ОҚЫРМАНҒА
Жырымды қабыл алыңдар,
Өзімнен менің аумаған.
Жауқазын мұнда жаным бар,
Жазғы бір таңда жаураған.
Мектепті бітіп ізгі шақ,
Балалық, жастық жалғасып.
Оқуға кеткен қыз құсап,
Жырларым менің жолға шық.
Қарсы алып әсем таңдарды,
Жолға бір шықсын өлеңім,
Жыр сүйер аңсап жандарды,
Ботадай боздап келемін.
Көрініп тұрар шын бейнем,
Оқырман, осы өлеңім
Гүл терген қыздай күнгейден,
Аларсың теріп керегін
АНАМНЫҢ ДАУСЫ
Қуат жоқ сексендегі анашымда,
Қалтырап қайран анам тоңасың ба?
Ойпыр-ай, қайдан келдім бұ жаққа деп,
Мұхиттың жүрген құстай жағасында.
Ол мұнда –
Мұз мұхитта кімге керек?
Өзіне-өзі отыр бірдеме деп.
Ол менің анам емес, кәрі әжемдей,
Төсекке отырғызған күнде демеп.
Білемін, түбінде бір өлім жеңбек,
Білмеймін, енді қанша өмір көрмек?
– Алты ай қыс сендер үшін шыдап шықтым,
Ал енді жер жібіді көміңдер! – деп,
Күледі көктемде анам көңіл демеп.
Сенің тек осы жылы даусың қалды,
Сол дауыс қаламаймын таусылғанды.
Мен сені саркофагта сақтасам да,
Жып-жылы сағынам-ау даусыңды әлгі.
Дүние ұқсайды оған қар, дауылға,
Оранып соғыс та өтті сар жалынға.
Сары құйрық құс еді ғой анам ол кез,
Сайраған Украина орманында.
Тұр енді Айсберг, қар сіресіп,
Дауылдар дауысымен даусы жетіп.
Шаршаған шағаладай шаң-шұң етіп,
Мұхиттың анам отыр ар жағында.
САН ЖЫЛДАН СОҢ…
Жамалып бәрі маған жаманаттың,
Бүрсеңдеп көше бойлап келе жаттым.
Күз киген жаз киімін бейшараны,
Сонда сен құшағыңа паналаттың.
Сен сонда айтқызбай-ақ сездің бәрін,
Жанымды жансыздардың тоздырғанын.
Қарны ашқан, қадір қашқан қайыршыға,
Сонда сен құшағыңды создың жалын.
Ең соңғы жапырағым үзілерде,
Қарашы, құдай сені кез қылғанын.
Бұл күнде беделі өскен азаматпын,
Ол кезде жаным жүдеу, шала маспын.
Өзіңді сан жылдан соң келдім іздеп,
Қалғанда барлығы ескі жаманаттың.
Қамқорым қашан үйге келеді деп,
Түбінде мен отырмын қара ағаштың.
Үйіңе баяғыдай кірсем деймін,
Амандық-саулығыңды білсем деймін.
Өтті ғой баяғы бір жаман күнім,
Мен бірақ, сені ойласам бүрсеңдеймін
ШЫНШЫЛ ЕРТЕГІ ТУРАЛЫ
Көре алмай қызығын да жігіттіктің,
Мен мәңгі ертеңімнен үміт күттім.
Өмірді ойлайтындар бір-ақ күн деп,
Артыңда дымың қалмай құрып біттің.
Ал менің таусылған жоқ шын ертегім,
Әлі де келер күнге шын елтемін:
Шыншыл бір ертегідей біреу жазған,
Шынайы ертегімен күнелтемін.
Мен солай өзімді-өзім көрікті еткем,
Қыс өтті, тұр мінеки, келіп көктем.
Оралды омырауы биік құс боп,
Балапан енесіне еріп кеткен.
Көбейе түскен сайын мұң-мұқтажым,
Өсетін тас түбінде гүлге ұқсадым,
Сол гүлді аймалаған күнге ұқсадым,
Көңілге ала беріп не қылайын,
Өмірдің өткен небір сұмдықтарын.
Сен оны, жан жүрегім, көңілге алма,
Болады не сұмдықтар өмір барда.
Өткен күн көп шындықты тауып берді,
Келер күн кездестірер Тәңірді алда.
Бұл күнде дос пен жаран елеп жүрсің,
Қор қылмай қолтығымнан демеп жүрсің.
Бұл күнде қолдап жүр ғой көп періштем,
Келер күн Тәңірді де көрем мүмкін.
Көре алмай қызығын да жігіттіктің,
Мен мәңгі үмітімді мүжіп біттім.
Мұратқа жеттім ақыр жер түбінен,
Өйткені, жаманнан да үміт күттім.
Көре алмай қызығын да жас күнімнің,
Өмірде әлім бітіп, көп сүріндім.
Жотаға шығып алып енді отырмын,
Бөленіп қызылына кешкі күннің.
Әупірім, аман өттім не заманнан,
Топан су өтті талай орап алдан.
Әкеліп бір биікке тастағандай,
Басына Қазығұрттың кеме қалған.
Әлі бар шын ертегі елес күнім,
Әлі бар аралайтын белес, қырым.
Бұл күнде Есенқұлдың ел айтады,
(Белдерді орай соққан жел айтады),
«Баласы наубайшының» еместігін.
Келеді көргім талай өмірді алда,
О-о, менің көп періштем, Тәңір қолда!
Періште бізді неге сүйемесін,
Алдында ел-жұртыңның қадір барда.
НЕСІБЕЛІГЕ
Улап-шулап артыңда бала-шаға,
Келші екеуміз қашайық оңашаға.
Үндемейтін біреудің келіншегі-ау,
Сөйлеп-сөйлеп аларсың оңашада.
Не бар саған топыр той, тамашада,
Сендей жанға сол тобыр жараса ма?
Қаз-үйрегі қаңқылдап ұшып жатқан,
Қарой жаққа қашайық қарашада.
Өзгені емес сыйлайық өзімізді,
Кейін осы еске алып кезімізді
Шал-кемпір боп қалармыз көзі мұңлы,
Балдыр басқан айдынын ескі көлдей
Қалғып жатқан оятшы сезіміңді,
Оятшы осы көнтері төзіміңді.
Үй өртеніп жатса да үндемейтін,
Сұмдық жақсы көремін өзіңізді.
– Кейін бәрі, барлығын кешіреді,
Барлығының тағдыры шешіледі.
Қарой жаққа қашайық қарашада,
Қия алмастан біз жүрміз осы нені?
Десем үнсіз жымиып Несібелі,
Мөлт-мөлт етіп қарайды екі көзі.
Бір жымиып алысқа тесіледі,
Бір жылылық бойынан есіледі.
ЖАН ДАУЫЛЫ
Сені іздеймін сенсіз жетпей бірдеме,
Сені іздеймін тұман басқан түнде де,
Өзіңменен болам қашан бір дене?
Әждаһадай арпалысып толқындар,
Жағалауға жете алмай жүр бір кеме
Шыр айналып жүзіп жүр ол іргеде.
Сол сияқты менің де осы хәлім бар.
Дауылдармен арпалысып дауылдар,
Тау толқындар өзін-өзі ауырлар,
Жауын соңы болып кетер қалың қар.
Сені іздеймін соқтығысып шеңбермен,
Сол азапты сезбейсің-ау мен көрген.
Ауыр-ауыр күрсінгендей көк теңіз,
Ауық-ауық үн шығады кеудемнен.
Берекесін өз үйімнің қашырмай
Отырсам да дауыл қойды басылмай.
Сезім басқа.
Өмір басқа,
Қайтейін,
Өзің жоқта сезім кештім осындай.
Көкбет теңіз көп көбігін сапырмай
Дауыл қашан басылады япырмай?
Тау толқындар жағалауға құлайды.
Кемем тасқа ұрылатын сыңайлы,
Жартас жаққа бұрылатын сыңайлы.
Қара жартас
Тас қой жартас!
Тапжылмас
Тапжылмайтын тағдырыммен тағдырлас,
Тас та болса ол сорасы ағып жылайды.
Тынши алмай, бата сұрап Алладан
Өз ойымнан қайта қаштым жалма-жан.
Аса алмадым қоңыр қақпа, ауладан,
Ұйып тұрған үй.
Тыныштық ұнайды.
БІРЕУДІ ІЗДЕУ
Біреуді іздеп таппай жүр жан тыныштық,
Біреуді іздеп жүреміз талпыныс қып.
Жетімхана үйінің баласындай,
Кенеттен анам келіп қалатындай,
Есіктен біреу кірсе қалқып ұштық,
Көрініп көзімізге әркім ыстық.
Біреумен бір нәрсеміз толатындай,
Іздейді әлдекімді сана тынбай.
Сағымыз сынып жүрген кезімізде
Бағымыз сол кісімен жанатындай,
Көңілі сол жетімнің қалатындай,
Бола алмай ешкім туған анасындай.
Көрсек те көп қызықты өмірдегі
Көңілім осы неге семірмеді?
Кездейсоқ махаббаттар өтті жансақ,
Шексіз, шексіз мейірім өттік аңсап.
Күндей бір күнде шығар көгімдегі,
Сол Күнге ұқсатамын сені жарық
Ағаңды бірер кешке жаныңа алып,
Мейірімге шексіз, шексіз малып алып,
Ұртыңнан сенің күлкің төгілгелі.
Тұрса да жас ұлғайып, күрең күз кеп,
Мен осы жүруші едім біреуді іздеп.
Елеңдеп енді сені аңсап жүрмін
Өмірді сенсіз қайтып сүрерміз деп.
ТӨГЕДІ ЖАҢБЫР
Төгеді жаңбыр тесердей үйдің шатырын,
Төгеді жаңбыр шелектеп, бірде ақырын.
Алатау бейне дауылда жүзген ақ кеме
Жағаға тастай алмаған ауыр зәкірін.
Бір апта болды тыным жоқ қара жаңбырға,
Жауады жаңбыр алғашқы қардың алдында.
Жәй тауып жаным, жанынан пештің шықпаймын
Өкпе де мұң да, ештеңе айтпай тағдырға,
Қанаты су-су қажыған кәрі құстаймын
Зауқы жоқ көктен жердегі жұртқа саңғуға.
Мөндім де мөндім, көндім де көндім бәріне,
Бақыттың маған жоғы не енді бары не?
Басылып жаңбыр, бар әлем жатыр бұйығып,
Тысыр да тысыр тамады тамшы еріне.
Ап-ауыр бұлттар барады сүйреп бір-бірін,
Ай туар енді айнала төгіп нұрлы мұң.
Айқайсыз, шусыз, ақырын ғана ұғысып,
Астарлы тондай әркімді сөзбен жылытып,
Момақан ғана өтсе екен деймін бір күнім.
СЫЗ. НӨСЕР. КҮЗ…
Өтті жаз,
Кетті алыстап жұмақ көктем.
Күз келді,
Қайтты құстар шұбап көкпен.
Дауысы қайтқан құстың
Неткен мұңлы!
Қыздай боп ұзатылған,
Жылап кеткен.
Жаз өтті, жайма шуақ күз де өтеді,
Қыс келіп құмай тазы із кеседі.
Көшеде көз қуаныш ұл мен қыздар
Біздерге өткен күнін іздетеді.
Жас едік бір күлгені мың қаралық
Біз де осы қуаң тарттық гүлдеп алып.
Өмірден қай қортынды шығарсаң да
Бәрі де тіреледі мұңға барып.
Егдеміз егде жасқа бағынышты,
Кеудеңде лықып тұрған сағынышты
Білмейсің айтарыңды кімге барып,
Сонда да шуағы ұяң тұман таңда
Ынтығып оянасың күнге жарық.
Пендеміз мәңгі жүрген септеп үміт,
Ештеме құлазисың жоқ көрініп.
Өресі тар, өзі кең бұл қоғамда
Адасқан ұқсап бөтен тырналарға
Алармыз байқатпай бір көшке кіріп.
Егілген үнсіз дүние…
Сыз. Нөсер. Күз
Емексіп бұл өмірден біз де өтерміз,
Бірде жақсы, ал бірде жек көріліп.
БІР ДЕМАЛСА
Бір демалса шіркін-ай, бір демалса,
Қалың жыңғыл, тым-тырыс құмға барса.
Үйір-үйір жылқыдай лағып жүрген,
Балық жүзген құмдағы суға барса,
Тұншыққан қыз сияқты дәу құшақта,
Құмыққан су дауысын тыңдап алса.
Қоқаңдамай біреулер жандаралша,
Барлығынан о, шіркін жан демалса.
Балбыраған күздегі тыныштықта,
Салбыраған сарғайып талға барса.
Пырылдаған кішкентай періштедей,
Шырылдаған торғайлар талға қонса.
Барлығынан, бәрінен бір демалса,
Ізім ғайым ел-жұрттан бір жоғалса.
Сөйлете алмай қоятын бірге отырсаң,
Үндемейтін келіншек бірге болса.
Ой-санаңды өзгертіп сол тыныштық,
О, шіркін-ай қайтадан бір жаралса.
Жақсы көріп, жақсыға талпыныс қып,
Жан-дүниең қайтадан гүлдеп алса.
Төзе-төзе бәріне төзім де өлді,
Ауызымнан шықпай жүр сөзім жөнді
Не көрмедік ойпыр-ай, өмірде осы,
Көрмегеннің барлығын көзім көрді.
Қара тасым бір сәтке жеңілдеші,
Таңғажайып кешейін сезімдерді.
Үндемейтін өйткені «көңілдесім»-,
Бірде…
Қашып кетуге сөзін берді.
Барлығынан баз кешіп менің де осы,
Бір жоғалып табылар кезім келді.
Есенқұл Жақыпбек
«Тазқара құстың тағдыры» кітабынан