Шоқан сенген батыр

14681641_375308656193071_8525307311188799809_n

1858 жылдың мамыражай мамыры шiлдеге ұласқан уақыт. Жер жәннаты Жетiсу өңiрiндегi Қапал маңында Ресей патшасының құпия жарлығымен арнайы топ жасақталып жатты. Асқан жауапкершiлiкпен атқарылған Сарбас бидiң ауылындағы бұл шаралар ешкiмнiң көңiлiнде күдiк тудырған жоқ. Патша ағзамның ерекше назарында болған бұл жұмыстарға саусақпен санарлықтай ғана адам қатысқан. Ресей патшасы үлкен сенiм бiлдiрген қазақтың ұлы зерттеушi-ойшылы Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға сапары осылай басталды.

Бұл көршi жатқан ұлы Қытайға қарай қол созудың алғашқы шаралары едi. Адам баласы күмән келтiрмейтiн күйге енген Шоқан экспедициясын Қашқарияға жеткiзу үшiн осы маңның жер жағдайын жақсы бiлетiн әрi кездейсоқ болатын қауiп-қатерден қорғай алар ержүрек батыр керек болды. Жетiсу өңiрiндегi сенiм бiлдiруге болатын мұндай бiрден-бiр адам – Тәнеке батыр едi.
– Тәнеке батыр осы Жетiсу өңiрiндегi ең атақты батыр едi. Ол – Дөсет батырдың ұрпағы (Дөсет бабаның кесенесі Қызылағаш ауылының солтүстік шығысында). Ары барсаңыз, Бөрiбай батырдан тарайды. Бөрiбай батырдың денесi Қожа Ахмет Йассауи кесенесiнде жатыр. XIX-ғасырдың орта шенiнде өмiр сүрген Тәнеке батыр сол тұстағы атақты батыр Кеңесары Қасымовтың көтерiлiсiне үн қосқан. Тәнеке батыр өзiнiң қол бастар батырлығымен де, ел бастар көсемдiгiмен де елдiң құрметiне бөленген тұлға, – дейдi Тәнеке батырдың ұрпағы Жекен Қалиев ағамыз.
Патшалы Ресей отарлық саясатын күшейтiп, қазақ даласына дендеп кiре бастаған кез едi. Кiшi жүз бен Орта жүздiң жерлерiне бекет салған отаршылар ендi Ұлы жүзге мойын бұрып, Жетiсу жерiне аяқ басқан болатын. Олар Жетiсудың ең шұрайлы жерлерiне табан тiредi. Ондағы қазақтар шөл және шөлейт жерлерге ығысуға мәжбүр болды.

14690841_375308662859737_347830059282655091_n
Патша үкiметiнiң тарапынан жасалған бұл қысастық жергiлiктi халықтың наразылығын тудырды. Басқалай келiсiм болмасын бiлген жұрт азаттық жолында арпалысқан Кенесары Қасымұлының қол астына жинала бастаған едi. Алайда, аузынан от бүрiккен мұздай темiрмен қаруланған патша әскерi Кенесары қолының адымын аштырмай, тықсырып келе жатқан. Отаршылардың Жетiсу өңiрiне бекет сала бастауы бұл өлкедегi қазақтарды да Кенесары әскерiне қосылуға мәжбүр еттi.
–1846 жылы генерал Вишневский Жетiсудың бай-билерiн, сұлтандарын, беделдi адамдарын жинап алып, Кенесарыға қосылмау туралы, патшалы Ресейге бодандыққа алу жайында келiссөз жүргiзiптi. Бұл туралы поляк жазушысы Адольф Янушкевичтiң еңбегiнде бар. Мiне, осы бiр сәттегi қызықты оқиға – Вишневский жиын өткiзiп жатқанда, қаптаған қол келiп шабады. Бұл – Жетiсудың атақты батыры Тәнекенiң қолы екен. Тәнеке Дөсетұлы өзiнiң патшалы Ресейдiң отарлық саясатына қарсы екенiн олар Жетiсу жерiн аттаған бiрiншi күнi-ақ осылай көрсеткен екен, – дедi тарихшы ғалым Қайрат Адамбосынов бұл төңiректе арнайы зерттеулер жүргiзiп жүргенiн айғақтап.
Сол тұста қазақ даласына бас сауғалап қашып келе бастаған татар жұртының тағдыры Тәнеке батырға үлкен ой салады. Татарлар патша үкiметiнiң қара жұмысқа әскерге алу туралы iс-шараларына қарсы шыққан болатын. Олардың қазақ жерiне келiп, қоныстана бастауы да осының салдары едi. Тәнеке болыс оларды жылы қабылдап, екi бiрдей мешiт салып берген. Онда татар балаларымен бiрге қазақ балаларын оқытуды да қолға алған болатын.
Тәнеке Дөсетұлы бүкiл татар халқының басына түскен жағдай ертең қазақтың басына келерiн бiлген. Сондықтан, ондай қасiреттi болдырмаудың алдын алуды ойластырады. Орын алып отырған елдегi жағдайды айтып, доқ көрсетiп, 1858 жылы генерал-губернаторға хат жазған. Оның бiр данасын патша ағзамға жiбередi.
– Ол кездегi патша ағзам – Александр-II Жетiсудың көптеген әдемi шұрайлы жерлерiн өзiнiң әскерлерiне, өзiнiң бай адамдарына үлестiре бастаған. Сол кезде Тәнеке батыр Қапал уезiнде тұрған, сонда туған адам, патшаның өрескел әрекеттерiне қарсы шығып, сонау құмды, шөлдi жерлерге кеткен қазақтарды қайтарып алған. Александр-II арнайы хат жазып, соны талап етедi. «Егер шұрайлы жерлердiң бәрiн патша әскерi иемдене беретiн болса, мен Кенесары Қасымовтың көтерiлiсiне қосылып, Жетiсу қазақтарының бәрiн көтеремiн» деген айбат көрсетедi. Соның арқасында кетiп қалуға мәжбүр болған қазақтар өздерiнiң жерұйығына қайта оралады. Бұл, шынын айтсақ, Тәнекенiң үлкен ерлiгi, – дейдi Жекен Қалиев.
Өмiрi ерлiк iстерге толы Тәнеке батырдың аты аңызға айналып кеткен. Алайда, ондай аңыздардың қайсыбiрiнiң де негiзi бар едi. Қазақтан шыққан алғашқы тарихшыларымыздың бiрi Мұхаметжан Тынышбаевтың «Материалы киргизско-казахского народа» деген еңбегiнде, мысалы, 1847 жылдары Қыдырәлi бидiң немересi Тәнеке Дөсетұлының Кенесары көтерiлiсiне қатысқанын айғақтайтын мәлiметтер бар.
– Кенесары Қапал уезiнiң жерiне келгенiмен, орыс әскерлерiмен аса үлкен қақтығысқа бармаған. Жетiсу батырларымен тек Қаратал бойында ғана кездеседi. Кейiннен қырғыз жерiне өтiп кеткен. Ал, ендi осы тұста тағы бiр қызықты деректiң бар екенiн айта кету керек. Ол – Тәнекенiң Кенесарының кегiн алғандығы. Қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқан Кенесарының кегiн алуы жайында марқұм тарихшы Әбдiкерiм Хасеновтың «Үш ғасыр иiнiнде» атты ғылыми мақаласында айтылған. Онда Жетiсудағы қазақ руларынан қол жинап барып, Тәнеке батыр Кенесары өлiмiне тiкелей қатысы бар Төрегелдi манаптың ауылын шапқаны, оны ат құйрығына байлап, сүйреп өлтiргенi туралы дерек келтiредi. Сондай-ақ, заманымыздың заңғар тарихшысы Ермұхан Бекмаханов ағамыздың «ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстандағы қазақтар» атты ғылыми монографиясында Қапал уезiндегi қазақтар бiр жылдан кейiн Кенесары өлiмiне тiкелей қатысты қырғыз манаптарын аяусыз жазалады деген тарихи дерек бар, – деген едi әңгiме барысында Қайрат Адамбосынов.
1882 жылы Ресей отаршылары мал санағын жүргiзгенде, «Тәнеке Дөсетұлының малы 50 түйе, 100 жылқы және 1000 қой» деп жазылған. Бұл мал санағы жүргiзiлгенде Тәнекенiң тiрi екенiн көрсетедi. Ал, өзi салдырған мешiтте балаларға сабақ бергiзу үшiн Қазанға оқуға жiберген татар баласы Ходжахметке деген аманаты Тәнекенiң 1883 жылы дүниеден өткенiн айғақтайды.
– Қазанға оқуға жiберген балалардың iшiнде Мұхамедьяровтың Ходжахмет деген баласы болады. Сол бала 1883 жылы Тәнеке батырдың өсиетi бойынша Қазанда жүрiп 25 сом ақша алады. Оны өте бiр тарығып жүрген кезiнде апарып берген. Ол кезде 1 килограмм картоп – 1 тиын, 1 килограмм ет – 3 тиын тұрады екен, 1 сомға үш қой сатып алуға болатын кез ғой. Сонда Тәнеке батыр Қазанда оқып жүрген Ходжахмет Мұхамедьяровқа 75 қойдың ақшасын берiп жiберген, – дейдi зерттеушi-педагог Сәбит Дүйсебаев.

14729378_375308659526404_5361926137512661034_n
Шоқанды Қашқарияға шығарып салған Тәнеке батырдың аты бұл экспедиция туралы жазылған деректердiң бiрде-бiрiнде көрсетiлмеген. Себебi, Шоқанның бұл сапары мемлекеттiк құпия болатын. Оған қатысты мәлiметтерде Шоқан Уәлихановтың ғана есiмi аталады. Ал, Шоқан болса, Тәнеке батырға үлкен сенiм артқан. Қазақ даласында ұмыт бола бастаған талай ердiң iзi жатқаны рас-ау…

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

“Ақшам” ақпарат

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір