Құдіретіңнен айналайын туған жер. Анамнан шырылдап өмірге келгенде кіндігімнің қаны тамып, топырағыңның иісі мұрынымды жарып, тағдырыма жазылған едің, киелі өлкем. Сенің төсіңде тай құлындай тебісіп өсіп, күн нұрын мейілінше емген ыстық топырағыңды менің кішкентай ғана табандарым қам-қаперсіз ойқастағаны үшін мен әлемдегі ең бақытты жан шығармын, сірә. Олай деуіме бармақтай болсын күмәніңіз болмасын. Неге дейсіз ғой? Сіз сұраңыз, мен айтайын.
Жолыңыз түсіп Шығыс өлкесіне келер болсаңыз, Міндетті түрде Зайсандай жұмақ мекенге ат басын бұруды ұмытпаңыз. Аспанын Сауыр мен Сайқан таулары тіреген, қойнында Зайсан көлі еркелеген бұл мекеннің табиғаты ерекше. Жаныңа жайлылық сыйлар тап-таза бір жұтым ауасының өзі мен үшін ат басындай алытыннан да қымбат. Бұл өлкенің тарихы мол, тағылымы мықты. Кешегі әлемге аты мәшһүр географ Н.М.Пржевальский Орта Азияға үшінші, Тибетке бірінші жорығын Зайсан қаласынан бастаған. Өңірдің қыр-сырын жақсы білетін жиһанкез Мырзаш Алдияров Пржевальскийдің атқосшысы болған. Сөйтіп, Зайсаннан Кендірлік ауылы арқылы Майқапшағай өңірімен Тибетке бет алады. Осы сапардан соң жарық көрген «Зайсаннан Хами арқылы Тибетке және Сарыөзеннің бас ағасына» атты зерттеу еңбегінде біздің Зайсан өлкесіне, оның таулы қыраттары мен құмды ойпаттарына, табиғатына байланысты өсетін өсімдіктеріне ерекше сипаттама берген. Осындай зерттеушінің еңбегіне арқау болған Зайсан өлкесінен бүгінгі күні қаншама ұлы тұлғалар қанат қақты. Мысал ретінде халқының жүрегінде мәңгі қалатын өлеңдерімен Зайсан аспанын әуелеткен А.Егеубай. Н.Мәкенұлы, Т.Қызықбай, Ғ.Байбатыров, Е.Әукебаев сынды ақындар шықты. Ал қазіргі күні тек Зайсанын ғана емес, барша қазақ даласының тыныштығын жырлаған Ұлықбек Есдәулетте Зайсан өлкесінің тумасы. Ол қашанда жырына Жеменей өзенінің еркелігі мен асаулығын арқау еткен, мекенін мақтан еткен жан.
«Тисе де таудың тасына басың,
Жеменей, неге тасып ағасың?
Біз ашулансақ басыламыз ғой,
Сен осы қашан басыла аласың?» -, деп күллі қазақ мінезін Сауыр Сайқанның күре тамырындай болған Жеменей өзеніне теңейді.
Өлкем жайлы өз ойымды айтып бітпеспін сірә. Оған деген сағынышым сағат санап ұлғаймаса кемімес. Тамырымда қазақ деп аққан қан бойымды жылытқан сәттен бастап мен отаныма, туған жеріме борыштар болып қаларым анық. Мен сол махаббатымды осы бір ой толғауымның әр сөзіне сыйғызуға тырыстым. Бірақ бұл мүмкін емес еді. Себебі, менің оған деген махаббатым Зайсан көлінен де тұңғиық, Сауыр тауларынан да асқақ екені мәлім. Мен өз шығармамды осы бір жүрекжарды жырларммен жеткізгім келеді.
Жайсаң елім жайлы көп ойланамын,
Сауыр болып сан сілем толғанамын.
Оқуға алыс өзіңнен аттанғанда,
Көлігімнің қарғап ем доңғалағын.
Зырлаған заманымен ұшқан қатар,
Деп қарттар өлкем жайлы тұспал жасар.
Адам түгіл, қиқулап қимай ұшар,
Шеккенде алыс жаққа құстар сапар…
Жер-Ана құшағынан нәрін берген,
Зайсан өлкем – бай өлкем бәрін берген.
Күн санап ғарыштаған жайсаң жұртым,
Мен сенен болашақтың тағын көрем!
Таңжарықұлы Амантай