Иә, осыдан екі жыл бұрын Қодар мен Қамқаның қайда жазаланғаны қайта нақтыланып, Бөкенші асуының түбіндегі Қаражартасқа белгі орнатылыпты. Бұл шаруа Шәкәрімнің Ахаты мен Кәрімқұлдың Қабышы айтып кеткен бұлтартпас деректермен нақтыланыпты. Болмаса Абайдың 125 жылдығында осыдан 3-4 шақырым жердегі Әділхан өткеліндегі бір жартасқа асығыс белгі орнатыла салған ғой. Келген қонақтардың аяғын суытып,демалдыруға осы ара қолайлы деп шешкен ғой бір пысықайлар.
Әйтеуір, ештен кеш жақсы дегендей, осындай тарихи жерлер қалай да нақтылануы тиіс. Бірақ кейбіреулер қос күнәһардың қайда жерленгені бәрі бір емес пе деуі мүмкін. Осының аржағында Құнанбай қажыны орынсыз ғайбаттап, мұның барлығы бақай есеппен істелген қулық деушілер де жоқ емес. Олар ойлағандай, Құнекең бір қыстау үшін сондай бақай есепке барса, кім болғаны! Ал елден шыққан ерсілікке тосқауыл қою арғы Әнет баба, Көкенай батыр, бергі Кеңгірбай биден қалған қатал заң емес пе еді. Біздің ше ұрпақ азбасын, ел тозбасын деген Құнекеңдердің билігіне сын көзбен қараудың өзі күнә! Ал, түнерген қорқынышты Қаражартас кімді болсын тәубесіне түсіргендей…
Дәулет Сейсенұлы,
Абай өңірінің Құрметті азаматы,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
Материал “Шежірелі Шыңғыстау” кітабынан алынды