Қазақстанның 3 боксшысы Универсиада чемпионы атанды

Таиландтың Чианг-Май қаласында мәреге жеткен әлем студенттерінің VII чемпионатында қазақстандық боксшылар 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы ras.kz хабарлады.

11-10-16-boxing-1

Біздің студенттер нәтижесінде командалық есепте екінші орынға орналасты. Бірінші орынға қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль түскен Ресей құрамасы шықты. Үшінші орындағы Таиланд командасында 2 алтын және 2 қола медаль болды. Ал 2 алтын және 1 қола медальге қол жеткізген Украина жамағаты төртінші орынға табан тіреді.

Қазақстандықтар сапынан чемпиондыққа бірінші болып 60 кг салмақтағы Дидар Өтелбаев жетті. Ол финалда ресейлік Рустам Мустафаевты 3:0 етіп ұтты. Келесі алтын медальді қоржынға өте тәжірибелі белорус Михаил Долголевецті 2-раундта нокаутқа жіберген 81 кг салмақтағы Әли Ахмедов салды. Ең соңынан аса ауыр салмақтағы Нұрсұлтан Аманжолов ресейлік Сергей Смолиннен 2:1 есебімен басым түсті.

Бұл күні бізден тек 69 кг салмақтағы Бекболат Құрамысов қана қарсыласынан аса алмады. Ол алтын медаль үшін таласта ресейлік Харитон Аргбаға 1:2 есебімен есе жіберді. Ал жартылай финалда тай боксшысы Юттапонг Тонгдиден 0:3 болып жеңілген Ертуған Зейнуллинов (56 кг) пен ресейлік Артем Гаращуктен 1:2 есебімен ұтылған Рахат Мыржықпаев (75 кг) қола медальді қанағат тұтты.

Финалда сондай-ақ ресейліктер Вадим Кудряков (49 кг) – тайпейлікТу По-Вейді 3:0, Антон Заев (91 кг) – француз Дилан Брегонды 2:1, таиландтықтар Танес Онгжунта (52 кг) – француз Малик Нахимді 3:0, Юттаронг Тонгди (56 кг) – жапон Юки Ямаучиді 2:1, украиналықтар Мгер Оганесян (64 гк) – ресейлік Алиса Шарифовті 2:1, Валерий Харламов (75 кг) ресейлік Артем Гаращукті 3:0 етіп жеңді.

Біздің былғары қолғап шеберлері арасында Әли Ахмедов чемпионатты өте күшті өткізді. Ол іріктеу жекпе-жегінде қытайлық Ли Битаоны 3-раундта іске алғысыз етіп тастаса, ширек финалда украиналық Вячеслав Троянды 2-раундта жарыс жолынан шығарып жіберді. Содан соң жартылай финалда швейцариялық Уке Смажлиді 3:0 етіп тізе бүктірді. Келесі чемпион Дидар Өтелбаев ширек финалда тай Тхива Жантхакумпаны, жартылай финалда тайпейлік Лай Чу-Енді 3:0 етіп ұтты. Ал Нұрсұлтан Аманжолов турнирге жартылай финалдан қосылып, белорус Евгений Медникті 3:0 етіп сүріндірді.

Чемпионаттың күміс жүлдегері Бекболат Құрамысов ширек финалда тай Банжонг Синсириді 2:0, жартылай финалда швейцариялық Егзон Маликажды 3:0 есептерімен женді. Бұдан әрі қола жүлдегер Ертуған Зейнуллинов іріктеу кезеңінде молдован Дорин Буксадан 3:0, ширек финалда тайпейлік Као Ших-Еннен 2:1 деген есептерімен өтті. Сосынғы қола жүлдегер Рахат Мыржықпаев ширек финалда германиялық Тимо Росттан 2:1 есебімен басым түсті.

Өкінішке қарай, 52 кг салмақтағы Рашид Салауатов пен 64 килодағы Ержан Ордабаев өздерінің ширек финалдан басталған бірінші ұрыстарында жеңіліске ұшырады. Олар тиісінше Малик Нагим мен Мгер Оганесянға 0:3 есебімен жол беріп қойды.

Қыздар арасынан 60 кг салмақтағы Назым Ишанова қола жүлдегер болды. Ол өзінің бірінші шайқасында поляк Анета Ригиелсканы 2:0 етіп ұтса, екіншісінде тай Рагуадарорн Саотодан 1:2 болып ұтылды. Ал қалған екі қызымыз – 51 килодағы Балауса Мұздыхан бірінші айқасында ресейлік Светлана Сольяновадан, 75 кг салмақтағы Зура Хусаинова ирланд Кристине Дезмондтан 0:3 болып жеңіліп қалды.

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір