігінен – жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту саласындағы, Премьер-Министрдің Кеңсесінен – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы функциялар мен өкілеттіктер берілді» деген ресми түсініктеме берілді.
Көріп отырғандарыңыздай төрт министрлік және Үкімет басшысының Кеңсесінен бір-бір саланы еншілеген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі үлкен құрылым екендігі айқындалып отыр. Расын айтайық, Ұлттық экономика министрлігінен алынған «жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру» деген саланың атауы не мағына беретіні ұғынықсыз. Бірақ, қызық көрінетіні де шындық. Егер тура мағынасындағы жұмылдыруға салсақ, минситрліктерден алынған әрбір саланы бір-бір саусаққа ұқсатуға болады. Сөйтіп, бес минстрліктен алынған «бес саусақты» біріктірген Атамқұлов басқаратын жаңа министрлікті «жұдырық» етіп елестетер болсақ, еліміздің қорғанысы беки түскендігін көруге болады. Ең бірінші кезекте ақпараттық кеңістікті бақылау және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінгі ұрпақ санасын жат ағымдарға улану мен ұлттық болмысқа кереғар әдеттерден сақтауда үлкен маңызға ие. Ал ғарыш өнеркәсібі игерілетін болса, біздің ресейлік зымырандар тастаған гептилден кенезесі кепкен жеріміздің одан әрі тулаққа айналмауына септігі тиеді деген сөз. Тоқетерін айтқанда, жаңа министрліктің құрылуы шыныдығында да уақыт талбынан туындап отыр.
Яғни, Атамқұловқа артылып отырған сенім салмағы бел қайыстыратындай. Қазақстанның қауіпсіздігі жолында тағы бір қадам жасалып отыр. Оңынан болғай!
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ.