Ә.Ыбырайымұлы: МЕН ҒАРЫШТА САМҒАҒАН САМҰРЫҚПЫН

02112016-2

Әділбек Ыбырайымұлының «Бурабайдағы күз» тақырыбындағы топтамаларына қарап, бір ғана Бурабай күзін осыншалық жырлаған ақын барма екен деп ойланып қалдық. Әділбектің тұрақты оқырмандары оны әдебиет саласындағы әмбебап қаламгер ретінде таныса керек. Соңғы оншақты жылда прозаны өндіре жазып жүргеніне қарап (3 роман мен көптеген повест, хикаят, әңгімелер жазып тастады), поэзиядан қолүзіп қалған шығар деген ой да келген бізге. Қуанышқа орай, олай емес екен. Міне қараңыз:

Мен ғарышта самғаған самұрықпын,
Қарар екен маған да аңырып кім?
…Бурабайдың қойнында сары-ала күз,
Қаракөк шақ
Бар және…
…Бәрін ұқтым.

Осы бір шумақтың өзі-ақ талғампаз оқырмаға орасан ой салып тұр. Ақындық болмыс, табиғат тылсымы, фәлсапалық түйін, лириқалық иірім осы шумақта мөлтілдеп-ақ тұр екен. Тағы бір тәнті болар нәрсе, Бурабайдың күзіне 10-шы өлеңін арнап отырған ақынның бір өлеңінің екінші өлеңіне ұқсамауы. Яғни, Бурабайдың күз мезгілін әр қырынан 10 түрлі өрнектеу. Осы орайда, қазақтың кең құлашты ақын, жазушысы Әділбек Ыбырайымұлының тек қана Бурабай күзіне арналған өлеңдер топтамасын өз алдына жеке жариялағанды жөн көріп отырмыз.


БУРАБАЙДАҒЫ КҮЗ

І

Мүлгіген қалың орман,
Қалың қайғым,
Бұлдырап өтіп жатыр сағымдай күн.
Тек қана қынжылғаным болмаса әттең,
Жастық шақ, мен өзіңді сағынбаймын.

Жапырақ жанға жақын сан іреңді,
Көңілге ну ағаштың сарыны енді.
Қиялым жеткенменен ақыл жетпес,
Арулар, беу дариға-ай, бәріңе өңді…

Орманнан сыңсыған үн естіледі,
Қараймын, биыл шырша кеш түледі.
… Елітіп, мені оңаша жетелеген,
Көрінген көз алдыма кескін еді…

Кіл емен, өңкей қайың сырға батқан,
Көк шырша қол бұлғайды бір қабақтан.
Жапырақ жан сырыма үңілгендей,
Сылаңдап, судыр қағып тұрды алаптан.

Бурабай, байсал кейпің – сабыр басым,
Селт етіп қарамайсың дабырға шын.
… Кешкілік күнде санап жүрген-сынды
Хауа ана Адам-ата қабырғасын…

ІІ

Бүгін таң атқан еді тұманданып,
Білінген көк әуеден қылаң да анық.
Жарқ етіп жайнады әлем,
Күн шыққанда,
Керімсал келіншектей сылаң қағып.

Бурабай буға батқан ашаңданды,
Көз тоймай,
Жаның сүйер жасанғанды.
Ойладым «құбылмалы дүниеде,
сұрайды қалқа біздің қашан халді?»

Теңселіп орман тұтас ыңылдайды,
Көңілің салқын тартқан жылынбайды.
Жасыл мен күрең ірең қабаттасып,
Көкейді тұман басқан ұғынбайды.

Қойған-ау түйсікті уақыт қыпылдатып,
Қашқандай менен бақсам мұқым бақыт.
Ойымды кенет тосын
Ыдыратып,
Тоқылдақ тоқылдатты зыпылдатып.

Еңсемді тіктеп қайта …
Адаландым,
Туған жер, аман болшы!
Садағаңмын.
Кісі көп қара ормандай,
Әттең қинар,
Жоқтығы жаныңды ұғар жан адамның.

2016 жылғы 21 қазан, сағат 21.24

ІІІ

Серуенге жалғыз шықтым оңаша,
Қиын емес бақ ішінде жол аса.
Ну орманның мұңлы әуенін естисің,
Өз мұңыңа тербелесің бомаса…

Бүгін нұрлы көрінеді тіпті аспан,
Кептер отыр қарағашта жұптасқан.
Саржапырақ аткөпір боп шашылып,
Ал қара тас мизімейді мүк басқан.

Мизімейді мына әлем де мелшиген,
Жақсылық мол, жамандықты көңше үйген.
Көңілімнің даңғылында дүбірлеп,
Болып жатса бір салтанат мен сүйген.

Сәл-сәл кетіп қиялымның лебімен,
Аял тауып, кері қайта шегінем.
Бурабайдың алтын күзі, аяулым,
Шын сүйеді екенмін ғой сені мен.

Өзің едің жақсылыққа жаны асық,
… Жылт ойнайды
Мөлдіреген қарашық.
… Қалың ойға қамалғанша таланып,
Ну тоғайға кетсем шіркін адасып.

Іздер біреу
мені сонда
жаны ашып…

2016 жылғы 24 қазан, сағат 21.38

IV

Оқжетпес сол қалпында шаншылады,
Бұтақтан шықтың көзі тамшылады.
Күзді біз «күз» деп қана жүр екеміз,
Бояудан қилы-қилы ән шығады.

Жапырақ сары, қызыл
Салбыраған,
Айнакөл жап-жасыл боп албыраған.
Көгі әлі оңа қоймай құрақ та тұр,
Не деген қатал еді тағдыр оған?..

Көз салсаң көкейде мұң әуелеген,
Туғанмен күбір қағып әуелі өлең.
Нәліне сан реңнің малынам да,
Масайып, маужыраймын мәуеге мен.

«Әупілдек» – Айнакөлдің қосалқы аты,
Қазақтай таласуға осал қақы.
Қамысы Әупілдектің жер қаптырар,
Күн кешсең жүрдім-бардым босаң, қапы…

Жағасы Әупілдектің керім де сал,
Азайып қалғандай ма шерім де сәл.
Көтеріп асай-мүсей жүрер шебер,
Мына бір ғаламатты ерінбе, сал…

Ғажайып ақылыңды алатындай,
Иранның үрбі білте манатындай.
Не деген қанық бояу қызыл… жасыл…
Көңілде кетпестей боп қалатындай…

2016 жылғы 25 қазан, сағат 23.18

%d3%99%d0%b4%d1%96%d0%bb%d0%b1%d0%b5%d0%ba-%d1%8b%d0%b1%d1%8b%d1%80%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d2%b1%d0%bb%d1%8b-1

 

V

Тым-тырыс қалың орман,
Тымық аспан,
Тиін да көрінбейді қылығы асқан.
Қара ағаш қаптай өскен маңның бәрі,
Тамаша тыныштықпен күн ұласқан.

Жаным бір жұмақ сәтке шым батады,
Тоқылдақ ара-тұра үн қатады.
Тоғайда жүргендей-ақ Қасым Қайсен,
Алыстан «соғыс сиқын» тыңдатады.

Шағын үй ормандағы
Жанға жайлы,
Сырт көз де ештемені аңдамайды.
Қағазға отырасың қиял кешіп,
Қиялың кейбір қыздай алдамайды.

Шаласың ойды небір қадымдағы,
Кешесің сезімді де сағынғалы.
Сары-ала жапырақтай көңіл байқұс,
Жалт еткен сол бір жанар жадымда әлі…

Оңаша үй, диюлы орман – сескендірмес,
(Орманға бұ пәниден көшкен кірмес).
… Сен мені тастап кеткен жалғыз,
Жарым,
Кетпейді сол баяғы естен бір кеш…

2016 жылғы 26 қазан, сағат 20.00

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

Бурабай – ордасы едің хан Абылай,
Аңсарым ауа берер саған ұдай.
Емен мен терек қоса сары жағал,
Кәдімгі еңсесі асқақ жағалы бай.

Көкей-көз мұндай сурет көрмеп еді,
Ғажапты аңдай білу ең керегі.
Алаңы Абылайдың атшаптырым,
Қарағай сыңсып өскен тербеледі.

Үні ме шыңнан ұшқан қыз байқұстың?
Бұл жақта қыл қобызды ызбайды ешкім.
Ақ бура шығатындай атырылып,
Өзімнен өзім тұрып мұздай түстім.

Кеп едім үңгіріне хан Кененің,
Дыбысын тағы естідім әлдененің.
Киесі Бурабайдың қысатындай,
Тектіні білмейтұғын халде ме едім?..

Жақпар тас арша тұтас, бөргөзімен,
Дәл бүгін неге жалғыз жер кезіп ем?
…Етекке Щучье жаққа назар салдым,
Төменді хан Кененің көр көзімен…

2016 жылғы 27 қазан, сағат 23.38

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

VІІ

Байғыздың үні оятты таң алдында,
Тыныштық жағып еді маған мұнда.
Шыбын жан іздейтіндей әлденені,
Сол жанға іздегенін таба алдым ба?..

Далаға шықтым жаймен,
Сейілдедім,
Күзгі нұр, сені көрмек пейілде едім.
Тоғайды көктей өтіп, көкке өрледім,
Іздерім қалар ма екен кейін менің?

Бурабай ақ шапаққа манаураған,
Қия жон, Күн сүйген жер алаулаған.
Ақтоқты жүзіндей боп құбылады,
Нәркеске қандай керім қарау маған…

Күз емес маң далада,
Шуақ басым,
Орманды, оңаша үйді ұнатқасын,
Кеп едім,
Көңілімнің көзі ашылды,
Байғызды өтінемін, жылатпасын.

Айы емес мынау мүлде ақыраптың,
Сары-ала сайран күні жапырақтың.
Төменде біздің үйшік қораптай-ақ,
Көкке өрлеп бара жатыр сатылап Күн.

Қайтейін жан әлемді шалықтаған,
Есімнен танып барам, талып барам.
… Болса да жуан күздің дәл ортасы,
Бір бақыт оралғандай анық маған.

2016 жылғы 28 қазан, сағат 22.58

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

VІІІ

Орманда жүрсем деп ем оңаша мен,
Топқа да қосылуға жоқ аса нем…
Жыныстан бұғы шықты, бұлан қашты,
Жалқы өмір, жалықпайтын жаңаша әлем.

Тағының тамсандырды сүдіні ерен,
Сұлулық көркің асқан кіді көрем.
Орманның перісі бар, диюы бар,
Кетсем бе қол ұстасып біріменен?..

Түбірі ойдақ-сойдақ кәрі еменнің,
Түрткісі болып тұр ғой бәрі өлеңнің.
Тарамыс қартамыс қол тамырындай,
Түзелер қу тірлігі әрең елдің.

Көмескі із тоғайдағы жетелейді,
Кей тұста шыр айналып…
Төтелейді.
Тірейді үлкен жолға адастырып,
Жүресің білмесең де жете мейлі.

Шығарды алаңқайдан…
Айдаладан,
Бір қыз тұр ақ қайыңды аймалаған…
Қолына ап жапырақты әздектейді,
«Тап келген мына тұсқа қайдан адам?»

Қараймын бойжеткенге
Аңырамын,
Пенде емес періштеге бәрі мәлім.
– Қалайсың, сейілдеткен сері жігіт?
Тор құрып, шырға тартқан жаныңа кім?

Ойпырмай, неткен сауал, неткен жанар?
Пері ме, періште ме көктен қонар?
Бір сәтте үшті-күйлі жоғалды қыз,
Күздегі «хош» деп тұрған Көктем болар?..

2016 жылғы 29 қазан, сағат 23.58

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

 

ІХ

Санамды мың сан ой ап, сансыратты,
Тырнады жараны да…
Қансыратты.
Сенделіп жалғыз аяқ сүрлеуменен,
Әупілдек,
Саған келдім шамшырақты.

Жарқ етіп көңіл-көзді жадыраттың,
Өзіңде тұрғандай-ақ бәрі – бақтың.
Ботагөз тапқан еді сая сенен,
«Әупілдеп» шығарасың аруақты үн.

Оқжетпес құдияды қылпыңа әсем,
Сұлулық болады ма жылты бәсең?
Ай құлап құшағыңа
Оранады,
Сәл толқып жатасың-ау бұлқына сен.

Ал, бүгін Күн де тымық,
Сен де тұнық,
Келетін бәсеңдепті
Ел де тынып.
Қоңыр күз ажарыңа әр берердей,
Сыңсыйды сырлы бояу жерде тұрып.

Айнакөл,
Әупілдегім,
Самаламсың,
Өзіңді көріп жаным жаңалансын.
Мөлдірей қарайтұғын сол бір бейне,
Кетпейді…
Жетпейді де жан адам шын…

2016 жылғы 30 қазан, сағат 22.16

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

Х

Көз байлана жағаға құлқым кетті,
Мөп-мөлдір ғып қойыпты бұл түн көкті.
Айнадай боп Әупілдек жалтырайды,
Сансыз жұлдыз жүректі лүпілдетті.

Жеті қат та самсайды жазғы аспандай,
Ақыраптың көңілін наз басқандай.
Шашыраған алтын шоқ, құс жолы да,
Шұбатылып арманмен жалғасқандай.

Бәрі тымық, тып-тыныш
Сең ұрғандай,
Бар екен ғой тәтті шақ небір балдай.
Жағалаудан арқан бой тұрған ағаш,
Соған барып барладым – өмір қандай.

Дәл төбемде құс жолы шадыманды,
Сиқырымен арбады, жадыны алды.
Көңіл-құсым ұшты да ғарыш жаққа,
Ал, сүлдерім сүңкиіп тағы қалды.

Мынау неткен ажарлы, ғажайып түн?
Кеткен екен сұлулық азайып тым.
Қораш, қоңыр тірлікте жүргендігім –
Тағдырымның тартқызған сазайы ұқтым.

Айна көлге түседі Көк кескіні,
Тұңғиықтың қоршаған көп көшкіні.
Кеңістікте қалғандай сезінемін,
Үрей ала қоймайды тек сестіні.

Мен ғарышта самғаған самұрықпын,
Қарар екен маған да аңырып кім?
…Бурабайдың қойнында сары-ала күз,
Қаракөк шақ
Бар және…
…Бәрін ұқтым.

2016 жылғы 1 қараша, сағат 23.14

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

ФОТО: автордың ФБ парақшасынан

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір