Таяуда Алматыда өткен «Алтын домбыра» айтысының қортындысына қатысты әлеумет арасындағы әр алуан пікірді бірегейлендіру оңай емес. Себебі, әркім өз пікірінің қожасы. Бірақ, бәріміз «өз пікірімде қалам» деп өзеурей берсек ұлы өнеріміздің, ұлттық қасиетімізден не қалады?! Архайзмге айналып кете жаздаған айтысымыз айбатына мініп, айбыны асқан уақытта жүлдеге таласамыз деп қадірін қашырып алмасақ нетті. Барлық өнердің де, өнерпаздың да сыншысы халық. Көрермен пікірін ешкім жоққа шығармайды. Десе де, сахнаның сиқыры, айтыскердің алуан тәсілі мен ішкі дайындығы көрерменнің көзін байлап тастайтын сәттері де болып тұрады. Сол үшін де сөз өнерінің сынынан өткен, ел мәселесі жолында терін төккен тұлғалардан төрелік күтеміз. Бұл жолғы әділқазылар алқасының құрамы кілең сөз сүлейлері. Басым бөлігі осы айтыстық қазанында қайнап, алмастай саурылған ақтангерлер екен. Ендеше, ел неге олардың ойымен санасқысы келмейді.
Алматыдағы «Алтын домбыра» айтысына аяғымыз жетпесе де құлағымыз түрік жүргені рас. Алайда, әлеуметтік желідегі әрқилы әңгімелер бізді де әр алуан ойға жетелеген болатын. Телеарналар тыныш. Мәселені түсіндіріп айтар бір жан табылмады ма деп жүргенде «Фейсбукте» бір жібі түзу, жілігі толық ақпарат шықты-ау, әйтеуір. Мақала авторы қазақ оқырмандарына поэзиясымен де, прозасымен де танылып, қабырғалы қаламгерге айналған Әділбек Ыбырайымұлы. Екі-үш қайтара оқыдық. Ықшам жазылған жан-жақты репортаж. Айтысқа жалпылай шолу жасалып; тақырыптың ашылу деңгейі, айтыскерлердің аяқ алысы, тапқырлық пен суырыпсалмалық, қарсыластар арасындағы тепе-теңдік, ұшқырлық пен ұстамдылық сынды өлшемдерге парасатты пайымдар жасалыпты. Астарлы сөздер де аз емес. «Балбал тастың бітімі емес, бедері – құнды» деген тақырыптың өзі неге тұрады! Оқыған бетте бірден мынандай пікір де білдіріп тастадық: Талай айтыс өткен, талай жюри отырған сол алқа топ алдында. Бірақ, айтыстан түйген ойын, көкейдегі пікірін көппен бөлісіп, ақпарат бетіне үсынған қазылар некен-саяқ. Ана жылы Нұртөре Жүсіптің қазылар қатарында болып, алған әсерін “Айқын” газетінен оқып бір тұшынып едік. Содан кейін көріп тұрғанымыз осы Әділбек Ыбырайымұлының толғанысы. “Алтын домбыра” айтысының ақтық шешіміне байланысты көреремен көңілінде “алай-дүлей” болып жатқан кезде бейтарап қалмай, уақыт тауып паймын айтуы нагыз халықшыл ердің белгісі. Тастарын таразының қай басына саларын білмей жүргендерге тоқтам айтуға ұмтылыу – ұлтжандылықтың ұстыны. Ел бірлігі осындай ынтадан да тұратынын аңғарған абзал.
Әркім осылай Ел бірлігіне жұмыс істесе «Мәңгілік елің» мына тұрған жер секілді ғой, өзі. Ел бірлігіне қызмет қылу әркімнің ішкі жауапкершілігне байланысты. Жалпы, айтыс төңірегінде аз әңгіме айтылып жүрген жоқ. Қисындысынан қисынсызы көбейіп бара жатқаны көңілді алаңдатады. Бұл өзі жеке тақырып. Бар тілегіміз – айтысты төңіректеп жүргендер де, сол төңіректе сөз қозғайтындар да ішкі жауапкершілік шеңберінен шықпаса екен дейміз.
Сонымен ойымызды осы жерден тежеп, өзімнің және Әділбек Ыбырайымұлының «Балбал тастың бітімі емес, бедері – құнды» атты пікірін өзіме қолжетімді сайт «Жерұйыққа» жолдап отырмын.
БАЛБАЛ ТАСТЫҢ БІТІМІ ЕМЕС, БЕДЕРІ – ҚҰНДЫ
Алматыда үстіміздегі жылғы желтоқсанның 3-4 күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Алтын домбыра» мерекелік айтысы өтті.
Бұл айтыстың мәресі де, өресі де биік болуы тиіс, өйткені ол – жылына бір рет мемлекеттің қолдауымен ұйымдастырылатын ресми республикалық айтыс.
Тәуелсіздіктің мерейтойы аясында сыртта да, ел ішінде де түрлі шаралар өтіп, мемлекетіміздің мәртебесі арта түсуде. Осындай ұлы-жіңгір тойда халықтың төл өнері – айтыстың орын алуы әбден лайық нәрсе.
Айтыс – дәстүрлі өнер. Дана халқымыз «Уықты ұстап тұрар – басқұр, ұлтты ұстап тұрар – дәстүр» деген. Дәстүр – ұлттық сананы қалыптастырады. Ұлттық сана болған жерде «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала Елі» деген сияқты ой-пайым орнайды. Бостан ұғымдағы сана салтанат құрады.
Бұған жыр додасын көріп, тыңдаған екі күнде куә болдық. Әуелеген аруақты үннен ел рухы асқақтады, Тәуелсіздіктің мазмұны мен мәні көркем сөзбен кестеленді.
Бұл, «Алтын домбыра» айтысына аузымен құс тістеген кіл саңлақтар жиналды. Қос тәулік бойы Алатаудың етегі жырға қанды, әуенге малынды. Ширек ғасырда қол жеткен жетістіктер кеңінен қамтылды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сөз болды. Қазақ халқының даналығы, дархандығы, ауызбірлігі сипатталды. Көп этносты еліміздің жұмылған жұдырықтай ұйысқаны айтылды. Негізгі мақсаттың – «бір ел – бір тағдыр» бағанына байланғаны көрініс тапты.
Әрбір ақын ішкі әлеуеті мен мәдениетін, ділмарлығын танытты. Қызыл тілге құшырын төгіп, құлақ құрышын қандырған ыңғай сөз сүлейлерінің арасынан бөліп алу қиын болды. Алайда, «Балбал тастың бітімі емес, бедері – құнды, айтыскердің тұқымы емес, өлеңі – құнды» деген өлшемге тоқталдық.
Қазылар аламанда ақиып, аруағын асырған азаматқа айдар тағып – алғады, сан сұңқардың ішінен самұрығын таңдады.
Жыр додасы Азаттықтың анасы – Алматыда өтіп жатқандықтан, қауым өз өрендері Болатбек Оразбаевтың аты озғанын қалады. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген үдеден қарасақ, бұл да жарасымды. Әйткенмен, ертең Шымкентте де, Атырауда да, өзге де өңірлерде дәл осы республикалық айтыс өтеді, бұйырса. Әр өңірдің көрермені ұлық өнердің үстемдігіне мойынсұнбай, жерлестерін қолдап, өктемсінсе ұлттық мәдениеттен не пәтуә қалмақ?..
Рас, ақтық айналымда Серікзат пен Болатбек қатар түсіп, Нарынқолдың жүйрігі мойыны озық отырды. Бәлкім, қарсыласы шаужайынан қағып ширықтыра алғанда одан да ширақ айтар ма еді? «Жүйрік – қосағымен жүгіреді» деген халқымызда керемет сөз бар, осы жолы қосағы дөп табылып, үзеңгі қағыстыра алмады. Сондықтан, өрен жүйрік бауырын жерге төсеп шаба алмады. Қозғаған тақырыптары да майдаланып кетті. Жүрсін ағамыз жүйріктеріне айналымның сыртынан «Тәуелсіздік туралы жырласаңдаршы!» деп, айғайласа да төкпе сөздің лақылы өз бетімен ауа берді…
Жансая мен Мұхтар ілгерідегі жұпқа қарағанда қыз бен жігіт айтысын көрсете алды. Әзіл, ұлттық нақыштағы қалжың, қоғамдық ой, мемлекетшілдікті ұлықтаған бейнелі сөз жымдаса алмасып отырды. Алайда, Мұхтар жанынан суырып айтып жатқаннан кейін шатасып, сөзінен мүдіре берді. Бірақ, ойлы, ел мүддесін көздеген салмақты сөз айтты. «Қара нардың тізесін бүгіп алып, Шаңырақты қомдағы құлатпайық» деген уәж, тарих көшінде бәрімізді елдікке шақырып тұр емес пе?… Ал, Жансая өз мәнеріне тән күлкімен жан суарды.
Қалай болғанда да бұл айтыстан төл өнердің үрдісі әрі қазақы пайым көрініс тапты.
Алдағы уақытта да шашасына шаң жұқтырмайтын күмбір сөздің күліктерін аламаннан көруге жазсын.
Лайым ел аман, жұрт тыныш болсын. Ұлы Дала Елінің ұландары төрткүл дүниеде дүркіреп жүрсін.
Әділбек Ыбырайымұлы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты.