Батырды «ҰЛЫНАН» бөлген қай өресіз?!

Семейде көше атауларын өзгерту күнтәртібінен түспей тұрған қазіргі уақытта оның қатесіз жазылуы талабын сақтау да қалтарыста келе жатқан бір мәселе екені даусыз. Әсіресе, қаланың орталық бөлігіндегі танымал тұлғалардың есімдері берілген көшемен өткенде бірден көзіңе түскен қатеден жігерің құм болып, кімді кінәларыңды білмей дағдарасың. Қаланың орталық бөлігін қақ жарып өтетін Бауыржан Момышұлы атындағы үлкен көшеден кісі қарасы да, көлік те бір азайған емес. Осы көшенің Қабанбай батыр көшесімен қиылысатын тұсына қойылған мына бір жол белгісіндегі өрескел қателіктің қашаннан тұрғанын кім білсін, бірақ, бұл үшін беті қызарып жүрген ешкім көрінбейді.

14875173_1110058432435025_786302752_n

Қазақша да, орысша да «Б. Момыш-ұлы көш», «ул. Б.Момыш-улы» деп батыр бабамыздың тегіне тасымал қойылған тақтайшаның жол белгісіне орнатылғанына қарап, бұл жол полициясының ісі ме? деген де сұрақ туындайды. Бірақ, осы көше атауларының бір жерде «Қабанбай батыр к-сі» немесе «Қабанбай батыр көш» деп қазақ тілінде екітүрлі жазылатыны да белгілі бір реттілік тәртібінің сақталмайтындығын көрсетеді. Яғни, көше атауларының берілуіне әрі оның қатесіз, белгілі бір тәртіппен жазылуын қадағалауға жауапты қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұл тұрғыда қандай уәжі барын өздері ресми айтпаса, әзірге білу неғайбыл.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықтының» керін келтірген осы кемшіліктің қашан түзелетінін сұрап, тиісті мекемелердегі ақ жағалы «иісалмастардан»  жауап күту де артық болар. Ал кеңестік дәуірдің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде «Момышұлы» деген тегін берік сақтап өткен Бауыржандай батыр бабамыздың алдында бұл кешірілмес қателік.

«Қазақ тілі еш уақытта, өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді.

Барлық өткен заманның, халық тәжірибе-қасиеттерін, ғылыми-мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, жағдайға толық түсіндіріп, ұғындыра, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл емес пе.

Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе».

Бұл Бауыржан Момышұлының майданда қан кешіп жүріп, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа жолдаған хатынан үзінді. Ал біздің бейбіт күнде, тәуелсіз дербес ел болып отырып тіл тазалығын сақтауымыздың сиқы осындай!

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Семей қаласы

 

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір