Біз «жоғалған буынбыз»

%d3%99%d0%b4%d1%96%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d0%ba-%d1%8b%d0%b1%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d2%b1%d0%bb%d1%8b-2Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, Қазақстан Жастар одағы мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, ақын-жазушы:

– Сіздің әдебиеттегі осал тұсыңыз не?

– Менің ең осал тұсым, қатарластарымның тым аздығы. Студент кезімізде іркес-тіркес бір шоғыр болып жүретін сияқты едік. Солардың бәрі тағдырдың тауқыметімен қаламын тастап кетті.

– Боксшылар спорттық ғұмырындағы мансабын аяқтағанда «бокс қолғабын шегеге ілді» деген термин бар…

– Дәл солай. Менің құрдастарым үлкен жолдың басына керемет шығармашылық әлеует, ақындығымен  шығып тұрып, жазуды жалғастырмады. Себебі, біздер іріп-шіріген кеңестік дәуірдің ең соңғы жылдарында оқу бітіріп, өмірге қадам бастық. Біреуді біреу білмейтін, таңертеңгі ақылың түске ас болып жарымайтын заман, талай жарқын болашақты сөндіріп, талай тағдырды ту-талақай етті.

«Жүйрік қосағымен шабады» деген халқымызда керемет сөз бар. Мәселен, Әкім ағаның (Тарази) қатарын қараңызшы. Сайын, Қалихан, Әбіш, Бек, Қабдеш, Шәрбану, Ақан, Рамазан сияқты қаламгерлер қатар келді. Олар бір-бірін оқыды. Бір-біріне ұстаз бола білді. Сөйтіп, біреуі бойлап өспей, қаулап өсті, қатар дамыды. Олар жөнінде орнықты қоғамдық пікір қалыптасты. Ақыры, келе-келе бұл топ әдебиеттің бір дәуірін жасады.

Міне, менің осалдығым, «аспанда ұшқан алты қаздай» әдебиет айдынында алты – жеті құрдас ат құлағын тең ұстап жүре алмадық.

– Сіздің құрдастарыңыз кімдер?

– Әубәкір Смайылов, Болат Қорғанбеков, Берік Бейсенұлы, Анар Ілиясова, Сейсен Ұлықбеков, Құлтас Достанов, Бейбіт Оспанов, Орынбасар Самалықов тағы да басқалар… Біз – «жоғалған буынбыз».

«Жоғалған буын» деген термин Э. Хемингуэйдің тұсында әдебиетке еніп, әдеби нормадағы ұғым ретінде қалыптасты. Енді, қазіргі қазақ әдебиетінде де «жоғалған буын» туралы айтылуы тиіс сияқты.

– «Жоғалған буын» терминінің тарихы туралы айтып берсеңіз.

– 1925 жылдың жазында Э. Хемингуэй «Фиеста» деп алдын-ала атап, айдар тағып қойған жаңа романын жазуға кіріседі. Ол кезде жазушы Испанияда тұратын еді. Кейін келе испан тіліндегі атаудан бас тартып, романын «Жоғалған ұрпақ» тіркесімен атау туралы тоқтамға келді.

Бірақ Э. Хемингуэй «Фиеста» деген бұрынғы  атауына қайтып оралып, тақырыпқа «Тағы да күн шығады …» деген  сөйлемді қосады. «Жоғалған ұрпақ» сөз тіркесін эпиграф түрінде орналастырып, оған төмендегідей түсініктеме береді.

«Бірде америкалық жазушы Гертруда Стайн Еуропаны өзінің ескі «Форд» автокөлігімен саяхаттап жүрген шағында болар-болмас кәдіктен машинасы бұзылып қалады. Бірінші жаһан соғысына қатысушы жас жөндеуші оны дер кезінде жөндей алмай,  Гертруданың шағымынан кейін гараж қожасы оған: «Сендердің барлықтарың да – жоғалған буын, жоқ болған адамсыңдар» деген ғайбаттау сөзді айтады. Жазушы әйел осы сөзді көңіл түкпірінде берік сақтап, Э. Хемингуэймен арада орын алған дау-дамай үстінде «соғыста болған барша жастар, тап сол жөндеуші сияқтысыңдар» дегенді лық еткізеді де, өз тарапынан: «Сендер – жоғалған ұрпақсыңдар. Ештеңені құрметтемейсіңдер, барлықтарың салынып ішіп кеткенсіңдер …» дегенді қосады».

«Фиеста» романы әсерінің алапат болғаны сондай «жоғалған ұрпақ» немесе «жоғалған буын» термині жалқы есімге айналып шыға келді. Әрі, әлемдік әдебиет пен әдебиеттану ХХ ғасырдың 20-30- жылдары пайда болған тұтас тақырыптық бағытты осы атаумен атап, айдар тақты.

– Ал Сіз проза мен поэзияны қатар алып жүріп келесіз. Халық әндерінде «ақынға қара сөзден өлең оңай» деген уәж бар. Сіз үшін қайсысы жеңіл?

– Бізде өлең жазатындар көп. Өлеңді қиналмай жазатындар тіптен көп. Себебі, бұл – сөз киесі алдындағы адамзаттық позицияның әлсірегендігін көрсетеді.

Шынайы жазушылықпен айналысқан адамға қай саланың да ауыртпашылығы жетеді. Алайда, қара сөз өнерінің жолы ауыр деп ойлаймын. Оған табандылық, жүйелілік, ізденіс керек, әсіресе, оңаша отырып ой қорыту кезеңі үздік-создық созылып жүріп алады. Ал, бір өлең бір күнде туа беруі мүмкін.

Жаңа дәуірдегі прозашылардың қатары сиреп тұрғаны да сондықтан.

– Олардың қатарын арттыру үшін не істеу керек, жолы қалай?

– Бізде не көп, мүшәйра көп. Біреу әкесіне ас берсе де, көкпар бере салғандай мүшәйра ұйымдастыратын болыпты. Сол мүшәйраларда оншақты ақынға сый-сияпат табысталады. Осы көрініс үрдіске айналды. Содан өлең құраушылардың саны жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келеді.

Мұндай амал бір жағынан жақсы, даңғаза мен дүрмектің арасынан айтулы дарындылар шығады. Дәл осындай шараны прозаға қатысты да ұйымдастыру керек. Есіңізде болса, ХХ ғасырдың басында

Тұңғыш роман байқауында Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы үздік деп танылған. Жүлде қоры 2000 сом болған. Ол қазіргі ақшамен есептегенде 33 миллион теңге шамасында екен.

Мәселе оның қаржысында емес, шара ретінде жүйелі түрде үрдіске айналса, қаламгерлер арасында ұмтылыс байқалар еді. Жас жазушылардың шоғыры қалыптасар еді.

Сондықтан, «Мүшәйра» дегендей проза үшін «Қара сөз» деген сықылды конкурстың түрін ойлап табу керек тәрізді.

– Бүгінгі қазақ әдебиетінде тәуелсіздіктің мазмұны мен мұраты қалай сипатталуда деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздік, әрине, ой бостандығын алып келді. Сондықтан бостан бейнедегі жекелеген көріністер, оқшау ойлар ұшырасады. Әйткенмен, тұтастай «бес жылдықтың балғасын солқылдатып соққан» социалистік еңбеккерлердің бейнесін сомдап кеткендей, жаппай жаңашылдық әл-ауқатты жазу өріс ала қойған жоқ. Қаламгерлер еңбек адамынан гөрі әлеуметтік топтарды қуалап кеткен сияқты. Мәселен сотталған, қаңғыбас, психологиялық науқас, өзге наным-сенімнің бодауында кеткендер, атом құрбандары сияқты тақырыптарды қозғап жүр. Ал, нарықтық қатынастағы халықтық психологияны Герольд Бельгердің «Тұйықсу» романынан, Әлібек Асқардың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» сияқты хикаяттардан көруге болады. Осы шығармаларда бүгінгі күннің мазмұны бар. Сонымен қатар, тәуелсіздік мұраты жасырын түрінде ұсынылады.

Әуелден эпикалық ұстанымға бейім поэзияда Тәуелсіздік мұраты айқын, рухы асқақ сомдалады.Өлеңнің жолы болғыштығы да осыдан деп ойлаймын… Жалпы, ұлттық мінезді сипаттайтын тақырыптарды қаламгерлер таба алмай жүрсе керек.

– Әдебиеттің оқылуына жол ашатын кілтипанның кілті неде? Сіздің пайымыңыз қалай?

– Насихат. Әдебиеттің жаппай күнделікті тұрмыстан орын алуы – әдебиет туралы сөздің айтылуынан деп есептеймін. Бір роман жарық көрсе, ол туралы талдау екі романның көлеміндей болуы тиіс. Сол кезде жұрт назар аудара бастайды. Соның нәтижесінде кітап оқу мәдениеті қалыптасуы әбден мүмкін.

– Тәуелсіздіктің баянды болуы экономикаға негізделе ме?

– Жоқ. Мәңгілік елге айналудың алтын қазығы – ұлттық мұратта жатыр. Экономикасы бәлендей алдыңғы шептен орын алмайтын Израиль қандай қуатты мемлекет. Халқы үш мың жылдан астам босып жүрсе де Иерусалимді (қазақшасы «Іргетасын Сәлім қалаған») байтақ жұртқа айналдырды. Онымен әлем санасады. Осынша қажырдың бәрі ұлттық мұратта жатыр. Ал, ұлттық мұрат әдебиетке негізделеді. Яғни, сөз. Сөз киесі апармайтын биік жоқ.

– Бірақ олардың әдебиеті әлемде әйгілі емес қой.

– Құпия әдебиеттердің бәрі соларға тиесілі. Оны оқымайтын жөйіт жоқ. Әрі, әдебиет міндетті түрде адамзат өркениетіне мәлім болуы шарт емес. Өңірге арналып жазылатын, дінді уағыздайтын, ұлтқа бағытталған әдебиет бар. Біздің бет алысымыз – тұтасшылдықты ұстанған мемлекетшіл бағыттағы ұлттық әдебиет болуы тиіс.

–  Яғни, белгілі бір шығарманың аты немесе авторы аталғанда оның артында ұлттың атауы тұруы тиіс қой. Мысалға, Лев Толстой…

– Дәл солай. Өкінішке қарай, бодан ұлт болуымыздың кесірінен сондай деңгейге жете алмадық. Алда болмысымызды жоғалтпай, бүтіндігімізде болсақ, бұл олқылықтың орны толар…

Қазіргі уақытта, «Астана» велокомандасы десе, бірден әлем жұртының көз алдына Қазақстан елестейді. Келешекте мұндай физикалық оқшаулықтар емес, интеллектуалдық құндылықтар арқылы Қазақстанды әлем халқы тануы тиіс деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,

“Айқын”

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір