Белгілі қоғам қайраткері, айтулы философ Амангелді Айталы kaz.365info.kz сайтына 21 қарашада берген „Билік те, халық та Тәуелсіздік қадірін әлі түсінбей жүр„ атты сұхбатында қоғам көкейіндегі ойлардың біразын орын-орынына қойып айтыпты. Соның ішінде «Тәуелсіздік мерекесін Жаңа жылға тәуелді қылып қойған кім?» деген сұрақ төңірегінде ашық пікір білдіріпті – дейді, «Жерұйық» тілшісі.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, 25-қазан — ол Тәуелсіздік күні емес,ол егемендік күні, яғни, Қазақстан Республикасының өзінің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдаған күн. Бұл мәселенің шешімін табу үшін біз, ең алдымен, егемендік және тәуелсіздік деген түсініктердің ара-жігін ажыратып алуымыз керек.
— Саяси терминологияда егемендік бөлек, тәуелсіздік бөлек, — дейді сөзін бастаған қоғам қайраткері. — Мысалы Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстанның автономиялық республика ретінде белгілі бір деңгейде — сыртқы қатынастарда, бюджет және басқа да бір қатар мәселелерде өзінің егемендігі бар. Шешенстанның да егемендігі бар, бірақ Татарстан да, Шешенстан да, басқа автономиялық республикалар да тәуелсіз емес, тәуелді елдер.
25-қазан — біздің кеңес үкіметі шеңберінде одаққа бағынатын республика ретінде егемендігімізді жариялаған күн.
Ал мемлекеттік тәуелсіздікті жариялағаннан кейін кеңес үкіметі тұсындағы егемендіктің мәні жойылды. Тәуелсіздік, әлбетте, егемендіктен жоғары тұрады, сондықтан 25-қараша атап өтілген республика күніне қайта оралудың реті жоқ.
Бұл жердегі мәселе келесі де — біздің билік — біздің президент, үкімет әлі күнге дейін қай мерекенің бізге құнды екенін ажырата алмай отыр — Жаңа жыл ма әлде Тәуелсіздік мерекесі ме?
Сондықтан желтоқсан басталысымен бізде Жаңа жылға үлкен дайындық басталады. Тәуелсіздік мерекесі аяқ асты қалады.
Бұған ұлт жанашырлары ғана емес, жалпы, қазақ халқы ренжиді.
Егер мемлекет Тәуелсіздік мерекесін үлкен құндылық ретінде құрметтейтін болса, онда осы мерекені 16-, 17-. 18-, 19-желтоқсан күндері мемлекеттік деңгейде атап өтуі керек. Ал содан кейін шыршаларын орнатып, Жаңа жылға дайындықты бастай берсін.
Ал Жаңа жылды мерзімінен бұрын түрліше символдармен тойлауды бастау — славян халықтарының, провослав дінінің, Ресей рухының, Ресей идеяларының біздің ел үшін бәрі бір құнды екенін білдіреді. Біздің ол мерекені тойлауымыз — Ресейдің қазір бүкіл әлемге жарнамалап жүрген „Русский мир„, яғни, „Орыс әлемі„ деген идеясының ықпалынан шыға алмай жүргеніміздің көрінісі.
Бұл жердегі мәселе — еліміздің намысында жатыр. Егер намысты ел болсақ, онда Жаңа жылды ысырып қоюымыз керек, намысссыз ел болсақ, онда орыс тілді, Жаңа жылды православ күнтізбесімен тойлайтын „русский мирдің„ ішіндегі көп елдің бірі болып қаламыз. Әзірге біз сол құндылықты таңдап отырмыз, соны мойындауымыз керек.
Бірақ біз мұндай іс-шаралармен қазақ халқын, басқаларда шаруам жоқ, ешқашан патриот ете алмаймыз, ешуақытта да елге тәуелсіздікті сыйлата алмаймыз. Міне, осыны билік түсінбей жүр-әу деймін. Мұны қазақ та, орыс тілді қазақ та, басқалар да түсіну керек.