ҚАТЕСІ КӨЗ ТАРТЫП ТҰРҒАН ҮЛКЕН «АЯҚ-КИІМНІҢ» ИЕСІ КІМ?..

 

14875219_1104372869670248_2079536619_n

Бүгінде көшедегі қазақша жарнамалардағы «көз тартатын» қателер туралы аз айтылып жүрген жоқ. Мысалдар дәлелді түрде БАҚ бетінде талай көрсетілсе де беті қызарып, кемшілігін түзететін меншік иелері көрінбейді. Семейдің Засядко көшесінде орналасқан «Ұлар» сауда үйінің қабырғасындағы алабажақ жарнамаларға көпшіліктің көзі үйренгенмен, бадырайып тұрған қатеге бақырайып қарамау мүмкін емес. Қарапайым ғана «Аяқ киім» деген сөздің ортасына сызықша қойылғанын қазақша жарнаманың қойыртпағы деп қабылдамасқа лаж жоқ.

О заман да бұ заман аяқ киімнің ірі әріптермен «АЯҚ –КИІМ» болып жазылатынын кім көрген?! Ол аздай сол жағында «Балалар аяқ-киімі «Башмачок» деген қате жарнама үшін жауап беретін жан бар ма?!

«Әндіжанда бір апам бар, менен өткен сорақы» деп бір әпенді әйел айтқандай, «Ұлар» сауда үйіне қарама-қарсы «Арғымақ» cауда үйінің қабырға белдеуіне қарасаңыз, одан өткен «қызықты» көресіз. Мұнда аяқ киімнің көпше түрі «аяқ-киімдер» деген «көрнекі» қатемен назарға бірден шалынып тұр. Яғни, сызықша қоюдың қажеті жоқтығын қазақ тіліне немқұрайлы қарайтын сауда үйінің «қожайын-дары» (әдейі осылай жазуға тура келді) қаперге алмағаны анық. Осынау олқылыққа о баста ешкім мән бермегендіктің салдарынан сауда орындарындағы сауатсыз жазуларды түзетуге де ешкім бас ауыртпайтын сыңайлы. Тиісті орындардың талап етпейтіні, еткен күнде де сөзі өтпейтіні тағы бар.

14813469_1104374809670054_1912687022_n

 

Қазақ сөзін орысшадан аударып қолдану үрдісі қоғамдық дертке айналғалы қашан? «Дубленканы» «Ілі тондар» деген «жаңаша термин» «Аляска» сауда үйінің әйнегінен менмұндалап тұр. Кейбір дүкен сыртынан «Илі тондар» деген тұрпайы тіркесі де ұшырасады. Шамасы иленген теріден тігілген киім екенін меңзеген түрі болса керек. «Дубленка» расында қалай аударылады? Әрине, бұл да ойландыратын сұрақ. Өз көзқарасымда «Қамқа тон» болғаны дұрыс тәрізді. Өйткені, «Уикипедия» анықтамалығында былай делінеді:

«Тонның ең қымбаты «қамқа тон». Бұл тон екі түрлі жолмен тігіледі. Оның бірі «қамқа» деп аталатын жылтыр қара жүнді аңның терісінен түгін сыртына қаратылып тігіледі. Екіншісі алтын, күміс жіптерден (зерлен) тоқылған матадан тігіледі. Бұл тонның екеуі де аса бағалы.»

«Қамқа Тон– иі қандырылып өңделген жұмсақ қой терісінен тігілген қыстық киім».

Демек, «Дубленканың» аудармасына қазақы «Қамқа тон» ұғымы сай келеді. Тонның ненің терісінен тігілетіні маңызды емес, «қамқа тон» қымбат, бағалы киім екендігін меңзейді. Ал енді дүбәра күйде «Ілі тондар» деген сөзді іліп қойсақ, өзімізді- өзіміз мазақ еткеніміз емес пе?..

Міне, мақаламызға өзек еткен осынау мысалдардың өзінен жарнамалардағы қазақ тілінің қолданысы қандай күйде тұрғанын көруге болады. Сауда орындарындағы тауар жарнамалары ағылшынша, орысша көрнекі, қатесіз беріліп, мемлекеттік тілдегі нұсқасына немкұрайлы қарау қашанға дейін жалғаса бермек? Бұл сұраққа да нақты жауап ала алмай келе жатқанымызға 25 жыл болды…

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Семей қаласы

 

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


[main-questions-list]

Тағы оқыңыз:

Facebook пікір