Меңдекеш Сатыбалдиев қазақ әдебиетіне жарқырап келіп, құйрықты жұлдыздай ағып өткен талантты һәм дара тұлға. Оның өлеңдерінде батыр Махамбетке тән өршіл рух басым. Ақын Махамбетке тән сезімді де кездестіруіңіз кәдік. Өмірдегі жолы қысқа болса да, өлеңдегі жолы мәңгілік екені айтпаса да түсінікті.
Әдебиет пен өлеңдегі құндылықтар жеңіл тартып, жойылып бара жатқан тұста Меңдекеш ақындай қысқа ғана ғұмыр кешкен ақындардың есімі көмескілебеуі керек. Керсінше заманға сай жаңаша үн қатып, біздің рухымызды биіктетіп, сезім қайнарынан сусындататын ақындардың есімін мансұқ етпей жұртшылыққа таныту үшін тер төгіп, еңбектенуіміз қажет. «Алтын діңгек» бетінің басты мақсаты да сол.
Қуат ҚИЫҚБАЙ,
“Жерұйық” әдебиетінің редакторы
ҚЫЗДАР
Қарайды-ау қыздар
Қарақат көзін төңкеріп,
Жанарды ғажап
байлайды сиқыр еркелік.
Мұндайда тіпті
құрып-ақ кеткім келеді-ау
Қыз – дүниенің
ыстық деміне өртеніп.
…Лүпілдеп тұрған
жүрекке жүрмей әмірім,
Дал болып барам –
Қаттырақ соғып тамырым.
Еліктей өңшең
елеңшіл қызды көрдім де,
Ессіз бір шөлім
басталып кетті-ау, тәңірім.
Әнеки, әне,
ақсүйрік ару жымиды,
Мойнына іліп алғысы келіп бір үйді,
Жайғысы келсе
жігіттер үрім-бұтағын –
Бұраң белдерге
бастарын байлап құриды.
Қашаннан мәлім,
Қыз деген жақсы “жау” халық,
Еш жігіт одан
көрмесе керек сау қалып,
Өлем деп қорықпай,
тиіскің келіп тұрады-ау,
Көздердің оғын
өзіңе ылғи аударып.
Бозбала түгіл,
айтпай ма қызды шалдар да,
Түнде де сәуле
жүгірер құба талдарға.
Самарқанды да садақа қылып бір ақын,
қыз үшін қиған
қара ормандарын хандар да.
Сыры не мұның?
Қыз деген неткен өр есім?
Қымызға қызып,
қыз жайын толғай бересің!
Ғажап-ау өмір!
Баласы болып бір қыздың,
Тағы бір қыздың қосағы болып өлесің.
ПЫШАҚ
Пышақ, пышақ…
екі парыз артамын мен өзіңе,
Қанды болмай,
арлы болып түс әлемнің көзіне.
Енді қайта
түсем деме ұры-қары қолына.
Енді қайта
бітем деме жазықсыздар сорына.
Сені талай жалаңдатып
қайрады-ау шар қайрақтар,
Содан сенде…
суық, сұмдық, қанды қара қайрат бар.
Пышақ, пышақ…
айтшы маған, нең бар, сірә, кеспеген.
Сенің жүзің жалаңдаса –
жағамды ұстап сескенем.
Жоқ, жоқ, пышақ,
жалаңдасаң – тасқа шабам жүзіңді,
Бұл дүниеде арамдыққа
бермейді ешкім тізгінді.
Пышақ, пышақ…
екі парыз артамын мен өзіңе,
Қанды болмай,
арлы болып түс әлемнің көзіне.
Жақсылықты ойлағанда
күллі әлемнің бастары,
Сен іздеме –
кіндік кесу, нан кесуден басқаны…
* * *
Гүлдер,
гүлдер…
Қыз ерін үлбіреген,
Үлбіреген сәттерің
Бір-бір өлең!
Гүлдемесең, дүние, жұпар шашып,
Сұлулықтың заңын сен
Бүлдірер ең.
Айхой, жастық!
Гүл қадірін
Білетін тек сендер ме,
Гүл тергенде,
Тимейді-ау өкшең жерге!
Алуан гүлдер
Құлпырса қырқаларда,
Алуан гүлдер
Шақырса тепсеңдерге.
Қызыл күрең нұр ойнап
Сымбаттарда,
Гүл иіскеп,
Ләззатқа шын батқанда,
Артық бақыт сыйлайтын бәрінен де
Нағыз гүлдер,
Өседі-ау құндақтарда!
* * *
Бүлінді қала сарнап, дала сарнап,
Біздің де шытырлады-ау қара шаңырақ.
Біреудің жары қалды тас құшақтап,
Біреудің қалды артында анасы аңырап.
Талайдың үйі құлап қақ басына,
Қанатын қара қағаз қақты асыға.
Талаға бұйырмады-ау
Қола түгіл,
Өлген соң Маңғыстаудың ақ тасы да.
Айт-айтпа, соғыс кімді қақсатпады,
Талайлар мәңгі бақи ақсап қалды.
Дүние төңкеріліп кете жаздап,
Дүние төңкерілмей шақ сақталды.
Қара жер қайысты ғой құрбандықтан,
Әйтеуір жығылған жоқ Ту қан жұққан.
Дүниеде жетім-жесір қаптап кетті,
Бір қатын – бір қанішер туғандықтан.
Тістенем мен солардың сұрап құнын,
Дүниенің құлағынан бұрап бүгін.
Сол сан құнды өтейсің, жарқырай бер,
Аспнда алтын табақ – шуақты Күн!
МАХАББАТ
Маңғаздардың махаббаты –
Елден бұрын ертерек оянады.
Сарбаздардың махаббаты –
Қызыл қанға белшеден боялады.
Кербездердің махаббаты –
Жаңғырығып жатады төсегімен.
Енді ездердің махаббаты –
Өртенеді өлексе кеселімен.
Пақырлардың махаббаты –
Ауса күндік тиын мен тебеніне,
Ақындардың махаббаты –
Өлерінде көшеді өлеңіне.
АҚЫН АЖАЛЫ
Тіршіліктің тозаңын жүз қағатын,
Тыныштықты бүгің тек бұзбады ақын.
Аз ғұмырын қысқартып ұйқы басты,
Кешіп тұрмыз жүрекпен мұз қабатын.
Ұйтқып ойда өр жанның дауыл жыры,
Жар қайғысы қалыңдап, бауыр мұңы…
Жақсылығын біз оның көп ойладық,
Еңсені езді ажалдың ауырлығы.
Қыран еді ол, қас қақпай құздан ұшқан.
Жыр жаттатып жеңгеге, қыз да құшқан.
Телегейде сең кешіп, өрге жүзіп,
Татқан дәмі көп еді тұзды ағыстан.
… Неге ерте оздың дүниедең, қызба ақьш,
Ортаймай ма қайнарлар біз қанатын?
Тірі қалса қорлық-ау бір арамза,
Құр жер басып жүргенді қызғанатын.