Асанәлі Әшімов: «Саясат- ең лас нәрсе, сондықтан мен онымен айналыспаймын…»

249

Асанәлі Әшімов: "Саясат- ең лас нәрсе, сондықтан мен онымен айналыспаймын..."

Кино және театр актері, Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовтың орамды ойлары мен парасатты пайымдары.

  • Актер өз рөлінің авторы болмай, кейіпкер жасауы мүмкін емес. Актерге тағылар мін де, айтылар сын да көп, өнерпаз болып ғұмыр кешу – оңай емес.
  • Образ – сен үшін іштен шыққан жылан…
  • Бәленің бәрі қызғаныштан туады, қандай қазаққа да намыс қымбат, намысына тиген соң – ол да ет пен жүректің иесі.
  • Халықтың талғамы, уақыттың сүзгісі шын асылды асықпай таңдайды екен.
  • Адам қай дәуірде де, қай жасында да өзіне тән еңбекпен айналысып, өмірін қызықты да мағыналы етіп өткізуі керек. Жастықтың өзінің білместігі, қателігі де болады, оны қазір қарап отырып көресің, кинода да кейбір сәттерді «былай жасау керек еді» деп ойлайсың, ол кезде адамға шеберлік пен көрегендік жетісе бермейді ғой.
  • «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейді ғой, осы күнгі жетістік пен жемістің бәрі – менің сол 30 бен 40-тың арасында істеген жұмыстарымның нәтижесі. Одан бері де өзіме лайықты жұмыстарды атқарып келемін.
  • Cахнадан айтылған сөздің жалаң текстін ғана емес, астарын ұқтыру, көрерменге айтылған сөздің мағынасын жеткізу дегенге көңіл бөлудемін. Драматургияның маңызы мен қиыншылығы да осында деп білемін. Ұлы драматургтердің шығармаларының ұлы болуы да осы сөздің астарына байланысты. Шекспир мен Әуезов шығармаларының өмірі неге ұзақ, бұл осыдан, яғни әр заманға айтары болғандықтан.
  • Дағдарыс деген не, ол жоғарыдағы болып жатқан саяси былық. Біздің қара халық өмір бойы дағдарыста деп айтар едім. Бірақ солай екен деп намыссыз, ынжық болуға болмайды, айтатын жерінде аямай айту керек.
  • Заман да ылғи алмағайып болып құбылып тұрады ғой, қазір дағдарыс деген сылтауды жамылып алушылар көбейді. Бір жұмыстарыңды жүргізейін десең, «ойбай-ау не айтып отырсыз, дағдарыс болып жатыр ғой» деп сылтауратады, соны айтып отырған адамның өзінің дағдарыс туралы түсінігі шала.
  • Жарыссыз өнер болмайды, Абай айтқандай, «біреуді неге озасың деп кінәлама, өзіңді өзің қамшыла», мен неге біреуден кем қалуым керек деп алға ұмтылып, мақсат қою керек қой. «Өнер жарысында әділ бол» дегенді есте ұстау керек, Мұқағали көңілдің бір күйінде айтып қалған шығар, мен Абайға көбірек сенемін. Өнердегі жарыс бар, ол социалистік жарыс немесе Моцарт пен Сальеридің де жарысы емес.
  • Халық ұнатқан образдарым арқылы баймын, себебі осы арқылы менімен дос болған, маған материалдық тұрғыдан көмек беретін адамдар көп, осы жағынан баймын деп айта аламын.
  • Байлық ақылға жиналады.
  • Менің теориям бойынша, жақсы актерлер ұзақ өмір сүреді, өйткені олардың өз өміріне қоса сахнадағы екінші өмірі бар. Рөлің жағымды болса да, жағымсыз болса да, образға кіріп, ынты-шынтыңмен ойнасаң денсаулығың үшін пайдалы, өмір сүруге құштарлығың оянып, шабыттанасың. Актерлерге айтарым, өміріңді ұзартқың келсе, берілген рөлді жақсылап ойна, жұмысыңа әрқашан ынтамен, ыждағатпен қара.
  • Шындықпен өмір сүру дегеніңіз – өте қиын. Анда-санда шынға бергісіз өтірік айтпасаң да болмайды. Ал мынау саясаткерлердің жұмыстарының негізі өтірік, олар өтірікті шындай қып айтады. Жарайды келемін, барамын, жасаймыз, қам жемеңіз деп шығарып салады. Негізі кім өтірік айтып жүр, шынын айтып шырылдап жүрген кім, оның бәрін білеміз ғой, бастысы халық біліп отыр.
  • Саясат деген айтса айтқандай, ең тұрақсыз, бүгін былай, ертең олай тайқып тұрған ең лас нәрсе ғой, сондықтан мен онымен айналыспаймын, өзімнің саясатым өзіме жетеді. Бірақ мен саясатқа қатысты пікірлерімді бүгіп қалмай ылғи айтып жүремін. Қол қоятын жерлерге қолымды қойып беремін.
  • Жасым жетпіске жақындағанда маған тағдыр Бағдат сияқты асыл жар жолықтырды. Өмірімді жалғастыратын перзент сыйлады. Осы жайлар мені он жылғы үзілістен кейін сахнаға қайта оралтты. «Ымырттағы махаббатта» жасы егде тартқанда жас қызға ғашық бол­ған Маттиас Клаузен бейнесінде мен өзімді-өзім ойнадым десем де, артықтығы жоқ.

ult.kz Cory James Womens Jersey

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз