Құрметті оқырман, бұл хаттарды соңына дейін оқып шығуға кеңес береміз. Себебін оқыған соң түсінерсіз. Хаттың авторы – Мейірхан Мейрамбекұлы. Бұл азаматтың жүрегі үлкен, жаны жырға жуық, үнге ғашық… Мейірханның хаттары көп тағдырдың көмескі жақтарын ашып, тек «тағдырластарының» ғана емес, адамзаттың «АРМАНЫН» анықтап береді. Әркімге өз «ҚАЛАУЫНА» жетудің тылсымын көрсеткісі келеді. Бұл – тек үлкен жүректі жандардың қолынан келетін ерлік… Сонымен, Мейірханның “Еуразия Қазақстан” арнасының “басты жаңалықтар” хабарының тізгіншісі Нұрсұлтан Біләлге жолдаған 15 хатын ұсынамыз. (Хат қаз-қалпында жарияланды). Айтпақшы, Мейірхан республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлдегері. Жас ақын. Жаратқаным жанарына нұр бітірсе, 22 жасар бозбаланың бағындырар биігі әлі алда…
Мейірханның “жүрек сөзімен” өрілген жазбаларын “көкірек көзіңізбен” оқыңыз, қадірлі оқырман!
Редакциядан
Бірінші хат
Үмітіңді жандырған сөз, сенім оты болып көкейіңде лаулаған сөз – бір ауыз жылы сөз!
Фериде Аслан
Шынайлық!!! Өмірдегі бар адамның бәрі дерлік шынайылыққа зәру. Шынайылықтың құдіреті – жүректі сөйлете алатын күшінде. Біз неге өзімізді қинап, болмысты матап, жасанды күліп әуреміз бүгін? София ақын дәл менің жүрегімдегі сөзді жазыпты. «Шынайылық – тірлікте адам бойынан табылмас құндылыққа айналып барады. Себебін іздесең, үнсіз ғана жүрек егілер». Ойлар қажытқан. Жүрегім егілген. Шынайы болмысын сақтай алған замандас іздегем. Шынайылыққа неліктен құмар дейсіз бе? Шынайылық қана өмірдегі адамды бағалай алуға сеп болады. Жасандылық пен жалған сөздердің жүрекке жешбір пайдасы жоқ. Зарары бар, кәдімгі күздегі жапырақтай жүректі солдырып, белгісіз бір бейжайлық пен самарқаулыққа әкеледі. Ешбір нәрсе жүрекке әсер ете алмайды. Былай айтқанда, өмірдегі адамдықтың негізі – жан жылуы жоғалады. Сондықтан, шынайы адам іздедім. Шынайылықтың өмірдегі мәнін терең ұққым келді. Іздей де бердім, әлі де іздей берем.!!!
Шынайылық – адамдарға шынайы ықылас төгуден басталып, бір ауыз жылы сөзді жүрекке құя салу. Тағдыр маған тосын сыйын жасады. Мен таптым. Әзірге тек өлең сөйлесін. Келесі хаттан, қара сөзге кезек беремін. Жырды-жырға жалғау – өмірдегідей үмітті-үмітке жалғау сынды . София Марсель есімді Француз ақынының «Шынайы» атты өлеңін шынайы адам, СІЗ үшін аударған едім.
Шынайы
София Марсель
Француз тілінен аударған Мейірхан Мейрамбекұлы
Шынайы,
Жүрек сөйлесе.
Шынайы,
Үміт тербесе.
Шынайы,
Ақ сезімдер,
Көкіректі кернесе,
Шынайы,
Бір жылы сөз,
Жараңды да емдесе.
Шынайы,
қоңырау шаласың.
Шынайы,
қолымнан аласың.
Шынайы,
жанымды ұғасың.
Алыста болсаң да,
Жақыным шығарсың,
Тілекке құмарсың,
Жүректе тұмарсың…
Біткенше жарығым,
Дұғаңда тұрарсың.
Жүректің жыры болып…
***
Шынайы жанға шынайы сөзім
Шынайы,
Әлемнің кескінін,
Көрсетер сөзіне естінің,
Шөлдегем…
Солай… Шын сөзім-бұл! Бүгінгі хатты сіз жайлы оймен өрсем. Жұрт таныған жас тележүргізуші, “авторадио” радиосын тыңдаушыларға сүйікті радиожүргізуші – Нұрсұлтан Білəл ағамның мен таныған хəм сүйсінткен қасиеті – балалығы. Балалық иісі аңғыған жерде жан əлемің жадырап сала беретіні бар емес пе?! Балалыққа толық қанбаған жарым көңіл болған соң шығар бала көңіл жандарды жиі іздейтіндігім. Шынайы, таза!!! Менің мұңымды тыңдағысы келіп, жан əлемімнің бұлқынысына сабыр деп айтқысы келетін асыл жан. Ағамның аузынан шыққан сабыр деген сөзді жан əлемім естір деп сенемін. Нұрсұлтан аға, мен сізді əркез ойыма алған бой София Марсельдің “Балалық пен шынайлық” атты əңгімесі жадымда қылаң беретіні тегін емес-ау… Ол əңгіме – Софьяның өз тағдырын сөз еткен əңгіме. (Жетімдігі мен жан дерті хақында) Софьяның Парижге алғаш келуінен ақын болып аты дүркіреген шаққа дейін суреттелген.
Софья Марсель – отыз екі жылдан артық уақыт қол арбаға таңылған ақын əрі жазушы. Оның аяқтан тұруына бір ғана өлеңі – “Шынайысы” себепкер болған. Отыз үш жасына дейін қол арбаға таңылған жанның үш парақ өлеңі өмірін түбегейлі өзгерткен дегенге сенбессіз. Софья ол үш парақ өлеңді өзінің сүйікті фильмінің кейіпкеріне арнап жазып, австриялық телекомпанияға жіберіпті. Өз өлеңінің оқыларына, кейіпкер көңіліне жетеріне үміттенбесе керек. Бірақ… Арада екі апта өтер өтпес уақыттан соң Софьяның көңіл жыры кейіпкеріне жетіп, өзіне ұялы нөмірлері мен тұрғылықты мекен-жайын жазып жіберуін өтінген хат келіпті. Софья кейіпкеріне бар өмірінде кезіккен азабы мен қиындығын жасырмай жазады. Сырының мөлдірлігі сонша, кейіпкері бір айдан Софьяны іздеп келіп, Парижге жетектеп барып, жетім қызды отыз үш жылдық жан дертінен арылтады.
Сізді мен ерекше жан деп білем. Болмысы ірі, жаны нұрлы. Бір қуанарлығы – жүрек сөзінің өлмеуі. Софья ақын – бақытты ақын!!! Бақытты адам!!! Менің жүрек сөзім жерге жиі тапталады. Дұрысын жеткізсем деп жан құлазып, жақ талады. Ықыласыңды ақтарылып айтқан шақ көңіліңе мұз басатындар қаншама?!.. Мен Софья-сынды менің тəнімді емдесін демеймін. Жанымды жылатпаса, сөзімді таптамаса болғаны деймін. Мен де сенемін!!! Бір күні жан дертімнен арыламын. Сізге енді Софьяның кітабынан ой сүзіп, көңіл ойларымды жазып отыратын боламын “Шынайы” – Софьяның өлеңімен менің аттас өлеңім. Сізге деген ықыласымды ішіне жиған туындым. Сіздей жандар көп болса, жан əлеміміз мəңгі жайдары болар ма еді?… Шынайы жандар – жан əлемі таза жандар!!! Сіздің жүрегіңізге тəнтімін. Сіз мені іздеп қоңырау шалған күннен жан əлеміме жаз келді. Жылылығы мол. Сізден мен шынайы адамдықты көрдім, ағалықты сездім. Жүрегім қателеспепті. Софьяның сөзін тізіп, хатты тәмамдайын. “Шынайы адамдар – шынайы сезімдер сыйлайды. Тағдырды таниды, тағдырлы жанды жаниды. Мені емдеген дəрімен қатар шынайы жандардың маған деген шынайы сенімі мен сезімі!”. Сіз маған сенесіз!!! Айтқансыз. Жадымда!!!
Бір əн
(Нұрсұлтан Білəл мен Шаба Әденқұл орындайтын “Жұлдызым” әніне арналған)
Медине Гүлгүн
Аударған Мейірхан Мейрамбекұлы
Теңіздегі шағаладаймын,
Əн сүйген жүрек құлай.
Теңіз – жырымды саған арнаймын,
Əн – өміріме мəңгі шырай.
Санамды саңлаусыз кілттеп,
Жүрегімді билеген əн бұл.
Тез тамам болады үміт тек,
Жүрегімде зіл-зала жаңбыр –
Бота жанарымды айғыздап сүртпек.
Екі əнші,
Екі ғұмыр,
Екі жүрек,
Əн салған еді.
Екі үміт,
Екі арман,
Жар салған еді.
Қия алмай қалдым,
Ес жия алмай қалдым.
Үнсіз қауырсын қаламды,
Дəуіт ішіне малдым,
Соңын ала жыр жаздым әннің.
***
Жүректі толқытқан сонша,
Егей теңізі толқығандай
Мен де сол көктегі айша,
Бір əнге нұрымды жайдым.
Шыңдардан құлаған бұлақтай,
Жанымды əнмен суғарып алдым.
Бір əн,
Жанға ем.
Бұл əн,
Бөлек əлем.
Жалғыздық шеңгелі тырнаса,
Жан əлем теңіз боп тынбаса,
Əнсіз əлем далбаса,
Əнсіз жүрек қан жоса.
Əнмен ғана шағала көңіл,
Шыңдарда, аға-ау, самғаса.
Елегінен елер болса адамдар,
Əнге ғашық бұл жаныма күлер.
Қараңғы ғаламда ұғысарым əн,
Ол жайлы, аға-ау, СІЗ және ДАЛА білер…
Қараңғы əлемнен қажығам,
Сол үшін жан қинап, жас сығам.
Өмір сүргім келеді бір күн болса да,
Сазбен сырласып,
Таумен таласып,
Күнге ұмтылып,
көңілім бейқам…
Мейірхан Мейрамбекұлы
2-хат
Қос қайыңым қайыспас
Жезді өлкені сағынасыз ба, Сұлтан аға?! Мен сағындым! Сіздің өлкеде менің балалығым қалды.
Əрі өмір көшімде маған аға болған жандар – сол даланың перзенттері! Сіз бен Əн-ағам! Мен соңғы уақытта, “Қайыңдарша ғұмыр” атты испан халқының аңызына жүрекпен сеніп жүрмін.
Бағзы күндерде, кофе терумен айналысатын жұрттың жайы күрт нашарлап, қуаңшылық жайлаған кез екен. Яғни, Испанияның шағын кофе өсіретін аймағында. Көктемгі егіске қалдырған тұқымды да сатуға мəжбүр болыпты. Бəрі бір өкпесі дімкəс қыз үшін. Ол қыз сол аймақтағы ешкімнің туғаны емес, тағдыр жазуымен сол аймақтың суын ішкен жан екен. Анасы мен əкесінің кім екенінде білмейтін бейбаққа жанашыр мен жан достар осы мекеннен табылыпты. Күздің дауылды бір күні кофе алқабына жұмысқа шыққан қыз, дауылдан кейінгі нөсерге тап болып, сол күннен соң өкпесі қабынып, төсекке таңылыпты. Үнемі кофе алқабында əн салып жүретін аңғал қызды бүкіл жұмысшылар алғашқы күні-ақ іздей бастапты. Алғашында, жай суықтауға балаған, жас қыз сырқатының мəнісін дұрыстап та түсіне алмапты. Қуаңшылықтың қыспағында да, адамдықты ұмытпаған кофе терушілер, қыздың саулығына бар жиғанын сарп қылуға бекініп, алқаптың иесіне базынасын жеткізуге бірден жол тауыпты. Бəрінің бір ғана себебі – дертті қыздың бір əні. Алқаптың егесі де, терімші қыздың хəлі мен əнінен хабардар екен. Басшы ақ адал терімші қыздың жазылуына септесуге тырысыпты.
Кейде, мейрімділіктің құдіреті – өмірге тұтқа болады.
Бір жылдық өнімді, бір өмірді сақтауға арнағанына қарап, мейрімділік дəулетке байланысты емес.
Ия, бұл өткен заманның аңызы.
Ертегіден парқы жоқ. Бірақ, адамның бəрі – бір ғой. Қай заманда да, адам сол. Адам – дəуірдің перзенті, мейрімділік қай кезде де болуы тиіс.
Əн ағам – қаттылық, сіз – жанға жайлы жұмсақтық. Маған қайыңдарша қаттылықты үйретіп жүрсіздер. Сізден балалық көрем дедім ғой. Жылдар жылжып, менде София сынды аяққа тұрармын. Жас қайыңдар қаттылықты, қасындағы көп жылдық қайыңдардан үйренеді. Мен де сіздерден үйреніп жүрмін. Сол кезде, бірге балалығыңыз өткен жердің сұлулығына көңіл мен көз суғарып, жүректен жыр ұшырармыз, Сұлтан аға! Хат соңын София Марсельдің ойымен тамамдайын. “Бағамды біліп, хəлімді білген жанға не дейін?! Күн дейін бе?! Жылуын аямайтын күн дейін. Адамның балалығы – жаураған кезде жан жылытары шындық. Күн шапағы сынды, тоңазыған тəн бала мінез жанды көрген сəт жылынады. Жылуды сақтай білу үшін, сол жанды қадірлей біл! Бағалай біл!”
Сізді бағалауым керек, қадіріңізді білуім керек, Сұлтан аға!
***
Мен жəне менің өмірім!
Танымай тұрып, таңдана аламыз біздер,
Тағдырға көніп, таң нұрын күтіп ерекше.
(Соқыр жанның күнделігінен)
Жүк болғым келмейді тым ауыр,
Мұң болғым келмейді тым жауыр.
Болғым келеді жай ғана менің сізге, аға,
Ақ тілекпен дұға тілер шын бауыр!
Жалғанда жақсылықтың барлығына сеніп келем, сол сеніммен ертең деп өмір сүріп келем. Бар ойымды қағазға түсіргім келеді. Мен сізді аға деп атай алам. Оған қақым бар ма, жоқ па, білмедім?! Сырт адамдар үшін тым қиялшыл көрінетін шығармын. Бәз біреулер ақылында кінəрат бар дер. Жо-жоқ. Мен – шарасызбын. Шарасыз адам – шыңға шығудың да жолын табады. Адамның үнінен қорек тауып, сол үнмен өмірімді жарық етудемін ғой мен. Маған көбі күледі. Қалай көрмеген адамға ақтарыласың дейді. Не істейін енді? Жанымдағы адамдардан дос таппаған соң… Негізі, адамға өте талғаммен қараймын. Оны жасырмаймын. Үндерін құбылтып, жалған сөйлегендерді жақтыра бермеймін. Менде ешқандай психикалық хəм психологиялық ауытқу жоқ. Оған менің өз əрекеттеріме толықтай жауап бере алатыным, үлкен додаларда өзімді сан дəлелдей алғанымнан білуге болар. Енді, өмірімде екі нəрсеге аса байыппен қараймын. Бірі – шынайылық. Екіншісі – адамдық. Неге хаттарды сізге жазды деп ойлайсыз? Сіздің бойыңыздан екі қасиетті де таптым. Бұл хаттар сіз оқып болған соң өз оқырманына жол тартады. Менің ішімде жиырма екі жыл жүрген ойлар. Мен сияқты жандардың көңіл мұңы мен өмір шындығын сөйлету үшін жазып жүрмін. Мен үш-ақ адамға ғана өмірім жайлы жаза алам. Олар: Əн ағам, сіз, Азамат Əбілқайыр. Неге?! Ойларыңыз тағдырымды сараптауға жететін болғандықтан. Неге хат жазамын?! Бізде қоғамның толыққанды мүшесі болғымыз келгендіктен. Мақпал Мыса апам айтқан-ды, “Қабылдауың қиын шығар, сыр шағуға сондықтан қаламды таңдайтын боларсың?..” Мүмкін… Сіз – ақтарылуыма бір себепкер жансыз. Мен көп армандаймын. Көп арман ойлармен дала кезем. Мен мүгедектерден қашқақтайтын адамдарды қоғамнан жиі көремін. Шетелдегідей бізде шектеусіз қарым-қатынас əлі орнамай келеді. Мүгедек – мəселелі адам деп қарайтын адамдар өте көп. Олай емес. Мен ешкімге маған мəселемді шешіп бер деп, өзімді басқа бір адамның көлеңкесінде өмір сүруді қалайтын жан деп елестетпеппін. Бар шығар, масылдық психологиямен өмір кешіп жүргендер. Бəрі емес. Сосын, талма дертімен ауыратын, яғни жүйкесіне салмақ түсіруге болмайтын жандармен сұхбаттасудан көбі қашқақтайды. Бірақ, ол ауру дəрісін ішіп жүрсе, қоғамға ешбір кесірі жоқ. Өз басымнан кешірген жайлар. Болды. Болып та жатыр… Кейде, мүгедектердің армандарына хəм өмір таңдауларына кісімси қарап, жан қайғысын сездіретіні бар. Қараңғылық жайлы сөз айтпай-ақ қойсам болар. Мен ешкімді жөн-жосықсыз мазалаған емеспін. Рас, кейде үнін естігім келеді. Көңілге қиыршық тастай жиналған сырларды сыртқа шығарғым келеді. Ол бəрінде бар нəрсе. Адам таппаймыз. Тағдырды сараптай алатын, жылылығын жүрек түкпіріне түсіре алатын. Мүгедектер тек қара бас қайғысын айтады деп қарайды. Жоқ. Мен тағдырымды тек танысқан кезде бір рет қана айтамын. Басқа уақыт, қалыпты сұхбат. Осылай. Менің неге ер адамдардың үнін жиі іздеуімнің себебі, балалығым ер адамның даусынан қорқумен өтті. Қазір, ер адамның дауысына құлақ үйретудемін.
Аға, енді өзім жайлы шындықтың тиегін ағытсам. Дəл қазір, мендегі бары – жүрек қана. Өмір сүруіме, адамдарды жақын деп білуіме, əлемді сүюіме тек жүрек себепкер. Сізбен танысуым -тағдырымдағы жаздың басталуы. Сұлтан аға, мені қалай қабылдап жүр екенсіз?!… Сіз үшін өміріңізде үш ұйқы құшағына батқанда, сенбес оқиға орын алғандай ма? Солай болуы керек. Бір тілдесуден мені Зағип жанның іздеуі қалай дерсіз? Менен не күтеді деп ойланатын боларсыз? Заңды сауалдар. Мүмкін, бұны жазуым ретсіз шығар, мен жүйкесі бұзылған, яки еріккен есер адам санатынан емеспін. Қиялилығымда жоқ. Мен көп адамдарға жұғымды адаммын дей алмаймын. Бірақ, ешкімнен ештеңе күтпеймін. Адамға адамның мейірім мен сенімі жоғалуға таяу қоғамда өмір сүріп жатқан соң маған күдіктене қарауыңыз да бек мүмкін.
Мен сізді аға деп,тірлігімде дұғаға қосып, сізді іздеуімнің, сіздің үнді естігім келгенінің себебі – мені жұбантар сөзді сіз айттыңыз. Сізден естідім. Сізге деген мендегі сезім – інілік құрмет. Менің өз туған ағам болған емес, ағайын ағаларым мендік көңілдегі аға деген атты жоқ қылған адамдар. Маған аға керек, ақылын тыңдап, үнінен қуат табатын. Білем, сіздегі мен жайлы толық мағлұмат пен ойларыңыз аз. Мен көп адамдарды білемін, мүгедектен қашатын хəм қашуға тырысатын. Мен бəрін өзіңізге айтқым келеді! Мен – адамдар ішінен адамдар іздеп жүргендігімді əрі ақ жүрек ағаларым болса деп армандайтынымды білсеңіз ғой! Мен сегіз апамның аяулы алақан жылуын сезіп, қарт ата-анамның қалыбын қабылдаған жанмын.
Ия. Мен – тəні мүгедек жиырма екі жасар жігітпін. Маңғаз қалпыммен тапқан бағым – үн мен саз. Үн -сөзге айналады. Саз – əнге. Мен сіздің жүректің адалдығын бірден сездім. Көрдім деп жалған айта алмаймын. Көргім келеді! Біліңізші! Мен – жүрегі, көзі хəм аяғы болған ғаріппін. Бірақ, сізге тигізер қылаудай қиянатым мен жамандығым жоқ. Мен сізді ғұмыр бақи құрметтеп өтемін. Мені жан қиналысынан құтқарғаныңыз үшін. Мен – шындықты сүйемін. Жұма күні барлығын айтқым келген. Ұғамын, сырт адаммен дистанция сақтауды ұстанатын адамсыз. Мені көрмегенсіз, мені танымайсыз. Мен көрмей-ақ адамдарды жақсы көре беремін. Бұл – мендік кемшілік. Сізге сенемін! Жүрегім айтады, ағалыққа жарар жан деп. Мен адамның сенім-сезімімен ойнауды жек көремін. Ешқашан ешкімнің сенім-сезімін ойрандығым келмейді. Кеше бір досым айтады, «сенің пейіліңнің астарын ұға алмай жүрген шығар» деп.
Мен жауап таппай аңтарылдым. Менің пейілім – біреудің сеніміне кіруді көксемейді. Мен сауалға кең ойланып қарасам, мен біреудің сеніміне кіріп, ол адамнан материалдық дүниелер күтетіндей көрінуім мүмкін екен. Өзгені мазалауға ұялар жаным, өзгенің соқыр тиынын қажет етпейді. Бұл тұстағы айтпағым, ешкімнен аяушылық күтпеймін. Мені аясыншы, жəрдемдессінші деген мақсат-мүддеден аулақпын. Жоқ. Біреудің сенімін арам мақсатқа пайдалансам, ол менің арманымды отайды. Үміттерімді ар-азап өртіне өртейді.
“Жарық күнді көру үшін жүрегімді арамдыққа пайдаланбаймын”.
Арамдық – өтірік айтудан басталады. Өкінішке орай, менің жаным жалған сөздің жүгін көтерер хəлде емес. Онсыз да, таңым мен түнім бір тілекке байлаулы. Анам мен əкем – қария кісілер. Бірі – 79, бірі – 63 жасқа келді.
Олар маған бала шағымнан өтіріктің жүгін арқалар шамаң жоқ дейтін. Біреуді алдап, біреуді сұлдап, біреудің сенімін ойрандап, мен қалай сауығам деп тілек етемін. Сіздің ақ жаныңызға, адамдығыңызға жүрегім сүйсінген. Жүрек сүйсінгенін жамандыққа атамас, Сұлтан аға!
Өзегімдегі еңселі азамат ағам деп санап отырып, мен сізге арсыздық жасасам, армандарым адыра қалатын өзіме аян. Мен балалығымды Əн-ағама айттым. Жасырмаймын. Жүрегім аға деген адамнан сыр жасырғым келмейді. Мен өмірді басқаша қабылдайтын шығармын. Адамға құлай сенетінім,ақ сезімге еретінім – қариялардың үйреткені. Мен өмірде көп жылаған адаммын. Алдағандар мені өте көп. Адалдық – адам сөзінен көрініс таппаса, сол адам өмірінде қиналып өтеді. Адалдық – ар тыныштығы. Мен жарқын күнімді жақсы адамдармен қарсы алғым келеді! Мен – əлемді адалдығыммен көремін!
Мүмкін, ерте болар бұл жай, мүмкін… Кеш! Менің өмірім нұрланатын шығар, Нұрсұлтан аға! Сіз жайлы жиі ой кешем. Біздің жайымыздан қашқақтамайтын, мүгедектерге жалған аяушылық танытпайтын болмысыңыздың бейнесі – парасатыңыздың биіктігі болар?!
P.S. Мен бұл хаттар арқылы ешкімнің аяушылығын көксемеймін. Бір жан баласы, сіздерге жазған хаттарымнан бір мүгедек жаннан қашқақтауды қойып, өзімен тең адам сынды жанына үңілсе, сол менің жеткен жетістігім. Неге журналисттерге хат жазам? Оған жауап, əуелден журналист қауым өкілдері қорғансыз жандар мен қорғансыз көңілдердің қалқаны. Неге жас журналисттерге жазатын себебім, үлкен белесті алған журналист ағаларға жазсам, ол кісілер мені баласындай өбектеп, қалам ұстатпай тастайтыны анық. Мен жазбасам, мен секілді тағдырлардың мұң-азабын қайдан біледі адамдар?! Замандастарымның ішінен таңдаған жандарға сыр айта отырып, өз көңілімді босатып, бір тағдырдың өзгеруіне септескім келеді.
Өлеңмен жазылған хат
3-хат
Суырып алар сөздер бар,
Азаптан ауыр, қайғыдан.
Сілкіп тастар мұңдар бар,
Көпке созбай жанардан.
Күйсе де тілің айтып қал,
Ішіңде сырың қалмасын.
(Өзбек халықының аңызынан)
Соқырлық емес-ау, пақырлық. Кеш түсіндім. Кеш білдім. Кеш ойландым. Адамның алақанына тарыдай үмітті сыйдырып, жүрекке дарытуға болады екен-ау…
Болады екен! Сұлтан аға, зағиптардың əліппесімен жазылған хаттарым да өз діттеген кісіге жетеді екен. Бəрі мүмкін екен. Бастысы – жүрек сөйлесін. Жүрек сөйлесін! Шындығында, бұл күндері жер бетінде кімдердің жүрегі сөйлеп жүр екен?! Сөйлетпейміз ғой…. Жүрек сөйлесе, өмір ғажап болар ма еді?!
Менің тағдырластарым жер бетінде өте көп. Бəрінің арманы – жарық дүниені бір көру! Мен сізге бір Əлішер бабамыздың заманынан қалған аңызды сөйлетейін.
Бағзы заманда, Самарқан шаһарында, Темірханның тұсында бір Зухра есімді қыз өмір сүрген деседі. Ел қатарлы, ардақты ата-анасымен бірге, ағайын-дос, күллі тілеулес жұртты қуантып, Зухра дүние есігін ашыпты. Ата-анасының көз қуанышы болып, Зухра да бүлдіршін кезеңді артқа қалдырыпты. Балалық дəурені де құрбыларынан айырмасыз өтіпті. Зухраның жан сұлулығы мен тəн сұлулығы аңыз-əфсана кейіпкерінің өмірдегі бейнесіндей болып, оны көрген жігіттер ғашық бола беріпті. Құрбылары іштей қызғанып, үлкен-кіші оған сүйсініп қарайды екен. “Самарқанның суын ішкен, сұлу болмай болмас, Самарқанның қойнында өскен ақын болмай болмас”-деген нақыл осы кезеңнен қалған деседі.
Дерт пен азап – жүйріктігі желмен пара-пар. Ешкім оның қай күні пенде басына түсерін білмеген. Білмейді де. Күндердің бір күнінде қыз шешек ауруына шалдығып, көзі көруден қалыпты. Дəл он бес жасында. Қанша емделіп баққанымен, емшінің емі нəтиже бермепті. Жарық дүниені көріп жүріп, бір сəтте қараңғылық қойнына ену – ол үшін ең үлкен азап болғаны түсінікті. Зухра алғашқы күндерінде жылағанымен ақыр соңында үнсіз барлығына көнбеске амалы жоғын түсініпті. Сол күннен бастап, жадын жаттықтырып, ұстаздарының аузынан шыққан əрбір өлең жырды жатқа айтуға машықтаныпты. Зухраның арман-қиялы əр таң сайын жыр болып төгіле беріпті, төгіле беріпті. Дегенмен, Зухра арудың жан əлемі əр көктемде қайғының тонына оранып, үйден бір қадам аттап шықпай, ішқұса болып, төсектен бас көтермейді екен.
Сондай бір көктемде Самарқанға жол жүрген ғұлама Зухраның үйіне түсіпті. Жəне Зухраның төсек тартып жатқан шағына бұл оқиға тап келген екен. Таныс-білістің соңын ала, үй иесі қызының соқырлықтан төсек тартып жатқанын, əр келген көктем жаны жылайтынын айтыпты. Ғұлама қызын көргісі келетінін айтыпты. Əкесі рұқсатын беріп, Зухраның қасына ертіп барыпты. Ғұлама, жаны құлазып жатқан қыздың өне бойын бір шолып, “қызым, алтыным, сен төсекке таңылатын жаста емессің. Сендегі дерт жайын түсінбейді деме, сезінбейді деме. Білімсіз адамдар – мəңгілік соқыр. Сенің хəліңде тек қана сабыр керек. Жүректі сөйлету керек” – деген де, Зухра басын төсектен əзер көтеріп былай депті:
“Ақ қанат құспын аялы,
Сезімі жүректіге бағалы.
Болмаған бірақ шындығы,
Балалық шағының баяны.
Көктемде жылаймын ылғи,
Жанарды жасқа толтырып.
Береді сəт сайын уақыт жылжи,
Көктем қыз көк көйлегімен құлпырып.
Мен қаламын құл қызындай,
Атым да кейде қалар аталмай.
Соқырлыққа көндіккенмен көздерім,
Жүрегіме отырам əмір ете алмай”.
Сонда, “Сен жылама. Өмір сені кенде етпепті өнерден. Сенің есіміңді Зухра деп тегін қоймаса керек. Пəни жалғанда рухың сынбасын, қызым. Рухыңды биік ұста. Көкірегің көріп тұр.Тілің сөйлеуде, тек көзіңмен көре алмадым деп қамығарсың. Көкірек соқыр болса, көзден не қайыр?”-дейді.
Жөн. Рас. Көзім көрмеген бала күнімде менде көп қамығатынмын. Өмірдің маған мəні жоқ сияқты көрінетін. Сұлтан аға, шын соқыр біздер дейді ғой адамдар?! Қателеседі. Біздер – көкірегін күн сайын тазартатын, əдемі əлемнің өкіліміз! Аярлықты көрмейтін. Пенделікке бас қатырмайтын. Əлемде ең қиыны – көзіңмен көргеніңді көкірек қабылдап, тілді сөйлете алу. Біз естиміз, көкірек көреді. Тіл сөйлейді. Көремін. Мен де көретін боламын. Рас, қазір оң көзімді емдетудемін. Ем болса деп тілеймін! Мен – Асылы апамның ауылынан түлеген перзентпін. Мен өмірде Асылы апамның ізімен жүргім келді. Филолог мамандығын алдым. Білесіз бе?! Тілдерді үйрену – менің жүрек қалауым. Біраз сырдың басын қайырдым-ау…
4-хат
Күн жыласа,
Жаңбыр ғой.
Күң жыласа,
Тағдыр ғой.
(Түрік халық əнінен)
“Күн жыласа, жер бетіндегі көк атаулы разы болады. Күң жыласа, ешкім қайғырмайды. Қайғының қара шекпенін киіп, өмір сүруден асқан азап жоқ. Аға, жаным арыз айтатын жанға көп зəру. Өмірімде өз қайғымнан өзгенің қайғысына көбірек жан сыздататын пақырмын. Мен хатты бос жазып жүргенім жоқ. Тағдырластарымның жайын толғаудамын. Өмірде сыр шағатын адам табу маған оңайға түспеді.
Хатты көп созбай София Марсельдің əңгімесінен үзінді келтірейін. “Өмірде кездейсоқ аяқ-қолыңызды зақымдап, яки сындырып алсаңыз, бағзы тірлігіңіз бен достарыңыздан айырылып қаласыз. Қасыңызда жанұяңыз ғана қалады. Жəне бір-екі досыңыз ғана. Тағдырыңыздағы азап пен қиындықтар өзіңізге ғана қатысты екендігін ұмытпаңыз. Əрі таза жүрек іздеуді ұмытпаңыз. Ешбір адам жүрексіз емес, бірақ жүректерінің өз қызметін атқаруын қаламайтыны болмаса. Самарқау. Тəккаппар. Өзімшіл. Кейде тым асқақ. Адамдардың бəрі осы аталған мінез сатыларында жүр. Оңай емес. Дос табу. Жоқ. Дос түгілі, жүректі адам табудың өзі мехнаты мол іс. Мені төсектен тұрғызған -жақсыларды іздеуім. Мен жай ғана өмірімде бір өнер адамымен кездесуді аңсадым. Жырдың құдіреті – жүректі толқыта алады. Мен өзімді ақын есептемегем. Ақын болдым. Қалайша? Жақсыларды іздеуден талмадым. Иә. Алғашында, атақты адам менің сөзімді не қылсын деген ой болды. Мен кім? Ол кім? Əуелден, ол екеуміздің əлеміміз бір екен. Пешенеме ақындық жазылыпты. Актермен достасу жазылыпты. Сол кезде, қолыма қалам алмасам бүгін əлі төсекте жатар едім”.
Тəккаппарлармен тілдесу
5-хат
Тəккаппарлық – өз биігінен құлайтындардың ісі.
Рана Шаглар.
Сұлтан аға,тəкәппарлардың табанының салмағы – жүк артқан өгізден ауыр-ау. Тəккәппарлықты тəңір сүймейді деген мақалды көбіміз білеміз ғой.
Өр санамызбен пайымдай алудамыз ба?!
Жаным ауырады. Тəккәппарлардың тар танымына кезіксем, мүгедектігімді маған осылар түйсіндіреді.
Алдыма сия тимеген парақты беріп, толғанысымды жаз дейтіндей өмір. София Марсельдің əңгімесіндегі бір жол жадымда қалыпты.
Адамдардың өресі – əр қилы. Бірі – кең ойланып, тағдырды түсінсе, бірі -тағдырың үшін жазғыра қарайды. Дертің үшін сорлы деп біледі. Сорлылық – адамға адам деп қарамау”. Көктемде бір нəрсені білдім. Тəккәппарлыққа тірлік тұнып тұр екен. Білсеңіз, бір адамдар көңіл тереземе мұз қатырды.
Ол мұзды сіздің сөзіңіз ерітіп жүргеніңізді білесіз бе?!
Кісілік – күйініш!
Кісілік – жанға сүйеніш!
Кісімсу – күрсініс,
Жанға күйініш.
Биігінен құламаса ғой, бар адам баласы!!! Құлап жатыр көз алдымда. Көріп жүрмін. Сұлтан аға, кісімсіп-кергуді көргенімде жүрек тілінеді екен. Сізді ойладым. Кісілігіңізге бас идім.
6-хат
Көңіл кемері,
Күй болсын.
Пенде сенері,
Үміт болсын.
(Тəжік халқының нақылы)
Сенгенім – ертең… Сұлтан аға, налымаймын. Дерт деген терең бір құдық сияқты. Ауамен кеуде кере тыныстап, жарық дүние үшін күресу – қажеттілік.
София Марсель сөйлесінші.
“Адамдарға таң қалып өстім. Кемдігіме күлді. Армандарыма күлді. Қиялдасам тағы да күлді. Мен де оларға күлгім келді. Мен күлуге тырысып, ойымнан лезде айныдым. Неге десеңіз?! Адамдар менің кемдігіме күлсе, олардың күлкісін мен тоқтата алмаймын. Санасында шайнам ақыл жоқ пенде, тағдырға күлу – өзіне жасаған зарар екенін қайдан түсінсін… Мен -тағдырмен күресе алам, тағдырыма шүкір дей отырып, өзгерте аламын. Мені өзім күлуге итермелеген екі нəрсе бар. Олар: арманым мен қиялым. Арманыма күлсе, мен əрекетсіз едім. Арман – өзі алдыңа ұшып келетін құс емес. Арманыма күлгендер, мен өзімді дəлелдеген күні күлуін доғарады. Қиялыма күлуі де солай деп білем”.
Менде де солай…
Біз неліктен үнді сүйеміз?
7 хат
Аға, бұл сауалға мен көптен жауап іздеп жүрмін. София ақынның жауабын тізейін. “Қараңғылық – үшқыр қиялға тұсау, асау арманға бөгет бола алмайды. Жалпы, адам баласының басты бақыты – он екі мүшесі саулығында. Басқа бақыт жоқ. Төсектен тұруға деген талпынысым бірде бар, бірде жоқ болып жүріп жүрдім. Басымда сан мың ойлар болатын. Менің жанары сөнген құрбым бар болатын. Ол маған өзгеше өмір сүретіндей көрінетін. Қасына жақындаған жаннан əн сұрайтын. Əңгіме айт деп қыстайтын. Жұрт оның соңынан осы сорлыға əннің не керегі бар деген сыңайда ауыр-ауыр сөздер айтатын. Бірде сол құрбымнан неге сонша адамды жақсы көресің, неге əн тыңдауға, адаммен сұхбат құрғанға құмарсың деп сұрағанмын. Оның жауабы, “Өзім білсем ғой соның себебін… Əйтеуір, сол адамның үні маған керек дүние” деді. Мен сол кезде əр мүгедектің өз мұңы мен шыны болатынын түсіндім. Мен жүрсем, сөйлесем дедім. Ол – көрсем дейді. Маған адамдардың сөзі ұнай бермейді. Оған барша адамның сөзі ұнайды. Əркім бір дүниені қажет етеді. Сол құрбым, əлі сөз аңсап жүр ме екен?!… Əлі де жұрт оны ұқпаған болар… Əлі есімнен кетпей жүр. Жұрттың оны есуас дегені…”
Мүмкін… Кейде, мен де қатты сөз естимін. Кейде мен де үнді не үшін жақсы көрем деп өзімді іштей сұрақ астына алам…
Адамның үні – аяулы маған…
8-хат
Үнге неге ғашықпын адамдағы,
Мұңым түспей келеді жанардағы
Ангелина Агапия
Үнге неге ғашықпын адамдағы… Ангелина ақын… София ақын тек құрбы арқылы біздің жайды ұқса, Ангелина өзі сол əлемде күн кешуде.
Əз ағам айтушы еді. “Үнге құлай сенбеші, бауырым… Адамдар үніне жылылық пен суықтықты бірдей жасырған. Үнді сүйме демеймін. Сені жетектеп алға сүйрер нəрсе – үн. Сол үн сенің жүрегіңе қанжар боп қадалып, əлі қанатын жаймаған армандарыңды отамасыншы”– дейтін.
Мен бар адамның үнін сүйе қабылдаймын. Бəрінен бір күй табуға, сыр табуға талпынамын.
Агапияның сөзі сабақтасыншы ары қарайғы ойдың легін.
” Үндемесінші, ауыр сөз айтар ақымақ адамдар… Маған ақыл үйретпеңдерші, жарай ма? Мен іздесем үнді жан-жүрегіммен іздеймін. Аңсаймын. Естігім келеді. Өсек пен көңіл қалар сөзді шатастырмаңыздар. Мен – ерек үннің иесін іздеймін. Маған көрмеген адамды іздегенің не дейді?
Көру шарт па? Мен үннен адамды танып-білемін. Бала кезімде отбасымызға қонақ келсе, апаларым қонақтармен тілдесіп, ойнап мəре-сəре болатын.
Мен жалғыз бір бөлме де отыратынмын. Сол кезде анама іштей өкпелейтінмін. Бірде анама өтінішімді айтып, үйге келген қонақтың балаларымен ойнауға рұқсат алдым.
Сол күні алғаш қуанып, алғаш қатты жыладым. Анам мені жетектеп, қонақ балалармен таныстыруға əкелгені сол еді. Қонақ балалар,”біз бұл соқырмен ойнамаймыз”деді.
Дені сау адамдар бойжеткен шағымда да, маған сол балалардың сөзін жиі қайталаумен болды. Мен қайтадан кішкентай Ангелинаға қатты айналғым келетін. Айғайлап жылап алып, парақ үстіне жастарым тама жыр жазатынмын. Мен көрмесем де білетінмін. Адамдардың бəрі мені жақсы көрмейтінін жəне бəрі бірдей жек көрмейтінін.
Біз – адамбыз! Баршамыз. Теңбіз. Кейде бізбен байланыс құрмау үшін шекараларын қамдап, біздің сөзіміз түгілі өзімізді керексіз етіп жатады. Мені түсіну – бір жылы сөз айту, бар екенін дəлелдеп, жылы үнін естірту. Мен басқа ештеңе қаламаймын. Адамдар, үнді сүю – біз үшін өмірдің өзі. Оны түсіндіріп берер сөз жоқ. Сіздер түсінетін тілде жеткізе алмаймыз-ау…”Жоқ, жеткізе аламыз. Жетуі керек. Үн – біз үшін күн. Күн шуағы. Біз – ерек үнмен жылынамыз!!!»
Сұлтан аға! Əрбір үн – бір үмітке демеу бола алатын күш.
Өлшем
9-хат
Бұл дүниеде бəрін өлшеу мүмкін бе?! Жоқ. Өлшеуге келмейтін нəрселер бар. Ол – адамның сезімі.
“Жүрегімде ғұмыр кешер ізгі жан” атты əңгімеден: “Өлшеп бəрін, Бір өлшемге сыйдырып. Көңіл сөзін, Таспагердей əр жерден қидырып” – деген ойды тізген Ангелина ақын.
Ангелина сөйлесінші.
“Өлшемдер кімдер үшін? Өлшемді қалай қолданамыз? А, жерді өлшейтін мамандар бар, ауа қысымын өлшейтін мамандар бар. Бəрін өлшеуге құмармыз. Бəрін өлшей аламыз. Ал, көңілдегі сезім мен сенімді қалай өлшеуді білмейміз ғой, білмейміз. Сезімнің өлшемі – сабыр, сенімнің өлшемі – адамдық. Сабырсыздық дерт қинаған шақта кезігетін нəрсем, адамдықпен кездескім келеді!
Мен оныншы сыныпта көршімнің даусына қатты ынтық болдым. Əр күні сол үйге барғым келетін. Қыз болған соң… Басқаша қабылдап қалмасын деп. Қашқақтайтынмын. Кейін ол, Түркияға оқуға аттанды. Оқып келді. Мен жиырма жаста едім. Келді деген хабарды естіген бойда туған апама өтінішімді сан қайталап жүріп, ол үйге де жеттім. Бір рет даусын естісем деген тілек соңынан қуғаным ғой. Не болды дейсіз ғой?! Ол тек əпкеммен амандасты, əпкеммен сұхбат құрды. Менен қалың қалай деп сұрамады да. Кетерде,”сіңіліңді əлі жетектеп жүрсің бе?” деп əпкеме жаны ашып, əпкеме сабыр тіледі. Сол кезден үнді сүймеген дұрыс дедім. Шешімім – бос. Үн -сезімнің айнасындай. Мен үні таза адамдарды аңсап тұрамын. Сол оқиғадан кейін қайта үн сүйіп қаламын демеп едім. Сүйіп келемін əлі. Сезім -ықыластан басталып, адамдықпен тоқайласып қана мəнді. Сезімді өлшемес бұрын сенімді былғамайық. Көңілді жықпайық.
Сезім – адамның қымбаты бола алады”.
Ия. Үн үшін таяқ жеу дейді мұны. Мен де жегем. Менің де жаным жылаған.
Мүгедек жеген таяқ
10-хат
“Мүгедектік – арманың мен алдағың үшін жанардан жас төгу.
Іштей ойлар орманында адасу. Сол адасып жүрген жанға жай сөздің өзі ауырлау тиетіні бар.
Ал таяқтау… Адам деген атқа лайық жанның ісі. Таяқ жеген адам үшін өмірдің мəні кемиді. Мүгедек жеген таяқ – санасына жылдар бойғы салмақ.
Салмақ. Аурудың артар салмағынан ауыр.
“Сұлтан аға, мен айналамнан көп көремін. Осы София Марсельдің жазбасындағы жайттарға кезігемін. Адамдық – тағдырға түсініктен басталуы керек емес пе?!
Əн мен мəн
11-хат
Əннен өмірге мəн табу,
Құс боп көкте қанат қағу.
Грузин халық əнінен
Грузиндерде бір аңыз бар. Əн туралы. Ол аңызды сəті түссе өзіңізге айтармын. Əзірге сол аңыздағы ханша сөзін сөйлете кетейін.
“Əн салар адам – жүрегінде сəуле тұнған адам. Əнді сүю – бір жүректе азап пен ғажап сезімдердің тоғысуы”. Сіздің жүректе де азап пен ғажап сезімдер тоғысқан. Сондықтан болар, сізге құлай сенетіндігім. Менің тілім кеш шықты. Сөйлеу жүйемде есейгенге дейін кемістік болды. Сенесіз бе?! Мен сол шарасыз шақтарымда да əн салуды қатты қалайтынмын.
Үйде Ажда Пеккан мен Юлдуз Усманованың үн таспалары болатын. «Атиргул», «Сəн мутлу ол». Екеуін тыңдаудан жалықпайтынмын. Анам кейін əр туған күнімде Ажда Пекканның үн таспасын сыйлап жүрді. Қазірде достарым маған сыйға əн жинақ сыйлап жатады. Аға, мен қазақ əндерін жиі тыңдай бермеймін. Алайда, күйді тыңдауға жүрегім қалайды. Балалық шағымда “Ташкент”телеарнасы біздің өлкеде де көрсететін. Əр күні кешкі сағат алты жарымда үлкен əншілердің кештерін беретін.
Сол кезден жаныма Юлдуз Усманованың əндері өте жақын. Мен үшін əнші – жүректегі барын тыңдаушыға бере алуы тиіс. Сіз орындаған бір əннен мен сол қасиетті таныдым. Мөлдір сезімді мөлдіретіп жүрекке құя алатын бір қасиетіңізге тəнті болдым.
Маған Əз ағам айтатын. “Əн салғым келсе, жақсыны ойлаймын. Сенде жазылғың келсе, жақсыны ойла” деп. Сіз əркез жақсы нəрсені ғана ойлайтын жансыз-ау. Үніңіз солай дейді. Əнді сүйген жүрегіңді əн мəңгі биікте қалықтата берсін!!!
Үміт керуені
12-хат
Үміттің ізі. Аға, осы үміттің ізі қайда қалады? Мен сізге алғаш тілдескенімде осы сауалды қойып едім. Сіз маған жылы үнмен, “балалықта болар”дедіңіз. Иә. Үміттің ізі – бала жүректе. Сізге София Марсельдің шығармасымен үндестіре жазған хаттарым тəмам. Енді, іні болып хат жазып отырмын. Мендегі балалық – апаларымның алақан жылуын жүрекпен сезу болды.
Сіз үшін қалай болды екен?! Сізден бір-екі сыр таныдым. Ол сыр – үн сыры мен болмыстың сыры. Үніңіз жайлы Софиямен үндес хаттарда мардымды ештеңе айта алмадым. Айтқым келмегеннен емес, ойымды София ақынмен үндестіре алмадым.
Бүгін мен сізге тоғызыншы сыныпта жазған күнделігімнен сыр ұсынбақпын.
“Бір үн – ұядағы қарлығаштың шырылын еске салады, бір үн – бұлақтың сылдырын құлақ түбіне естіртеді. Бір үн – майда қоңыр желдей жаныңды тербейді.
Үш түрлі үн мен үшін аңсарымның басында тұрады”.
Сұлтан аға, сіздің үн -үшінші теңеудегі үн. Сіздің үніңізден көктемнің жылы желін сезінем. Жылы желдей – жылы үн.
Ертеде кəріс халқының бір ойшылы, “адамның жан əлеміндегі үміт кеуренін алға сүйреуші – мұқалмас жігер мен иненің жасуындай бір мейрім. Сол өлшемге келмейтін мейрім қиялды кең етіп, өмір мəнді етеді” десе, орыс поэзиясының жаухары Анна Ахматова,” Үміттің өміршең болмағы – арманға адалдықпен байланысты. Күллі адам баласы бір үміт бесігінде тербеледі” деп кесімді ой түйіпті.
Сұлтан аға, менің үміт бесігімді үн тербеп жүргелі қашан?! Қалжырап кетем, қиналып кетем. Амалым қайсы, үнмен өмір кешуге тиіспін. Ашык Вейселдей өмірді шексіз сүйіп, жүректегі ерек əрбір үн иесіне басымды иіп. Сіздің бауырым деген сөзіңіз жүрегімді үлкен толғанысқа түсірген. Əзірбайжан халқы,”бауырдың бағын тілер бауырым дер, тасбауыр арқамдағы қара тастай ауырым дер” деген сөзін іштей санам қорытуға кіріскен. Дəл бүгін “өзім” ғана үстемдік құрған заманда, басқаның бағын тілеу – таңдандырар іске айналып барады. Жасыратын түгі жоқ, адамның жылуына, жылы сөзіне төрт қабырғаның арасындағы біз ғана емес, бүгін бар адам зəру сияқты ма, қалай?
Үміттің өлмеуі – адам бойындағы адамдықтың көгеріп, көктеуіне байланысты.
Өмір – үміт керуенін өрге сүйреу.
Сол үміттің кеуренінде не бар?! Қиял бар, сенім бар, сезім бар, ағатай!!!
13-хат
Ақ пейіл жан
Түрік халқының ескі аңызы
Бағзы бір заманда, Анадолының бір қиыр шетінде бір балықшылар ауылы болыпты.
Ол балықшылар ауылының бір ақылы дария қария болыпты.
Қарияның үнемі айтары, “пейілің таза болса, арманың шындық болар. Тірлігіңде шүкір болса, Ісіңе берекет кеп қонар” екен.
Бірде, сол балықшы ауылына екі ел кезген дуананың жолы түсіпті. Абыз қарияның шаңырағына түскен екеу, қыстың аязында ау құра алмай, үйіндегі барын алдына тосқан қарияның құрметіне разы бллмаған көрінеді.
Қария екеудің əрекетін ұзақ бақылап тұрып, “құстың тілі жоқ, жаурағанын айтатын. Жаурап бір бұтақ басында мұң кешіп отыр. Оның бар кінəсі – үйде отыра алмайды. Жаураса да, даласынан алыстағысы келмейді.
Қария екеудің əрекетін ұзақ бақылап тұрып, “құстың тілі жоқ, жаурағанын айтатын. Жаурап бір бұтақ басында мұң кешіп отыр. Оның бар кінəсі – үйде отыра алмайды. Жаураса да, даласынан алыстағысы келмейді.
Сендер ше? Мен сендерді барыммен күттім. Барымды алдарыңа қойдым. Жылы үйге кіргізіп, қонақ еттім. Сендер пейілдің қадірін білмейтін бір пасық екенсіңдер. Пейіл-бір жұтым су берсе де, шын көңілмен ұсыну ғой. Жылы сөзімнің сөзі – пейілім. Пейілді ойыншық етуге болмас. Адамға қылам жақсылық, бауырым ғой деп бір туған. Сендер менің пейіліме мұрын шүйірсеңдер менің де сендерге айтарым жоқ. Үйден шығыңдар” депті.
Сұлтан аға, бұл аңызды маған анам тоғыз жасымда айтып берген еді. Ұмытпадым. Пейілдің құны – бақыр тиын кез сияқты бүгін
Ия. Кейде, бір ауыр ойға қаламын. Пейілдің ақтығынан, жүрек жиі шарасыз хəлге түседі. Адам бойындағы бір ғана қасиет – адамды адамға ынтықтыратынын ұмытып жүрміз. Кейбір сəт ақ адал жанның пейіліне мұрын шүйіре қараймыз. Əттең… Ақ пейілділік – жүректің ғазал күйі екенін ұқпаймыз… Қытайлар, “пейілге пайым бермеген, тектілікті жан көрмеген” деп жатады. Бар пейіліңді төккен адам – бір сəтте қымбатыңа айналады. Сол адам пейілдің парқына бармаса, екінші рет өзге біреуге пейіл төгу қиын болады екен, Сұлтан аға!!!
14-15 хат
Мен сізді күй деп білем, Домбыра шанағындағы. Ия. Дəл солай. Сіз менің санамдағы бір сырбаз жансыз. Сұлтан аға, адамды сүю – өмірді сүйудің алғышарты. Мен сізді жүрегіммен аға деймін. Араб халқында бір нақыл сөз бар. «Əкесіз бала тірлікте еңсесін тез тіктей алмас, ағасыз іні адымын дұрыс жасай алмас» деген.
Жақсы сөзін жүрегіме жақұт жырдай бір сəтте төге салатын, «бауырым» деп жылы үнімен жанардан қуаныш жасын тамдыра алатын, менің адымыма сыншы болар, ақылман асылым – сізсіз!!! Мен бала күнімдегідей соңы бақытты болып бітетін, бақытқа жүрек пен ақылды сендіретін, ертегілерге əлі күнге сенемін. Сенгім келеді!!! Есіңізде ме?! Мен сізге екі рет бір сауалды қойдым. Маған аға боласыз ба? Осы сауалды екі рет қойдым. Сіз екеуінде де маған: «Мен сенің ағаң болып өмірге келгендеймін» дедіңіз. Неткен жүрек дедім. Маған бұрын соңды бұлай жауап берген адам жоқ еді.
Мен үшін сіздің сөзіңізден бір үлкен ой қорыттым. Суна Гүлер есімді түрік ақынының бір сөзі жадыма оралды.
«Сен керексің!!! Осы сөзді барша адам естігісі келеді. Керек екенін сол арқылы сезінгісі келеді. Біздің алдымыздағы ғасырларға көз салсақ, адамнан ықылас пейіл мен жылы сөз аяу болмаған секілді. Бүгін. Айтпаймыз. Айтқымыз келмейді. Айтылған жылы сөздерден секем аламыз. Адамға сенбейміз. Жалған сөзбен адамды алдаймыз. Жақсылық емес, жан шошытар жамандық – осы… Адамдардың ойларында «пайда» деген сөз жүр. Сол адамдар пайданы пайымдар болса, ол адамдықтан мың есе төмен. Адамдықтың құнын түсіргендер мен адам болып арлы өмір сүргендердің ғұмырындағы айырма біреу – жан рахаты. Жан рахаты – шынайы адамгершілігі биік жанның сезінер сезімі.
Шынайы жандар саусақпен санасаң, он саусақ толмайды. Неткен өкінішті… Ақын көңіл осыны көп уайым қылады. Шынайы адам көрсек, бала кездегідей «алақай» айтар хəлдеміз». Рас. Мен сізбен танысқан сəтте «алақай» айттым.
«Арлыға айна болғым келеді, Арсыздан аулақ тұрғым келеді. Арлыны жыр қылғым келеді». (Назым Хикмет Ран). Менің қосарым, сырбаз қалыпты, қырандай текті, əн əлдилеген таза жүректің иесін жырламау, ол жайлы толғанбау мүмкін емес.
Сіз жайлы хатымда біраз нəрсе жаздым. Ендігісін əңгімем – «Жүрегімнің сөзі» жалғайды. Сұлтан ағамдай қымбатыма өмір сыйлаған жандарға перзенттік пейілмен, адал жүрегіммен алғыс айтамын. Сұлтан ағам – төрт заңғарымның бірі. Əр кеште көк жəшікте аман-есен қалың көрерменмен қауыша бергейсіз. Ағам бар деп, алақай айттырған жаратқанға мың шүкір!!!