Сұркиіктің серті

(Әңгіме)

 Бейсен Сұлтанұлына арнаймын.

 …Бір күні Мыңжасар сабақтан келсе, үлеріне Көктеректен әкесінің ағасы Бекжан «қоныс қайырлы болсын» айтып, жағдайларын білуге келген екен. Оған Мыңжасар да қуанып қалды. Өйткені, Бекжан ағасы сондай бауырмал, балажан адам еді. Мыңжасарды көрген сайын басынан сипап, мойнына отырғызып еркелететін. Бұған арнап тәтті кәмпиттер де алып жүруші еді. Шай ішіп болғаннан кейін Бекжан аға Мыңжасардың күшігі Сұркиікті сипап, аунатып еркелетіп отырды. Бір кезде інісі Сержанға қарап:

– Мыңжасардың мына тазысы керемет тамаша екен. Әлі талай түлкі, қарсақ аласыңдар, – деп көңілді отырды.

Мыңжасар да күшігінің қылықтарын, қалай тамақ беретінін, қайда жатқызатынын айтып мәз. Сондай бір сәтте әкесі Сержан:

– Аға, мына Сұркиік сізге ұнап отырса, алыңыз. Аңға шығасыз, қызығын көресіз, әрі бізге қарағанда аудан орталығында уақыттарыңыз да бар ғой, – деп айтып салды.

Әкесінің аузынан осы сөз шығысымен-ақ Мыңжасар біртүрлі болып кетті, тамағына бірдеңе тығылып, көзі жасаурағанын сезді.

Бұл сөзге Бекжан ағасы бірден жауап бермей, біраз ойланып қалды. Содан кейін барып;

– Сұркиікті тек Мыңжасардың өзі берсе ғана алам, Сержан, – деді.

– Ой, аға, алыңыз, алыңыз, Мыңжасар беріп тұр ғой! – деген әкесі көзі жасаурап  отырған Мыңжасарға қарап қабағын түйді.

–  Аға, ал-ың-ыз, алыңыз – деген сөзі әйтеуір, Мыңжасардың аузынан шықты. Онда да әкесінен қорқып, үлкен ағаны сыйлағаннан кейін барып келген шешім болатын.

– Жарайды, Мыңжасардың өзі рұқсат берді ғой, онда Сұркиікті ала тұрайын, – деді Бекжан ағасы қуанышын жасыра алмай, күшікті көтеріп жатып.

Оқу аяқталып, Мыңжасар жазғы демалысқа шықты. Әкесі бір күні оны аудан орталығына кетіп бара жаткан бір машинаға отырғызып жіберді. Көктеректегі ағайын туыстарға барып демалсын деген ниет қой. Ал      Мыңжасардың ойы болса дегбірсізденіп, есіл-дерті Сұркиікті көру еді. Өзін тани ма, әлде танымай ма деген ойында күдік те бар еді. Машина тура оны Бекжан ағасының үйінің қақпасының алдына әкеліп түсіріп кетті. Машинаның даусына бірінші болып ашық тұрған есіктен Сұркиік атып шықты. Күшігі марқайып өсіп, көп-көрім тұлғаланып қалыпты. Машинадан түскен мұны көріп бастапқыда қалт тұрып қалған Сұркиік, ілезде арсалаңдап бұған жүгіріп келді. Алдыңғы екі аяғымен мұнын кеудесіне асылды. Осы сәтте Мыңжасар көзінен қалай жас ыршып кеткенін байқамай калды. Өйткені, көрмегеніне бірнеше айдың жүзі болған. Содан, оның Қоскөлге қайтқанша басты ермегі Сұркиік болды.

Мұндай жағдай, сөйтіп, жылда жалғаса берді. Мыңжасар қысқы, жазғы демалыс болсын Көктерекке асығатын. Бір жағынан мұнда әкесінің әке-шешесі – апасы мен атасы тұратын. Бұл адамдардың Мыңжасар үшін орны алабөтен еді. Өйткені, ол төрт жасына дейін Қорлан апасының бауырында өсіп, тәрбиесін көргендіктең ол кісілерге деген ықыласы ерекше ыстық еді. Апасының камзолындағы екі қалтасы оған дүкен сияқты болып көрінетін. Өйткені, күндіз-түні апасының қалтасынан тәттілер үзілмейтін, әрқашан немересінің аузына тосудан ол кісі әсте жалықпайтын… Ал атасы Сәрсеннің не қилы заманды көрсе де мойымай, бір әулеттің асыраушысы болып өрге сүйреген. Қазан төңкерісіне дейінгі Семейдегі ең атақты бай, 1-ші гильдиялық көпес Плещевтің арақ зауытында 18 жыл жұмыс істесе де аузына татып арақ алмаған, салиқалы, ел арасына абыройлы адам болған. Әрине, оны Мыңжасар үлкендерден есейгенде білді.

Келе-келе Сұркиік алып тазыға айналды, кеудесі алпамсадай, шоқтығы биік болса, белі сондайлық жіңішке біткен болатын. Бекжан ағасы мен оның өзімен тетелес әбден бауыр басып, дос болып кеткен ұлы Сембек Сұркиіктің талай аңға шыққандағы өнерін, талай түлкі, қарсақ, сілеусінге дейін ұстағанын жыр ғып айтып беретін.

Сол заманда ағасының үйінің қасында «Заготскот» атгы үлкен мекеме болатын. Бұл енді әр түрлі мал түрлерін қабылдап, сойып, өнімдерін өндейтін кішігірім ет комбинаты дерлік кәсіпорын еді. Күнделікті мал сойылып жатқандықтан, оның қалдықтарын, сүйек-саяқтарын далаға лақтырып жататын. Осыған орай аудан орталығының иттері де маңайынан қаптап шық-пайтын. Әрине, үй іргесіңдегі майшелпектен Сұркиік те жиі табылатын. Мыңжасардың сонда байқағаны, иттің көпшілігі Сұркиіктен жасқанатын, өйткені, ол жекпе-жектерде олардың талайының мойнын бұрап тастайтын. Оның тағы бір мықтылығы өзіне қарсы тұрған итті екпіңдеп келіп кеудесімен соққанда-ақ ұшырып жіберетін. Сондықтанда болар, Сұркиікті Көктеректе білмейтін бала аз еді.

Бес жыл басынан аяғына дейін көрген соғыстың қиыншылығы, бейнеті ме, әлде концлагерьдің көрсеткен қорлығы ма, әйтеуір Бекжан көкесі айықпас дертке ұшырады. Талай дәрігерлерге қаралды. Әкесі Сержан болса, ол кісіні Алматыға да апарып емдетіп келді. Бірақ күн өткен сайын жағдайы нашарлай берді. Мыңжасар болса, ағасының жағдайы ауырлағанын үлкендердің  сөзінен көңіл-күйлерінен байқап, алаңдап жүрді. Өйткені, Бекжан аға мінезі ұстамды, сөзі салмақты, халыққа сыйлы, туыс-жақындарға мейірімді жан еді. Туыстарының балаларын алаламай, еркелетіп бауырына тартып қамқор болып жүретін. Сондықтан балалардың бәрі ол кісіні жаксы көретін.

Мамыр айының соңында әкесіне ілесіп, Мыңжасар да Көктерекке келді. Бұлар бірден Бекжан ағаның үйіне түсті. Аға төр үйдегі кең ақ төсекте жатыр екен. Бұларды көріп күлімсіреп, бас изегендей ишара білдірді. Бірақ басын жастықтан көтеруге шамасы келмеді. Мыңжасар ағасының бұрын бұлай жүдеп, өңінің бозарып, жақтарының суалыңқыраған күйін де көрмеген еді. Біртүрлі болып, жаны ашып кетті. Әкесі болса, ағасының хал-жағдайын сұрап, ауылдың жаңалықтарын айтып, қасындағы отырған жеңгесімен де әңгімелесіп отырды. Бір кезде Бекжан аға бұған қарап:

–  Мыңжасар, құлыным, бір кезде мен сенің күшігің Сұркиікке қызығып, сұрап алып кетіп едім. Оны сенің қимағанынды да сезгенмін. Ол сондай тамаша тазы болды. Талай аңға шығып, демалып, мынау Қалбаның сай-саласын кезіп, сонау Толағайға дейін жетіп, сан түлкіні қанжығаға байлап, тіпті аюға да шыққан күндеріміз болып еді. Енді менің жағдайым мынау, Сұркиікті өзіне қайтарамын, алып кет, – деді.

Мұндай жағдайды ойламаған әкелі-балалы екеуі бас кезінде не айтарларын білмей сасып қалды да, одан барып екеуі де қосарлана үн қатты.

– Жоқ, аға, әлі жазылып кетесіз, талай аңға шығасыз, алмаймыз, деп азар да безер болды. Бірақ бұған қайрылатын ағаның түрі көрінбейді. Қайта қабағын түйіп:

– Менің көзім тірісінде алып кетіңдер. Сонда ғана риза боламын. Осы айтқаным айтқан, – деп жастыққа басын шалқайта көзін жұмды. Мыңжасар өзіне ие бола алмай көзіне жас толып, ерні кемсеңдеуге айналды. Бір сәтте әкесіне қараса, оның да көзі жасаурап әзер отырғанын байқады. Дегенмен, әкесі өзін ұстап, сөз бастады:

– Жарайды, аға, біз алып кетейік, кейін өзіңіз жазылғанда қайтадан алып келеміз ғой, – деп орнынан тұра бастады.

Сөйтіп, Мыңжасар әкесі екеуі екі жақтан Сұркиікті сипап, «Газ -51» машинасының кабинасына салып алды. Қаншалықты тар, сығылысып, кабинасының төбесіне бойы сәл жетпей отырған Сұркиік, 60 шақырым болатын Қоскөлге дейін тапжылмай отырды. Ал, Мыңжасар болса, бағанағы жағдай қайта-қайта ойландырып, асыл ағасының ауыр жағдайына мұнайып отырды. Әкесіне қарап қойса, оның да көңіл-күйі пәс. Дегенмен, бұл әлі жасөспірім бала ғой, бір уақ «Сұркиікпен енді аңға шығамын, достарыма мынандай итім бар деп мақтанамын, Бәйгеторыға мініп алып, ауылдың жоғарғы жағындағы көлге де жиі барып тұратын болдым ғой» деген ойдың жетегіне де кетіп отырды…

Қоскөлге жеткеннен кейін үйге келе сап Мыңжасар Сұркиікке тамақ беріп, үйдегі іні-қарындастарына бұрынғы күшігін мактанышпен көрсетіп, «біреуің тиіссендер, оңдырмаймын» деп қоқаңдап қойды. Жазғы демалыс болған соң, ертесін ол асықпай, ұйкысын әбден қандырып бір-ақ тұрды. Далаға шығысымен кешкісін есік алдында жатқан Сұркиікті іздеді. Аулада көрінбегесін үйді айналып, қора-қопсы жақты шолып шықты. Еш жерде көзге түспеді. Анасынан сұрап еді, байқамағанын айтты. Көршілер жақта жүрген болар деп маңайды біраз аралады. Кезіккен балалар ондай итті көрмегендерін айтады. Содан велосипедіне отырып ауылды шарлауға кірісті. Ең аяғы ауыл маңындағы сиыр қораларына дейін аралап шықты. Жер жұтып қойғандай, Сұркиігі жок. Сөйтіп шаршап-шалдығып, бесін кезінде үйге де жетті-ау!

Бір кезде шаңдатқан машинадан әкесі түсіп, үйге қарай аяндады. Мұны көріп:

–  Әй, Мыңжасар, неғып отырсың? Сұркиік қайда, тамақ бердің бе? – деп қуакылана сөйледі. Бұл бірден бүгінгі басынан өткізген жағдайды баяндай жөнелді.

–  Иә, жаксы, түсіндім. Ал мен Сұркиікті көрдім, келетін түрі көрінбейді.

–  Ондай болса, әке, мен өзім барып келейін, – деп Мыңжасар велигіне қарай ұмтылды.

– Жоқ, сен бекер әуре болма, Сұркиік еңді келмейді. Жүр, мына орындыққа отыр. Құданың құдіреті, кім білген олай болатынын! – деп әкесі ұлына қарап сөз бастады.

Таңертең әкесі ферманың бір жұмыстарымен тағы да Көктерекке барады. Сондағы ауыл шаруашылығы баскармасындағы жұмыстарын бітіргеннен кейін ағасының халін білейін деп үйіне барса, есік алдынан құйрығын бұлаңдатып Сұркиік шығады. Сасып калған әкесі өз көзіне өзі сенбейді. Бұл не, елес пе? – деп тұрып қалады. Ал Сұркиік болса, қылмыс жасап қойған адамдай, әкесінің қасына келіп қолын жалап, басын үйкеп кешірім сұрағандай сыңай танытады. Әкесі жеңгесінің де қатты таңырқағанын айтты. Ол кісі таңсәріден сиыр сауайын деп далаға шықса, есік алдында бүк түсіп Сұркиік жатады. «Астапыралла!» деп шелегін жерге түсіріп алған жеңгесі Аллаға сиына беріпті. Расында кім ойлаған, осындай жағдай болатынын? Сөйтсе, түн қараңғылығымен жортқаннан жортып, Сұркиік алпыс шакырымнан астам ойлы-шұнқырлы, тау-тасты жерді артқа тастап Көктерекке жеткен. Осыны айтып болып, біраз тұнжырап үнсіз қалған әкесі:

– Мыңжасар, көрдің бе? Сұркиік ағама әбден берілген адал ит екен. Иесінің ауыр халдегі жағдайын сезініп, қиыншылықта тастап кетпей, тектілігін танытты. Қазақ бекерден-бекер «Ит-жеті қазынаның бірі» деп айтпаған. Ал кейбіреулер «Басыңды күн шалса – құтыла алмайсын, егер бұлт шалса – іздеп таба алмайсың» дегендей, ит екеш ит құрлы болмағаны ма?! – деп тебіренген қалыпта отырып қалған.

Көп ұзамай Бекжан аға дүниеден озды. Көктерек халқы, туған-туыс ол кісіні құрметпен соңғы сапарға шығарып салды. Соның алдында 7-8 күн бұрын Сұркиік жоғалып кетті. Бекжан ағаның ұлдары Кәрімбек пен Сембек қаншама іздеп, елден де сұрастырғанымен, текті тазы табылмады. Кейін ел «жаксы ит өлігін көрсетпес» деп жатты…

Өмірзақ Сембайұлының мұрағаты,

«Қазақ әдебиеті», 26 маусым 2009 жыл.

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір