ЭТНОГРАФПЕН ӘҢГІМЕ (Жағда Бабалықұлымен сұхбат)

etnografpen-%d3%99%d2%a3gime

— Жағда аға, Сіз туралы сырттай көп білсем де, кездесіп әңгімелесудің сәті түспепті. Ұлттық құндылықтарымыз хақында зерттеп-зерделеп жүретініңізден жақсы хабарым бар. Салт- дәстүрімізді өте терең білетін әрі шебер таратып айтатын адамдар қатары да казір сиреп калды ғой. Көненің көзі, көрнектінің өзі екеніңізге еш шүбә жоқ. Қалың оқырманды хабардар етпек үшін өз өміріңіз жайында таратып айтып берсеңіз.

— (Біраз ойланып отырды…) Туған жерім – Тарбағатайдағы Жайыр тауының етегі. Сонда Құжыртай деген қыстау бар. Бұл сол моңғол тілінен енген сөз болуы мүмкін. Сол жерде 1917 жылдың бірінші қарашасында дүниеге келгенмін. Негізгі атамекенім мына – Үржар өңірі. Семіз найманның ішінде қасқа деген ру бар, біз соған жатамыз. Менің әкем атадан жалғыз болған. Оқымаған адам ғой. Молдадан білім алған. Жазғанын өзі ғана түсінетін шала сауатты болған екен. Бір мың сегіз бір нешінші жылдары Шәуешекке жұмыс іздеп барыпты. Әкем 1860 жылы туылған. Шәуешектің көшесінде жүріп, өтіп бара жатқан адамдарға сәлем береді екен. Содан көшеде отырған екі шалға сәлем беріп, ана екі шал «қайдан жүрген баласың» деп жөн сұрапты. «Жұмыс болса істеуге даярмын, жұмыс іздеп жүр едім», -депті. «Ей, бала, ана кісінің артынан тез жүгір. Сол жаңа ғана «жұмыс істейтін адам бар ма деп сұрастырып жүрген», – дейді. Содан жүгіріп барып, әлгі адамға мән-жайын айтқан соң, сол кісі әкемді жұмысқа алады. Әкемнің алғаш көргені: қораға кірсе, койдың майын ерітіп, қазан-қазан етіп қорытып жатыр екен. Ірі саудагердің үйі. Сол жерде жұмыс істеп жүреді. Елгезектігімен әкем саудагерге ұнап қалады. Ол майды шығын қылмай, жағар отты үнемдеп, ешбір қиянатсыз, өз ісіне адал болған әкемді баласындай жақсы көреді. Әкемнің ендігі қызметі саудагердің атын бағу болады. Астындағы атына қарап жүргенде, анда-санда үйін сыпыртып, тазалатады. Үй тазалап жүріп, тиын-тебендер тауып алса «түсіп қалыпты, тауып алдым» деп (сол уақытта да біздің теңгелер секілді ақшалар болган гой) үй егелеріне береді екен. Олардың әкеме деген сенімі одан сайын арта түседі. Әкем саудагердің қарамағындағы сенімді жұмысшыларының бірі болады. Бірнеше жылдан кейін жанағы кісі қажылыққа баруға дайындалады. Қажылыққа кететін уақытында менің әкем: «Батаңызды беріңіз, мен енді сіз кеткенде қораңызда қалмайын, басқа жерден нәпақамды табайын», — дейді. Әлгі бай еҢбекақысына алпыс төрт теңге ақша берген екен. Сол кезде алпыс төрт теңге қанша екенін білмеймін. Тапқан табысына базарға барып, ұсақ-түйек: айна-тарақ, сабын, тағы да майда-шүйдені иығына салып, ел аралап сатады екен. Осылай тірлігін жасап жүріп, жиған-тергеніне ат сатып алады. «Күреңқасқа атты алған соң, қайтадан менің табаным жерге тиген жоқ» деп отыратын, жарықтық! Қой баққан. Он мыңдай малы болған. Үш-төрт түйесі болған. Ол уақытта машина жоқ, арба да тапшы, түйемен көшіп-қонады екен ғой. Семей, Шәуешек, одан Үрімжі, Құбыл. Құбылдан Тұрпанға қарай үнемі жүк таситын көрінеді. Әркімнің жүгін тасып, азын-аулақ қаржы да жиған. Тұрмысы жаман болмаган.
Шешемнің аты – Шәкет. Ол тоғыз құрсақ көтерген. Әкемнің екінші әйелі – Рахымжан. Рахымжан шешемізден төрт бала бар еді, үшеуі сол жақта кішкене күнінде қайтыс болды. Бір ініміз қазір бар. Менен кейінгі сол. Мен бәйбішенің кенжесімін. Әкем 1937 жылы қайтыс болды.

— Әкеңіздің сүйегі кайда жатыр?

Қытайда көз жұмды. Сонда жерледік. Толы деген аудан бар. Сол жақта қалды. Тарбағатай өңіріне жатады.

— «Толы» деген сөздің мән-мағынасы кандай?

— «Толы» моңғол тілінен енген сөз, «айна» дегенді білдіреді.

— Басқа кандай туыстарыңыз болды? Олардың ішінде елге танылғандары бар ма еді? Екінші шешеһізді калай атаушы едіңіз?

Шеше дедім. Кейде апа дейтінмін. Кіші шешемнің сүйегі осы Алматыда жатыр. Үлкен шешем «оқы, оқы» деп молдаларға оқытты. Бабалықтың Құсайын деген ұлы болды. Менің ағам. Құсайыннан он екі бала бар. Қазір немере, шөбере, шөпшегі осіп келеді. Бабалықтан тараған ұрпақтар жетінші атаға кетіп бара жатыр. Құсайын төртінші баласы. Айтыс ақыны болған. Сөзге шешен, инабатты адам еді. Көп нәрсеге байыппен қарайтын, зерек-тін. Ана ауылға «Бабалықтың Құсайыны келіпті» десе, «ойбай, сәлем беріп қалайық» деп, ауылдағы жас жігіттер шапқылап жүретін. Сондай абыройлы адам еді. Шыңжаң өлкесінің әскери штабының басшысы болған генерал-майор Шәріпхан деген кісімен жолдас болды. Көбіне-көп инабатты, зиялы ортамен араласты. Мен 1944 жылы қамалып кеттім. Менің кесірімнен «сендер тұқымдарыңмен бандитсыңдар» деп, оны да қамауға алыпты. Ешбір кінәсі жоқ болса да, қатты ұрып-соққан көрінеді. 1945 жылы камауға алынғаннан кейін араға екі ЖЫЛ салып, 1947 жылы маусым айында түрмеде ауыр соққының салдарынан көз жұмды. Қысқасы оны қытайлар ұрып өлтірді.

— Ол кісі қайда қайтыс болды? Сонында қалған ұрпақтары бар шығар? Жалпы Бабалықтың ұрім-бұтағы қазір қаншаға жетті?

Ұлы осында дүние салды. Ұлынан тараған ұрпақ қазір тіршіліктерін жасауда. Жиырмадай немересі, он бес-он алты шөбересі бар. Бабалықтан тараған ұрпақтан қазір жүз сексендей жан бармыз. Барлығы осы Қазақстанда. Қытайда ешкім қалмады. Құсайын ағам 1947 жылы қырық жеті жасында қайтты өмірден. Қазір Бабалықтан тараған ұрпақтан екеу қалдық. Біреуі – мен, екіншісі – Садық деген інім. Оның жасы сексеннің үстінде. Қаланың сыртында тұрады. Бала- шағасы, немерелері бар. Оснан дейтін ағам да осында келді. Одан соң Әубәкір дейтін ағам сексен бес жасында дүние салды. Жағыппар деген ағам Қытайда қалды.

— Құсайын ағамыз көпке қадірлі болған көрінеді. Жазықсыз жапа шеккенге ұқсайды. Ел арасында беделді кісілермен үзеңгілес болса да, олар араша түсе алмады ма?

— Жоқ. Ол уақытта қайдан араша түссін?! Достасып жүрген генералдардың да көзін жойды. Ағам дос болып, сыйласқан Шәріпхан мен Әбудің екеуін де өлтіріп жіберді. Әркім өз ісіне жауапты, өз басымен қайғы еді ғой. Әбу – Қытай ҰҚК-ның бастығы, Шәріпхан Армия генералы болатын. Мықты болса, достарына араша түсер еді ғой. Екеуі де Қытай үкіметінің қызметкері еді. Жағдай өте күрделі болды.
Одан кейінгісі – Оспан дейтін ағамыз. Оспан ағамыздың екі әйелінен он сегіз бала бар.

— Ағайын-туыстарыңыз елге келгенде қиналған жоқ па? Қандай шаруамен айналысты? Қазір ұрпақтары бар ма?

— Оспан ағамның екі әйелі де осы жаққа келді. Бәйбішесі қайтыс болды. Кіші әйелі әлі бар. Жасы тоқсанға таяп қалды. Араласып тұрамыз. Ұзынағаш төңірегіндегі Қарасу ауылында тұрады. Қазір ол жер Сарыбай деп аталады. Көшіріп әкелгенде алпыс төрт отбасын бірден сол жерге коныстандырдым. Оспан ағам малдың жайын өте мықты білетін. Өзі тоқсан бір жасында дүние салды. Сүйегі сол Қарасудың маңына жерленді. Он сегіз баласынан біраз ұрпақ тарады. Улап-шулап жатады.
Бұл кісі Қытайда жүргенде өте бай болды. Төрт түлік малды жақсы өсірді. Бірнеше мың қойы, үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры, бірнеше жүз ірі қарасы бар еді. Бірақ қытайлар «жуан жұдырықсың, барымтамен жинағансың» деп, түрлі нәрсені сылтауратып жиған малдың бәрін тартып алды. Өзі аман-есен бергі бетке өтті. Жасы ұлғайып қалса да, осында келген соң тағы да мал бақты. Осы кісінің төрт түліктің жайын өте терең білгенінің арқасында, мен де мал шаруашылығына ден қойдым. Біраз ғылыми жұмыстар да жүргіздім. Төрт түлік малдың бойында кездесетін бес жүздей ауру болады екен. Соның бәрін қағазға түсірдім. Бұл турасында меніһ «Мал аурулары» деген кітабым да бар.
Одан кейінгісі – Әубәкір ағам. Әубәкір ағам сексен бес жасында кайтыс болды. Сүйегі осы біздің Ұзынағашта жатыр. Үйі Алматыда болатын. Ағайын-туыспен акылдаса келе, әулетіміздің қайтқан адамдарын бір жерге жерлеп жүрміз.
Әубәкір ағамның екі әйелінен он бір бала бар. Одан тараған ұрпақтар қазір өсіп жатыр. Өзі кезінде саудамен айналысты. Ана жақта жүріп жасаған ерекше істері де бар. Қытайда «Кеңес үкіметі азаматтарының қоғамы» дейтін ұйым болған. Сол ұйымның сауда істерін, шаруашылық жағын басқарды. Қолында отыз мыңдай қой, он мындай ірі қара болды. Қытайдың үлкен қалаларына барып, сауда жасады. 1954 жылы Н. Хрушевтің уақытында шекара ашылды да, бері қарай жаппай қошу басталды. Қолында малы бар адамдар малын сатқанымен, ақшасына алар нәрсе таппай, басқа қалаға кететін. Мен ол уақытта Тарбағатай облысының басшысымын. «Мына жұртты сабылдырмай, керегін осы Шәуешектен тапсын, үйіп қойыңыз», – деді маған. Жібек, барқыт, шыт, бөз, тағы басқа мата түрлерін, Қашқардың кілемін мая қылып үйіп тастадым. Малын сатып, керегін алғандар Кеңес үкіметіне қарай кетіп отырды. Сөйтіп, өте үлкен жұмыс істедік. Қазақтардың бергі бетке өтуіне өз ықтиярын тигізген Әубәкір ағам болды. Мен Шәуешекте осы Әубәкір ағамның қолында жатып оқыдым.

— Мектепті қай тілде оқыдыңыз?

Қытай тілі кейін кірді ғой. Қазақ тілінде білім алдым. Кейде ұйғырша, татарша аралас болатын. Бастауыш мектепті және гимназияны Шәуешекте оқыдым. Ол мектеп 1937 жылы ашылған болатын. Тек институтты Үрімжіде жалғастырдым. Үрімжі – моңғол тілінен аударғанда – «қаймақ сататын жер» деген мағынаны береді. Ал Құлжа кәдімгі арқардың кұлжасы ғой.

— Шәуешек сөзі қайдан шықты екен?

— Қытайдың ескі жазбаларына карағанда Чиаң Лұң жылнамасының 31-жылы, біздіңше, 1766 жылы Чиң патшалығының Үржарға жақын тұратын бекініс бастығы, ақылшы Уәзір Агұй Чиң үкіметіне хат жолдап, бекіттіру арқылы қазіргі Шәуешек қаласы орналасқан жерге белгі соқтырып, бұтхана салдырған көрінеді. 1758 жылдан басталған керуеннің бір шеті Шәуешекке келіп немесе оны басып өтіп, сауда-саттық жасайды екен. Іргетасы осылай қалана бастаған бұл қала кейін келе Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда және мәдениет ошағына айналды. Ал Шәуешек атауына келсек, ол «тостаған» деген атаудың ұйғыр және моңгол тілдеріне аударылған ауыспалы мағынасынан келіп шыққандығы айтылады. Мұны да тереңірек іздеу керек.

— Халқымызда «Ер жігіт нағашысына тартады» деген нақыл бар. Нағашы жұртыңыз туралы не айтасыз?

Нағашы жұртым мықты болды. Мәмбет дейтін ел бар, соның ішінде қарақұрсак деген руға жатады. Нағашыларымда Оқыбай қажы деген болған. Жерікбай дейтін атақты би болған. Сөзшең, көп білетін кісі еді. Бертінде дүние салды. Осы кісілер менің нағашы жұртым еді.
-Жарыңыз қайда білім алған?
– Зайыбымның есімі Мукарамма. әкесінің аты Әбілмағжан. Мукарамма қазақтың сөзі емес. Араб тілінен енген сөз. Гимназияда оқып, білім алған. Институтты Үрімжіде бітірді. Мамандығы – математик. Осында Мукарамманың туған сіңілісі мен інісі тұрады, менің балдызым мен қайным. Балдызымның есімі Ғарифа, қайнымның есімі Үлфат.

— Қазақта адамның кейбір мінезі кіндік шешесіне тартады деген де әңгіме бар. Кіндік шешеңіз есіңізде ме?

– Әрине, есімде жоқ. Ондайларды қайдан білем?! Мен туғаннан кейін бес айдан соң шешем дүние салыпты. Соның атын сақтап қалғаныма шүкір. Шешемнің аты – Шәкет болатын.

— Отбасын қайда кұрдыңыз?

— 1947 жылы Шәуешекте құрдым. Балаларымның бәрі сонда дүниеге келді. Төрт балам бар еді. Екі ұл, екі қыз. Қазір содан бір ұл, бір қыз қалды. Ең үлкені – Мәнсия. Одан кейінгісі – Роза. Үшіншісінің есімін де білмеймін. Өзім көрмедім. Ол дүниеге келгенде мен жоқ болатынмын. Ол уақытта Кореяда жүрген едім. Келсем шетінеп кетіпті. Төртіншісі өткенде өзіңмен жақсылап өзім таныстырған Алтай. Қазір Алматыда бірге тұрып жатырмыз. Осы Алтайым мен Розам ас-суымды дайындап, бәйек болып күтеді. Мәнсиям туа салып, бір жасқа толар-толмай бақилық болған.

— Жоғары біліміңіз бар ма? Қай институтты бітірдіңіз?

— Институтты дер кезінде бітіре алмадым. Түрмеге жабылып кеттім ғой. Кейін мемлекеттік кызметте жүргенде сырттай оқып, жоғар білім алдым. Дипломым бар. Мамандығым — физик.

— Адамның бір қызығы балалық шағы ғой. Үнемі есінен кетпейтін де сол кезеңі. Балалық шағыңыз қалай өтті?

(Ақсақал ұзақ ойланды. Сонау өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарына ой жүгіртіп, әңгімесін бастап жіберді.)

— Мен өзім қырда туған адаммын ғой. Көшпелі ауылда туғанмын. Көшпелі ауылдың тұрмысы, бір жағынан, жақсы – кең ауа, керемет табиғат, екінші жағынан, қиыншылық, мектеп, тағы да басқа көңіл көтеретін орындар жоқ. Алаңсыз ойынға берілесің. Мал бағасын. Бірақ менің әкем бір молда тауып, сауатымды діни бағытта аштым. Тоң дейтін ауыл бар. Сол жаққа барып, әлгі молдадан сабақ аламын. Молда татар болатын. Бір күні үйіне барсам Рифхат дейтін баласы бірнәрселерді сызып отыр екен. Мен ондайды бұрын көрмегенмін. «Мынау не?» -деп сұрадым. Ол: «Бұл есеп. Математика», – дейді. «Маған үйретші». Менің бетіме қарап: «Не бересің?» – деді. Берейін десем, қолымда дәнеңе де жоқ. Сол жерден үндемей кетіп қалдым да, әкеме барып айттым. «Рифхаг осындай бір нәрсені айтты, бұл есеп деді, үйретесің бе деп ем, не бересің дейді», – дедім. Бір семіз қойды апарып бер деген соң, мен апарып бердім. Рифхат әкесін шақырып алып айтты, әкесі: «Төрт амалды үйрет!» — деп тапсырма берді баласына. Төрт амалды сол Рифхаттан бір қойға сатып алдым (күлді). Жақсы үйрендім. Анау- мынау емес, ол кезде менің басым – сақылдап тұрған бас, оның аузынан шыққан сөз миымда жатталып қалды. Бір күні Шәуешекте тұратын Әубәкір ағамкеліп: «Оқытам,бұл жерде қалмайсың»,-деп Шәуешекке алып кетті. Сол жаққа барып 1937 жылы мектепке кірдім. Мен кеш барып қалыппын. Он екі айдан соң барған екем, білмеймін ғой, мектеп ашылып кеткен екен, мұғалімдер алмай қуып шықты. Мені жетелеп жүрген адамның абыройы бар еді: «Алыңдар, бұл бала көп біледі», – деді. Содан кете алмай босағада тұр едім. Мені қуалап шыққан мұғалім дереу бір нәрсені жазды да: «Мынаны шығар», – деді. Төрт амалға сиятын есепті берген екен. Мен түрегеп тұрдым да, әлгіні шығара салдым. «Ой, мынау біледі екен», – деді таңданып. Ана жақта тұрған әлгі кісі де: «Ол көп біледі, алыңдар» – деді. Бір есепті шығарып, бірден екінші сыныпқа қабылдандым. Бірақ бойым ұзындау болатын. Содан бір айдан соң, үшінші сыныпқа ауыстым. Есепке жүйрік болдым. Орта мектепті 1940 жылы бітірдім. Шәуешекте 1941-1943 жылдары гимназияны оқыдым. Институтты Үрімжіде жалғастырдым. Үрімжіге де кеш бардым. Себебі ағам Қашқар жақка мені алып кеткен еді. Келгенше уақыт өтіп кетті. Алмайды. Қайдан алсын, жарым жыл өтіп кеткен. Демалысқа шығардың алдында емтихан алады екен. Емтихан алу басталды. Мен дереу арыз жаздым. «Өткелі жатқан емтиханға мені де қатыстырыңыз, оларға берген сұрақты маған да беріңіз. Егер жарамасам, өкпем жоқ», – дедім. Сол жазған арызымды қабыл алды. Менен бұрын келгендерге койған сұрақты маған да койды. Төрт пен беске тапсырып, өтіп кеттім. Сөйтіп жарты жылда институтқа түстім (күлді). Соның арасында басымызға бір қауіп тап келді. Ержеткен уақытымыз. «Оспан батыр деген атақты адам Қытайға қарсы соғысып, ұлт-азаттық күресін жасап жатыр. Оны қолдауымыз керек» деген әңгіме тарады. Аяқ астынан студенттер арасынан ұлт-азаттық ұйымын құрдық. Біздің бұл әрекетімізді бір жансыздар қытайларға жеткізген екен, біздің бәрімізді сыпыра қамады да, «банды, қарақшылар» деп түрмеге бір-ақ жапты. Шың Сысайдың уақытында түрмеде жаттық. Шың Сысай бірнеше айдан соң кетіп қалды. Оның орнына У Жи ІІІын деген келді. Ол У Жи Шын мені түрмеде қайта соттады. «Бұл қарақшы да емес, партизан да емес екен» деп жеңілдетіп, 1944 ЖЫЛЫ СӘУІРДІҢ 17 КҮНІ босатты. Бірақ Үрімжіден шығармаймыз деді. Құжаттарымды астыртын жөндедім де, бұл жақтан қаштым. Әдетте бір қараған адамға құжаттар дұрыс секілді көрінгенімен, шын мәнінде, жалған құжатпен өтіп кеттім. Содан мамырдың бірі күні, он бес күндей жүріп отырып, Шәуешекке келіп, мамырдың төрті күні ұлт-азаттық ұйымын қайта құрдым. Сөйтіп «партизан» болып кеттік, қарағым…

— Кейіннен бірқатар ірі қызмттер атқарғаныңызды естідік. Аға, Қытайдағы сол атқарған қызметтеріңіз жайында толық айтып өтесіз бе?

— Коммунистік партия орнаған соң, мені Шыңжаңдағы ұлт-азаттық армия сотының орынбасары етіп сайлады. Бұл жерде қосымша қызмет істедім. Негізгі жұмысым Партия мектебі басшысының орынбасары болатын. 1952 жылы Тарбағатай ауданының басшысы болып ауысып кеттім. 1952-55 жылдары осы қызметте болдым. Содан кейін Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) Саяси заң басқармасын басқардым. Бұл жерде бір жылға жуық жұмыс істедім. Мені 1956 жылы Қазақ автономиялық облысының басшысы етіп сайлады. 1958 жылдың соңына таман «сен ұлтшыл екенсің, оңшыл емес, сен мемлекетке қарсы адам екенсің» деп сегіз ай еңбекпен түзеу колониясына жіберді. Сегіз ай арпалыстан кейін мені партиядан шығарды, үкіметтің жұмысынан алды да, еңбекпен түзеу колониясына айдалып кеттім. 1958-61 жылдары сол жерде болдым. Осы жерден шыға салысымен Қазақстанға қарай қаштым (Ақсақал маган көзінің астымен сынай қарап, риясыз күлді).

— Аға, бір кездері тағдырдың жазуымен аспан асты елінде дүниеге келіп, бірқатар оміріңізді сол жақта өткердіңіз. Сол кезеңдерде ел көп біле бермейтін, бірақ атақты қазақ жазушысы Қажықұмар Шабданұлымен де бірге жүрдіңіз. Осы кісі жайында айтып беріңізші.

— Ол – қырық бір жыл абақтыда, бес жыл үйқамақта отырды. Әлі күнге үй қамақта отыр. Қажығұмарға Шәуешектен шығуға рұқсат жоқ. Өмірінің аяғына дейін үйқамақта отыратын сияқты. Ол ешқашан қолына қару ұстаған адам емес. Осы жерде туыстары бар. Солармен де көрісуге шамасы жоқ. Үнемі қатаң бақылауда. Нендей қылмысы бар? Оны тек Қытай жағы біледі. Менің ойымша, Қытайдың мұнымен шаруасы жоқ. Жергілікті ҰҚК секілділер ортада нан жеп отыр. Сол қызметшілер «Қытайға қарсы шыққан адамды бақылап отырмыз» деп мәлімдеме жасайды. Мұның еш кінәсі жоқ. Қажығұмар менің туысым болып келеді. Оның түрмедегі катаң жазалау мерзімі 2005 жылдың наурызында аяқталған. Жаңа айттым ғой, бірақ әлі де Шәуешекте үйқамақта отыр.

— Қажықұмар екеуіңіз қалай туыссыздар?

— Біздің семіз найманның ішінде қасқа деген ру беске бөлінеді. Соның біреуі ғой Қажығұмар. Олар – қожан. Біз – қасқамыз. 1990 жылы Алматыда «Невада-Семей» қозғалысына орай үлкен жиын болды. Соған мені де шақырған екен. Бардым. Маған сөз де берілді. Сөзім аяқталған соң: «Қазақтың Қажығұмар деген жазушысы бар, отыз алты жылдан бері түрмеде отыр, әлі бостандыққа шыққан жоқ, қай уақытта босап шығатыны белгісіз, осыны естіп кетіңдер. Оның алты томдық «Қылмыс» деген романы бар», – деп айқайладым. Ел естіді. Содан мен төменге түсіп кеттім. Әлгі жиын өткеннен кейін екі-үш айдан соң маған Лондоннан хат келді. «Сол кісінің өмірбаянын жіберсеңіз» депті. Мен Қажығұмардың толық өмірбаянын жазып жібердім. «Қылмыс» романының II томы бар еді, арабша жазылған, соны қоса жібердім. Үш- төрт ай өткен соң жауап келді. «Біз сұрастырып көрдік. Қытайға талап қойдық: «Егер Қажығұмар Шабданұлының қылмысы бар десеңіздер, онда Халықаралық сотқа арыз беріп, мәселенің ақ-қарасын шешіңдер деп Қытай Үкіметіне шарт қойдық»,- деп жазылыпты хатта. Соны осындағы газет беттерінде жарияладым.

— Бұл қай жылдары еді?

1990 жылдар ғой. Бұл әлі де болса шешілмей тұр. Президенттің өзіне хат жаздық. Ол кісіге жетті ме, жетпеді ме, ол жағынан менің хабарым жоқ. Жақында ғана Қажығұмармен сөйлесіп, хабар алдым. Аман-саулығын жеткізді.

— Қазір ол кісі кайда тұрып жатыр?

— Шәуешекте.

— Ол кісіден ұрпақ бар ма?

— Бала-шағасы бар. Қазақстанда бір-екі баласы бар. Екінші әйелінің балалары – Қытайда. Туған ағасы Мақаншыда тұратын еді, жуырда көз жұмды. Бауырын бір көруге зар болып, құсадан кетті. Қажығұмар Шабданұлы биыл сексен бес жасқа толады. Қаршадайынан тағдырдың қатал тәлкегіне тап болып, 1932 жылы жеті жасында ашаршылыққа ұшыраған жұртпен бірге Шәуешекке кетуге мәжбүр болған. Жазушылықты арман еткен ОНЫҢ ІЗДЕНІМПАЗ ҚАСИЕТІНІҢ арқасында біржола шығармашылық жолға түсті. 1933 жылдан бастап бастауыш мектепті, 1937-1941 жылдар аралығында мұғалімдер даярлайтын мектепті бітіріп, әдебиетпен шұғылданды. Қателеспесем, 1950 жылдардан бері жазушылықпен түбегейлі айналысып келеді.

— Біздің білетініміз – «Қылмыс» романы. «Жалын» журналында жауапты хатшы болын жүргенімде журналға үзіндісін жариялағанбыз. Кітабын кейінгі кездері ғана оқи бастадық. Қажыекеңнің басқа қандай еңбектері бар?

Алғашқы жылдары жазған «Олеңдер мен дастандар» жинағы және «Бақыт жолында» атты романы Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан жарық көрген болатын. Қажығұмар 1944-1945 жылдары мұғалім болым жүрген кезінде жазықсыз қамалып, бір жылдан соң Гоминдаң абақтысынан ақталып шыққан еді. 1946 жылы Үрімжі қаласынан Құлжаға келген сапарында Шығыс Түркістан үкіметінің сақшылары Қажығұмарды «Гоминдаң жансызы» деп тағы да қамап тастап, жарты жылдан соң ақтап шығарады. 1957 жылдан 1975 жылға дейінгі он сегіз жылдық ғұмырын Мао үкіметінің «Тарым» дейтін лагерінде өткізді. Қытайдағы «төрт банданың» кесірлі дәуірі аяқталған соң, 1975- 1986 жылдар аралығында бостандықта жүрді. Сол уақытта «Қылмыс» романының алғашқы томдарын жаза бастады-ау деймін.

— Содан?..

Әңгімелескен Қасымхан Бегманов

PS. Бұл сұхбат Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» атты жинақтан алынды. Бұл кітап әрбір қазақ отбасының төрінде жатар құнды қазына болуы тиіс деп ойлаймын.  Оқыған сайын ұлттық бояуы қанығып, тереңіне тарта беретін қызықты кітапты сөремде сүрілемей өздеріңізбен бөліскім келді. 

Сайтқа дайындаған Ж.Айқынұлы


Жағда БАБАЛЫҚҰЛЫ –  (1917 ж.т), тарихшы,этнограф-ғалым,шежіреші,қоғам қайраткері. Толық ақпарат…

FacebookTwitterGoogleVkontakte Whatsapp


Тағы оқыңыз:

Facebook пікір

Блог бетіне кіру
*
*

Желімен кіру:



*
*
*
Кілтсөздерді растау