Қазыбек би мен қалмақ ханы Қоңтажының сөз таласы

805

Қалмақтың ханы Қоңтажы қазақ елін үш рет шауып алғанда, малдан бөлек, сол шабылғанның ішінде бірталай ұл мен қыз да кетіпті. Соны сұрап Қазыбек елші жіберсе, Қоңтажы ешбір есе бермепті, сондықтан қазақ билері боп бас қосып: «Қалмақта шынымен-ақ ұлымыз құл, қызымыз күң болып кеткені ме? Қол жинап, бір шайқассақ қайтеді?» — деп Абылайдың алдына келіпті. Сонда Абылай: «Біз әлі де тілі өткір елші жіберіп сынасқанымыз жоқ, іріктеп елші жіберіп, оған есе бермесе сонсын шайқасайың!» — дейді. Осыған жиналған халық бәтуа қылып, сөз байласады. Бұл жұмысты Қаракесек Келдібек биге жүктеді. Келдібек өзі бара алмай, өзіндей кісі таба алмай, ақыры Қазыбек деген үлкен баласын ұзақ жолға жіберіп сынамақшы болып оның үйіне келсе, Қазыбек үйде жоқ екен, оны желі басынан табады. Балам жөн айтуды, жол айтуды біле ме екен деп сынайды.
—    Балам, сен кімнің баласысың, жөніңді айтшы! — дейді.
—    Атым Қазыбек, әкем Келдібек, Шаншардың немересі боламын,— дейді баласы.
—    Балам, сенің осылай асық ойнап, тай үйретіп жүргенің жақсы ма, жоқ, жақсылардың қасына еріп ел танып, жер танып, сөз танығаның жақсы ма?
—    Балалық дәуір де тәтті екен, оны да тастағым келмей тұр, бірақ жақсылардың қасына еріп ел танып, жер танып, сөз таныған теріс болмас,— дейді Қазыбек.
—    Олай болса, балам, үйге қайтшы!—дейді әкесі. Қасына он кісі ертіп, астына «Телқоңыр» дейтін тайды ерттетіп беріп Келдібек баласын ханға жібереді.
«Телқоңырды» мін деуінде де себеп бар екен. Бір күні Келдібек жылқысын қаптатып келе жатып, қара жал, құла қулықтың іші жер сызып, жылқыға ере алмай, ептеп басып келе жатқанын байқайды: «Мынаның ішінде тас бар ма, тұлпар бар ма? Бір құлынды мұнша неге ауырлайды жануар!» — дейді.
Күндердің күнінде бие құлындап, құлын биенің мойнына, сауырына артылып ойнап жүреді. Келдібек:
—    Бұған бір қулықтың сүті не болады дейсің, екі биенің сүтін емсін, қызыл тарлан бас мама сүтті бие еді, соның құлынын өзің сойып же-дағы, соған теліп жібер,— дейді жылқышыға. Құлын сол екі биенің сүтін емгендіктен «Телқоңыр» атаныпты. Келдібектің тасқа салса тасырқамайтұғын, мұзға салса таймайтұғын бір ыңғайлы жігіті бар екен. Ат-тонын сайлап, кісісін онға толтырып сол жігітті Қазыбекке қосып беріпті.
—    Қанша айтқанмен мынау бала ғой, бақылап жүрерсің,— деп тапсырыпты жігітке Қазыбекті әкесі. Сөйтіп:
—    Бар, Абылай хан мен Тайкелтір биге сәлем бер! — деп қоя беріпті.
Абылай бастаған топ бір дөңнің басына шығып тұр екен, самсап тұрған сары қолға атының маңдайын тура қойып, жетіп келіп, Қазыбек Абылайға сәлем беріпті. Абылай сәлемін алған соң:
—    Балам, сен кімнің баласысың? — деп жөн сұрапты.
—    Атым Қазыбек, әкем Келдібек,— дейді бала.
—    Балам, сен қайда барасың? — дейді хан.
—    Мен ауылда жүргенде балалардың басшысы едім, енді ағаларымның атшысы болайын деп келдім. Тай бәйгесі мен құнан бәйгесін көріп едім, енді ат бәйгесіне қосылайын деп келдім,— дейді бала. Сонда Абылай қарқ-қарқ күліп:
— Жарайды балам, жарайды, барсаң бар. Тайың да жақсы екен, сөзің де жақсы екен! — дейді.
Сонымен Абылай: «Жүріңдер балалар, сендерді біраз жерге шығарып салып қайтайын»,— дейді.
Қол дабылды қағып жіберіп дау еткізіп, сау еткізіп жүріп кетті. Ыңғай жаратып, таңдап мінген қаз мойын, қамыс құлақтар, еттері қызып, біреуі желіп, біреуі жорғалап келеді. Телқоңырдың еті қызған сайын аузынан көбік шашып, алды-артын орап, ортекедей ойнап келеді. Ауыздығымен алысып, баланың қолын қиып жібере жаздап келе жатқанда, Абылайдың балаға тағы да назары ауады.
—    Балам, сен бері келші? — деп, Қазыбекті қасына шақырып алады.— Балам, сен шыныңды айтшы, атшы болғың келе ме, басшы болғың келе ме? — дейді.
Сонда бала:
—    Тәйірі, мен жол көрген ағаларымның қасында басшы болып не қылайын, атшы болсам да жарар! — дейді.
Сонда Абылай бір төбенің басына жұртты иіре тұра қалып:
—    Ал, балалар, барыңдар! Жолдарың болсын, алдарың олжаға толсын, басшыларың Тайкелтір би болсын, хандарың Қарқаралы хан Бертіс болсын, батырларың Малайсары болсын, атшыларың мына Қазыбек бала болсын, Үлкендеріңді кішілерің сыйлаңдар. Көп арасында мына Қазыбек сықылды кішінің де сөзін тыңдаңдар. Жат елдің алдында жақсы елдің баласы құсап тұрыңдар. Қалмақтың ханы Қоңтажы асып туған, тасып жүрген хан ғой! «Қол бастайтын батырмын, жол бастайтын көсеммін, сөз бастайтын шешенмін!» — деп жүрген хан ғой. Мұнда қол бастайтын батыр болу да қымбат, жол бастайтын көсем болу да қымбат, бәрінен де ел тағдырын шешетін шешен болу қымбат. Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан. Елдесе алмай жауласып кетсек, сендердің шеберсіздіктеріңнен болады. Жауды алмас қылышпен де көндіруге болады, өткір сөзбен де көндіруге болады; мылтықпен дәлдеп атып жығуға да болады, сөзбен дәлдеп айтып жығуға да болады. Ауыздан шыққан сөз атылған оқпен бірдей, қайтып ала алмайсыңдар. Сөз сөйлегенде ойлап сөйлеу керек,— дейді. Сонда Бертіс тұрып:
—    Хандық дәуірді басынан өткізген біз осы жолы суын сүт қылып қайнатпасақ бізден қатын артық; қа- сықтай қанымызды, шыбындай жанымызды салып көрерміз,— деп міндетіне алғандай болады.
Сонымен Абылай қош айтысып қайтып кетіпті, елшілер ілгері жүріп кетіпті. Елшілер бірнеше қиыншылықты бастан өткізеді, аязды күні аттарына қар тепкізеді, әлденеше қиын асу белдерден де асады, суы ащы көлдерден де асады. Сұрай-сұрай Тарбағатай тауының таң жағында, Алтай тауының оң жағында отырған хан ордасына барып жетеді. Кешке жақын Қазыбек жетіп барып: «Қазақ елінің елшісі келдік, қайда орналасамыз?»—деп ханға

хабар айтады. Сонда хан ордада уәзірлерімен бас қосып отырған екен.
—    Сойыс қылып шығынданбай-ақ бөліп-бөліп қонақ қылыңдар,— деп оннан-бестен отырған уәзірлеріне хан , табыс қылады. Сонда Қазыбек: «Менің жүз атым бар, жүз кісі атшым жоқ, атты тарата алмаймын, бір жерден орын берсін»,— дейді. Басқасының албарына барлық ат симай, хан өз албарына байлатқан екен. Қазыбек аттарды оннан топтап байлатып, ат үстінде тұрып реттеткен екен. Сонда ханның әйелі: «Тайға мініп бала да келген бе?» — деп, далаға шығып назар салып, Қазыбекке қарап тұрыпты. Сол күні кешке хан ордасына уәзірлерін, билерін жиып, ханымын қасына алып кеңесіпті. Сөзді өзі бастап:
—    Қазақ халқы бізді қамап келіп жатыр, тайға мінгізіп бір баланы да жіберіпті. Абылайдың бізді келеке қылғаны ғой! Менің ойым мынау: келекеге келген қылып, осылардың кісілерін қырып тастап, аттарын жылқыға қоса салсақ қайтеді? — депті. Барлық қалмақ «мақұл-мақұл» деп шу ете түсіпті. Сонда ханым тұрып:
—    Хан, ол дұрыс болмас. Қазақ деген қабырғалы қалың ел ғой. «Елшіге елім жоқ» деген. Жат елдің елшісі келгенде, хандық қасиетіңді сақтап, сөзін тыңдау керек. Сен жүз кісіні өлтіріп жайлана алмассың, жүз атты жылқыға қосып бай бола алмассың. Тай деген тұлпар болып жүрмесін, бала дегенің сұңқар болып жүрмесін, байқау керек,—деген екен. Сонда хан тұрып:
—    Олай болса, елшілерді ертең ордаға жинаңдар, өзіме езі, сөзіме сөзі сай келетін адамы болса оны көрейін, сай келмейтін болса жазасын сол арада берейін,— дегі уәзірлерін таратыпты.
Ертеңіне хан ерте тұрып, өзінің бір данышпан сыншы қариясы бар екен, сол сыншысын шақыртып алып:
—    Мынау қазақ елшілері келіп жатыр, осының сөзіне есе берсек, сүбемізді суырып кететіні бар ма екен, сен барып осыларды сынап келші,-—дейді. Қария: «Жарайды»,— деп қолына таяғын алып, көпшілікке келіп әрқайсысымен екі-үш ауыз сөзге келіп, бұлардың ішінен ештеңе таба алмағандай болады, «Алыстан келген ел ғой, ат-тоны қандай, сайлы ма екен»,— деп аттың ішін аралайды. Аттың ішіне барса, Қазыбек аттың ішінде шалқасынан түсіп ұйықтап жатыр екен. Екі қолы, екі жақта, екі аяғы екі жақта, аузынан жалын атқылап жатыр. Қария баланы ары-бері айналып тұрып қалады. Осыны ханға айтып барады:
—    Мен мынау көпшіліктің ішінен сен шошитындай адам таба алмадым, бірақ мен басқа бір нәрседен шошып келдім,— депті. Хан «неден шошыдың?» — дейді.
—    Жылңының ішінде бір бала жатыр, екі аяғы екі жақта, екі қолы екі жақта, құлаш ұрып жатыр екен. Аузынан жалыны атқылап тұр екен. «Аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенше жүремін, төңіректің төрт бұрышына болса да сөйлесуге жараймын, халықты қара шыбындай аузыма үймелетемін»,— деп тұр екен,— дейді. Сонда хан тұрып:
—    Сен де аузыңды басып, ақылыңнан шалып жүр екенсің. Ол өзі бала болса, өзі аттың ішінде жатса, бұл жолы атына ие болып қайтар. Ол ер жетіп сүбемізді суырғанша талай өмір өтер. Олай болса, бұларды қала- майың,— дейді хан.
Сонан соң олардың да ыңғайлы атқа мінгендей, ықшам киім кигендей жігіттері келіп: «Сөзге дәмелің қал- маңдар» деп шақырып келеді. Қазыбек те аттың ішінде қалмай, жігіттермен бірге хан ордасына кіріп келеді. Сонда хан тұрып ашулы жүзбен, түсін суытып, мұртын тікірейтіп:
—    Ия, қазақтар, неменеге келдіңдер, айтатындарың болса, айтыңдар,— депті. Бұлардың басшысы Тайкелтір би асып айтпайтын бұқпа кісі екен, «ә» дегеннен шарқылдасып, шаңқылдасып қайтеміз деген кісіше:
Өлеңді өзгеге бердік,
Өрлікті төменге бердік.
Алдияр тақсыр, алдыңа келдік.
Берсең алдық,
Бермесең қалдық.
Сөзді өзіңе салдық! —
деп, үш-төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай берді. Сонда асып тұрған тәкаппар Қоңтажы хан Тайкелтірдің төмендеп сөйлеген сөзіне мерейі үстем болып:
—    Олай болса, кешке шейін бір жауап қайырармын, жауап қайтпай қалатын күн болса, ат-тонның амандығында елді тапқан да теріс болмас,— депті. Сөйтіп, Тайкелтір үш-төрт ауыз тақпақпен сөзді тастай беріп еді, хан оны екі ауыз сөзбен үзіп тастады. Үзілген сөзді жалғап қазақ жағынан ешкім ештеңе дей алмады. Қазақ-қалмақ таразыға бір түскендей болды. Қазақ елшілері тығырыққа тығылғандай болып қалды. Сонда Қазыбек есік жақта өзінің жігітінің жанында еркелегендей болып отыр еді, айнала бір қарап, ешкім ештеңе демеген соң, орнынан атып тұрып хан Бертіске жетіп барды.
— Ердең ердің несі артық,
Ептестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық,
Бір-ақ асым ет артық;
Жерден жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден
Шегінген жігіттен аштан өлген аюдың өті артық,—
дейді. Содан кейін, Қоңтажыға жетіп келіп, қарысып тұрып:
—    Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! — деді. Сонда хан:
—    Өй өзің жөніңді айтшы, атың кім? — депті.
—    Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым Қаракесек,— депті.
—    Дауысың қаздың дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! —депті хан. Сонда Қазыбек:
—    Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қамақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз, қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз; танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз; сен Қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз; жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз; тұтқыр сары желіммен, жабысқалы келгенбіз; берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! — депті. Сонда Қоңтажы не дерін білмей сасып қалыпты.
—    Өзің сөзге келген бала болатын болсаң, отырған орның қандай төмен еді, былай жоғары шықшы, жоғары! — деп қолтығын аша беріпті. Сонда Қазыбек:
—    Біздің қазақтың әдетінде жасына қарай отырып, жағына қарай сөз сөйлей береді, өзімнен үлкен ағаларым төрде отырса, маған төбеде отырғанмен бірдей,— деп жалт бұрылып орнына қайта барып отырды. Сонда Қазыбектің сөзі ханның басынан асып, хан не дерін білмей сасып қалып:
—    Осылардың өздері келгелі әр үйде қонақтап жүр, алыстан келген елші ғой, ашулары бойында тұр екен, қонақ үйіне алып барып, бір жерден күтімге алыңдар,— депті. Сонда қалмақтар:
—    Ал, қазақтар, қонақ үйіне жүріңдер, бір жерден күтім көріңдер,— деп алып шығып кетіпті.
Қазақтар шығып кетті, қалмақ бірыңғай қалып қойды. Барлық қалмақ жиылып, ханның қасына келіп:
—    Бір жұдырықтай баладан қарасуға түсіп, осынша дірілдеп кеткеніңіз не? — деді. Сонда Қоңтажы тұрып:
—    Сендер білген жоқсыңдар. Сөзді өңменімнен сұғып айтқан кезде, екі иығынан екі аю аузынан от шашып «тыпыр» етші, «көрейін» деп тұрды. Мінеки, мен содан қатты сескендім. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сезім жоқ, мал мен жанын есептеп алдына салып беріңдер,— деді.
Мал мен жанды есептеп бергеннен кейін, хан:
—    Мен хан болғалы, басыма қасиет қонғалы ешбір адамға тізе бүгіп керген жоқ едім, жығылғанымды білдіріп, сіздерге біраз сый қылайын,— деп бұлардың басшы адамының әр қайсысына бір тоғыздан сый беріпті, Қазыбек соның ішінде болыпты.
—    Жаным, Қазыбек, сен жаңа үйреткен жас тұлпар екенсің, сенің айтқан сөзіңе менің буыным шыдамай, сіресіп тұра алмадым. Сондықтан саған екі түрлі белгі беремін. Біреуі — сенің даусың қаздың даусындай қаңқылдап шығады екен, сондықтан сенің атың бұдан былай қаз дауысты Қазыбек болсын; Екінші — Тоқсан жеті жүлдені саған арнап байладым, бұдан былай сен екі сыбағалы бол! — депті.
Сүйтіп есеп-қисап бітіп, қазақтар қайтпақшы болды. Мал мен жанды алдына өрістетіп салып, олармен хан қош айтыспақ болып еріп шықты. Содан қош айтысамыз деп бір төбенің басына иіріле тұра қалды. Сонда қазақтың бір жас жігіті ортаға шығып айқай салыпты.
—    Уа, жиылған топ, менің айтпағым мынау депті: мен басында қазақтың жылқышысы едім. Жылқы бағып жүріп жылқыммен қалмақтың қолына түстім. Мұнда келгеннен кейін бір уәзір ұрып тонымды тартып алды, өз ықтиярыммен бермеп едім, сабап тісімді сындырды. Атымды алып ұйқым бұзылды, тісім сынып сөзім бұзылды, осыған жиылған көпшілік не дейді екен? — депті. Сонда Қоңтажы тұрып:
—    Бұл немене, басында біткеннен кейін аяғында еселеп даулай беру дұрыс бола ма! Тон дегенің бір тоқты- шақтың терісі шығар, ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай шығар; ал тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде емес пе? — депті. Қазақ, қалмақ таразыға тағы түскендей болып қалады. Ешкім ештеңе дей қоймайды, сонда Қазыбек кіші кейінірек тұр екен, атты борбайға тартып жіберіп, Қоңтажы ханның қасына жетіп келіп:
—    Тісі сынса ауыз ішінде, қолы сынса жең ішінде жүре беру керек деген не сөз! Оның үстіндегі жалғыз тоны жанат емей немене? Аузындағы отыз тіс, болат емей немене? Астындағы жалғыз ат қанат емей немене? Ханның бізбен қарыспай бітіскендігі рас болатын болса, жанатынан айырмай, болатынан майырмай, қанатынан қайырмай алғанын қайыру керек, қазақ қалмақтың сатып алған құлы емес. Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл көрікті болып қайтуы керек,— депті. Сонда Қоңтажы Қазыбек сөйлесе, аруағы асып кетіп, аузына сөз түспейді екен.
—    «Мә, жанатыңа жанатым» деп жанат ішігін шешіп береді, «мә, болатыңа болатым» деп болат семсерін береді; «мә, қанатыңа қанатым» деп астындағы қарақасқа тұлпарын түсіп береді. Өзі ашынып тұрған жігіт осы жолы теңдікке қолы тигеніне кезі жеткеннен кейін, жанат ішікті киіп, болат семсерді асынып, қарақасқа тұлпарға қарғып міңіп алып:
–      Ал менің де дауым бітті, енді қош айтысуларыңа болады, – депті. Сонда, мал-жанын түп-түгел қайырып алып, бастаған қазақ елшілері көшкен елдей гулеп жүріп кеткенде,  қасында бір топ кісісі бар Қоңтажы тоңалғандай мең-зең болып бір дөңнің үстінде қала беріпті.

 

  Corey Graham Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз