«Семейдің 300 жылдығын» тойлау – саяси сауатсыздық!

372

Семей – менің азаматтық көзқарасымның, ғылыми ізденістерімнің қалыптасқан, өсіп-өнеген жерім. Сол үшін мен бұл қаланың бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарай алмаймын. Әсіресе, тарихи құндылықтары мен даму болашағына. Сол себепті де, жергілікті билік тарапынан «2018 жылы Семей қаласының 300 жылдығын атаймыз» деп айтылып жатқан ақпараттар мені қатты алаңдатады. Неге? Біріншіден, бұл тарихы көнеден басталатын қала шежіресін қолдан шектеу. Екіншіден, осы «300 жылдықты» атағысы келіп отырған атқарушы биліктің саяси сауатсыздығы мен идеологиялық астарсыздығы. Олай болатыны, бұл дата Рессей патшалығының отарлау саясатының салып кеткен ноқталы саясатын әлі басымыздан сыпырған жоқпыз дегенді білдіреді. Бұл қазақ елін отарлау бағдарламасының жалғасы секілді әсер қалдырады.

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясында «Кезіндегі қалыптасқан дерттердің сыртқы сипатынан ғана емес, негізінен арылу керек» – дегені де ескерлімей отыр. Себебі, қандай да бір өткеретін шаралардың қоғам санасына өзіндік әсері болатындығын ұмытпауымыз керек. Ол илеологиялық апатқа алып келмек. Яғни, атқарушы билік «300 жылдықты» қолдау арқылы өздері «Мәңгілік ел» идеясының мәнісіне мән бермей келе жатқандықтарын паш етіп отыр. Елбасының «Қалыптасқан дерттің негізінен арылу керек» дегенін екерсе, жергілікті билік басқадай шешім қабылдаса керек еді. Мерейтойдың атауын өзгерту қаншалықты қиын. Қаншама тарихшыларымыз бен ғалымдарымыздың жазбаларына сүйеніп «Семейдің 1000 жылдық тарихы» деп қолға алса кім қарсы келеді? Бір-екі «краевед» «300 жылды» ұсынды екен деп, жалпықоғамдық көзқарасты жығып беруге болмайды. Таразға – 2000 жыл, Алматыға – 1000 жыл, Түркістанға – 1500 жыл толып отырғанда Семей тарихы неге 300 жылмен шектелуі керек…

Ол кезінде «Рессейге дейін бұл жерде ешқандай мәдениет болмаған» деген көзқарастың қалдығы. Қалдықты қайта қаулатпау үшін мерекелік даталарға сақ болуымыз қажет.

Сонау Баласғұннан бастап қаншама тарихшыларымыз Семейді қимақия астанасы болғандығын, тіпті, 6 ғасырларда Жібек жолының негізгі бір арнасы болғандығын жазған деректер аза емес. Бұл деректер Қытай, Арап, Европа ғалымдарының еңбектерінде де кездеседі. Сол мәліметтерге сүйене отарып Ж. Қасымбаев, Ж. Артықбаев, М.Кәрімов, А.Омаров, А.Исин, А.Жүнісханұлы сынды көптеген ғалымдарымыз Семейдің көне қала екенін жазған туындылары жеткілікті. Жергілікті билік өкілдері, кәсіби мамандардың пікіріне сүйену керек деп ойлаймын, әйтпегенде олардың ғұзыреттігіне күмән тудыру заңдылықты құбылыс.

Семейдің тарихын қате есептеу ел санасын шұбарлау деп түсінуге болады, бұл пікір  біз тек Сумбе қаласының пайда болуын ғана ескеріп 1000 жыл деген мерзімді беріп отырмыз. Егер де археологиялық  деректерге сүйенетін болсақ Семей қаласында және оның айналасында,  палеолит дәуірінің қоныстары бар екені мәлім, оған куәгер көптеген сол дәуірден сақталып келген тарихи жәдігерлер.

Мен философ, саясаттанушы ретінде «Семейдің 300 жылдығы» деген бастама астарында идеологиялық қауіп бар екенін, оның келешек ұрпақ санасына зиян екенін ашып айтқым келеді. Ол біздің өз жеріміздің алдындағы азаматтық әрі патриоттық жауапкершілігіміз. Тәуелсіз ел бола отырып тәуелділік нышандары орын алып жатса қалай қол қусырып қарап отыруға болдады. Бұл мерекелік дата идеологиялық мәселе. Сол себепті, 300 жылдықтың орынын 1000 жылдықпен ауыстырып, қала мерейтойын «Семей тарихының 1000 жылдығы» деп бір-ақ атаумен қалдыру керек деп есептеймін.

«Семейдің 300 жылдығын» тойлау – саяси сауатсыздық!

Ерзат Жетібаев, философ саясаттанушы.

 

 

 

 

 

 

Редакциядан:

Семей қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Мирашевтың қаланың мерейтойына қатысты көтерген бастамасы қоғам арасында бұрыннан бар пікірді одан сайын үдете түсті. П. Жуков бастаған кейбір өлкетанушылар Семейдің мыңжылдығын дәлелдейтін археологиялық нақытылық жоқ десе, төменде мақалада есімдері аталған ғалымдар мен тарихышылар керісінше дәлелді ғылыми еңбектер жеткілікті деп отыр. Олар осы тақырыпқа орай өз пікірлерін редакциямызға келіп түсіп жатыр. Мақалаларының келу ретіне қарай бірінші кезекте жоғарыдағы автор жазбасын жариялап отырмыз. Алдағы уақытта өзге пікірлерге де кезек беретін боламыз.

 Jonathan Stewart Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз