Тағдырдың талқысы мен өмір соққысын Тәңірінің сынағы деп біліп, тәубеге келу хақ мұсылмандық белгісі. Дана Абай да Тәңірі әміріне бағынып, Әбіштің жылы өткеннен кейін, қалыпты өміріне оралады. Төмендегі мысалдар ойшылдың халық қамқоры болғанының айғағы.
Ақылгөй аға
1896 жылы Шыңғыстың сыртында, Жон деп аталатын кең жайлау төсіне қонған Абай ауылында алқалы мәжіліс өтеді. Ауылға ағасын сағынған Шәкәрім де келеді. Үйде Абай тұрғылас ақсақалдар толып отыр екен. Іні ақын сәлем беріп кіргенде Абай: «Кімді айтса, сол келеді» дегендей, Шәкәрім, келгенің жақсы болды. Мен мына ақсақалдарға айтып отыр едім. Мен етек басты болып, білім қуа алмай қалдым. Сол көксеген арманымды Шәкәрім арқылы орындаймын деп, саған білім қуғызатын болдым!» дейді. Бұл сөзде «Сенің өзгелерден қабілетің жоғары, озықсың!» деген астар бар. Мақтауға сараң, «болдың, толдың» деуден аулақ, арқадан қағудан гөрі қақпайлап қоюға бейіл сыншы ағасы Абайдың бұл сөзі өзіне үлкен әсер еткенін Шәкәрім баласы Ахаттан жасырмай: «Осыдан соң бар ынтамды салып, еңбек етуге айналдым» деп әңгімелеген екен.
Дәулетияр Бітімбайұлы – Абайдың үлкен баласы Ақылбаймен көрші тұрған, Абай Жидебайдан кіші ауылы Аралтөбеге келгенде, араласып талай дәмдес болған адам. Ол айтқан естеліктен бір үзіндіні келтірмекпін. «Біз шай ішіп отырғанда, – дейді Дәулетияр, – еңгезердей бір қара кісі сәлем беріп кіріп келді. Басында тысы жыртылған елтірі тымағы бар, үстіне жыртық қой жүні шекпен, аяғында киізден сырған башмақ, алқам-салқам тоңған кісі сықылды. Абай әлгі келгенге тесірейіп қарады да, Әйгерімге: «Мынау кім?» – деді. Әйгерім: «Бұл менің қойшым, өзі Көкше, қыстай қой жаюға жалдап алып едім» – деді.
Абай: «Әй, Әйгерім, сен қойды жақсы көресің, қой баққан кісіні жалаңаш қоясың. Тоңған, ашыққан адамда ақыл, қайрат бола ма, бұл да өзіңдей адам емес пе? Мен осында үш қонып, Семейге жүремін, мен жүргенше мына қойшының киімін бүтінде», – деді. Әйгерім қатты қысылып: «Жарайды, өзім де киім тіккізіп жатыр едім, тез бітірейін енді», – деді. …Қойшы шайға тойып, терлеп, кейін барып отырған соң Абай: – Ей, Көкше, енді ертегі айтшы? – деді. Қойшы: -Абай аға, кедейде ертегі бола ма? Не айтамын?. Абай: – Сені кім кедей қылды?. Қойшы: – Мені кедей қылған Құдай-дағы. Абай: – Не, Құдаймен бұрыннан араздық, өштігің бар ма еді? Қойшы: – Жоқ. Абай: – Ендеше неге Құдайдан көресің? Қойшы: – Мал бермеген соң, айтқаным ғой. Абай: – Құдайдың елге үлестіріп жатқан малы бар ма еді? Қойшы үндемеді.
Абай қойшыға қараған көзін аударып, біз жаққа қарады да: -Міне, біздің қазақтың көбінің сөзі осылай келеді. Бұл зор адасқандық. Жас шағынан жалқаулыққа салынып алады да, талап қылып, талпынып, алысқа барып еңбек қылып мал таппайды. Мұндай адамдар ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды, жоқшылықтан арылмайды. Ол жоқшылықты, кедейлікті Құдайдан көреді. Құдай оған еңбек қып, мал таппа деп пе? Осы уақытта үлкен қалаларда, зауытта жұмыс істеуші жұмысшылар бастарын қосып, байға ақымызды жегізбейміз десіп жатқандар бар. Олар Құдайдан мал сұрамайды. Аянбай еңбек қылып, оны күш қосып бірігіп жоқтап алады. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, – деді».
Дәулетияр әңгімесі терең. Онда халық қамқоры һәм теолог-ғалым Абай қатар тұр.
«Еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (4-сөз), – дейді Абай. Сол үшін қалың елі қазағын отырықшылыққа үйретуді де ойланған. Шыңғыс болысының болысы Абай, шамасы 1896 жылы, егін салуға қолайлы Бақанас жеріне елді мекен салуды өтініп, билікке әлденеше рет өтініш түсіргені жайлы мәліметтер бар.
Бірақ патшалық билік бұл ниетті құптаған жоқ (Абайдың сол арманын 1922 жылы Мұхаң іске асырды. Бақанас, Байқошқар алқабында тұңғыш артель бой көтеріп, суармалы егіншілікпен айналысты).
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
Қазіргі таңда «жазылған жылы белгісіз» делінетін осы шумақ сол ниеттің жаңғырығы. Сондықтан өлең 1896 я болмаса 1897 жылдікі деп таңбаланса дұрыстық.
Абай: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі», – дейді. Кім өнерсіз болса, сол адам ұрлық-қарлыққа бейім келеді. Ұры-қарыны қағуда Абайдың шеберлігі және оларды ұрлықтан тыйғаны, адам қатарына қосқаны естеліктерде жиі әңгімеленеді.
«Ұры, – дейді Абай 11-сөзінде, – ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр».
Қара сөздерін жазу үстіндегі Абай осындай тақырып пен мысалды кітаптардан емес, қайнаған өмірден, ел адамдарымен құрған мәжілістен алып отырды. Бұл талассыз ақиқат.
«Абай сөздері көбейіп жайыла бастаған соң Тобықты іші болсын, басқа көрші елдер болсын, барлығы да Абай өлеңдерінің ұдайы оқушысы болады. Бірақ бұларға ол сөздерді жеткізетін кітап пен жазу емес, көбіне домбырашы жігіттер болған. Өлең айтып, ән саламын деген әнші ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса барлығының да топта, ойын, тойда айтатын өлеңінің көбі Абай сөздері, Абай өлеңдері болады». Міне, Абай поэзиясының жалпақ жұртқа жайылу, таралу жайын ұлы Мұхаң осылай жеткізеді.
Семей қаласында
ХІХ ғасырдың соңында Семей қаласында мұсылмандық зиялы қауым қалыптасып, елеулі күшке айналды. Атап айтқанда, Семейдің «Қос мұнаралы мешіт», «Тас мешіт», «Сарт мешіт», «Қазақ мешіт», «Тінібай мешіті» деп аталатын мешіттерінің Хисами, Мірқұрбан ахун, Мәлғаждар қари, Әшім қожа, Самат қари, Самұрат мәзін, Сармолда, молла Хасен, Ғабдулжаппар хазірет сияқты имам, хәлфелері қыр қазағына да танымал еді. Сол сияқты Абайдың Семей тұрғындары Жақия, Белгібай сияқты қажылармен сыйлас, досжар болғаны естеліктерде жиі айтылады.
Абай Семей қаласына жиі қатынаған. Ол Жидебайдан Семей шаһарына бет алғанда орта жолда кіші әйелі Әйгерім мен тұңғышы Ақылбайдың ауылдарына ат басын тіреп, тынығып, тұрмыс жағдайларымен танысып, онан соң сапарын әрі қарай жалғап отырған. Заречная слободкаға (қазіргі Жаңа-Семей) жеткенде ондағы «Қайық аузы» деген жерден 4-5 кісілік жеңіл қайықты (ел аузы «желқайық» дейді) жалдап жолаушылар арғы бетке шығатын. Қалада Абай ортанқолды қарапайым адамдардың үйіне түсуді ұнатады екен. «Қалаға барғанда мен білгенде үш адамның үйіне жатты, – деп есіне алады Тұраш. – Қабыл деген шала қазақ, Сүлеймен деген ноғай, Мауыты деген қазақтың үйінде, бұл үшеуінің де қатындары пысық, асты тәтті қып пісіре білетұғын адамдар еді». Абыройға бөленген кейініректе: «Сіздей адамға ірі байдың қақпасына ат басын тіреген жарасады» деген кісілерге: «Өй, Тәңірі-ай! Расходымды көтереді екен деп байдың қабағына қарап, аңдап басып, абайлап сөйлеп, күшік күйеу сықылданып жатамын ба?», – дейді екен жарықтық.
Түбі әнет Әнияр Молдабаев (1856-1934) деген Абай ауылында жетім өскен азамат Семейде орысша школада оқыған. Онан соң, Абай оны Ташкент қаласындағы орта білім беретін және банк қызметкерін дайындайтын оқуға жібереді. 1890 жылдардың басында Әнияр Семейге банк қызметіне орналасқанда Абай, Мағауия, Ақылбайлар ақша жинап, саудагер ноғайдың екіқабатты ағаш үйін сатып әпереді (бұл үйде қазір «Алаш арыстары» музейі орналасқан). Міне, осы үйде Абайға бөлек бөлме бөліп, ойшылдың жазу жазуына, кітап оқуына жағдай жасалады.
Абай мен ұлдары Ақылбай, Мағауия «Бастауыш білім беру» қоғамына мүше болған. Аталмыш қоғамның 1893-94 жж есебінде (ол Семейдегі Абай атындағы кітапхананың сирек басылымдар қорында сақтаулы) жарна төлеген адамдардың тізімі келтірілген. Бұл қоғам ең алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалардың білім алуына көмектесіп тұрды. Абай мен ұлдарының оған мүше болуы осымен өз түсінігін табады.
Семейде Абайға ақыл-кеңес сұрап келушілер көп болған. Жастар жағы әдетте «Мен дін ісімен (Құранды жаттап, Тәпсірді, Бидан кітабын зерделеп жүрмін дегендей) айналысам, осы жолым дұрыс па?» – деп келеді екен. Абай дін жолындағы талапкерлерге «Ал, оқыдың, жаттадың – онан не таптың? Онан да қоғамға пайдалы кәсіпті үйрен, меңгер – адалдық, адамшылық жолы сол» деп кеңес береді екен. Үлкен адамдар келсе, иман, тағат, адамдық тәрбие жайын қозғап отырған. Отыз жетінші сөзіндегі афоризмдердің дені осы сұхбат, кездесулерде туғанға ұқсайды. Мысалы: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес», «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады», «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады», «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», «Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің» және т.б.
Естеліктер қалада Абайдың қажы, дін басыларымен жиі мәжілістес болғанын жеткізеді. Соның бірі мынау.
Тағат деген не тағат Хақ жолында,
Мәһам жандар ізденіп жүр соңында.
Хақтың жолын танымай қалтаң қағып,
Көт жуғанға мәз болған байғұс молда.
Осы бір ауыз Абай өлеңін бүгінгі күнге Мұстафа деген ақсақал жеткізген. Мұсекеңнің естелігі 1995 жылғы Абайдың толық жинағының 309 бетінде берілген. «Семей қаласында тұратын Жақия қажының үйіне қонаққа барсақ, – дейді Мұстафа ақсақал, – Абай мен Көкбай бар, үй толған қонақ екен. Мәжіліс ұзаққа созылды. Әңгімені көбінесе Абай айтады. Намаз оқитын уақыт болған кезде Көкбай мәжілісті тастап, дәрет алып келіп, намазын оқиды. Абай әңгімесін айтып отыра береді, Көкбай тағы бір кезде дәрет алып келіп еді, Абай әңгімесін тоқтата салып, Көкбайға қарады да, қолма-қол бір ауыз әзіл өлең айтып жіберді. Отырған қонақтар ду күлді».
Келтірілген әңгімеден 1895 жылдардан беріде ойшылды Құдай, дін, иманға қатысты күрделі мәселелер толғантқанын, олардың шешімін жатпай-тұрмай ойластыру үстінде болғанын аңдауға болатын сияқты.
Абай заманында Семей қаласында Каримов, Кузнецов, Белослюдов деген фотографтар жұмыс істеген еді. Олар шақыртатын болса, қыр төсіне де келіп түсіріп алатын. Абай ауылының адамдары суретке түсуді әдетке айналдырған. 1940 жылы Абай мұражайы ұйымдастырылғанда Абай туыстарының 44 фотосуреті жинақталған екен. Өкінішке қарай, соның ішінде данышпан ақынның екі фотосуреті ғана бүгінге аман жетті.
Абай, Ақылбай, Тұрағұл үшеуі түскен суреттің артында: «Абай с сыновями Акылбаем и Турагулом снято 1896 году в Семипалатинске фотографом Н.Г.Кузнецовым. В дар музею Абай от Мухтар Омархановича Ауэзова» деп жазылып, қол қойылған. Екінші сурет 1897 жылы (кейбір дерек көзі 1903 жылғы дейді) Жидебайда түсірілген. Бұл сурет «Абай жанұясымен» деп аталады. Үй ішінде түсірілген суреттегі бірінші қатарда – Пәкизат пен Әубәкір (екеуі де Ақылбайдың балалары). Ортада отырған – Абай. Екінші қатардағы – Мағауия, Еркежан, Әубәкірдің әйелі – Кәмәлия. Алдыңғы қатарда Тұрағұл отыр.
Тек екі ғана суреттің сақталуына қуғын-сүргін сұрапыл заман кінәлі. Оларды Құнанбай ұрпағы тығып ұстап, кейініректе Алматыда тұратын М.Әуезовке табыстапты.
Еуропа қалаларына тән жаңалықтар көп ұзамай шалғайдағы Семей қаласына да жетіп жататын. Соның бірі – тісті емдеу және протез салу өнері еді. Алдыға оза айтайық, қыр қазақтары арасынан Абай алғаш рет өзіне протез салдыртады.
Абайдың Мағауияға хаты
Абай Семей шаһарына сапарға шыққанда ғылыми ізденіс (кітапхана, статистикалық комитеттің мәжілісі) жайымен және тұрмыс жабдықтарын реттеу, жәрмеңкеге, сауда-саттыққа қатысу істерімен барған.
Семейлік ғалым Амантай Исин 1997 жылы Абай мұражайының сирек қорынан Абайдың Мағауияға жазған хатын тауып алды. Хат туралы дерек «Сүйінші!» деген айдармен «Абай» журналында жарияланды (1997, №4). Хаттың құндылығы, оны Абай өз қолымен жазған. Араб әрпімен жазылған хаттың мазмұны мынау: «Дұғай сәлем ғизатлу уә һәм хүрматлу Мағашқа жетіп мағлұм болсын-ки. Үй ішіне менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бәкеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп жатыр. Шаһкәрімге сатарлық (бұл сөз түгел сызып тасталған – А.О.) һәм сәлем айтыңдар, ол да келсін.
Ой жүгіртіп қарашы Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ, бірден сана.
Нөлді ертпесе бұлар да қысырайды,
Единица сыфат деп біл тек қана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.
Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым. Амандықта ағаңыз Абай. Семей. 1896-шы жылдың…».
Бүгінгі күнге аман жеткен жалғыз хат осы. Ол Семейден қырға жолдаған сәлемі. Абайдың хатын кириллицаға түсіріп, жан-жақты саралаған зерттеуші Амантай Исаұлының: «Абай хаты – халқымыз үшін баға жетпес мәдени мұра. Абай мұраты, Абай арманы, Абай өлеңі, Абай мейірімі – бәрі де осында, үні естіліп, түсі көрініп, иісі жұпарланып тұр» деген қорытынды пікіріне біз де қосыламыз.
Бақсақ, Абай хатында тұрмыс қажетіне байланысты сатарлық малды жеткізуді бұйырған. Аттары аталған Мағауия, Ақылбай, Шәкерім және атқосшысы Бәкең (Баймағамбет Мырзаханұлы), әрине, жақын айналасы. Бұдан былайғы уақытта келтірілген хатты Абай жинақтарына енгізу борышымыз деген ойдамыз. «Мәужүд пенен мансұхты ол айырмас» деген жол надан адам бар мен жоқты (жақсы мен жаманды) айыра алмайды деген мағынаны білдіреді. Жаңадан табылған қос шумақ өлеңге осы тақылеттес түсініктемелер берілсе игі.
Қырда, мейлі, қалада жүргенде болсын халық қамқоры Абайды баяғыша ел тағдыры, қазағының қамы көп ойлантады. Қоғамға көңілі толмай, замандастарын сөге сынауға бейілді болады. Ойшыл әрі сыншыл болу – кемелдіктің белгісі. Жүректі ауыртқан жайлар сыртқа сұранып, ғақлия сөздер боп қағаз бетіне түскені де содан.
«Қазақтың мінезін суреттеп, мінін жазып, сырын ашып, көзге көрсететін, елдің хәлін қайғырынып, жақсылыққа сүйреген сөздер Абайдан бері басталады». Жүсіпбек Аймауытовтың «Абайдан соңғы ақындар» атты мақаласында асыл мұраға берген әділ бағасы осы.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.