Семей қаласын 2019 жылға дейін дамыту жоспарын қазір көптеген ақпарат құралдары жалаулатып жазып жатыр. Аталған жоспарға қарағанда көнере бастаған шаһар алдағы үш жылда үріп ауызға салғандай жаңарып шыға келеді екен. Даурыққан жұрттың дүрмегіне ден қойып қарасақ дүдәмал тұстар жоқ емес. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың Семейде өткен көшпелі отырысында жарияланған жоспар қаланы төрт бағытта дамытып, 2019 жылға дейін жиыны 113 млрд тенгенің жұмысы жасалады. Тұрғылықты қаламыз жаңарып–жаңғырып жатса кім қуанбасын. Бірақ, қуаныштың ауылы алыс. Олай болатыны, Семейдің ең бір өзекті мәселесі болып тұрған жол құрылысына жеткілікті көңіл бөлінбеген. Ең үлкен екі түйткілдің бірі – жылу мәселесі Үкіметтің тікелей қолдауымен соңғы жылдары ретке келе бастады. Жол мәселесі болса «Семейдің жолы – көліктің соры» дейтіндей деңгейге жетті.
Ал, қаланы дамыту жоспарындағы бұл бағытта: «Алдағы 3 жылда жиыны 75 шақырым болатын 48 көше жөнделеді» екен. 3 жылға 75 шақырым аз ба, көп пе зер салып көрелік. Осы 75 шықырымды қала жолдарының жалпы көлемімен салыстырсаңыз болмашы ғана шаруа. Қаланың ішін байланыстырып тұрған көшелердің жалыпы ұзындығы 750 шақырымдай. Бұл 750 шақырымның 450 шақырымдайы күні бүгінге дейін асфальт төселмеген топырақты көшелердің үлесінде. Асфальтты деп есептелетін 290 шақырымды құрайтын қалған көшелердің көбінде жол төсеніштері әбден тозған. Семей көшелерінің соншалық тозып кетуінің бір себебі – жолдарды жыл сайын ағымдағы жөндеуден ғана өткізіп келе жатқандығымыз. Ағымдағы жөндеу дегеніміз – ойылған, бүлінген жерлерді жамау. Яғни, кепілдігі жоқ, бүгін бар, ертең жоқ жұмыстар.
Енді мынаған қараңыз, Семейде 2012 жылдан бері күрделі жөндеуден өткен жолдың жиыны 1,5 шақырымнан аспаса, орташа жөдеуден өткен жолдардың жалпы ұзыдығы 48 шақырымға жетпейді екен. Соңғы екі жылда бірде бір шақырым толық жөндеуден өткен жоқ. Орташа жөнделді деген жолдардың кейбірі, атап айтқанда Найманбаев, Би Боранбай көшелерінің бүгінде «ішегі шағып жатыр». Оған алдағы 3 жылда қолға алынатын (жылына 20 км) 75 шақырымды қосыңыз. Үш жылға жоспарланған көшелерді қосқанның өзінде қала жолдарының 20-25 пайызы ғана қамтылмақ. Сонда қалған көшелердің жолдары сол шаңдақ күйінде қала бермек пе?
Бір таң қалатын нәрсе, жаңа жоспардағы «жол жөндеуге жыл сайын 1 млрд тенгеден бөлінетіндігіне» екпін сала айту. Бұл жалаулататындай жаңалық емес. Негізінде, жол құрылысына 1 млрд тенге осыдан 5 жыл бұрындар да бөлініп тұрған. Нақтырақ айтқанда, кейбір жылдары 1 млрд 200 млн-ға дейін артқан. Ол кезде қала бюджеті бүгінгіден әлдеқайда төмен еді. Бүгінде қала бюджеті 55 пайызға өсті деп отырмыз. Ал, жолға бөлінетін қаражат сол баяғы көлемге де жетпей отыр. Сонда бұл даму ма әлде кері қалу ма?
Жол – қаланың айнасы. Айнаңыз әр тұсынан бір жарылып, айғыз-айғыз болып жатса оның арғы жағынан нені көруге болады. Сол себепті, аталмыш жоспарды жасаушылардың қаланың осы бір нәзік мәселесіне жан-жақты көңіл бөлмеген деген ой туындайды. Нәзік мәселе болатын себебі – Семейдің жол жағдайы жалпыхалықтық мәселеге айналып келеді. Неге десеңіз, былтырлар осы жолдардың сапасыздығын немесе соңғы аялдамаларға баратын жолдардың жарамсыздығын желеу етіп қоғамдық көліктер тиісті бағытта қатыныспай қалған кездері жиі кездесті. Бұл жайлар жолаушылардың да, көлік жүргізушілердің де ашу-ызасын туыдырғаны анық. Ол жағдайлар алдағы уақытта да қайталанбайтынына кім кепіл. Оның үстіне Семей тоғыз жол тоғысқан транзитті қала. Транзитті болғандықтан да ең жоғары технологиямен салынған Аспалы көпірмен ұштасатын асфальттар да ойылып, тозығы жетіп тұр. Жолаушылар мен қонақтар болса қаланың дамуын жолының сапасына қарап бағалайтыны тағы бар.
Сондықтан, қаланы көркейткісі келген басшылық алдымен жол жағдайына оның ауқымды жөнделуі мен сапасына жете мән беруі тиіс деп есептейміз. Онсыз биліктің жалаулатқан жоспарына қоғамның илануы екіталай.
Қ.Жұмаділ, Семей