Қытайдағы «Әнші» тележобасының төртінші айналымында Димаш үшінші орынды иеленіп, келесі айналымға жолдама алды. Бұл рет Димаш қытай тіліндегі «Қоңыр күз еді» атты ән орындап, тыңдармандарының тағы бір мәрте қызу ықыласына бөленді. “The Qazaq Times” хабарлайды.
Димаштың қазір қытайға танымал екенінен қазақстандық жұртшылық толық хабардар. Қытай әлеуметтік желілерінде ол туралы пікірлердің санына жету мүмкін емес. Қазақстандық жас әншінің таңдай қақтырар таланты мен жағымды түр-келбеті қытайлық жанкүйерлерін есінен тандыра табындырып жатқанын, сол елдің әлеуметтік желілерінен көріп отырмыз. Әсіресе, қытайлық қыздар өз әлеуметтік желі парақшаларына Димаштың суретін іліп, ол туралы құлаш-құлаш ғашықтық сөздерін жазу үрдіске айналған.
Алайда, бұған қызғанышпен қарайтын, ол туралы жағымсыз пікірлерді жариялаушылар да табылып жатыр. Қазақстанда да Димаш турасында қызғаныштан туған сан алуан пікірлердің болғанын көріп, жат елдегі осы қатарлы пікірлерге таңдана алмаймыз. Қытайдың Орталық халық радио ресми (CNR) сайтында (ent.cnr.cn) “Димаштың макияжсыз фотосуреті таралып, жұрт «Әнші» жобасының модельдеу қабілетіне таңдай қақты” деген тақырыптағы мақала жарияланды. (http://ent.cnr.cn/gd/20170211/t20170211_523587264.shtml)
Мақала мазмұнын қысқаша айта кетер болсақ, көрікті бет-пішін, әдемі көздер, ұызын бойымен «Әнші» сахнасында жарық ете қалған қазақстандық әнші, жұртқа перизаттай әсер етті. Оған табынушылар мен ғашық болған қытайлық қыздардың шуылы әлі де үдеп тұр. Алайда, жақында Димаштың әуежайдағы боямасыз суреті жария болды. Әлеуметтік желі тұтынушылары «Әнші» теле жобасының модельдеу қабілетіне таңдай қақты. Димаш жұрт ойлағандай келбетті емес, қыздардың есі кете табынып жүрген «перизаттары» жобадағы стилисттердің қолынан жасалған десті. Мақалада Димашпен қатар жобадағы тағы бірнеше әншілердің аты аталған.
Басқа емес, Қытайдың беделді ақпарат орталығының ресми сайтында жарияланған мақала, қалайда белгілі мақсатқа өкілдік етіп тұрғаны анық. Жобадағы өз әріптестерінің тапсырысы болуы да ғажап емес. Қытай өнер саласының талантты бағалауына разылық білдіруге де болады. Дегенмен, идеологиялық қызметті қалт жібермей қадағалайтын қытай қоғамы халық арасында зор дүмпу тудырған жеке тұлғаларды да өз нысанына алып отырады. Қытайлық жанкүйерлерін өзіне сонша баураған шетелдік әншіге, қытайдағы ат-атақсыз әншілердің іші күйері мұнда тұр.
«Димаштың әуежайдағы боямасыз бейнесі» аталып жүрген бұл суреттегі адамның Димаштың өзі екеніне де күмән келтіруге болады. Өзі болған күнде де көрген жерден автограф беруге, селфи жасауға әурелейтін жанкүйерлерінен жалтару үшін бұндай бейнеде жүруге әбден болар. Әрине, жол сапардан шаршаған адамның бейнесіне ұқсатуға да болады. Біздің мақалаға қарсы пікірімізсіз-ақ, қытайлық жанкүйерлері мақаланы қарсы пікірмен көміп кетіпті. Солардың арасында «егер теледидардан түспейтін қытайлық әншілер бетін жуса, танымай қалар едік» деген пікірді де кездестірдік. Қалай десе де, Димаш қазақтың келбетті жігіттеріне тән бет-бейнесімен қытайлықтардан көрі бізге жақсы таныс. Алдағы барлық қадамдарына сәттілік тілейміз!