Астанада жарнамасын алаулатып-жалаулатқан “Тоқал” фильмінің алғашқы көрсетілімі болды.
“Шыны керек, қазақ бұл фильмді асыға күтті. Өйткені, бұқара қауым өткен дәстүріміздің, ата-баба құрған әлеуметтік институттың осы заманда қайтадан жаңғырған көрінісін көріп, көзайым болғысы келді. Алайда алабұртқан көңіл су сепкендей басылды. Құдай-ау, ол арада қазақ дәстүрінің иісі де сезілмейді. “Тоқал” деген аттан садаға кет!..
Бұл фильмде отбасылы еркек жас қызбен көңіл қосады. Оған ерегескен әйелі жас жігіттермен жүріс жасайды. Ақырында, әбден адасқан отбасы жұбы қайтадан қосылады. Болды!..
Енді айтыңызшы, бұған тоқалдың не қатысы бар?.. Егер екі әйел келісіп, бір үйде тұруға шешім шығарса, тіпті, бөлек тұрып, бір-бірін мойындаса, жарайды дейсің. Кішкене болса да, кино атауына жақындайды. Ал мұндағысы көңілдес, ашына ғана”-деп ашынып жазады kaz.365info.kz.
PS. Мақаланың суретін жариялауға да дәтіміз бармады. Жоғарыдағы гиперсілтемеден көріп аларсыздар. Жалпы соңғы кезде киноны былай қойып, сайттар да “сайтани” посттарға жуықтап барады. Онысы рейтинг үшін десе де, ұлт тәрбиесіне қайшы “ұсақ әңгіменің” қажеті жоқ-ау. Сайттардың атын атап, түсін түстемесек те көріп жүрсіздер. Жазатын тақырып қалмағандай біреудің (дұрысы “жұлдыздың”) киімі, әлеуметтік желіге жариялаған фотосы, я болмаса, бет әрлеуі (макияжы деуші ме еді), т.б. жеке басына жабысып алды.
Сонда ұлттық құндылықтарымыздың “рейтингісі” не болмақ?
Ж.Айқын