Алашорда -100
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов Алаш автономиясы үшін күресте саяси көзқарасы үндес, әртүрлі салада маманданған азаматтарды өз маңына топтастыра білді. Солардың бірі – Семей қаласында алғашқы құрылған І-ші Алаш атты әскер полкінің командирі, штабс-капитан Хамит Тоқтамысов болды. (Құжаттарда Х.Тохтамышев деп көрсетіледі).
1917 жылыдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ-ші жалпықазақ съезінде Ә.Бөкейхановтың арнайы тапсыруымен Халел Ғаббасов Қазақ-қырғыз автономиясы, халық милициясын (әскер) құру туралы баяндама жасады. Баяндамашы қалыптасқан жағдайға тоқтала келіп, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін халық жасағын құру керектігі жайлы ұсыныс білдірді. Съезд осы мәселе бойынша шешім қабылдады.
Семейдегі Алашорда үкіметі әскерді құрып, оны үйретуде өздеріне мүдделес, Ресей офицерлерін пайдаланды. Қазіргі кездегі түрлі деректерден біздер азамат соғысының алдында аз да болса, Ресей мемлекетінің қарулы күштерінде қызмет жасаған, бірінші жиһангерлік соғысқа қатысқан, тәжірибелі әскери мамандардың болғандықтарын да көреміз. Алаш әскерін құруға шақырылған орыс офицерлерінің ішінде қазақтан шыққан штабс-капитан Хамит Тоқтамысов және подполковник Ғали Самратбеков сияқты азаматтар да бар еді.
Хамит Тоқтамысов Сібір үкіметі кезінде Колчактан подполковник атағын алған. Хамиттің Семей қаласына Омбыдан 1918 жылдың басында келгендігін Халел Ғаббасовтың 1930 жылы тергеу орындарына берген жауабынан байқауға болады. Онда: «…1918 жылдың сәуір, әлде наурыз айларында Омбы қаласынан Хамит Тоқтамысов офицерлер тобымен бірге келді. …Семейде ол қазақ комитетіне келді. Оның сөздерінен құпия ұйымдар бар екендігін аңғардым. Ол ұйымдардың бірі офицерлердің қара жүздігі, екіншісі социалистік ұйым. Облсовдеппен арамызда қайшылықтар болғанкезде біз қазақ комитетіне осы Тоқтамысовтың ұйымдарымен байланысуға ұсыныс жасадық. Хамит Тоқтамысов құпия ұйым ұлттардың өзін-өзі басқаруын қолдайды деген еді. Хамиттің өзі осы ұйымдардың ешқайсында тұрмайтын» – деп көрсетеді.
Әйтеуір, осы астыртын ұйыммен алаштың тығыз байланыста болғандығы, алаш әскерін құруда осы ұйымның рөлі зор болғандығы анық. Бұл астыртын ұйымды Алаш қаржыландырып та тұрған. Өйткені, Х.Ғаббасов «Бұл ұйыммен аз уақыт байланыста болғанымызда, оған 35005 рубльді Н.В. Вайсер арқылы бергенбіз» дейді.
Тоқтамысов астыртын ұйымдарға мүше болмағанымен оларға ықпалы мол болғандығын, тіпті басшылық жасайтынын тағы да Ғаббасовтың: «Біз Тоқтамысовтың бұл астыртын ұйымын Райымжан Мәрсеков, Биахмет Сәрсенов, Имам Әлімбековтар басышылық жасайтын Алашорданың әскери бөліміне айналдырдық» деген тергеудегі түсініктемесінен көреміз. Халелдің айтуынша Тоқтамысовтың дайын тұрған астыртын ұйымын Алашорданың әскери бөлім етіп қайта құраған болып шығады.
Хамит Тоқтамысов Семейге келгеннен соң, қазақ зиялыларымен етене араласып, Алаш париясының белсенді мүшесіне айналады. Оның алаш партиясының атқарушы органына сайланғаны туралы Алашорда комитетінің губерниялар мен аудандар бойынша тізімінде Омбы қаласындағы алашорда партия комитетінің өкілетті мүшесі болып Тоқтамысов тіркелгенінен көруге болады.
Оның басшылығымен Семейде құрамында 38 офицер мен 750 жауынгері бар 1-Алаш полкі құрылды. 1918 жылдың мамыр айында Алаш қаласынан 15 шақырымдай қашықтықтағы Сор деген жерде Алаш әскерінің алғашқы жасақталу тарихы басталады. Сор деп аталатын кең сайдың қазіргі Жарқын ауылы маңында болғандығын көнекөз қарттар айтады. Жүсіпбек Аймауытовтың «Абай» журналының 1918 жылғы қаңтарында жарияланған «Алаш ұлдарына арналған ұран» атты өлеңі І-ші Алаш атты әскер полкінің жауынгерлік Әнұранына айналды.
Сол заманда Семейде шығып тұрған «Свободная речь» газетінің 21 маусым күнгі санында «Қазақ әскерінің қалаға келуі» деген хабар басылды. Онда: «18 маусымда далада жасақталып, әскери іске үйретілген қазақ әскері нұсқаушы-офицерлермен бірге Алаш қаласына келіп кірді. Алаш полкінің қалаға келу құрметіне Николь шіркеуі жанындағы алаңда өткен салтанатты кездесуде штаб бастығының орынбасары Папин, адъютант капитан Виноградов, Сібір Уақытша үкіметінің өкілі Давыдов, ұлт көсемі Бөкейханов құттықтау сөз сөйледі. Әскерді бастап келген подполковник Тохтамышевтың ұсынысымен атты жауынгерлер «Алла» деп ұрандатты. Қарсы алушылар көтеріп тұрған ақ туларға «Бүкілресейлік және Сібірлік құрылтай жиналысына жалынды сәлем!», «Отаның сенімді ұлдары жасасын» деген қазақ тіліндегі ұрандар жазылған. Құттықтаушылардың сөздерінен патриотизм лебі есіп тұрды» деп жазды.
Алаш әскерін жасақтау үшін алаштықтар әр болыстан адам жинауды міндеттеді. Алаш Орда төрағасы Ә.Бөкейханов 2018 жылы 25 маусымда Семей уездік земский управа бастығы Қозыбағаровқа милиция жасақтау туралы хат жазды. Онда Семей уезіне қарасты болыстардың әрқайсынан 30 адамнан милиция жасағына алу және олардың жарақты ер-тұрманымен, аттарымен қалаға келтірілуін қамтамасыз ету туралы айтылды. 1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазаққа қару сатып алу қиын еді. 1916 жылы қазаққа патша өкіметі атылатын қару тұрмақ таға соғуға темір бермеу туралы бұйрық берген болатын. Алаш әскеріне қару-жарақ сатып алу жұмысын астыртын қазақ ұйымы жүргізді. «Қару ақшаға қызықтыру арқылы сол қызыләскерлердің өзінен сатып алатынды. Осындай тәсілмен біршама қару-жарақ жиналды» делінеді құжаттарда.
Дегенмен, Алаш үкіметін де, оның әскер құру туралы бастамасын да халықтың барлығы қолдады деуге келмейді. Біраз уақыт билікте болып, жуырда ғана құлатылған большевиктердің әрекеті мен насихатының әсері мол болатын. Оның үстіне, аумалы-төкпелі заманда халықтың көпшілігі саяси ахуалды саралай алмады, партияларға да, олардың құрған үкіметтеріне де сенімсіздікпен қарады. Алаш әскеріне адам жинау жұмысы да көп кедергілерге кез болды. Мысалы, Делбегетей болысында әскер беру туралы мәселені ел ақсақалдарымен 2 шілдеде талқылау кезінде жанжал туып, Бұтабай Дүсіпов, Нүрке Сеймазин және шаруа Қаримұса Базаров деген адамдар халық арасына іріткі салып, әскер бермеуге үгіттейді. Мұндай жағдайлар Белағашта, Уақ болысында да орын алды. Делбегетейдің болысы Г.Чокин қарсылықты басып 30 милицияны Рахымбай Дүйсекеевке басқартып 8 шілдеде қалаға жөнелтеді. Алаш милициясын Мұса Темірбаев деген бастап барып, қарсылық ұйымдастырушыларды тұтқындап, уезд басшылығына тапсырады.
Қазақ оқығандарының ішінде де Алашорада шешімдеріне келіспей, қарсы жұмыс жүргізгендер болды. М.Дулатовтың Алашордаға баяндау хатында (Ұлан. 1918 жыл, 27 маусым) Өскемен уезінде болған осындай жағдай туралы жазылған: «Жұртты мұндай тартыншақ қылып, Алашордаға бой ұрындырмай отырған Әміре доктор. Оның жұртқа айтқан сөзі: Алашорданың айтқанын қылып милиция берсең, ақша жинасаң, бүлік шығады, қан төгіледі» дейді. Міржақып айтып отырған доктор – Өскемен уезіне танымал, халық арасында беделді, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» Әміре Дүрмұхамедұлы Айтбакин деген азамат. Ол Баянауылда туған, Өскемен уезінде көп жыл дәрігер болып істеген қазақтың аз оқығандарының бірегейі болатын.
Заманға сай әскер өнері тегі жауынгер болғанымен қазаққа таңсық кәсіп еді. Өйткені қазақ жастары әскерге алынбайтын, әскери оқуларға бармайтын. Сол кезде қазақтардың әскер ісінен сырт қалуынан алаңдаған Қазан татарларының «Кояш» газетінің 1915 жылғы 18 қазандағы № 823 санында «Воинская повинность наших собратьв киргизев» деген мақала жарияланды. Онда: «Ат құлағында ойнайтын бұл епті жігіттерден тамаша атты әскер жасақтауға болар еді» – деп жазғанындай, қазақ жігіттерінің атты әскерге табиғи болмысы, тұрмыстық бейімі өте жақын болды.
Заманға сай болу үшін қазақ баласы да әскер қатарына алынуы керек екендігін ұлт көсемі Ә.Бөкейханов және т.б. алаш қайраткерлері де көтере бастаған болатын. 1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: «Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болады, бұл келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз» деп түйіндеген еді.
Семейде жасақталған І-Алаш атты әскер полкі алғашқы қазақ әскері болды. Бұдан кейін-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде де, атап айтқанда, Қостанайда ІІ-ші қазақ полкі, Жаманқалада (Орск) - ІІІ-ші, ІV-ші, Оралда V-ші,VІ-шы және Үржарда қазақ полктері жасақталды. Семейдегі Хамит Тохтамышев басқарған І-Алаш полкінің атты жауынгерлері әр жердегі әскери ұрыс-қимылдарына да қатысты. «Жетісу облысында большевиктер ауылдарды, қалаларды қиратқан. Қатын, бала-шағаны қырған. Сондықтан сол бейшараларды большевик қолынан құтқару үшін біздің қазақ атты әскері казак әскеріне қосылып, Жетісуға қарай жолға шықты», – деп жазды Ә.Бөкейханов сол кезде.
«Свободная речь» газеті 30 қыркүйек 1918 ж. санында «Қазақ атты әскері» («Киргизская конница») деген мақаласында: «І-ші Алаш полкінің «Алаш жүздігі» атанған қазақ отряды полковник Ступиннің басшылығымен тамыз айының басынан бері Жетісу майданында үздіксіз ұрыстар жүргізіп келеді. Олар «қызылдармен» Андреевка, Үржар, Лепсі ауылының түбіндегі Жаңа-Андреевка, Сарқан және Покатилов елді мекендерінде ұрыстар жүргізді. Отрядта қаза тапқандар мен жаралылар бар. Қазақ-кавалеристерінің шабуылы шапшаң, әсіресе таптырмайтын барлаушылар екендігін көрсетті. …Елден тартып алынған аттарға мінген салт жүріске шорқақ «қызылдардың» атты әскері қазақ әскерінің қарасы көрінгенде-ақ шегініп кетеді. Жігіттер мемлекеттік «казак» болғандықтарын, өздерінің «нағыз казактармен» бірге соғысып жүргендіктерін мақтан етеді. …Бұл «қызылдарға» қарсы ұрыстарға қатысқан қазақ әскерінің екінші отряды. Мұның алдында жаңа ғана әскер ісіне жаттықтырылған бірінші қазақ отряды үкімет әскерімен бірге Семей қаласына беттеген Қызыл Армиямен Рубцовск майданында соғысқан болатын» - деп жазды.
Рубцовск майданы туралы «Сарыарқа» газетінде «Алаш әскерінің оралуы» атты мақала басылды. Онда:«Большевиктерді Алтай губерниясына қарай қуған алаш отряды 17 маусым күні аман-есен елге оралды. Бұл отрядта 52 қазақ, 21 офицер болды. Отрядты бастап барғандар: Турағұл Абаев, Биахмет Сәрсенов, Қаражан Үкібаев, Тоқтар Бегметов, Ғабдолла Қаскеев және басқа мырзалар болды. Даланың жаужүрек жастары саны көп большевиктермен бірнеше рет ұрысқа түсті. Большевиктер шабуыл екпініне шыдамай қашуға мәжбүр болды. Тұрағұлдың айтуына қарағанда, қазақ жастары соғыса алады, ұрыстарда қорыққан жоқ. Шайқас кезінде «Алаш» деген ұранды естігенде өлімнен де қорықпайтындығын көрсетті. Большевиктер жағынан үш адам өліп, екеуі жараланды, он бір адам қолға түсті. Сегіз жылқы, жүз сомның мөлшерінде ақша және көп қару-жарақ олжаланды. Тұтқындардың арасында Қазиды өлтірген большевик те бар. Тағы бір большевиктің қылышпен басы шабылды. Алаш әскерінің шығыны – бір адам. Жорықтан әскердің рухы көтеріліп қайтты» деп жазылған.
«Сарыарқа» газеті әскерге алынған қазақ жігіттерінің көп уақытқа дейін қару-жарақтары болмаса да, ұрыстан беттері қайтпағандығын, Саратовкаға шабуыл кезінде (28 қазан 1918 ж.) Балтай Бисебековтың, Андреевкада Ахметқали Орманбетовтың ұтымды ұрыс тәсілдерін, Қағазбек Дәшке баласының 150 большевикті бір жарым сағат бөгеп, Алаш әскерінің шығынсыз шыққандығын жазды.
1918 жылы наурыз айында Антоновка қаласы үшін болған ұрыста жау қолында қоршауда қалған 12-ші Алаш полкінің 98 жігітінің қайраттылығы жөнінде «Сарыарқа» газеті: «…қамалып қалған 98 жігіт… неше күн, неше түн атысады. Атысқанда өздерінің паналаған үйлерінің қабырғасын тесіп алып, большевиктерді мылтықпен, бомбамен атқылап, жақын келтірмейді. Большевиктердің оғы бұларға тимейді, себебі, бұл жақтың үйі тастан салынған еді… олар екі күн екі түн атысқан соң, араларынан бір епті жігітті не болса да, Алаш әскеріне хабар бер деп жұмсайды. Бұл жігіт большевиктердің бір жақсы атын қолға түсіріп, ұстап мініп, неше қабат жаудың арасынан оқты жаңбырша жаудырса да, аман-есен құтылып, көп әскерге хабар береді. Мұны естігеннен кейін біздің әскерден Антоновкаға көмек жіберіліп, 4-5 күн қамалып жатқан 98 сарбаз аман-есен құтылады» деп жазды.
Алаш қайраткері, қазақтың кәсіби әскерінің алғашқы командирі Хамит Тоқтамысов әдеби-көркем шығармалардың кейіпкері болғандығы туралы кейінгі кезде табылған мұрағат құжаттары арқылы белгілі болды. Мұхтизар Төлекұлы Титақов деген азамат 1935 жылы Алаш қайраткерлері туралы «Мұрат үшін майдан» деп аталатын пьеса жазған екен. Пьесаның кейіпкерлерінің барлығы өмірде нақтылы болған танымал адамдар: Әлихан, Міржақып, Халел (Ғаббасұлы), Жүсіпбек, Әлімхан, Ике, Жақып, Мағжан, Шәкәрім, Мұхтар, Хамит (Тоқтамысов), Сұлтанмахмұт, Мұсатай бай және т.б.
Пьесадағы оқиға болған уақытта Мұхтизар бозбала жігіт. Оқыған жастың сол кездегі саяси оқиғалардан тыс қалуы екіталай, сол себепті ол алаш қайраткерлерінің ісімен де, өздерімен де таныс болғаны анық. Сондықтан оқиға желісі, ондағы кейіпкерлердің жалынды сөздері шындыққа жақын, тарихи дерек деп қабылдауға тұрады. Әлихан мен Халелге, Міржақып пен Хамитқа автор айтпаған сөздерін айтқыза қоймас.
Осы пьесада Хамит Тоқтамысов: «Азамат, біз әскерміз, біздер соғыс адамымыз! Біздердің тәрбиеміз – жауды жеңсек, жеңісіміз. Өлсек, өлу біздің жолымыз – қанды жол!» деп, нағаз әскери адам екендігін атап көрсетсе, енді бір сөзінде: «Бауырларым, қаны бірге Алашым! …Сендер, бабаларымыз – Абылай мен Кенесарыны еске түсіріңдер! …жасасын туған халқымыз, жасасын туған жеріміз, жасасын Алаш!» деп, өзінің нағыз Алаш азаматы екендігін айғақтай түседі.
Айтыскер ақын, өлкетанушы Қалихан Алтынбаев Хамитті «Омбының қазағы, әйелі орыс, одан туған бір қызы болған» деп көрсетеді. Хамиттің шықан тегін білу мақсатында Омбы қаласына арнайы іссапармен барып, сондағы көнекөз қарияларға сұрау салынды. Ежелден тұрып жатқан қазақтардың ішінде ел тарихына жетік, тарихшы мұғалім, шежіреші, 94 жасқа келіп отырған Уәлиұлы Смат ақсақал Тоқтамыс дегенді де, Хамит дегенді де бұл жақтағы қазақтардың ешбір шежіресінен кездестірмегенін айтты. Алашорда үкіметі мүшелерінің аты-жөнін ғана емес тегіне дейін біліп отырған ақсақал Хамит Тоқтамысов Омбының қазағы болса білген болар еді.
Москваның әскери-тарихи архивінде 25-ші атқыштар полкінен 8-ші Сібір артиллерия полкіне 1912 жылы ауыстырылған Тохтамышев (Султан-Мурад Негматуллаоглы) деген подпоручиктің қызмет қағазы сақталған. Онда Сұлтанмұрат 1889 жылы Семей облысында дүниеге келген, діні мұсылман, шыққан тегі төре тұқымынан («из киргиз султанского рода и из потомственных дворян») екендігі көрсетілген. Сондай-ақ, осы құжатта оның Сібір кадет корпусы мен Киев әскери училищесін бітіріп, 1909 жылы подпоручик шенін алғандығы айтылған.
Осы Сұлтанмұрат Тоқтамысов Хамиттің ағайыны болуы керек. Әскери оқуды ол кезде көбінесе дворяндық атақ алған сұлтандардың балалары оқитын. Дворяндық атақты сұлтандардың барлығы емес патшаға ерекше қызмет көрсеткендері ғана алатын болған. Соған қарағанда Көкшетау округінің аға сұлтаны болған Маңдай Тоқтамысовтың ұрпақтары (немерелері) болуы мүмкін.
Алаш атты әскерінің қолбасшысы Тоқтамысовтың өмірі азамат соғысы жылдары қиылды. 1920 жылы Қытай аспақ болған 45 адамды, ішінде Х.Тоқтамысов пен оның отбасы бар, 70 арбалы керуенді Ақсуат ауданының Кіндікті елді мекенінің маңында қызылдар полкінің Сотников басқарған бөлімшесі қолға түсіреді. Олар тұтқындарға қандай жаза қолдануды сұрап Семейге хабар жібереді. Үш күн күтіп, хабар келмеген соң, бөлімше штабы революция атынан тұтқындарды атуға бұйрық шығарады.
1920 жылы мамыр айының бір кешінде тұтқындарды Көкпектіден 4 шақырым «Қара кезең» бұйратына айдап апарып, ор қаздырады. Барлығын сол жерде атып, орға көмген. Қазір ордың сілемі әлі білініп жатыр.
Көкпектідегі татардың бір топ белгілі ақасақалдары штабтан 6 мұсылманның мүрдесін сұрап алып, оларды өзен сыртындағы мұсылман-татар зиратына жерлеген. Хамит Тоқтамысовтың денесі, үстіндегі әскери формалы киімімен Дәуіт хазірет деген адамның маңына қойылған дейді.
Қазақтардан алғаш рет тұрақты әскер құру ісіне белсене араласып, оларды заман талабына сай ұрыс тәсілдеріне үйреткен Хамит Тоқтамысовтың есімі де, атқарған қызметі де ескерусіз қалмауға тиіс. Әсіресе, алаштың арда азаматының сүйегі жатқан Көкпекті ауданының орталығынан көше беру, ескерткіш қою сияқты есте қалдыру шараларын қолға алған дұрыс болар еді. Сондай-ақ, облыс жұртшылығы мен патриоттық бағыттағы қоғамдық ұйымдар Алаштың 100 жылдығына байланысты алғашқы Алаш командирі Хамит Тоқтамысовтың есімін әскери бөлімдерге, жауынгерлік–спорттық бағыттағы ұйымдарға беру мәселесін ойластырғаны жөн.
Мұхаметбек Асылбеков,
М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер
ғылыми орталығының жетекші маманы.