М.Мырзахметов еңбектеріндегі әуезовтану мәселелері

Қазақ  әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне қатысты тың зерттеулерімен танылған ғалым –  Мекемтас Мырзахметов Абайды тану, Абайды насихаттау ісімен бірге әуезовтану мәселесіне ғұмырлық еңбегін арнап келеді. Абай мен Мұхтардың  шығармашылық тұлғасын тығыз бірлікте және рухани байланыста қарастыру әсіре орынды да күрделі ғылыми еңбек.  Ғалымның абайтану саласына қосқан үлесі  өз алдына  күрделі,   үлкен бір арна болса, әуезовтанудағы еңбегі өлшеусіз,  құнды дүние.

Абай мен Мұхтар тақырыбын бір-бірінен ажыратпай, тел қарастырып, қатар зерттеп келе жатқанына ғалымның сүбелі еңбектері дәлел.   “Абай Құнанбаев. Библиографиялық көрсеткіш” (1965), “Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары” (1982), “Абай жүрген ізбенен” (1985), “Абайтану” (1988), “Абайдың адамгершілік мұраттары” (1993), “Қазақ қалай орыстандырылды” (1993), “Абайтану тарихы” (1994), “Восхождение Мухтара Ауэзова к Абаю” (1994), “Абай және Шығыс” (1994), “Әуезов және Абай” (1997) атты іргелі зерттеулері қазақ әдебиеті  қазынасының   құнарлы құндылығы.

Мұхтартануда     табандылықпен  күрделі ғылыми мәселелерге қатысты тың ізденістер жүргізді.    Ұзақ жылғы тиянақты еңбек нәтижесінде   М.Әуезовтің абайтанудың ғылыми негізін қалаудағы   “Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары”,   “Әуезов және Абай” сияқты күрделі де маңызды мәселелер ғылыми шешімін тапты. Салиқалы ой, байыпты байламдары тек қана  жоғарыда аталған  ғылыми еңбектерден ғана орын алған жоқ, жылдар бойы ғылыми, мерзімді басылымдар беттерінде де  зерттеулері,  тұжырымдары жарияланып отырды.

Мекемтас Мырзахметов    М.О.Әуезовтің әдеби мемориалды мұражай үйінде қызмет атқарған жылдары   абайтану мен мұхтартану саласына мол еңбек сіңіргені мәлім. Ғылыми зерттеу ізденістерінің   нәтижесінде абайтану мен мұхтартануға жаңа серпін ,тың жаңалық әкелді.

Бір ғана ғалым атқарған еңбектер  еріксіз таң қалдырады. Ғалымның әр еңбегі, баяндамалары, сұхбаттары,  саяси, әлеуметтік, рухани мәселелерге қатысты пікірлері ұлт игілігі үшін жасалағаны, ұлт игілігіне бағытталғаны  айқын аңғарылады.

  “Абайдың әдеби мұрасын жұртшылыққа танытумен ол мұраны зерттеу ісінде 30-жылдары айрықша көзге түскен жазушы, ғалым Мұхтар Әуезовтің зерттеулері абайтану тарихында ерекше орын алады. М.Әуезовтің 30-жылдардағы ізденістері Абайды танудың ғылыми дәрежесін көтеруде абайтануға қосылған елеулі үлес ретінде де ерекшеленетін орны бар туындылар деп бағаланды”,-  дейді ғалым Әуезовтің абайтанушылығына  баға бере.

Мұхтар  алғашқы шығармашылық қызметте жүргенде-ақ «Абайдың өмірі һәм қызметі», «Абайдан соңғы шәкірттер» сынды мақалаларымен Абай мұрасын зерттеуге ден қойған еді.   Зерттеуші  Әуезовтің алғашқы ізденістері мен кейінгі зертттеулеріне  дейін жіті қадағалап, әуезовтің абайды тану ісі үшін жасаған еңбектерін қалтарыссыз, тиянақты қадағалады.

Ғалым «Абайтану тарихы» еңбегінде:  «Абайдың әдеби мұрасы туралы тұңғыш рет теориялық тұрғыдан барлау жасап, зерттей шолуға ат салысқан, әрі екі рет басылған Абай жинақтарының шығуына атсалысқан М.Әуезов. Осы дәуірдің өзінде-ақ шығармаларын жақсы түсінуші ол мұра туралы мағлұматы молы да Мұхтар Әуезов деген қоғамдық пікір қалыптасқан да еді. Абайдың  әдеби мұрасының сырын терең ғылыми тұрғыдан білу керек деген тұжырымды ойға да ол осы тұста келген сияқты» ,- дейді  тағы да Мұхтар Әуезовтің абайтанудағы еңбегі жөнінде.

М.Мырзахметов М.Әуезовтің Абай мұрасы жайлы ұзақ жылдарға созылған шығармашылық ізденістері мен ғылыми зерттеулерін, көркем туындыларын бір-бірімен тығыз байланыста алып төрт түрлі іргелі салаға бөле отырып қарастыру керектігін баса айтады. Әуезовтану іліміне алдағы уақытта қосылуы тиіс ғылыми зерттеулердің қандай бағытта жүргізілу қажеттілігіне бағдар береді. Ғалым әуезовтану саласында әлі зерттеу нысанына алынбаған, арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын қажет ететін тың тақырыптарды атап көрсетеді:

– Абайтанудың іргелі саласына айналып отырған ақын шығармаларының текстологиясы жөніндегі аса қиын да күрделі проблемаларын тұтас қамтитын Абай өлеңдерін жинау, екшеп толықтыру, тұңғыш толық басылымдарын дайындау, түсініктер жазудағы ізденістері мен осы саладағы арнаулы зерттеулерін қамтиды.

– Абайдың тұңғыш ғылыми өмірбаянын жазу үстінде алғашқы биограф, тарихшы ретінде көптеген ақын замандастарымен бетпе-бет кездесіп, тікелей тілдесу, жүзбе-жүз әңгімелесу арқылы естеліктер жинау, жаздырып алу, соларға орай тарихи деректер көзін іздестіру әрекеті жатады.

– Абайдың әдеби мұрасы жайлы арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын, негізінен сегіз түрлі проблема шеңберінде жүргізе отырып, әр жылдар айтылған ой-пікірлерін қорытындылау және де ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орындарында абайтанудың арнайы курсы мен арнайы семинар сабақтарын өткізумен айналысу. Абай мұрасы жайлы зертетулерге басшылық ету, аспиранттар мен ізденушілерге жетекшілік ету өз алдына дербес бір мәселе.

– Жоғарыда айтылған әр саладағы зерттеулердің ғылыми нәтижесіне сүйене отырып, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы көркемөнер саласының әрқилы жанрында жазылған туындылары өз алдына бір әлемді құрайды. М.Әуезовтің ұлы ақын өмірі мен әдеби мұрасын зерттеу саласындағы бірегей табысы әрине XX ғасырдың көркем ойындағы қол жетпес шыңына айналған атақты «Абай жолы» эпопеясында жатыр.

Ғалым Мұхтар Әуезовтің  абайтанушылық еңбегін жіті бақылап  Абайтану мәселелерін көтеріп, зерттеу саласын  нықтай, бекіте , мықтай түседі де, бұл саланың іргесін қалаған Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеушілік еңбегін, өмірбаянын қоса зерттеу нысанына айналдырады.

Асықпай,  сабырлылықпен, аса тыңғылықтылықпен, тереңдікпен мәселе төркінін төрелеу әдетімен Мекемтас Мырзахметов   ұстазы,    ақылшысы,   әлемнің Әуезовін  зерттеуде баға жетпес үлкен  олжа әкелді.

М.Мырзахметовтің “Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары”, “Әуезов және Абай” атты еңбектері  әдебиеттанудағы мұхтартану мен абайтану ілімінің өзара сабақтас күрделі мәселелерін терең талдаған зерттеулер.   “Әуезов және Абай” еңбегі мұхтартанудағы тың мәселелерді арқау етуімен ерекшеленеді. Еңбектің “Ғылымның соқтықпалы соқпақтары”, “Абайтанушы ғұлама”, “Мұхтартану”, “М.Әуезовтің жарияланбаған еңбектері” бөлімдері   тың мәселе көтеруімен бағалы.

Әуезов  Абай өмірбаянанына әр жылдары қайта оралып  алғашқы жазғандарын толықтрып,  нақтылап, дереккөздерін    қайта екшеп отырған.  Әуезов ақын өмір кешекен ортаны жақсы таныды,   ақын өмір сүрген заманды  түсінуге тырысып  оның араласқан адамдарын,  жайлаған мекенін, сол өлкенің жері мен суының атауына дейін білуге құмартты. Өйткені ақынның ғұмырбаянын түзуде жазушы жаңсақтыққа ұрынбауға тырысты. Келер ұрпаққа  қалдырар маңызды  мұраның шын мәнінде  құнды болуына бар күшін салған-ды.  Кезінде Мұхтар Әуезов Абайтану ісінде  сегіз мәселені   шешуді бағыт етіп көрсеткен еді,  шәкірті, әдебиеттегі інісі Мекемтас Мырзахметұлы  сол мәселелердің шешілуіне үлкен үлес қосып, ұстаз аманатын орындады.

Бүгінгі ұлттық әдебиеттанудағы арнайы ғылыми зерттеуді қажет ететін   тақырыптардың қатарында әдебиет тарихын дәуірге бөлу мәселесі ерекше орын алады. Бұл ретте ғалым “Мұхтар Әуезов және қазақ әдебиеті тарихын дәуірге бөлу мәселесі” атты ғылыми   мақаласында М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” еңбегін талдауды өзегі етіп ала отырып, қазіргі әдебиеттанудың басты көкейтесті мәселесіне байланысты ойларын білдіреді.

Абайдың қайтыс болуына жиырма жыл толғанда Семейде өткен әдеби жиынның Мұхтар Әуезов    ұйымдастыруымен  келгенін нақтылай, дәлелдей айтады. Онысымен Мұхтар мен Абай байланысын рухани туыстығын   жан-жақты  сабақтастыра келе  ғылыми  өмірбаян  іздерін  де дереккөз  арқылы  іздейді.

2003 жылы Семейге келген сапарында студенттермен, ғалымдармен болған басқосуда Мекемтас Мырзахметов  ағынан жарыла: «Семей жерінде  көп бодым. Рухани өмірімнің бәрі  осы жерге байланысты.  Қазақ халқының бүкіл рухани мәні  Абай мен Мұхтарда. Мұхтар Әуезов рухани өзектен өскен. Абайтанудың негізін салып, ішкі сырын аңғарған – Мұхтар.  Мұхтартанудың негізі қазір салынып жатыр»,- деген  еді.

Бұл қазақтың екі ұлы данышпаны Абай мен Мұхтар дүниеге келген топырақта айтқан тебіреніске, толқынысқа толы сөздер.  Ғалым       мұхтартану  саласына әлі де тиісінше көңіл бөліну керегін,  жылдар бойы зерттеліп жатқанымен әлі  де буынының қата түсуі, зерттеле түсуі тиіс деген  емеурін танытады.

М.Мырзахметов Әуезов шығармашылығының құндылығын, абайтануға қатысты зерттеушілігін жазумен қоса жазушының ғылыми өмірбаянынан да құнды деректер келтіреді. Мәселен «М.Әуезов өмірінің ташкенттік кезеңі»  тақырыбындағы мақаласы 1922-1924, 1928-1930 жылдар аралығындағы жазушы өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат береді.

«Аспирант  Мұхтар Әуезовтің ғылыми  зерттеу нысанасына Орта Азия мен  қазақ халқының  әдебиет тарихын алып,  алғашқы жұмысты қырғыз халық эпосы  «Манастан» бастауында терең  ойластырылған мән-мағына бар-ды. Себебі «Манас» түркі тілді туысқан халықтар  эпосының ең көне  мұраларының бірегейіне жатады» деп аспират Әуезовтің ғылыми алғашқы ізденістеріндегі  көрегендігіне  өзіндік бағасын береді. Шынымен де М.Әуезовтің ғылыми өмірбаян ын түзуде  тарихшылар мен әдебиетшілер, жалпы  оқырман қауым үшін  бұл деректер, пікірлер аса  бағалы.

Әдебиетші М.Әуезовтің абайтануға және әдебиет тарихына қатысты бұрындары жазылып, кейіннен жарияланбаған ғылыми-зерттеу жұмыстарын ел игілігіне айналдыру ісіне де зор үлес қосуда. Мысалы, М.Әуезовтің “Абайтанудан жарияланбаған материалдар” (1988), “Абайтану дәрістерінің дерек көздері” (1997) кітаптарын құрастырып, алғы сөзін жазды. Сондай-ақ “Әдебиет тарихын” алғашқы нұсқасымен толық күйінде жарыққа шығарып, түсініктемесін жазды.

Ғалым М.Мырзахметовтің  ғылыми еңбектері ұлттық әдебиеттану ғылымында ойып алар орны бар,   ұлттық мүддемен сабақтас,  байырғы тарихы мен бүгінгі  әдебиеттегі    мәслелелерді  байланыстыра қарастырған,  халықтың  басынан кешкен «тар жол, тайғақ кешулерін» терең ұғынудан туындаған,  халықтың  рухани даму сатысындағы биік көкжиектерді алуына  деген  адал ниеттен дүниеге келген    күрделі, маңызды, өміршең туындылар.

 Р. М Мұқажанова

филология ғылымының кандидаты

Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті.

 


Пайдаланылған әдебиеттер

  1. М.Мырзахметұлы. Әуезов және Абай. А., “Қазақстан”, 1996. 272-6.
  2. М.Мырзахметұлы. Ұлы акын дүниетанымы туралы бірер сөз…// “Қазақ әдебиеті”. 2005, 19 тамыз.
  3. М.Мырзахметов. Абайтану тарихы. А., “Ана тілі”, 1994. 192-6.
  4. М.Мырзахметүлы. Мұхтар Әуезов ғұмырының ташкенттік кезеңі. //”Абай”, 1998, №1.
  5. Ғасыр куанышы // Семей таңы. №20, 16 мамыр, 2003 жыл.

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір