Жаңадан түзіліп жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасында осы қателіктер қатаң ескерілетін болады. Үкімет жаңа бағдарламада құрылыс сапасына баса мән бермек, деп жазады Хабар сайты.
Құжат жобасы бүгін «Сарап Тайм» пікірсайыс клубының кезекті отырысында талқыланды. Негізі «Нұрлы жер» бойынша Үкімет алдағы екі жылда 600 мыңнан астам жер телімін елге таратпақ.
Сарапшылар: «Бағдарламаны жүзеге асыруда терең, күрделі, ауыр механизмдер іздеудің қажеті жоқ. Тұрғын үй мәселесін шешуде Қызылорда облысы үлгі», – дейді.
Мұнда инфрақұрылымы тартылған 10 соттық жер 6 мың 600 отбасыға үлестірілген екен. Ал Алматы мен Астана қалаларының жөні бөлек. Шаһарлардың бос жатқан жері жоқ. Екі қала тұрғындарына іргелес жатқан ауылдардан жер телімдерін беру ұсынылды.
Дәурен Бабамұратов, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі
– Жерді бірден сенің атыңа жазбайды. Жерді саған жалға береді. Сен 2 немесе 3 жылдың ішінде жердің үстіне үй салуың керек. Үй салғаннан кейін ғана жер сенің меншігіңе өтеді. Сен үй салмайтын болсаң, сен ол жерді сата алмайсың, арендаға бере алмайсың, кепілдікке қоя алмайсың. Ол жер саған тек үй салу үшін беріледі.